60 жыл бойы апта сайын қан тапсырып 2,4 миллион нәрестенің өмірін сақтап қалған
60 жыл бойы апта сайын қан тапсырып 2,4 миллион нәрестенің өмірін сақтап қалған

Зейнетке шыққан Джеймс Харрисон 60 жыл бойы апта сайын қан тапсырып, 2,4 миллион нәрестенің өмірін сақтап қалған. Сондықтан оны ақ халаттылар «алтын қолды адам» деп атап кетіпті. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

81 жастағы қария – Австралия тұрғыны. Ол осы жасқа келгендіктен, енді қан тапсыра алмайды. Австралия Қызыл Крест қызметінің хабарлауынша, ол 2,4 миллион австралиялық нәрестенің өмірін сақтап қалуға ықпал еткен.

Бір қызығы, Харрисонның қанында керемет антиденелер бар. Ол резус ауруларымен күресу қабілетіне ие Анти-Д инъекциясын жасау үшін пайдаланылған. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдердің қанына пайдалы инъекцияны жасау үшін Харрисонның қаны қолданылған. Бұл көптеген балаларда кездесетін ми дертінің алдын алып, тіпті, өлімнен де сақтап қалған.

Аяғы ауыр әйелдің қан резусы теріс көрсеткіш көрсетсе (RhD – теріс), ал оның жатырындағы бала қаны оң болса (RhD – оң), яғни, әкесінікі де оң резусты қан екені анық. Осындай жағдайлар медицинада жиі тіркеледі. Егер ананың «өзгеше» резусты қанында антиденелер көбейіп кетсе, бала денсаулығы үшін бұл аса қауіпті болуы әбден мүмкін.

Харрисон қанының ерекшелігі 14 жасында кеудесіне ота жасалған сәтте белгілі болған. Донорлық қан Харрисонның өмірін құтқарып қалған. Сондықтан ол да донор болып, қанын өзгелер үшін беріп тұруды азаматтық парызы санап кеткен.

Осы отадан соң арада бірнеше жыл өткенде дәрігерлер оның қанынан Анти-Д инъекциясын жасауға болатын ерекше антиденені анықтаған. Дәрігерлер бұл табиғи ерекшелік емес, 14 жасында қан құю процесінен кейін орын алған жайт дейді. Бірақ тұтас Австралияда бойынша қанында осындай ерекше антиденесі бар 50 шақты ғана адам бар дейді Қызыл Крест өкілдері.

«Қан толтырылған әрбір қапшық құнды, бірақ Джеймстың қаны ерекше. Өз жатырындағы нәрестеге шабуыл жасайтын аналар қаны үшін пайдалы дәріні жасауда Харрисонның қаны қолданылып келді. Австралияда жасалған Анти-Д инъекциясының әрбір данасы Джеймстың қанынан алынды», - деді Фалькенмайр.

Австралияда аяғы ауыр әйелдердің шамамен 17 пайызы теріс резус факторлы қан тобына ие. Олар үшін аталған инъекция 1967 жылдан бері қолданылып келеді, жалпы Харрисонның қаны қосылған 3 миллион Анти-Д дәрісі жасалған. Оның біреуі Харрисонның өз қызы үшін де қолданылыпты.

«Менің немерем аман-есен дүние есігін ашты. Немерем сияқты миллиондаған сәбидің дені сау туылуына әсер еткенім үшін өзімді бақытты сезінемін», - деді қария.

1967 жылға дейін Австралияда қан тобындағы резус айырмашылықтан жылына мыңдаған сәби көз жұматын. Әйелдерде бала түсігі көп тіркеліп, сәби аман-есен туылғанның өзінде ми қабатында белгілі бір аурулар пайда болатын. Аяғы ауыр әйелдер қанындағы резус айырмашылық проблемасын алғаш анықтаған мемлекет те осы Австралия дейді дәрігер Джемма Фалькенмайр.

Харрисон осы себепті Австралия медаль Орденына ие болды, халықтың сүйікті қаһарманына айналды. Елдегі заңға сәйкес, 81 жасқа келгендіктен, қария енді қан тапсыра алмайды. Фалькенмайр енді Харрисонның әрекетін көрген азаматтар өз қандарын тапсырып, антиденелер анықталған жағдайда, дәл осындай ерлікке барып, миллиондаған сәбидің өмірін сақтап қалуға үлес қосады деп сенеді.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК

ДәуренДәурен
1 ай бұрын 627
0 пікір
Блог туралы
0
217195 28 51 83 9