«Апа, қашаннан бері намаз оқып келесіз?»
«Апа, қашаннан бері намаз оқып келесіз?»

«Апа, қашаннан бері намаз оқып келесіз?» деген сұрағымызға жетпістің асуынан баяғыда асып кеткен Рахима апамыздың қайтарған жауабы:
«Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген, тегі, рас! Біздің заманда қыз баласы жоғарғы оқу орнына онша ұмтыла бермейтінбіз. Мектепті бітіргеннен кейінгі ата-анаңның да, өзіңнің де уайымың – құтты орыныңды табу болатын... Қойшы, қысқасы, қалаған жігітім айттырып мен мәзбін, қадірлі әулетпен туыс болып үйдегілер разы болған күйде босаға аттадым. Келін боп түскен күннің ертесі ерте тұрып, енеме жәрдемдесіп, дастархан жайып, самаурынды бұрқылдатып қойып атамды күттік. Атам мен күйеуім бірге кірді. Бата жасалып болған соң, шыныға қолымды созғам.
- Тоқтай тұр, балам.
«Иә» дегендей төмен қарап, қимылсыз қалдым.
- Қарағым, ренжіме, мына апаң екеуміз қосылғалы ғұсылсыз, дәретсіз тамақ ішкен емеспіз... Дәрет алып па едің?
Екі бетім ду ете түсті. Қайдағы дәрет?! Дымым шықпай отырдым да қалдым. Атам ыңғайсыздық «ұзаққа созылмасын» деді-ау, сөзді қысқа қайырды.
- Айналайын, келінжан, ренжіме. Шайды апаң құйсын. Құйып үйренген шайы ғой...
Білдірмейін десе де, күрсінгенін естідім. Кірерге тесік жоқ! Өңешім қызып, көзім жыпылықтап барады. «Кешіріңіздер» дедім де, шығып кеттім. Бөлмеме кіріп алып, ал кеп жыла! Намыстанғаным-ай!.. Аздан соң апам келіп, айналып-толғанып жұбата бастады.
- Жылама, қарғам!.. Атаңның мінезі сондай... Айтатынын бетке айтады, бірақ кісі сыртынан сөз айтуды білмейді... Сен енді, қарғам...
- Апатай, маған дәрет алуды үйретіңізші!.. – Жылаған күйі еңкейіп апамның қолын сүйдім. – Осы қазір үйретіңізші, апа!
- Айналайын-ай! Ақылыңнан айналдым! Сені тапқан анаңнан айналдым, күнім!.. – Апамның да жанары суланып, дауысы жарықшақтанып кетті. - Неге үйретпейін? Қазір... Қазір үйретемін! Дәретті де, намазды қалай оқу керектігін де үйретемін, қарғам!..
Сөйтіп, сол күні ғұсыл-дәретті үйреніп, «Пәтиқаны» жаттап бастадым. Әрине, шәйнектің тұтқасын да мен иемдендім... Міне, содан бері, «Аллаға мың мәрте тәубе! Мың мәрте шүкір!» деймін, ораза-намазымды тастаған емеспін, балам... Е-ей, дүние-ай десеңші!.. Алтын кісілер еді ғой атам да, енем де!..»

ДәуренДәурен
1 жыл бұрын 1619
0 пікір
Блог туралы
0
474138 30 54 112 10