ЦИФРЛЫ ӘЛЕМ: ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ
ЦИФРЛЫ ӘЛЕМ: ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

Бүгінгі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда жаңалықтар, инновациялар өмірімізге дендеп еніп, өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселен, бір facebook желісінің өзі айына 1,5 миллиардқа жуық адамды байланыстыруда. Бұл желімен күнделікті 500 миллиондай хат жолдаймыз. Интернет желісі арқылы кез келген тауарды үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, уақытымызды үнемдейміз. Бұл – ақпараттық заманның қарапайым ғана көрінісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында цифрлы экономика құру және еліміздің кәсіпорындарын цифрландыру, интеллектуалды көлік жүйесін және агроөнеркәсіпте ақылды технологияларды енгізу, цифрлы білім беру ресурстарын дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойған болатын. Расында, «Жаңа технологияларды ұлттық экономиканы ілгерілету үшін қалай қолданамыз, не істелуі керек?» деген сауалдар алдымыздан шығатыны ақиқат. Мемлекет басшысы қойған межеге жету үшін шетелдік цифрландыру тәжірибесіне зер салу да – аса маңызды.

Бүкіл әлем үкіметтері цифрлы өндірісті дамытуға үлкен үміт артып отыр. Себебі, инновация мен өндірісті біріктіретін жаңа өнім­дер мен қызмет түрлеріне не­гізделген жаңа нарықтың өнім­ділікті арттыру мен экономикалық өсімге оң әсерін тигізетініне се­нім­ді. Цифрландыру – әлбетте, табиғи қорларды тиімді пайда­лануға, үнемдеуде септігін тигізеді. Цифрлы өндірістің дамуы экс­портты арттыруға да оң әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен жаппай цифрландыру­дың мемлекет үшін кері жақтары да бар екенін ұмытпаған абзал. Мәселен, жоғары жалақы төле­нетін жұмыс орындарын құру. Цифрлы экономиканың басты әрі маңызды қасиеті – техно­ло­гия­лардың бір саладан басқа салаға өтуі, яғни конверген­циялануы. Көп жағдайда мұндай трансфор­мациялау саланы әр тараптан түр­лендіре түседі. Сондықтан Ұлы Жібек жолының бойында орна­ласқан Қазақстан үшін цифрлы логистикаға мән берудің маңызы зор екенін айта кеткен жөн.
Әр мемлекет өндірісті цифр­лан­дыру мүмкіндіктерін пайда­ла­нуда түрлі механизмдерін қол­данады. Мәселен, АҚШ, Германия мен Жапония сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұлттық ба­сым­дықтар мен кейбір флагмандық бастамаларға ерекше мән береді. Цифрлы акселерация индексіне негізделген The Boston Consulting Group (BCG) агенттігінің зерттеу­леріне сүйенсек, әлемдегі әрбір төрт компанияның біреуі цифр­ландыру қарқынына ілесе алмауда. Ал Еуропаның өндіріс орындары бұл бағытта америкалық әріптес­теріне қарағанда әлдеқайда артта қалуда.
Индексті жасақтауда АҚШ пен Еуропаның 1300 компания­ла­ры сауалнамаға қатысқанын айта кеткен жөн. 67 мен 100 балл ара­лы­ғында ұпай жинаған компания­лар «цифрландыру чемпиондары» атанды. 43 баллдан төмен ұпай жинағандары артта қалғандық­тарын көрсетті.

АҚШ:цифрландыру көшбасшысы

АҚШ-тың цифрландыру жо­лындағы ең үлкен бастамасы деп Чикагодағы Цифрлы өндіріс пен инновациялық дизайн институтын (DMDI-Digital Manufacturing & Design Innovation Institute) айтуға болады. Жаңа цифрлы өндірістерді әзірлеу, соңғы заманауи сарапта­мада, интеллектуалды өңдеуде және озық өндіріс орындарында дизайнның мүмкіндіктерін таныстыруды мақсат ететін білім ордасы – АҚШ-тың өндірістік инно­вациялық жоғары оқу орын­дарының ең үздіктерінің қатарын­да. Оқу ордасы 190 мүше-компа­ния­ларымен, өзге де оқу орында­рымен, мекемелермен берік қа­тынаста. Институтты қаржылан­дыру 320 млн АҚШ долларының шамасында (оның ішінде 70 млн АҚШ доллары Үкімет тарапынан). DMDI зерттеу бағдарламасы «Цифр­лы ағын» ұғымына негіз­дел­ген. Осыдан-ақ АҚШ-тың өн­ді­рісті цифрландыруға айрықша көңіл бөлетінін ұғыну қиын емес. Бұл термин белгілі өнімге (ак­тивке) қатысты ақпаратты басқа­рудағы кешендік тәсілді қолдануға негізделген. Цифрлы байланыс жобалаудан бастап, өндіріске ен­діру процесстерінен өнімді шы­ғаруға дейін жалғасады. Мұндағы сөз етіп отырған цифрлы байла­ныс ұғымы екіжақты сипат алған­да, кәсіпорындар бүгінгі өнімдер мен өндірістік жүйелердегі түйт­кілді мәселелерді шешіп, әзірлеу циклын қысқартып, еңбек өнім­ділігі мен бәсекеге қабілеттілік арта түсетіні анық.
BCG агенттігінің мәлімет­теріне сүйенсек, АҚШ ком­пания­ларының цифрландырылуы Еуро­паға қарағанда 20 пайызға артып отыр. Нәтижесінде, америкалық на­рық диджитал-трансфор­ма­цияға үлкен жылдамдықпен келе жатыр. Америкалық өндіріс орын­дарының 28 пайызы – үздіктер қа­­та­рында, 23 пайызы даму жө­нінен артта. Ал Еуропадағы өндіріс орын­дарының 23 пайызы – көшбасшылар тізімінде болса, 25 пайы­зы тіпті проблемалық бо­лып саналады.
АҚШ-тың ең үздік ком­па­ния­лары бәсекелестеріне қарағанда сараптамаларды қолдана отырып, бизнес-модельдерін жаңартып, қайта жасауды қолға алып, тұты­ну­шылық тәжірибені қайта қарас­тырып отырады екен. Америка­лықтар еуропалықтармен салыс­тырғанда инновацияларды ен­гізуде цифрландыруды ілгерілету орталықтарын құру жөнінен де алда тұр. Мұндағы цифрлы аксе­лерация индексі 85 балл болса, Еуропада 80 балл. Сонымен қоса, цифрлы шешімдерден қаржылық пайда табудан да алдыңғы орында.

Германия: «ақылды» зауыттар

Германиядағы өндірісті цифр­ландыру ұғымы ақылды зауыттар мен өндіріс орындарына бағыт­талған Индустрия 4.0 бағдар­ла­масымен байланысты. Бір айта кететіні, бұл түсінік кіші және орта өндіріс орындарына да қатысты. Үкіметтің өндіріс 4.0 бағдарла­масы бойынша аса маңызды әрі бейінді инвестицияларының бірі – OWL (Оствестфален- Лип­пенің ақылды техникалық жүйе­лері) кластері жөніндегі бастамасы. OWL 170-тен астам кәсіпорындар, универси­тет­тер мен институттар альянсын біріктіріп, мықты өнер­кәсіп­тік және ғылыми мекемелер мен зерт­теулерді таныстырады. Альянс тиім­ді коммерциялық және ғылы­ми кластерлерді қол­дайтын Leading-Edge Cluster бағ­дар­ламасымен қаржылан­ды­рылады. OWL бес жыл ішінде интел­лек­туалды техникалық жүйе­лерді әзірлеуге бағытталған 46 ғылыми-зерттеу жобаларына 100 млн еуродан астам қаржы жинады. Бұл кластер зерттеулерге ғана емес, кіші және орта кә­сіпорындарының өнеркәсіптік мүмкіндіктерін арт­тыруға бағыт­тал­ғанын айту керек.
Германия үкіметі цифр­лан­дыруды сәтті жүзеге асыру бағы­тында «Цифрландырудың күн тәртібі – 2014-2017» және «Цифр­­лан­дыру стратегиясы 2025» маңыз­ды құжаттарын қабылдады. Сон­дай-ақ Цифрландыру қарқы­нын қадағалайтын цифрлы агент­тік­тер құру да алдағы күннің енші­сінде. Цифрлы технология­ларды білім беру саласында пай­далануда Германия алдыңғы қа­тар­да болса, электрондық үкімет арқылы мем­лекеттік қызметтерді пайдалану жөнінен әлі де артта. Бұл тұрғыда 2020 жылдарға дейін қызметтер түрін көбейту жоспар­ланған.

Жапония: ұлттық басымдық – озық робототехникада 

Жапония үкіметі жақында өн­дірістік шолуларында «Заттар интернеті» терминін қабылдаған болатын. Алайда бұл оның АҚШ, Еуропамен салыстырғанда мүм­кіндігі жөнінен алда екенін біл­дірмейді. Жапония елі АҚШ та­бысын интернет платформа мен деректер қорына сараптама жасау арқылы табады десе, ал Германия Siemens сияқты фирмалар арқылы машина мен смарт-зауыттар жасаумен пайдаға кенеледі деген пікірде. Дегенмен Жапония үкі­меті робототехникаға айрықша мән беріп, «Заттар интернеті» дәуі­ріне роботтарды жасауды бас­ты назарға алған. 200-ден астам компаниялар, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының қолдауымен Robot Revolution бас­тамасымен құрылған жапондық кеңестің мақсаты да айқын. Олар озық робототехниканы барлық жапондық өнеркәсіпте қолдану арқылы сату көлемін 2020 жылға дейін жылына 600 млрд иеннен
2,4 трлн иенге дейін өсіруді көздеп отыр. Әр алпауыт елдің цифрлы өндіріске қатысты ғылыми-зерт­теу және инновациялық бағдар­лары қалыптасқанымен, оны пайдалану мүмкіндіктері мен басымдықтары әрқалай екенін ескеру керек. Мәселен, АҚШ жаңа өнімдік дизайнға, «үлкен деректермен» қоса, білімді бас­қаруға басымдық танытса, Гер­мания үшін «орнатылған жүйелер» мен болашақтың «ақылды» фабрикаларының маңыздылығы жоғары. Ал Жапония киберфи­зикалық жүйелер мен «Заттар интернеті» дәуіріне арналған озық робототехникаға ұлттық тұрғыда басымдық беруде. Аталған жаңа мүмкіндіктердің барлығы ақпа­раттық-коммуникациялық тех­нологиялар мен өнеркәсіптік технологияларға негізделген. Осы орайда айта кететін жайт, өндірісті цифрландыруда әр мемлекет ұлттық басымдық беретін, ежелден қалыптасқан өндірістік тұс­тарына сүйенеді. Бұл қалыптасқан құры­лымдар мен институттар арқылы жүзеге асады.

Ұлыбритания: берік инженерлік шешімдер 

Ұлыбританияда Google сияқты алпауыт интернет фирмасының штаб-пәтері не Германиядағыдай машина жасаудағы Mittelstand жүйесі, болмаса Жапониядағыдай робототехникаға деген қызығу­шылық жоқ екені анық. Бірақ Ұлыбритания берік инженерлік шешімдер мен жобалау негізін даярлаудан алдына жан салмайды. Бұған қоса, олардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бірлестігі де қарқынды жұмыс істеуде. Ұлыбритания цифрлы өндіріс талаптарына жауап беретін өнеркәсіптік стратегия жасауда жүйелік саясат қабылдағанын жоққа шығармаймыз. Соңғы жыл­дары Ұлыбританияның өндірістік стратегиясы жаңа технология­ларды меңгеру арқылы басты сек­торларды қолдауға бағытталған. Оның ұзақмерзімді жоспарға негізделгенін аңғару қиын емес. Сонымен қоса, Ұлыбританияның инновациялық және өндірістік жүйелер кешенін күшейтуде маңызды рөл атқаратын Advanced Manufacturing Supply Chain Initiative сияқты флагмандық бас­тамалар қарқынды дамып келе жат­қанын айта кету керек. 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

aikyn.kz

ДәуренДәурен
3 ай бұрын 369
0 пікір
Блог туралы
0
217195 28 51 83 9