17 жастағы полиглот Бағдат Қадіров көп тіл үйренудің әдістерін айтты
17 жастағы полиглот Бағдат Қадіров көп тіл үйренудің әдістерін айтты

Бағдат Қадіров Кентауда тұрады. 14 жасынан бері осы қаладағы тіл курсында ағылшын тілінен сабақ беріп келген. Бір жылға жуық уақыт бұрын онлайн сабақ беруге көшті. Онлайн сабақтың бағасы - айына 2 960 теңге. Қазір оның сабағын 80 адам сатып алған. Бағдат әлемнің 8 тілін шағын қалада ешқандай курсқа бармай-ақ үйренген. Біз одан шет тілдерін өз бетінше үйренудің әдіс-тәсілін сұрадық.

“Бір тілді үйренуге 1,5 жыл уақыт кетті”

Мектепті былтыр бітірген Бағдат жоғары оқу орнына түсуге құжат тапсырмаған. Шетелде білім алғысы келеді. Лондондағы Оксфорд университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түсуді армандайды. “Оксфорд қайда болса, мен де сонда болғым келеді”, – дейді өзі. Мектеп бітіргенде ағылшын тілі деңгейін анықтайтын IELTS емтиханын тапсырып үлгермей қалыпты. Сол себепті биыл шетелге түсу жоспары қалып қойған. Есесіне YouTube-тен жабық канал ашып, ағылшын тілін онлайн үйретіп жүр. Өзі ана тілін қоспағанда орысша, ағылшынша, испанша, қытайша, түрікше, французша және португал, араб тілдерінде еркін сөйлейді.

Онлайн сабақтың ұзақтығын 1,5 жыл деп алғанмын. Өйткені өзімнің бір тілде еркін сөйлеуді үйренуге осынша уақытым кетті. Басында сабақтың сілтемесін алу үшін ай сайын 7 мың теңге төлеу керек екенін айттым. Бірақ сабақ оқығысы келетіндердің көбі оқушылар болып, “ағай, бағасын түсірсеңізші” деген хаттар алдым. Бірден 2 960 теңгеге түсіріп тастадым. Қатысушы ақысын төлей сала оған жабық каналдың сілтемесін жіберемін. Бір сілтемеде төрт сабақ болады. Білім алушы 1 жылда видеосабақтарды жібермей оқыса, Advanced деңгейіне жетеді, – деді Бағдат Қадіров.

Бағдат сабақтың бәрін телефонға түсіріп, сонымен монтаждайды екен. Содан телефонның жады толып қала береді. “ВКонтактеде” “Ағылшын тілі. Күн сайын” деген пабликті жүргізеді. Оған 86 мың адам тіркелген.

Полиглот тілді өз бетінше үйренуді 12 жасынан бастаған. Өзінің айтуынша, оның мектебінде мұғалімдер ағылшын тілін оқытуға селқос қараған. Мұғалім “басқа жұмыстарыңмен айналыса беріңдер” деп оқушыларды бос қоя салады екен. Шуламаса болды. Сырт көз қатысатын кезде ғана сабақ өтеді. Сол себепті Бағдат тілді интернет арқылы үйренуге кіріседі.

Интернетте ананы, мынаны ақтарып отырып шет тілінде сөйлеген адамдарды тыңдап қалатынмын. “Шет тілін білетін олар қандай мықты”, “Мына тіл құлаққа қандай жағымды естіледі”, “Мен неге осы адамдар сияқты сөйлей алмаймын?” деп алдымен тілдің естілуіне “ғашық болатынмын”. Ағылшын тілінде сөйлейтін қазақ достарым да әсер етті. “Менің олардан қай жерім кем?” дейтінмін. “ВКонтакте” желісінен шет тілінде сөйлейтін адамдарды тауып, олармен күнде сөйлесемін. Тіл үйренушілердің чатына қосылдым. Басқа тілде сөйлегенде дауысым өзгеріп кетеді. Ол – заңды нәрсе, – дейді Бағдат Қадіров.

Тілді қалай үйрену керек?
  1. Тіл үйренуді “рақмет”, “кешіріңіз”, “қайырлы күн” деген сияқты қарапайым сөздерді білуден бастау керек. Содан кейін сұрақ қойып, түстердің айтылуы секілді жеңіл деңгейге көшкен дұрыс.
  2. Грамматикасыз ауызекі сөйлеуді үйрену қате. Бағдаттың курсына келген көп адам “маған грамматиканың қажеті жоқ, сөйлеуді үйретсең болды, артикльдермен басымды қатырғым келмейді” дейді екен. Полиглоттың айтуынша, грамматикасыз тіл үйренуде прогресс өте баяу жүреді. “Грамматиканы ермекке ойлап тапқан жоқ. Оны басқа ұлттың адамы тілді жеңіл меңгеруге арнап жасаған деп ойлаймын”, – дейді Бағдат. Грамматиканы білген адам ойын кібіртіктемей жеткізе алады.
  3. Өзге тілде сөйлесетін адам болмаса, айнаға қарап өз-өзіңізбен сөйлесіңіз. Бағдаттың айтуынша, “ағылшын тілін үйренуге уақытым жоқ” дейтіндердікі – сылтау. Әр ісіңді ағылшынша сөйлеп жүріп орындауға болады. “Мен үй жинап жатырмын, ыдыс жуып тұрмын” деп тізе бересіз. Көшеде кетіп бара жатып ойлағаныңызды, көргеніңізді ағылшынша айта беруге тырыссаңыз, бұл сөздер мида орнығып қалады. Тіл үйренемін деп бірнеше сағат кітап-дәптерге үңіліп отырудың қажеті жоқ.
  4. Адамдар сөздікті дұрыс жаттамайды. Бір күнде лажы болса, 15 сөзден артық жаттауға болмайды. Әр жаңа сөзге бір сөйлем құрап, ерінбей дәптерге жазу қажет. Арасында іш пысуы мүмкін. Сөздік жазғанда кофе ішіп, тәтті жеп өзіңізді еркелетіп қойыңыз.
  5. Әр тілге арнайы дәптер арнап, оған күн сайын жазу қажет. Бағдаттың әр тілге арналған қалың дәптерлері бар. “Кирилл Englisher”, Ирина ШИ және Айше Борсеитова каналдарынан үйренгенін түгел дәптерге көшіріп жүрген. Әлі күнге дейін күніне бір тілге 40 минут уақытын арнайды.
  6. Тіл үйренуді Голливудтың фильмдерінен бастау дұрыс емес. Фильмдегілер өте жылдам сөйлейді. Оларға қарап отырып “Мен бұлай сөйлей алмаймын”, “Бұлар өзі не деп жатыр?” деп мотивацияңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін. YouTube-те ағылшындардың Extra атты сериалы бар. Оны Ұлыбританияның ағылшын тілін үйренушілерге арнап түсірген. Актерлары баяулау, анық сөйлейді. Сөздері жеңіл. Киноны субтитрмен қараса, сөздің қалай айтылатынын біліп алуға болады.
  7. Өткен тақырыпты ұмытпас үшін әр тақырыпқа кемінде 20 сөйлем құрап отыру керек. Олай етпесеңіз, жаңа тақырыпты үйренем деп жүргенде өткен тақырыпты ұмытып қаласыз. Мотивация осылай жоғалады.
  8. Мәтін аудару сөздік қорды көбейтуге пайдалы. Бірақ ертегі сияқты жеңіл-желпі мәтіннен бастау керек. Тіл үйренгенде адам өзін қатты қинауына болмайды.
“Болашақта дипломат болғым келеді”

Бағдат кішкентайынан Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты дипломат болғысы келген.

Бағдат Қадіров.Фото: Айгүл Хожантаева

Ол кісі қазір бес тілде еркін сөйлейді. Бұл мамандыққа көп тіл білу керек екенін естіп алып, тілдерді шетінен үйрене бергем ғой. Негізі ерінбегенде қазірге дейін 50 тілді меңгеруге болар еді. Бір тілде сөйлеп отырғанда екінші тіл ортаға түсіп, шатаспаймын. Қай тілде сөйлеп тұрсам, сол тілге “басыммен кетем”, – дейді Бағдат.

Оның өте алғыр, әр нәрсеге қызыққыш бала болып өскені көрініп тұр. Суретті де тәп-тәуір салады. Дайындық класында анасы сурет салғыза береді екен. Кейін бұл қабілетін YouTube арқылы дамытқан. Өзін қорғай алу үшін 2 жыл бокс, грек-рим күресі үйірмелеріне қатысып, жеңіл атлетикамен айналысқан. Өзінің айтуынша, “бұрын білетін дүниемен шектеліп қалсаң, өмірің қызықсыз болады”. Үйінде екі ұл. Бұрын анасы асханада тамақ жасаса, “мен де істейінші” деп “жағаласа береді екен”. 15 жасында екі тойхананың аспазы да болған. 

Жаздың демалысында тойханада аспаз болып істеп, күніне 32 зуала қамыр жаятынмын. Басында даяшы болып кіргем. Бір күні аспаздардың қамыр жайып жатқанын көріп, “мен де жайып көрейінші” деп қоймадым. Дөп-дөңгелек, теп-тегіс етіп жайғанымды тойхананың әкімшісі көріпті. Ертеңіне аспаз етіп қойды. “Асхананы айналшықтайтын ерлерге аллергиям бар” дейтіндерді жиі кездестірдім. Бірақ ата-анам мені ылғи қолдап-қолпаштайтындықтан ол сөздерді елемейтінмін. Түрлі тағам, салат пен тәтті жасай аламын, – дейді кейіпкеріміз.

Бағдаттың айтуынша, жасөспірімдерге тән өтпелі кезеңде оның мінезі мен әдеті өзгермей қалған. Оның себебі бар екен. Екі жыл бұрын анасы дүниеден өтіпті. “Пәленшенің баласы осындай болып кетіпті” дегізбей, анасының атына кір келтірмеуге өзіне уәде беріпті.

Бағдат Қадіров.Фото: Айгүл Хожантаева

Біз қарапайым отбасымыз. Әкем жоғары оқу орнын бітірмесе де, өте сауатты кісі. Бала кезінде шөптің үстіне шығып кетіп, кітапханадан алған кітаптарды шетінен оқи береді екен. Кітапқа зейінімді ашқан да – әкем. Кішкентай кезімде ұйықтар алдында міндетті түрде оқыған кітаптары туралы айтып беретін. Сегіз жасымнан бастап кітапханадан шықпайтын болдым. Сосын ортама өте көп мән берем. Адамдармен талғап араласамын, – дейді Бағдат.

Полиглоттың ағасы шетелде жұмыс істеп жатыр. Ал өзі келер жылы Оксфорд университетіне тапсырмақшы. Іштей “әкем жалғыз қалады ғой” деп те қиналады. Бірақ, әкесі “ел бар, туыс бар, маған алаңдама” деп батасын берген.

Бағдат Алматыға келіп тіл курсында сабақ бермекші. Қазір оқу орталықтарын таңдап жүр. Содан кейін IELTS тапсырып, шетелге оқуға кетеді.

baribar.kz

ДәуренДәурен
5 лет назад 3171
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11