Алмас Әділбек – 2012 жылы тұңғыш қазақстандық мобильді қосымша ойлап тапқан мықты маман. Ол әзірлеген Sajda қосымшасы Қазақстанды есептемегенде, Индонезия, Ресей, Франция, Германия елдерінде кеңінен қолданылады. ІТ саласына қатысты айтары көп Алмасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бір қызығы, App Store-ға шыққан тұңғыш қазақстандық мобильді қосымшаның авторы болсаңыз да, сізді көпшілік танымайды. Интернетте де сіз туралы мәлімет аз. Осыдан он жыл бұрын бүгінде күллі әлем қолданатын қосымша ойлап тапқаныңызды бізге сұхбат берген әріптестеріңіз айтты. Ең алдымен болашағыңызды он жыл бұрын кенжелеп тұрған ІТ саласымен байланыстыруға не түрткі болғанын сұрағымыз келеді.
– Шымкент қаласының тумасымын. Үш жасымда әкемнің жұмыс бабымен Жетісу облысына қарасты Сарқанд қаласына көштік. Онда алтыншы сыныпқа дейін оқыған соң қайта Шымкентке көшіп келдік. Сосын ондағы қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Жалпы, ІТ саласына келуіме көп адамның ықпалы тиді. Лицейдегі түрік тәрбиешіміз Халықаралық қазақ-түрік университетінде ІТ мамандығында оқитын. Ол кісінің жақын досы Америкаға кетіп бара жатқандықтан, оған компьютерін сыйға тартыпты. Екі мыңыншы жылдар. Ол кезде компьютер – біз үшін қол жетпес құрылғы. Компьютерде жұмыс істеу үшін аптасына бір рет болатын информатика сабағын асыға күтетінбіз. Лицейде аптасына екі рет жиналып, тәрбиешімізбен әңгіме-дүкен құратынбыз. Сол кезде досының компьютерін меңгерген тәрбиешіміз бізге Windows-тің не екенін, оны қалай ашып, қалай жабатынын түсіндіретін. ІТ саласы туралы да әңгімелейтін. Сол кезден бастап бұл салаға қызыға бастадым. Жалғыз мен емес, менімен бір сыныпта оқыған жақын досым Сәкен мен Алмас та әуес болды. Бірде Сәкенге ата-анасы компьютер сыйлады. Біз интернатта бес күн жатып оқитын едік. Ал Сәкен болса үйден қатынап жүретін. Компьютерді емін-еркін қолданып, Photoshop, Hacker News секілді дүниелермен таныс болып алған. Ал біз оның бірде-біреуін білмейміз. Ол кезде қазіргідей интернет желісі дамымаған. Қазақтелекомға барып, ақша төлеп кіретін едік. Әлемде не болып жатқанын, ІТ-да қандай өзгерістер барын, сол жылдары Facebook ашылғалы жатқанын бізге біреу айтып бермесе білмейміз. Мұның бәрінен хабардар болып отыратын Сәкен күн сайын Алмат екеуімізге баяндап беретін. ІТ саласына келуіне осы екі досымның ықпалы тиді. Үшеуіміз бес жыл бірге жүрдік. Лицейлер арасында түрлі жоба жасадық. Дизайнер мамандығын игерген Алматтың бүгінде жеке студиясы бар. Ал Америкада білім алған Сәкен – Qazaq Republic брендінің негізін қалаушы. Сөйтіп, болашағымды ІТ саласымен байланыстырамын деп 2004 жылы Сулейман Демирель университетіне оқуға түстім.
– Мобильді қосымша жасақтау идеясы қайдан келді?
– Негізі, мен мектептен бері Flash бағдарламасы арқылы анимация жасауға қызығатынмын. Визуалды дүниелер жасауға жаным құмар. Сөйтіп, Вконтакте желісіне ойындар құрастыра бастадым. Сол жылдары «Болашақпен» оқуға түскен достарымыз елге келе бастады. Олар қолданып жүрген iPhone-ның басқа телефондардан мүмкіндігі көп екенін байқадық. Бірақ достарым «iPhone жақсы-ақ, бірақ ішіндегі бағдарламалар тегін емес» деп айтты. Сөйтсек, бағдарлама жасақтаушылар алғашында ақша табу үшін өздерінің қосымшаларын ақылы етіп қойыпты. Кейін көбісі тегін бола бастады. Сол кезде «Қызық. Мобильді қосымша жасауға болады екен ғой» деп ойланғаным есімде. Сөйтіп жүргенде, технология қарыштап дами түсті. Әңгіме басында айтқан анимация жасау технологиясы керексіз болып қалды. Сөйтіп, басқа алаңды таңдауым керек болды. Ойлана келе, iPhone жүйесінде әлдебір дүние жасап көрсем қайтеді деп ойландым. Сөйтіп, әкеме хабарласып: «70 мың теңге жібере аласыз ба? MacBook сатып алайын деп едім» деп қолқа салдым. Сөйтіп, сол ақшаға «Из рук в руки» дүкенінен ескі MacBook сатып алып, іске кірістім. Сосын iPhone-ға бағдарлама жазатын курсқа қатысып, біраз нәрсені үйрендім. Негізі, кез келген ІТ маман бағдарламалау тілін білсе болғаны, басқа бағдарлама жасауда түк қиналмайды. Логикасы, базасы бір. Оның алдында kuran.kz доменін сатып алған едім. Досым Жанболат екеуіміз сол сайтта түрлі әлеуметтік жоба әзірледік. Сосын namaz.kz сайтын іске қосып, намаз уақытын көрсететін кесте әзірлеп, ыңғайлы етіп қойдық. Ол уақытта Америкада оқитын Сәкен досым iPhone әкеп берген. Браузерге кіріп, kuran.kz, namaz.kz деп теріп, намаз уақытын тексеретінбіз. Бұл бірте-бірте ыңғайсыз бола бастады. Қайта-қайта теріп іздеу өз алдына, ол үшін интернетің болуы керек. Сөйтіп, мұның бәрін бір арнаға біріктіретін мобильді қосымша жасайық деген ой келді. Алдымен App Store-ға үш тілде қолданылатын қосымша әзірледік. Бір айдан соң Жанболат Android платформасын әзірлеп шығарды. Осылайша, мобильді қосымшамыз 2012 жылдың сәуір айында іске қосылды. Бастапқы атауы Sajda KZ болған, кейін Sajda деп ауыстырдық.
– Әріптестеріңіз қазақстандық мамандардың көбі өнімін тек ішкі нарыққа арнап әзірлейтінін айтады. Бірақ сыртқы нарықты көздеп шығарған маман деп үнемі сізді мысалға келтіреді. Бірақ әңгімеңізден түсінгенімдей, алғашында мобильді қосымшаны сыртқы нарыққа емес, өзіңіз үшін әзірлеген екенсіз. Дегенмен «алысқа баратын» жоба екенін сол кезде-ақ сезді ме екен деп отырмын.
– Басында қызық болды. Бірініші нұсқасын шығарған соң оны екі жылдай жаңартқан жоқпыз. Өйткені ол нұсқа тек Қазақстан қалаларына ыңғайластырып жасалған. Бастысы, «App Store мен Play Market-те тұр. Кез келген адам жүктей алады» деп онша мән бермей жүре бердік. Екі жылдан соң қарасақ, қолданушылар аясы кеңейген. Ал біз тіпті статистика жүргізбедік те. Сөйтсек, расымен өзімізге ғана емес, көпшілікке ыңғайлы дүние әзірлеп шығарған екенбіз. Ал сыртқы нарыққа шығуымызға бір кәсіпкер себепші болды. Ол бірде хабарласып «Сендердің қосымшаларыңды Қазақстанда қолданған өте қолайлы. Мен Францияға, Америкаға жиі барамын. Ол жақта жүргенде де емін-еркін қолдану үшін мұны неге сыртқа шығармасқа?» деп ой тастады. Сосын «Қаржылай көмектесемін. Не керек, қанша қажет, айтыңдар» деді. Сөйтіп, біраз көкжиегіміз ашылып, сыртқы нарыққа бейімдеуді қолға алдық. Смета әзірлеп, он мың доллар қаражат қажет екенін есептеп шығардық. Сөйтіп, сол ақшаға екінші нұсқаны әзірлеп, ескірген дизайнды жаңарттық. Алдымен Джакарта, Куала-Лумпур секілді мұсылман елдердің астаналарын қоса бастадық. Сосын Қазақстанға жақын Ташкент, Қазан, Махачкала, Грозный, Нальчик қалаларын енгіздік. Бүгінде Дағыстанда Sajda қосымшасы үлкен сұраныста.
– Ережесіз жекпе-жектің хас шеберлері Хабиб Нұрмагомедов пен Ислам Махачев әлеуметтік желіде тиімді қосымша екенін айтып бөліскенін көрген едім.
– Иә. Намаз уақыты туралы хабарлама келген соң бір секундтан соң жақын орналасқан мешіттен азан дауысы шыға бастайды екен. Осылайша, қолданушы «Бұл қосымша нақты жұмыс істейді екен. Осыны қолданыңдар» деп қарындасына, анасына айтады. Осылайша, Sajda ұзынқұлақ арқылы Дағыстанда кең таралды. Жақында Дағыстанға барған танысым «Такси жүргізушіден бастап, жолай кезіккен адамдардың түгелі дерлік Sajda-ны қолданады екен» деп бір қуантып тастады. Бір қызығы, біз онда ешқандай маркетинг жасаған жоқпыз. Біз үшін бәрінен нақтылық маңызды. Қазақстан уақытын қосқан кезде Қазақстан Діни басқармасында бар мәліметтерден алгоритм жасап шығардық. Ал Мәскеу уақытын интернеттен іздедік. Сөйтіп, Ресей орталық мұсылмандары діни басқармасы берген деректерге сүйендік. Басқа елдердің уақытын қолмен енгіздік. Әлем қалаларындағы уақытты бірден енгізуге техникалық мүмкіндік жоқ. Ондай алгоритм бар, бірақ уақытты дұрыс жазбайды. Сондықтан жыл сайын желтоқсанда отырып, барлық деректі қолмен енгізіп, жаңартамыз. Сондықтан бірінші қаңтар күні қолданушылар «Неге уақыты көрсетпей қалды?» деп жазады. Бұйырса, алдағы уақытта мұның барлығын автоматизациялауды ойластырып жатырмыз.
– Расымен, жарнама жасамадыңыздар ма?
– Иә. Тек бір рет Индонезияда кішігірім презентация жасадық. Ондағы инфлюенсерлерге хат жолдаған едік, біздің қосымшаны ұнатқан бір қолданушы жауап қатып, миллион қолданушысы бар досы арқылы бізге жарнама жасап беретінін айтты. Сол кезде ол жақтан аудитория саны отыз мыңға артты. Қазір Индонезиядағы қолданушылар саны жетпіс бес мыңнан асып жығылады.
– Қолданушылар саны жағынан қай елдер алда тұр?
– Қазір бірінші орында Қазақстан тұр. Сосын Ресей, одан соң Өзбекстан тұр. Төртінші орында Индонезия, бесінші орында Франция тұр. Биылдан бастап Франциядағы аудиториямыз ай сайын жүз елу пайызға өсіп жатыр. Жергілікті блогерлер жарнамалаған ба, білмедім, бірден көп қолданушы тіркелді. Жүз мыңнан асып кетті ғой деймін. Сосын Қырғыз Республикасы, АҚШ, Германия тұр. Англияда елу мыңдай қолданушы бар. Байқап қарасақ, дамыған елдердің көбі осы тізімде екен. Android-та 10 миллионнан астам, iOS-та 5 миллионнан астам жүктелген. Жалпы, соңғы бір жылда қосымшаны жаңартып жатырмыз. Жеке поштамызға күніне жиырмадан астам хат келеді. Көбіне «Мынадай азан қосасыздар ма?» дегендей ұсыныстары мен тілектерін жазады. Жалғыз поштадан емес, барлық желіден жазады. Барлығын оқып үлгере алмай қаламыз. Біздің үлкен миссиямыз бар. Хадиске сүйенетін болсақ, мұсылман адамның екі күні бірдей болмауы керек. Адам үнемі жетіліп отыруы керек. Sajda қосымшасын күніне 1 млн 200 мың адам қолданады. Енді біздің мойнымызға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Тағы қандай жақсылық жасасақ болады? Намаз оқу уақытын көрсетуден бөлек, қолданушыға жақсы мұсылман болу, өзін-өзі дамыту, ілімін, білімін жетілдіру жағынан көмектесуді, бағыт-бағдар беруді мақсат еттік. Бізде оған мүмкіндік көп. Былай түсіндірейінші, мысалы сіз көлік сатып алу немесе ауыстыру үшін Kolesa.kz-ті қолданасыз. Бірақ сіз оны күнде қолданбайсыз, қажет кезде ғана. Ал мұсылман адам Sajda-мен ұйықтап, Sajda-мен оянады. Арнайы хабарлама арқылы таң намазына оянады. Sajda-ның еске салуымен жұмыс уақытында намазын оқиды. Кешке үйіне келген соң Құран оқыса болады, таң намазынан соң зікір жасаса болады. «Болды, мен көлік айдамаймын» деп әлгі Kolesa.kz-тің қосымшасын өшіріп тастайсыз. Ал Sajda өмірінің соңына дейін бірге болады. Сол үшін оны lifeline app деп атаймыз. Расында, Sajda – адамның күн тәртібін қолайлы етуге таптырмас дижитал құрал. Сондықтан оның тиімділігін жете түсіне отырып, небір идея туындап жатыр. Бір жерін түзесек, енді бір жерін жаңадан қосып жатырмыз. Бітпейтін жұмыс.
– Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызда қазақтілді аудитория белсенді екен. Әр жарияланымның астында жазылған 300-400 пікірдің көбі қазақ тілінде жазылған.
– Иә, қазақтілді аудиторияда бір үлкен берекет бар. Бізде қазір ислам тақырыбындағы парақша өте көп. Әрбірінің жүз мыңнан астам қолданушысы бар. Бұл – негізі жақсы үрдіс. Бірақ мұның жаман жағы да бар. Онда жүктелетін деректің қырық пайызы шындыққа жанаспайды. Сол үшін Sajda-ны іске қосар кезде әр мәтінді, әр хадисті мұқият тексердік. Басында бұл жобаны Жанболат екеуіміз бастаған едік. Қазір командамызда Нұр-Мүбарак университетін бітірген Шыңғыс есімді мықты маман бар. Мәтінді тексеріп, қажет деректі жазып береді. Жақында Алланың 99 есімін қосқыздық. Серверде отыратын тағы мықты маманымыз бар. Әзірше төртеуміз жұмыс істеп жатырмыз. Бізде Fajr App деген YouTube арнамыз тағы бар. Онда намаз үлгілері баяндалады. Қазір дұрыс емес намаз үйрететін құралдар қаптап кетті. Діни сауатын арттыруға асығатын жастарымыз балама жоқ болғандықтан, сол дұрыс емес намазды жаттап алады. Сосын мешітке барғанда ондағылардың басқа намаз оқып отырғанын көріп, дал болады. Сондықтан нақты үлгісін көрсету үшін арнайы арна аштық. Ол арнаға да күш салып жатқанымыз шамалы. Дегенмен күніне 65-70 мыңға жуық қолданушы кіреді екен.
– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында Sajda-ны ерекше атап өтіп, «Қолданушылар саны 10-100 миллионға дейін жетсін деп тілеймін, Алмас пен басқа топ мүшелеріне! Осындай көрсеткіштер болған кезде сіздерге мұсылмандарға арналған тауарлардың маркетплейсіне айналдыру бойынша көп ұсыныс түсіп, тез арада құны 1 миллиардтық компаниялардың қатарына қосылуларыңызға тілектеспін!» деп ниеттестігін білдірген еді.
– Иә, оқыдым. Мен де алғысымды білдірдім. Бұл бізге – моральдық қолдау. Ол кісіні жеке танимын. Бізде өсіп келе жатқан жастарға осындай моральдық қолдау өте қажет. Мұны жақсы түсінетін ол сол жастарды халыққа таныстырып отырады. Ол біздің интроверт екенімізді, әлеуметтік желіде күніге отырмайтынымызды, журналистермен жиі сөйлеспейтінімізді жақсы біледі. Сол үшін біз туралы үлкен аудиторияға осылай жазып, қолдау білдіреді.
– Интроверт болғандықтан, сұхбаттасқанды, күніне миллионнан астам адам қолданатын қосымшаның жұмысын бөліскенді ұнатпайсыз ба? Интернетте сіз туралы мәлімет жоқтың қасы.
– Әлеуметтік желіде белсенді болғанды суқаным сүймейді. Біреулер бір күнде не істегенін рет-ретімен түсіріп жатады ғой. Мен олай істей алмайды екенмін. Расында, мен бір-екі журналиске ғана сұхбат бердім. Қарап отырсақ, бұл жобаның іске қосылғанына он жылдан асыпты. Ал сол он жылдың ішінде сол жобаның бес-алтауын әзірлеуге болады. Мысалы, 1Fit қосымшасын алып қарайықшы. Оны дамытуға қыруар ақша салынған. Маркетингі жоғары деңгейде. Ал біз еш жарнама жасамай, ауыздан-ауызға тарап, сұранысымыз артты. Бірақ біз 1Fit-тегілер секілді бар ықыласымызды салып, жұмыс істемедік. Sajda қолданушылары бізге ризалығын білдіріп жатады. Намаздан соң дұға жасайды. Sajda – қолданушылардың дұғасымен дамып жатқан қосымша. Мен соған сенемін. Әйтпесе, біз әр жерге барып, насихаттап жүрген жоқпыз. Бірақ күн сайын аудиториясы кеңейіп келеді. Біздің тарапымыздан әрекет аз болғандықтан, журналистерге «Бізде сіздерге анау айтқандай жаңалық жоқ. Мазаламағаныңыз абзал» деймін (күліп).
– Бізде ІТ алпауыттары саналатын ірі компанияларда жұмыс істейтін қазақтар туралы апта сайын мақалалар жазылады. Ал Қазақстанда отырып, тұңғыш қазақстандық мобильді қосымша жасап шығарып қана қоймай, әлем мұсылмандарының сұранысына ие болған өнім әзірлеген сізді ешкім білмейді.
– App Store-да алғашқы қазақстандық қосымшаны біз тіркеген секілдіміз. Бірақ ол кезде Қазақстан аудиториясын қамтитын едік. Бәлкім, бірінші емес шығармыз, оны зерттеу керек (күліп). Ал қойған сауалыңызға қатысты айтар болсам, «Ақылды сөздер тізімінде» «Жалақымен әлі ешкім байыған жоқ» деген сөз бар. Қазақстанды дамытқымыз келсе, кәсіп ашуымыз керек, өнім әзірлеуіміз қажет. Димаш, Головкиндер әлемге Қазақстанның атын әйгіледі. Ал ІТ саласында жарқ ету біздің қолымызда. Сондықтан әлем жұрты көрсін, білсін деген мақсатпен көп жерге Made in KZ деп жазып қоямыз. Сұраған адамға мұны мақтанышпен айтамыз. Күніне жұмысымызды осы оймен бастасақ, ісіміз берекелі болады. Алла қаласа, бұл бір үлкен бір жобаға айналғалы тұр. Келесі жылы монетизацияға шықпақшымыз. Қызмет тегін болады, бірақ қосымша ақылы қызметтер қоспақ ойымыз бар. Біз қазір бұл жобадан қаражат таппаймыз. Ал тегін жұмыс істеп, алысқа бара алмайтынымыз белгілі. Бізге қосымша күш пен қаражат керек. Біз аз командамен сапалы қызмет көрсететін, жарнама жасамайтын Telegram желісінен үлгі аламыз. Қазір біз Германияға көз тігіп отырмыз. Онда тұратын заңгер сыныптасым «Индонезияда 150 млн доллар табыс тапсаң, басың бәлеге қалады. Түркияда 500 мың доллар тапсаң да бәлеге қаласың. Ал Германияда адам құқығы, бизнес сақтау құқығы жақсы жолға қойылған» деп айтады. Қазір небір жақсы стартаптардың негізін қалаушылардан жобасын тартып алғандар жетерлік. Олар заң білмегендіктен, соншама жыл бойы әзірлеген дүниесінен әп-сәтте-ақ айырылып қалады. Сондықтан ондайға жол бермес үшін Германиямен тығыз байланыс жасағымыз келеді.
– Қазақстанда Sajda секілді әлем бойынша сұранысқа ие тағы қандай қосымшалар бар?
– Нұрсұлтан деген жігіт әзірлеген Namaz app қосымшасы қазір өте танымал. TikTok-қа кірсеңіз, әлгі қосымшаны қолдану өте қолайлы екенін жарыса айтатын қара нәсілділер, француздар мен америкалықтарды көзің шалады. Бірақ Нұрсұлтанды ешкім жөнді танымайды. Талғат деген жігіт iPhone-ға фонға суреттер топтамасын қоятын Suret app-ті ойлап шығарды. Былай қарасаң, өте қарапайым қосымша. ІТ маманы ретінде қарасам, жүйесі өте сапалы әзірленген. Айта кетерлігі, ол Apple-дің инженерлерімен тығыз байланыста. Егер мобильді қосымшаң танымал әрі ақша әкелетін болса, Apple-дегілер байқап, байланысқа шығады. Егер біз App Store-да ақша табатын болсақ, Apple-ға 30 пайыз ақша төлейді екенбіз. Apple өкілдері танымалдылығы артып келе жатқан Талғаттың қосымшасын байқап, оған қолдау білдіріп, өз мамандарын міндеттеп қойыпты. Талғат Дубайда құрылыс компаниясында жұмыс істеген. Қазір ол жұмыстан шығып, тек өз қосымшасын дамытуға күш салып жатыр. Мұндай жобалар мені рухтандырады. Талғатты да ешкім танымайды. Біз өзара араласатын ІТ комьюнитиде «Талғатты кім таниды?», «Онымен қалай байланыссақ болады?» деп сұрап жатамыз.
– Еліміздегі ІТ саласы енді қарқын ала бастаған кезде мобильді қосымша жасап шығарған сізден Қазақстандағы ІТ саласының аяқ алысын сұрамай кетпесек болмас.
– Біздегі ІТ саласы өте қарқынды дамып келеді. Интернетке қолжетімділік бар. Интернет арзан. Қазір Үндістанда ІТ саласының соншалық дамуына не түрткі болды деп ойлайсыз? Онда интернет бізден екі есе тегін. 400 млн-ға жуық адам 500 теңгеге 30 гб сатып алады екен. Бұл дегеніміз – оларға бүкіл әлем ашық деген сөз. Ал Канадада тұратын достарымыз күніне интернет трафикке 150 доллар төлейді. Astana Hub, MOST Hub-тар ашылып жатыр. Гранттар көп бөлініп жатыр. «Қанеки, бірдеңе ойлап тап. Көмектесемін» деп жүрген кәсіпкерлер де жетерлік. Ағылшыншаға судай, креативті, белсенді жастар өсіп келеді. Біздің жағдайымыз өте күшті, әлеуетіміз де керемет. Бәлкім, мақсатын айқындау жағынан қиындықтар бар шығар. Өйткені көпшілік мақтан қуып, соңында өзіне не керегін түсінбей қалады. Сосын инвестор табу жағы осалдау. Өйткені инвесторларда сенімсіздік басым. Кейін «Ол жобаны тартып алмай ма?» деген қорқынышы да жоқ емес.
– ІТ маманы атанғысы келетін жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Жастарға айтарым, алдымен мақсат қойып, оның мәні неде екенін түсініп алған жөн. Сосын қандай құндылық ойлап таба алатынын ескерсе деймін. Феликс Краус есімді мықты маман мобильді инженерлерге арналған Fastlane жобасын әзірлеп шығарған. Біз жаңа нұсқаны шығармас бұрын Apple-дің сайтына кіреміз. Бірнеше қадам жасаймыз. Мұның бәріне 18 минуттай уақыт кетеді. Ал Феликс болса бізге сол көп қадамды жасатпай-ақ бір ғана батырмамен мобильді қосымшаларды жүктеуге мүмкіндік беретін қосымша ойлап тапты. Ол «Біз сенің 18 минутыңды сақтап қалдық» деп үнемі айтады. Сайтына кірсеңіз, бағдарлама жасақтаушылардың 36 млн сағатын сақтап қалғаны туралы мәлімет бірінші шығады. Сонда бұл жобаның құндылығын қараңызшы? 36 миллионды 24 сағатқа бөліңіз. Артылған бәленбай сағатты басқа игі іске жұмсауымызға мүмкіндік беріп тұр. Жастар бірден ақша табатын емес, осындай құндылықтары бар жобаларды әзірлеп шығарса деймін. Әлемдік нарыққа шамасы жетіңкіремесе де, Қазақстаннан бастасын. Мысалы, Бағдат Мусин ХҚКО-ның жұмысын автоматизациялау туралы жиі айтады. Расымен, ата-әжелерді, аяғы ауыр әйелдерді ұзын сонар кезекке тұрғызып қойғанша олардың жұмысын жеңілдететін құнды қосымша неге жасамасқа? Сосын жастар миссиялар тізімін жасақтай білуі керек. Соңғы айтар үш нәрсем: жастар бақытты өмір сүруге талпынуы керек. Ұнаған ісімен айналысуы қажет. Әрі өз ісінің шебері болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дерек көзі: