Anticovid паспорты Қазақстан азаматтарына беріле ме?
Anticovid паспорты Қазақстан азаматтарына беріле ме?

Карантинсіз саяхаттауға мүмкіндік беретін төлқұжат «Лондон Хитроу» әуежайында беріле бастады  

Әлемдік пандемия кезінде кәдімгі паспорттан басқа, «антиковид» төлқұжаты берілуі мүмкін. Ол саяхатшыларға арналған және 14 күн бойы карантинде жатпай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттауға мүмкіндік береді, деп хабарлады Туроператорлар ассоциациясы. Бұл «ерекше» құжатқа қазақстандықтар қол жеткізе ала ма? Azattyq Rýhy тілшісінің сауалына ҚР Ішкі істер министрлігі жауап берді. 

ANTICOVID ПАСПОРТЫ ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ РЕЙСТЕРДЕ ПАЙДАЛАНЫЛЫП ЖАТЫР

Anticovid паспорты CommonPass деп аталады. Мұндай электронды рұқсаты бар әуе жолаушылары коронавирусты анықтайтын ПТР-тестіне тексерілмейді және карантинсіз кез келген елге 14 күнге сапар шеге алады. Алғашқы халықаралық электронды рұқсаттамалар «Лондон Хитроу» әуежайында берілді.  

COMMON PASS ТӨЛҚҰЖАТЫ ӘЛЕМНІҢ 37 ЕЛІНДЕ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Common Pass паспортын Commons Project коммерциялық емес қоры мен Дүниежүзілік экономикалық форумы әзірледі. Бұл төлқұжат түрі әлемнің 37 елінің үкімет өкілдерімен ынтымақтастықта іске қосылды.
Жобаның мақсаты – жолаушылар үшін COVID-19 теріс көрсеткішін электронды түрде құжаттай алатын және ұшаққа қонған немесе шекарадан өткен кезде арнайы құжатты ұсына алатын жалпы ғаламдық жүйені құру.

Электрондық өткізу жүйесі келесідей жұмыс істейді:

  •  сертификатталған зертханада коронавирус сынағынан өту;
  •  теріс нәтиже болған жағдайда деректер QR-коды бар смартфон қосымшасына енгізу;
  •  авиакомпания қызметкерлері мен шекарашыларға жүктеу үшін QR-кодты беру.

Common Pass жүйесі әр мемлекетке өз талаптарын енгізуге мүмкіндік береді.

ЖҮЙЕНІ ТЕСТІЛЕУ 2020 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНДА КЕНИЯ ШЕКАРАЛАРЫНДА ӨТТІ

Commons Project мәліметтері бойынша, жүйені медициналық тексеруден өткен және кіруге рұқсат алған жүк көліктерінің жүргізушілері сынап көрді. 

ЖАПОНИЯ ОЛИМПИАДАСЫ-2021 КЕЗІНДЕ МҰНДАЙ ПАСПОРТТАР КЕҢ ҚОЛДАУ ТАППАҚ 

Жобаны ұйымдастырушылар мен Жапония Олимпиада комитеті арасында 2021 жылдың шілдесінде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына келетін туристер мен жанкүйерлер үшін антиковид паспортын қолдану мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізілді. 

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ҚАЖЫЛЫҚ САПАРҒА БАРУҒА БОЛАДЫ

Жоба ұйымдастырушылары Сауд Арабиясының билігімен CommonPass-ты қажылыққа баратын қажыларды тексеруде пайдалану үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. 

ҚАЗАҚСТАНДА МҰНДАЙ ПАСПОРТ БЕРІЛЕ МЕ?

«Common Pass паспорты Қазақстан азаматтарына беріле ме?» деген Azattyq Rýhy сауалына ҚР Ішкі істер министрлігі, Көші-қон қызметі комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұрахметов Нұрбек Қарымсақұлы жауап берді. 

 «Қазақстан азаматтарына тек қана ҚР ұлттық паспорты ғана беріледі. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі консулдық бөлімінде істейтін қызметкерлерге: дипломатиялық паспорт және қызметтік паспорттар берілуі мүмкін. Басқа паспорттар беру жүзеге асырылмайды. Саяхатқа шыққан адамдарға ПТР-тестінсіз жүру үшін рұқсатнама берілетіні немесе берілмейтіні туралы мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне қарайды»,- деді Нұрбек Нұрахметов.

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі «Бізде мұндай (Anticovid паспорты – ред.) құжат жоқ, бізде тек ПТР-тесттің нәтижелері туралы анықтама беріледі, ол 3 немесе 7 күнге жарамды» деді. 

ЖҮЙЕНІ 20 ЕЛ ЕНГІЗУГЕ ДАЙЫН

Қазіргі уақытта пилоттық жоба Лондон мен Нью-Йорк арасындағы рейстерде әрекет етеді. Алдағы уақытта осы жылдың соңына дейін Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Азия бойынша маршруттарға кеңейту жоспарланып отыр. Жаһандық желіні толық ауқымды енгізу 2021 жылдың басына жоспарланған. 20 елдің үкіметі антиковид паспортын өткізудің эксперименттік схемасын сынап көруге келісімін берді. Олардың тізімі әлі жарияланған жоқ. 

Әзірге тек екі авиакомпанияның жолаушылары осындай антиковид паспортына рұқсатнаманы рәсімдей алады. Олар:  Лондон – Нью-Йорк рейсіндегі американдық United Airlines және Лондоннан Гонконг пен Сингапурға ұшатын гонконгтық Cathay Pacific әуе компаниялары.

ҚАЙ ЕЛДІҢ ПАСПОРТЫ ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ҚОЛАЙЛЫ?

Айта кетерлігі, сарапшылар COVID-19 пандемиясы кезінде әлем бойынша саяхаттау үшін қай мемлекеттің паспорты ең ыңғайлы екенін анықтады.

Бұл тізімде бірінші орынды иеленген - Жаңа Зеландия төлқұжаты, оның иелері коронавирустық пандемия кезінде әлемнің 129 еліне кедергісіз бара алады. Жаңа Зеландия паспорты билік пен Аустралия арасындағы шекараны карантинсіз өту туралы келісімнен кейін өз позициясын нығайтты.

Мәселен, COVID-19 алғашқы толқыны кезінде Жаңа Зеландия тұрғындары 80 мемлекетке еркін сапар шегу мүмкіндігіне ие болды. Passport Index компаниясының өкілі Грант Богосян Жаңа Зеландияның ұстанымы Үкіметтің пандемиямен жақсы күрескендігінің дәлелі деп санайды.

Тізімді  Германия, Ирландия, Австрия, Швейцария, Люксембург, Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия елдері жалғастырады. Бұл мемлекеттердің азаматтары арнайы құжаттарсыз және шектеусіз 128 елге кіре алады. 

Мәселен, Жапония азаматтары әлемнің 191 еліне визасыз бара алады (кейбір шектеулер мен шарттарды орындай отырып), өйткені жапондарға 1 шілдеден бастап Еуропалық Одаққа кіруге рұқсат етілген.
Бұған дейін Дүниежүзілік туризм және саяхат жөніндегі кеңес Нұр-Сұлтан қаласын планетада саяхаттауға қауіпсіз 100 қала тізіміне енгізген болатын. «Саяхат үшін қауіпсіз» мәртебесін алған 100 межелі пунктке ТМД елдерінен Қазақстан, Ресей және Украина кірді.

Айта кетерлігі, Қазақстан тұрғындарына саяхаттауға шектеулер қойылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 4 мемлекетпен әуе қатынасын азайтуды ұсынды. Ол БАӘ, Украина, Беларусь және Германия мемлекеттері. Ал елге ұшып келген жолаушылар ПТР-тестін көрсетуі тиіс. 

Сымбат Ғалымжан

azattyq-ruhy.kz

ДәуренДәурен
4 года назад 1887
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11
Прямой эфир