Ақтөбе облысы Ырғыз ауылында тұратын Жағыпар Кәдіров ауылдастарын таңғалдырып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ырғыз ауылында тұратын Жағыпар Кәдіровтың қолынан келмейтін іс жоқ. Темір-терсектен түрлі бұйымдарды ойлап табады. Көлігі бұзылып, техникасы істен шыққандар да Жағыпардың көмегіне жүгінеді. Жасы алпысқа келіп қалған ауыл тұрғыны тіпті трактор құрастырыпты.
"Тракторды ілгеріде шопандардың құдықтарында тұратын "Зид" деген мотордан жасап шығардым. Ал қалған темірлерін әр жерден жинадым. Оның ішінде қолдан жасалғандары бар. Қазір өзім құрастырған тракторды шаруашылығыма пайдаланып жүргеніме он жылдай болып қалды. Шөпті осы көлікпен тасимын. Көршілеріме де көмектесемін", - дейді Жағыпар Кәдіров.
Ауыл тұрғыны бала кезінен техникаға әуес болған. Кеңес Одағының тұсында ауылда электрик, дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Істен шыққан сағаттарды, техниканы өзі жөндеді.
"Түрлі заттарды құрастырып, ойлап табуды сол кезде-ақ бастадым. Ілгеріде көшеде хат салатын жәшік болатын. Мен жәшікке хат салғанда үйден қоңырау соғатын қылып қойдым. Кейін шаруашылыққа қажет түрлі бұйымдарды ойлап таптым. Мәселен, 380 вольттық еттартқыш жасап шығардым. Оның кіші түрін де жасадым. Қазір үйде соларды қолданып жүрміз", - дейді Жағыпар.
Биыл балық аулайтын ерекше құрылғы ойлап тауыпты. Мотор арқылы істейтін құрылғыға балық түскен кезде өзі белгі беріп, оны сыртқа шығарады. Тұрғынның айтуынша, мұндай құрылғы ешбір жерде жоқ.
Жағыпар Кәдіров ауылдан техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Бұл жерде де көлік жөндеуге арналған құралдардың басым бөлігін өзі ойлап тапқан. Қазір Ырғызда көлігі бұзылып, тракторы істен шыққан тұрғындар Жағыпардың орталығына келеді.
"Кейінгі кезде телефон арқылы интернетті пайдалануды үйреніп жүрмін. Ұлдарым да көрсетіп отырады. Балаларыма өзімнің білгенімді үйретемін. Техникалық орталықта көлік жөндейтін балаларға бағыт бағдар беремін", - дейді ауыл тұрғыны.
Жағыпар Кәдіров мұндай заттарды хоббиі ретінде жасайды екен. Ол жасаған құралдарын сатып, пайда табуды ойламайтынын айтады.
Авторы: Кәмшат Сексенбай
Дерек көзі: