COVID-19 жұқтырғандарды қан плазмасын салып емдеу туралы не білеміз?
COVID-19 жұқтырғандарды қан плазмасын салып емдеу туралы не білеміз?

Соңғы күндері коронавирусты қан плазмасымен емдеу туралы жиі айтылып жүр. Бірақ қан плазмасы деген не және ол арқылы қалай емдейді? Tengrinews.kz тілшісі Есет Тулеш COVID-19 жұқтырғандарды қан плазмасымен емдеу тәжірибесі туралы мәліметтер жинады.

Қан плазмасы вирус жұқтырғандарға қалай көмектеседі? 

Ең алдымен плазманың не екенін түсіндіріп өтейік. Ол - қанның сұйық бөлігі. Егер қаннан жасушалар (қызыл қан жасушалары, лейкоциттер, тромбоциттер) алып тасталса, плазма ғана қалады. Оның құрамында ақуыз көп. Плазма ақуыздары көптеген қан функциясына қатысады, олардың кейбірі ауруларға қарсы антидене саналады.

Коронавирус дүние жүзіне тарап жатқанда дәрігерлер қанның плазмасын қолдануды жөн санаған болатын. Вирустың емі әлі шықпады, сондықтан дәрігерлер осы амалға жүгінген.


© SHUTTESTOCK

The New York Times мәліметінше, қан плазмасын коронавирус жұқтырып, аурудан айыққандар тапсыра алады. Яғни олар басқа да ауырып жатқандарға донор болады. Ол үшін аурудан жазылған адам 14 күн оқшауланып, кейін ғана қан плазмасын тапсыра алады. Сол кезде донордың басқа адамдарға вирус жұқтыру қаупі жоғалады екен.

"COVID-19 жұқтырған адамның плазмасында инфекциямен күресетін антиденелер бар. Бірінші шарт - COVID-19 сынамасы оң нәтижесі көрсетіп, екі апта ішінде барлық симптомнан құтылу. Дәрігер қан плазмасын тапсыратын адамның осы шарттарға сәйкес келетінін анықтауы керек", - дейді Community Blood Center медициналық директоры Джеймс Александр Dayton Daily News-ке берген сұхбатында.

Коронавирус жұқтырған адамға донор плазмасын құю ауруды толық жеңуге көмектеспейді. Науқас тек вирусқа дайын антидене алады, алайда ол бірнеше аптадан бірнеше айға дейін ғана жарамды болуы мүмкін.

"Коронавирус жұқтырып, аурудан жазылған донорлардың қан құюымен емді толық ауыстыру мүмкін емес. Бұл тиімді дәрі-дәрмек болмаған кезде қолданылатын көмекші процедура", - дейді ресейлік ғалым Виктор Малеев.


© KEYSTONE PRESS AGENCY/GLOBAL LOOK PRESS

Бір донор бірден үш науқасқа көмектесе алады. Түрлі аурудың бар-жоғын тексерулерден кейін донорлық плазма коронавирус симптомдарының ауыр және орташа деңгейіндегі науқастарға құйылады.

Қан плазмасын бірінші қай елдер қолданды?

Дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін аурудан жазылғандардың қан плазмасын бірінші болып Қытай дәрігерлері қолданған. Ақпан ортасында Ухандағы Цзинтан ауруханасының меңгерушісі Чжан Дингюй алғаш рет науқастарға плазма құйғанын және оның оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған. Сол кезде ол аурудан жазылғандарды плазма доноры болуға шақырған еді.

Қытайлық дәрігерлердің бақылауы бойынша, қан құйылғаннан кейін клиникалық көрініс бірнеше сағатта өзгереді. Бір күннен кейін қабыну процесінің көрсеткіші едәуір төмендейді. Қандағы лимфоциттердің үлесі артып, оның оттегімен қанығу деңгейі көтеріледі, вирустың ағзаға түсетін жүктеме көрсеткіштері де жақсарады.


© Reuters 

Америка дәрі-дәрмектер мен өнімдер басқармасы (FDA) 24 наурызда ауыр жағдайдағы науқастарға аурудан жазылғандардың плазмасын құюға рұқсат берген. Дәрігер әр науқасты плазмамен емдеу үшін FDA мақұлдауын алуы керек.

Нью-Йорк пен Хьюстон ауруханаларында жатқан ауыр жағдайдағы 11 науқас АҚШ-та алғаш болып донор плазмасын алған. Сол сәтте америкалық ғалымдар тобы плазманың тиімділігін дәлелдеу үшін клиникалық сынақтар бастап кеткен. Ал америкалық Қызыл Крест аурудан жазылғандар арасында қан жинау науқанын бастаған.

Кімдер донор болды?

Плазмамен емдеу әдісі түрлі елде әлі тексеріліп жатыр. Бүгінде донор болуға келісімін берген адамдар да бар.

Мысалы, донордың көмегімен аурудан айыққан науқастардың бірі Нью-Рошельдің (Нью-Йорк) 37 жастағы тұрғыны - Дэнни Ример. Ол жарымен бірге коронавирус жұқтырған соң плазма арқылы емделіп, енді басқаларға донор болуды көздеп отыр.

"Біз аурудан жазылғанымызға қарамастан, ойымыз басқа адамдармен, вируспен әлі күнге дейін күресіп жатқан адамдармен, бізден де ауыр жағдайдағы адамдармен бірге", - дейді ол NBC News-ке берген сұхбатында.


Дэнни Ример. ©nbcnews.com 

USTA (Америка теннис қауымдастығы) бұрынғы президенті Катрина Адамс наурызда аурудан айыққан, онда вирустың белгілері болмаған еді. Ол вирус жұқтыруының жақсы тұсын да атап өтті. Себебі оның айтуынша, енді басқа адамдарға қан плазмасын беру мүмкіндігіне ие болған.

"Жақсы жағы - мен басқа адамдардың өмірін құтқару үшін плазмамды беруге үміткер атандым. Менің қанымда антидене көп", - дейді Адамс .

Кеше Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиянат елімізде жағдайы ауыр 56 науқасқа қарқынды терапиядан бөлек, плазма құйылғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, олардың 90 пайызының жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылған.

ДәуренДәурен
4 года назад 2187
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11