Кеше кешкісін қаннен қаперсіз светофор алдында жасылды күтіп тұрғам. Бір прагалық артымнан келіп тоқ еткізді. Апат жарығын қосып, көлігімнен түсіп қарасам, артқы бамперім майырылыпты, артқы есігімнің төменгі шеті майысыпты, шамдарым бүтін, парктрониктерім істемейді. Апалақтап көлігінен түсе сала бәйек болып кешірім сұрап жатқан чех жігіт ағасының алдыңғы бампері екігі бөлініп кеткен, бір шамы сынған. "Полиция шақырсаңыз, өз еркіңіз, кінә - менен" дей береді.
Чехия заңдары бойынша адам жарақат алмаған, көлік қатты зақымданбаған жағдайда полиция шақыру міндетті емес. Өзімнің де, әлгі айыпты жүргізушінің де уақытын аяп, тез-тез екі машинаны суретке түсіріп алдым да, "Жақын жердегі сауда орталығының жабық көлік тұрағына барайық" дедім. Әлгі адам қатты қуанып, "Мақұл, мақұл" деп ілесе жөнелді. Автотұраққа жеткесін айыпты жүргізуші әр көлік иесінің құжаттарының ішінде міндетті түрде болатын жол оқиғасы хаттамасын алып шықты да, жеке бас мәліметін, сақтандыру нөмірін, көлік соқтығысының сипатын, уақыты мен орнын толтыра қойды. Мен тек аты-жөнімді, адресім мен көлігімнің нөмірін жаздым. Қол қойдық. Айыпты адам түпнұсқа хаттама мен екі көшірмені маған беріп, бір көшірмені өзі алып, тағы да қайта-қайта ғафу өтініп, қоштасып кете барды.
Бүгін таңертең жергілікті автосервистердің біріне барып, хаттаманы өткіздім. Көлік жөндейтін компания өкілі сақтандыру ұйымының вебсайтына кіріп, бес минут ішінде арнайы форма толтырды. Сосын маған: "Бүгін сақтандыру ұйымы өкілін жіберіп, көлігіңіздің зақымданған жерін көріп, растайды. Сосын біз бірден жөндеуге кірісеміз. Бірнеше күнде дайын болады" деді. Түсірген суреттерім де керек болмай қалды, хаттама жеткілікті екен. Кешегі оқиғадан соң уақыт жай болғандықтан автосервиске бірден хабарласа алмағанымды, үйіме асыққанымды айтып ем, әлгі механик жігіт жымиып: "Еш кешіккен жоқсыз, Чехия заңы бойынша көлігіңізді басқа бір көлік соғып бүлдіріп кетсе, жасатып алуға үш жылға дейін уақыт берілген" деді. Сосын кете бергенімде, "Мынау - көлігіңіз жөнделіп жатқанда мінетін уақытша машинаның кілті. Мұның жалға алу ақысын да әлгі айыпты адамның сақтандыру компаниясынан өндіріп аламыз" деді. Барлық азаматтық, заңдық қарым-қатынас әбден реттелген, өркениетті қалыпқа түскен. Жап-жаңа уақытша көлікпен жұмысқа келе жатқанымда әлгі прагалықтың артымнан келіп тоқ еткізгеніне біртүрлі қуанып отырғанымды сездім:)