Микро толқынды қару: Кремль шетелдік тыңшыларға қарсы құпия қару қолданған ба? |
Микро толқынды қару: Кремль шетелдік тыңшыларға қарсы құпия қару қолданған ба? |

Арысын айтып не қылайық, екі жыл бұрынғы Сергей Скрипаль мен қызының улануы, кеше ғана Мәскеу соты қамауға кескен Алексей Навальныйдың улануы Кремльдің қажет етсе жекелеген адамдардың қастерлі өміріне суық қолын салатынын көрсетсе керек. Скрипаль ісі кезінде Кеңестің құпия зертханаларында жасалған «новичок» деп аталған улы зат туралы жұртшылық көбірек білген еді. Бірақ, соңғы кезде Кремль шетелдік агенттерге қарсы новичоктан да қауіпті құпия қару қолданып жатыр деген ақпараттар тарауда. Көзіқарақты оқырманның есінде болса, 2016 жылы Кубадағы америкалық және канадалық дипломаттар түсініксіз дертке шалдыққаны ақпарат құралдарында айтылған болатын. Олардағы ортақ жағдай басы айналады, жүрегі айнып, есінен танады. Ең қорқыныштысы, бұл дерт оларға ұзақ уақытқа, тіпті кейбірімен өмір бойы бірге қалуы мүмкін.  

Бұны сол тұста ақпарат құралдары «Гавана синдромы» деп атап кеткен. Ал, 2017 жылдың соңында АҚШ Орталық барлау агенттігінің тәжірибелі офицері Мәскеуде осындай жайғдайға ұшырап, өмір бойы ауру азабын тартып қалғаннан кейін Батыс елдерінің барлау қызметтері бұл мәселеге жіті назарын аударатын болды. Марк Полимеропулостың жағдайы туралы бірер күні бұрын BBC көлемді материал да жариялады. CIA-дің  Ирак, Сүрия және Ауғанстан жеріндегі небір күрделі операцияларын атқарған, терроризмге қарсы күрес тобын жетектеген Марк Полимеропулос Мәскеудің қонақ үйінде аталған дертке шалдығады. Ұйқысынан құлағы шыңылдап, басы айналған күйінде оянған ол өлі мен тірінің арасындағы аса азапты халде жатқанын біледі. Орнынан тұрғанымен қайта құлап қала берген. Орта-Шығыс елдеріндегі қауіпті миссияларда талай рет оқ тигенімен, бұл дерттің азабы оған одан да ауыр соққан.

Марк Полимеропулос Мәскеуге қонған күні шабуылға тап болады. Фото: BBC.

2017 жылы перезидент Трамп қызметіне кіріскеннен кейін де ол жеңіске жеткен сайлауға Ресейдің араласқаны туралы дау туады. Марк Полимеропулос осы мәселе бойынша Ресейдің барлау қызметінен рұқсат сұрай отырып, ашық-әшкере Мәскеуге барған. Ол Еуропа мен Еуразиядағы құпия операциялардың жетекшісі қатарында, әріптестерімен бірлесе отырып, Кремль тыңшыларының әрекетін әшкерелуі керек болған. Ресей орталық қаласына алғаш қонған күні-ақ ол «Гавана синдромына» ұқсас дертке шалдығып, еліне қайтады. Денсаулығына байланысты қызметінен шегінгеннен кейін ғана ол өзінің азапты кешірмесі туралы ашық айта бастаған. Анығында, Ресейдегі операцияға қатысқан барлаушылар арасында мұндай дертке шалдыққан адам бір Марк Полимеропулос ғана емес. АҚШ және оның бірқатар одақтас елдерінің барлау қызметі бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізіп, «Гавана синдромының» артында Ресейдің арнайы қызметі тұрған болуы мүмкін деген алғашқы қорытындысын шығарады.

Дертке шалдыққандардың бірқатары психикалық сырқатқа да ұшырайды. Медициналық, психологиялық анализдер және өзге де зерттеу қорытындысына сай олар «радио толқын арқылы жіберілген энергиядан» осындай дертке шалдыққаны белгілі болады. Ал, Кубадағы америкалық және канадалық дипломаттардың түсініксіз дертке шалдығуы бойынша тергеу-тексерулер дипломаттардың ізіне ресейлік агенттердің түскенін анықтаған. Ал, Мәскеуге бұл не үшін керек болды дегенге жауап біреу ғана – АҚШ пен Кубаның қарым-қатынасы жақсарып келеді, бұл Мәскеуге ұнамайды.

Куба мен Ресейден тыс, Қытайда, Польшада және Грузияда да осындай шабуылдардың болғаны туралы мәліметтерді The New York Times басылымы жазған. BBC хабарына қарағанда, америкалық барлау қызметі бұл мәселе туралы толық қорытынды шығармаған.  Алайда,  The New York Times басылымы бұған дейін барлау қызметіне сілтеме жасай отырып, «Гавана синдромы» болудан бұрын Мәскеу мен Гавана арасындағы хат алмасулардың ашыққа шыққанын, Гаванада дертке шалдыққан дипломаттар жанынан ресейлік тыңшылардың болғаны анықталғанын жазған.  Осыдан кейін, АҚШ арнайы қызметі Ресей Кеңес одағының «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарында жасаған мәлімет жинауға пайдаланған жабдықтарын дамыта отырып, құпия қару жасап шығарған деген болжам жасаған. Бірақ, Ресей СІМ тарабы микро толқыннан пайдаланған құпия қару туралы білмейтіндерін, бұл шағымшыл тараптардың ойдан шығарған сандырағы санайтынын, сондықтан оған ресми жауап бермейтінін айтқан. Ал, қазір мәселеге АҚШ Конгресіндегі арнайы комитеттер назар аударып отыр.

Естай Божан 

“The Qazaq Times” 

ДәуренДәурен
4 года назад 2026
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11