Қазақ үлесі қашан 80%-ға жетеді, елдегі «baby boom» және ажырасу жайлы шынайы статистика
Қазақ үлесі қашан 80%-ға жетеді, елдегі «baby boom» және ажырасу жайлы шынайы статистика

Қазақтардың үлесі қазір 68%-ды құрайды

Демограф Ерболат Мұсабек халық саны өсімін зарттеумен 50 жылдан бері айналысады. Қазақстанның демографиялық жылнамасының авторы. IT саласындағы тәжірибесі бір бөлек. Демографияны есептейтін талай программа әзірлеген. Статистика органдарында 1997 жылдан істеп келген маманның «Қазақстан статистикасыны үздігі» деген атағы да бар. 1999, 2009 жылдары  өткен Халық санағының басы-қасында болып, әр туған бала мен өмірден өткен, елден кеткен, шетінеген, қартайған азаматтардың есебін жүргізген.

Қазір Статистика агенттігінде «АСЖ сүйемелдеу департаменті тіркелім жүйесін сүйемелдеу бөлімінің бас маманы» деген қызметте. Azattyq Ryhy демографтан биылғы санақ жайлы, эмиграция мен ажырасу, туу деректеріне қатысты стереотиптер туралы сұхбаттың жалғасын жариялайды.

- Ерболат Нығыманұлы, айтыңызшы, қай кезде біздің елде  «baby boom» болды?

- Биылғы 17 мамырдағы статистикаға сәйкес елде 18 млн 705 мың 464 адам тұрады. Соңғы жылдары Қазақстанда туғандар 396 мен 402 мыңның, өлгендер саны 110 мен 133 мыңның аралығында. 1987 жылы 417 мың сәби дүниеге келіп, туу бойынша ең үлкен көрсеткішке қол жеткізгенбіз. Кеңес Одағы тараған соң көп адам табиғи отанына көшті, жұмыссыздық пайда бола бастады, үйленетіндер саны күрт төмендеді. Сөйтіп, тоқырау жылдары, яғни, 1999 жылы туғандар саны 217 мың 600 болып, ең төменгі нәтижені көрсетті.

- Осы тарихи жағдайлар неке санына, көбею процесіне қалай әсер етті?

- 90-шы жылдардың басында неке саны 167 мың болса, 2009 жылы 120 мыңға дейін түсіп кетті. 2014-15 жылдары неке саны 160 мыңға дейін жетті де, қазір қайтадан төмендеп келе жатыр. Оның себебі, туудың саны азайып, шетелге көшіп кеткендер көбейді. 2002 жылы халық саны қатты төмендеп, 14 млн 851 мың болып қалды. Кейін жайлап табиғи өсім сыртқа кеткен адамдардың орнын жаба бастады. Қайтыс болғандар саны 95-96-шы жылдары 1 жылда 160 мыңнан асты. Өйткені, ол кезде мединица саласы да әлі дамымаған, халықтың әл-ауқаты да онша емес еді. Сөйтіп, өмір сүру ұзақтығы 63 жасқа дейін төмендеп кетті. Қазір 73-74-ке жетіп қалды. Статистикада 68 деп жазылғанымен, біз ол межеден 2013-2014 жылдары өтіп кеткенбіз.

- Некелесетіндер саны соңғы жылдары азайды ма?

- Тұрмысқа шығатындар, үйленетіндер кімдер? Орта есеппен, 25 жастағы қыз-жігіттер дейік. 2020 жылдан 25-ті алып тастасаң, 1995 жылға келеміз. Ал 1995 жылы туғандар аз. Қазіргі туғандар  400 мың болса, ол жылдары 276 мың ғана болған. 95-ші жылдан кейін туғандарды алсақ та, олар 21-22-де отбасын құрады десек, жоғарыда айтқанымыздай, ол кезде туғандар саны тіптен төмен ғой. 1990 жылдың аяғы, 2000 жылдың басында туғандардың саны 29-30-дан аспайынша, жұптасулар саны аз бола береді. Бұл тенденция 2025 жылдан кейін жойылады. Оған дейін бұл толқын туу санын да кемітеді. 2025 жылы Қазақстанда ең төменгі туылу көрсеткішітіркеледі деп күтіледі. Бірақ,1999 жылғы секілді 217 мың емес, 350 мыңның айналасында болады. Сол тенденция 2025, 2026, 2027 жылдары сақталады да, ары қарай қайтадан көбейіп, 400 мыңның үстіне шығады. Осылайша, әр толқын өз іздерін қалдырып отырады. Ұрпақ ауысу уақыты – 27 жыл. Бірақ қазір қандастар саны қосылғандықтан, бұрынғыдай қатты төмендеу болмайды деп ойлаймын. 

- Елімізде социологтар жыл сайын ажырасатындар саны көбейіп кетті деп дабыл қағады. Шынымен солай ма?

- Қараңызшы, 1 жылда 150 мың адам үйленді делік, БАҚ-та оның 50 мыңы ажырасып кетті деп жазады. Сонда барлық некеге тұрғандардың 3-тен 1-і немесе 40%-ға жуығы ажырасқан болып шығады. Бұл сұмдық қой. Осы әңгіме үйленгісі келіп жүргендердің үрейін тудырады. Шын мәнінде, қате. Былтыр тек сол жылы үйленгендер емес, бұрын үйленгендер де ажырасты. Ал 2019-да үйленіп, 2019-да ажырасқандардың үлес салмағы қанша? Статистикаға сәйкес, 2500-дей жұп айырылысты. Былтыр некелескен 136 мыңнан алып тастағанда,  40 емес, 1,8 %-ы ғана ажырасумен аяқталған болып шығады. Алдыңғы жылы некелескендердің ажырасу фактісі сол алдыңғы жылғымен салыстырылуы тиіс. Жалпы, ажырасқандар статистикасын шығарғыңыз келсе, елдегі барлық 3 млн 700 мың отбасыға ажырасқандардың толық санын шағу керек. Сонда әділ шығады.

Тағы бір мысал, былтыр 400 мың сәби туды, 132 мың адам өмірден өтті. 132 мыңның бәрі туған 400 мың балалардың арасынан емес қой. Осындай ақпараттар, біріншіден жастар арасында қорқыныш әкеледі. «Ойбай, екінің бірі ажырасып жатыр екен, үйленбей-ақ қояйын немесе жаппай ажырасып жатыр екен, бізде ажыраса салайық» деген теріс ойлар тудырады. «Жоқ, негізі статистика бойынша аз, ұят болады» десең мүмкін бір отбасы сақталып қалар. Осы әңгіме Қазақстаннан жаппай көшуге қатысты да айтылады. «Жаппай» деп отырғаны 45 мың адам. Оны 18 млн халық санына шаққанда тіптен аз болып шығады. Көбіне тарихи отанына кеткен орыс халқы екенін де ескеруіміз керек. Ал келіп жатқандар туралы көп айтпайды. Мысалы, былтыр 12 мың, оның алдында 27 мыңнан астам адам Қазақстанға қоныс аударды. Сонда ешкім «Қазақстанға адамдар жаппай көшіп жатыр» деген әңгіме шығарған жоқ қой. Былтыр миграция сальдосы 33 мың болып еді (45225 кеткендер – 12225 келгендер = 32970), жаппай кетіп жатыр деді. Бірақ табиғи өсім 236 мыңды құрады. 

- Туу көрсеткіші бойынша әлі оңтүстік өңірлер алда ма?

- Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облысында, Шымкент қаласында туу көрсеткіші жоғары. Осы динамика әлі де сақталған.

- Қазақтардың елдегі үлес саны 10 жылдан кейін 80%-ға, 20 жылдан 90%-ға жетеді деген демографтар болжамы бар. Осы қаншалықты рас?

- 2021 жылы қазақтар үлесі 69%-ға жетуі мүмкін. Қазір 68%. Әрбір 4 жылда 2% қосылып отыр. 80 емес, әлі 70%-ға қашан жетеміз деген сұрақ бар. Себебі, көбейіп жатқан тек қазақ халқы емес қой. Өзбектер, ұйғырлардың да туу саны қайтыс болғандардан көп. Бізде алдағы жылдары көбейетін негізінен, Орталық Азия халықтары. Сонымен бірге әзербайжандар, түріктер, қарақалпақтар саны біртіндеп арта береді. Есептейік те, Қазақстандағы өзге ұлттарды тұрақты 6 млн деп алайық. Себебі, 2009 жылы 16 млн халықтың 10 млн-ы қазақтар еді, 2014-те 17 млн халықтың 11 млн-ы қазақ болды, айырмашылық 6 млн.  2021 жылы 19 млн боламыз да, қазақтар 13 млн-ға жетеді. Өзге ұлттар – тағы да 6 млн. Олардың үлес салмағы төмендеп келе жатыр, дегенмен өте баяу. Айталық, 2050 жылы 25 млн-ға жетсек, оның 19 млн-ын қазақ халқы құрайды. 19 млн-ды 25 ке бөлсең, 76% шығады. Өзге ұлттардың үлес салмағы төмендегенімен, әзірге 6 млн-нан аз бола қоймайды. Себебі, табиғи өсім бар. 30 млн болсақ, қазақтар 24 млн-ды құрайды, бұл, міне, 80%. Бірақ аталған көрсеткіште оптимистік көзқарастың өзінде 2100 жылы жетуіміз мүмкін. Ол да нақты емес. Ал қазақтар үлесі 90%-ға жету үшін халық саны 54 млн-ға жетуі керек. Ол статистика қашан шығатынын өзіңіз есептей беріңіз...

- Айтыңызшы, кейінгі жылдары бізде өмірге көп сәби әкелетін «Батыр аналар» азайып бара жатыр деп айтылады. Осыған қандай уәж келтіресіз?

- Қазір жалпы емес, 1 бала туатындардың, яғни бала туатын жасқа кіретіндердің саны азайып отыр. 1995-2004 жылдары туғандар аз, қазір солардың өмірге сәби әкелетін уақыты деп себебін алдында айттым ғой. Ал 4-5 бала туатындардың саны әлі кеміген жоқ, солардың арқасында жыл сайын туатын бала саны 400 мыңның үстінде тұр. Қарапайым мысал, 2015 жылы төртінші сәбиін өмірге әкелген әйелдер саны 34 432 болса, 2019 жылы 50 963 болды. Бесінші баласын туған әйелдер 2015-те 15 181 де, 2019 жылы 23 353 болды. 2019 жылы тіпті, 15-ші сәбиін туған 1 әйел, 14-ші сәбиін туған 2, 13-шісін туған 3 әйел болды.

- Ерболат Нығыманұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге, қызықты мәліметтер ұсынғаныңызға алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан: Абай Сейфулла

ДәуренДәурен
4 года назад 2785
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11