14 сәуір күні Sohu.com сайтында «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақала жарияланғаны үшін Қазақстан Қытайға наразылық нотасын жіберді. Әрине, дипломаттар ел мүддесін қорғау мақсатында мұндай қадамдарға барады. Ол керек те. Алайда ғаламторда еліміз жайлы жазылған кері ақпараттың бәрін бақылау мүмкін емес, табылса да, үнемі нота жолдау да ақылға сыя қоймас. Келешекте Қазақстан хақында айтылған, сызылғанның бәрін «жүрекке жақын алмау үшін» қайтпек керек?
Қытай тіліндегі мақаланы тауып, оған жауап қайырған дипломаттар өз міндетін атқарып-ақ жатыр. Алайда тағы бір көршіміз Ресейде орыс тілінде біз хақында жарияланған ақпаратқа зер салсақ, шовинизмнің исі аңқып тұрған материалдар жетерлік. Бір ғана tsargrad.tv сайты Қазақстан жайлы үнемі КСРО көзімен жазатын әдеті бар. Яғни, орыс тіліне тыйым салады, орыс диаспорасын тұқыртады деген жалған айып тағады. Ал Қазақстан латын әліппесіне көшу туралы шешім қабылдағанда жер-жебіріне жетіп сынады. Таққан айыбының мәні – бұрын біздің құрамда болған ел уысымыздан шығып барады, «орыс әлемі» деген кеңістіктен кететін болды, Украинаның тағдырын қайталамақ. Бір қызығы, Ресейдегі елшілеріміз мұндай мақала, телебағдарламаларды үнсіздікпен бақылап отыр.
Жалпы, Қазақстан қос державаның арасында жайғасып, алыптардың сүйкенісінде зардап шекпеу үшін сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанды. Өткен 29 жылда бұл ұстаным көмегін тигізді. Ешкімнің сойылын соқпай, одақтарға қосылмады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмайынша. Енді билік ауысып, жаңа саяси кезең басталғанда сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт одан әрі тиімді бола ма, жоқ па, белгісіз. Бұл бір алыптың көлеңкесінен пана іздеу қажет деген сөз емес. Бәлкім, көпвекторлы саясатты жаңа деңгейге шығаратын кез жеткен жоқ па?
Жалпы, мемлекеттердің сыртқы саясатта ұстанатын бірнеше «күші» бар. Оларды АҚШ саясаттанушысы, Гарвард профессоры Джозеф Най «жұмсақ күш», «қатаң күш», «ақылды күш» деп бірнеше түрге бөлген. Ал 2017 жылдан бері «өткір күш» деген де термин пайда болды. Қазақстанға бұл «күштердің» қайсыбірі тура келетінін анықтау үшін оның әрбіріне жеке тоқталған дұрыс болар.
«Қатаң күш» – әскери және экономикалық шараларды қолдана отырып, өзге мемлекеттердің іс-әрекетіне, саясатына мақсат тұтқан өзгеріс енгізу әдісі. Яғни, басқа елдерге соғыс ашу, экономикалық санкциялар жариялап, «тәртіпке» салу. Мұны көбіне осындай қадамдарға бара алатын, ресурстары жеткілікті қуатты мемлекеттер қолдана алады. Мәселен, XX-XXI ғасырда АҚШ және НАТО коалициясы Балқан түбегінде, Таяу Шығыста, Африкада қарулы операциялар жүргізіп, саяси мақсатына жетті. Немесе Ресей гибрид соғысының нәтижесінде Қырымды аннексиялады. Сондай-ақ бұл «күшке» қатаң дипломатия арқылы қандай да бір әрекетке мәжбүрлеу, қысым жасау, пара беру де жатады.
«Жұмсақ күш», керісінше мақсатқа жылы қатынас, ортақ түсінік, тартымдылық, жеңіл дипломатия арқылы жету амалы. Термин авторы Дж.Найдың пікірінше, елдің тілі мен мәдениеті «жұмсақ күш» ретінде қолданылуы мүмкін. Жалпы, Еуропа елдері бұл «күш» түрін Найға дейін сан жылдар бұрын қолданып келеді. Нақтырақ айтсақ, шетелдерде өз тілі мен мәдениетін тарату, насихаттау орталықтары ашылған. Ең алдымен ойға оралатыны Британ кеңесі. Бұл ұйым сонау 1934 жылы негізі қаланып, қазір әлемнің 110 мемлекетінде кеңсесі бар. Ағылшын тілін, мәдениетін насихаттап, білім жобаларын іске асырады, IELTS тесттерін қабылдайды. Сырттай қарасаңыз, мұндай гуманитарлық орталықтар желісінің шығыны мол болуы тиіс. Ал Британ кеңесі, керісінше 2018-2019 жылдары 1,5 млрд доллар табыс тапқан. Әлем бойынша 850 қалада бұл ұйымның IELTS тесттерін қабылдау орталықтары ашылған. Яғни, Ұлыбритания Британ кеңесі арқылы өз тілін, мәдениетін, білім жүйесін танытып, сұранысын арттырады әрі табысты да ұмытпайды.
Германия да бұл бағытта құралақан емес. Неміс тілі мен мәдениетін насихаттау үшін Гете институты құрылған. Қазір 98 мемлекетте 159 институт жұмыс істейді. Неміс тілін ақылы түрде оқытады. Германия, сондай-ақ саяси ағартушылықпен де айналысуды жөн көреді. Осы мақсатта 1955 жылы Конрад Аденауэр қоры құрылды. Қазір 100 елде өкілдігі бар. Қор көбіне шет мемлекеттерде саяси, экономикалық, құқықтық жүйені жетілдіруге көмектеседі. Студенттерге грант бөледі. Яғни, неміс тілі, мәдениеті, саяси жүйесі осы қорлар арқылы насихатталады. Қос қор да үкіметтен қаржыландырылады.
Ал Франция француз тілінің дамуын сонау 1883 жылы ойлап қойған. Сол кезде Альянс Франсез ұйымы құрылды. Негізгі мақсаты – француз тілін насихаттау, білім, мәдениет саласында әріптестікті дамыту. Қазір 132 мемлекетте 800 кеңсесі ашылған. 500 мың студент оқытады. Испан тілі мен мәдениетінің қолданыс аясын кеңейту үшін Сервантес институты сәл кештеу ашылған, 1991 жылы. 45 елде 86 өкілдігі орын тепкен. Жоғарыда айтылған ұйымдар автономды түрде басқарылса, Сервантес институтын Испанияның сыртқы істер министрлігі ашқан. Яғни, үкіметке қарасты ұйым.
Италия өз тілінің тағдырына сонау 1889 жылы алаңдап, Данте Алигьери қоғамы ұйымының негізін қалаған. Бұл ұйым да итальян тілі мен мәдениетінің көсегесін көгерту үшін құрылған. 60 елде 400-ден аса өкілдігі қызмет етіп тұр. Әрине, бұл тұста әлем халқына қытай тілін үйретіп, қытай мәдениетін танымал ету үшін ашылып келе жатқан Конфуций институттарын еске салған жөн болар. Бүгінде бұл ұйымның саны әлем бойынша 542-ге жетті. Қытай 1 000-ға жеткіземіз деген мақсат қойып отыр. Конфуций институттары көбіне жоғары оқу орындарында ашылады. Оның қаржыландырылуы тікелей үкіметтің міндеті.
Мысал ретінде келтірілген ұйымдар өз елдерінің сыртқы саясаттағы «жұмсақ күші» саналады әрі өз тілі мен мәдениетінің, кейде білім жүйесінің танымалдығын арттыру, өз мемлекетіне жағымды имидж қалыптастыру мақсатында қызмет етеді. Оған қоса, бұл турист тартуға, шетелдік студенттер санын өсіруге де қолғабыс. Айтпақшы, Monocle журналы 2018-2019 жылдары жүргізген сауалнама бойынша «жұмсақ күш» рейтингінде Франция, Германия, Жапония, Канада және Швейцария көш бастап тұр екен. Жыл сайын Францияға 90 млн-ға жуық турист келетіні бекер емес шығар.
Джозеф Най ұсынған келесі термин – «ақылды күш». Бұл сөз болған «қатаң күш» пен «жұмсақ күштің» қосындысы. Аталған бағытта дипломатия, экономикалық ықпал, қажет кезде ғана әскери қадамға жүгіну шаралары бар. Яғни, жағдайға байланысты қажетті ресурсты іске қосып, мақсатқа жету әдісі. «Ақылды күштің» мәнін АҚШ президенті Теодор Рузвельттің 1901 жылғы «Баяу сөйле және ұзын таяқ алып жүр» ұраны ашып тұрғандай. Най ақылды күшті шағын елдер ұтымды пайдаланатынын атап өтеді. Мәселен, Қатар өз жерінде америкалық әскери база салуға рұқсат беріп, «Әл-Жазира» телеарнасын құрып, Таяу Шығыста түрлі топты қаржыландырып, өз мақсатына жетіп отыр.
Сондай-ақ 2017 жылы «өткір күш» термині айналымға енді. Бұл басқа елдердегі қоғамдық пікір манипуляциясын қолданып, ондағы саяси жүйенің шытынауына ықпал ету әдісі. Терминді ұсынған Кристофер Уолкер мен Джессика Людвигтің пікірінше, кейбір авторитарлы ел басшылығы демократиялық елдердегі БАҚ-ты пайдаланып, жалған ақпарат таратып, сөз бостандығын шектеп, әлемге өзі хақында жағымды имидж қалыптастырады. Авторлардың пікірінше, мұны «жұмсақ күшпен» шатастыруға болмайды. Аталған ұғымды сынағандар аз емес, алайда оны жоққа да шығаруға болмайды. Айталық, Ресей Russia Today, Sputnik сынды сайттар арқылы әлемге насихатын жүргізуден таяр емес. Қытай да бұл бағытта CCTV телеарнасын жиі қолданады. Түркия TRT World арнасын қолдап тұр. Ол түсінікті де. Себебі бұған дейін жанжалдар туындағанда ғаламдық ақпарат кеңістігінде Батыс елдері ірі ақпараттық ресурстармен дамушы елдерге ықпал жасап отырды. Ресей, Түркия, Қытай кезекті жанжалда ақпараттық тұрғыда ұтылмау үшін әлемдік деңгейдегі өзіндік медиа ресустарды құрып, іске қоса баста-ды.
Сонымен, «жұмсақ күш», «қатаң күш», «ақылды күш», «өткір күш» секілді ұғымдарды жеке қарастырдық. Енді Қазақстан үшін мұның қайсысы қолайлы? Еліміздің Конституциясы мен әскери доктринасына сай, біз бірінші болып «қатаң күшке» жүгінбейтін мемлекетпіз. Жалпы, бұл бағыт қазақ ұлтының табиғатына да жат. Шоқпар алып жүгіретін біз емес. Алайда қорғаныс мақсатында армия толық қолданылуы мүмкін. Оған қоса, Қазақстан «қатаң күшті» өзінің саяси мақсаттары үшін қолданатын әскери держава емес, өзгелерге экономикалық санкция салып, қысым көрсететіндей қаржылық ресустарымыз да шамалы. Сәйкесінше, бұл бағыт біз үшін басым емес.
«Жұмсақ күш» ХХІ ғасырда қажет-ақ. Корей сериалдарының, әншілерінің танымалдығы бұл елге үлкен қаражат әкелуде. Тек қана танымал BTS тобы Корей экономикасына 4,7 млрд доллар пайда түсірген. Ал Түркия өз сериалдарын әлемнің 156 мемлекетіне сатып отыр. 2017 жылы 350 млн доллар табыс түссе, 2023 жылы бұл қаражат 1 млрд долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай мәдени өнімдер оның тұтынушыларына сол мемлекеттер жайлы жағымды пікір қалыптастырады. Оған қоса, бұл елге келетін турист санын арттырады. Бұл бағыт Қазақстан үшін де маңызды, пайдалы. Бірақ жоғарыда келтірілген Британ кеңесі, Гете институты секілді жүздеген ұйымды әлемде ұстау үлкен шығын (мысалы, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын Абай институты). Бұдан бөлек, қазақ тілі ағылшын, испан, француз, қытай тілі секілді әлемдік тілдер қатарына жатпайды. Оны оқуға сұраныс төмен. Дегенмен әзірге бірнеше шет мемлекеттегі ірі кітапханаларда елшіліктің көмегімен Қазақстан бұрышы ашылып, онда еліміз жайлы кітаптар қойылды. Жоқтан жақсы. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қаламгерлерінің туындылары БҰҰ 6 тіліне аударылып, таратылды. АҚШ, Еуропа, Азияда еліміздің өнер қайраткерлері концерт ұйымдастырады. Димаш Құдайбергеннің орны бөлек. Бұл да Қазақстанның қазіргі «жұмсақ күші».
Алайда сыртқы саясатта оған құлай сенуге болмас. Сын сағатта, жанжал туғанда тіл, мәдениет, білім, туыс қатынастар көп көмегін тигізе қоймайды. Оны жерінен айырылған Грузия мен Украина тәжірибесі дәлелдеп берді. Яғни, мемлекеттің қауіпсіздігі, стратегиялық дамуы үшін саяси абырой, ықпал, экономикалық, көлік-логистикалық ресурстар, адам капиталы, гуманитарлық көмек, әсіресе армия мен заманауи әскери техника да аса қажет. Тізбектелген жағдайлар Қазақстан үшін «ақылды күш» оңтайлы екенін көрсетіп тұр.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА
Abai.kz