ҚМДБ ресми жауап: Біреудің оқып тұрған намазын бұзу дұрыс па?
ҚМДБ ресми жауап: Біреудің оқып тұрған намазын бұзу дұрыс па?

Өткендегі "Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің қоғамдық лекцияларының монтаждалған нұсқасы әлеуметтік желіге тарап, ел-жұрт әлгі видеода айтылған әңгімені әжептәуір талқы жасады. Әсіресе, араб сақшыларына мұсылмандардың қасиетті орны саналатын Қағбада, жұрттың жолында тұрып намаз оқыған адамға бірнеше мәрте ескерту жасап намазын бөлуге, оған көнбесе құйрығынан теуіп тоқтатуға рұқсат етілген деген ауандағы сөздер ел арасында әртүрлі пікір туғызды.

Құдайға құлшылық жасап тұрған адамның намазын бұзуға бола ма? Қасиетті Қағбаның өзінде намазханды тебуге рұқсат берілсе, онда өзге мешіттерде қалай? Бұл қаншалықты шариғат шеңберіне сыйымды әңгіме?

Біз Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына хабарласып, пікір сұрадық. Бізге ҚМДБ Пәтуа және шариғат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов жауап берді.

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ өкілі:

- Шариғат бойынша бастаған намазды соңына дейін оқып бітіру міндет. Ал себепсіз өзінің намазын бұзу немесе біреудің оқып тұрған намазына кедергі жасау харам, яғни күнә болып саналады. Мұсылман адам мұндай әрекетке бармауы тиіс.

Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандар дінін жасырын ұстауға мәжбүр болған. Мұсылман болуға, намаз оқуға дін дұшпандары (кәпірлер) көп кедергі жасаған. Тіпті, Қағбаға баратын жолға тікен тастап, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқудан тосатын, сәждеде жатқанда үстінен түйенің қарын ішектерін тастап қорлайтын.

Қазіргі таңда жылда миллиондаған адам қажылыққа барады. Маған да биыл Алла Тағала қасиетті Меккеге барып, қажылық ғибадатын атқарып келуді нәсіп етті. Сол жерде тәртіпке қарайтын арнайы сақшылар (полиция) қызмет етеді екен. Қағбаның айналасында, әсіресе, дәл қара тастың жанында кептелістің болуы, адамдар жүретін жолда кейбіреулер намаз оқып тұрып алуы, одан басқа бірін-бірі түртіп, алысып жатуы көп қиындық туғызады екен.

Солай болса да, сақшылардың қажыларға қабақ шытқанын байқамадым. Қайта құласа, жерден тұрғызып, қажыларды салқындату үшін үстілерінен су сеуіп, жол сұрағанға жылы шыраймен жолын айтып, қанша тәртіп бұзса да, оған сабырлықпен түсіндіріп, ескертіп жатқандығын көрдім. Тіпті, мынандай бір жағдай болды. Қағбаны тәуап етіп болған соң шетке шығып екі ракағат намаз оқу бар. Сонда қажылардың бірі сақшылардың ескертуіне қарамай, тәртіпке бағынбай, тура жолға тұрып алып намазын бастап кетті. Сонда да, сақшы сол адамды намазы біткенге дейін күтіп тұрды. Намазын аяқтаған соң әдеппен былай жасауға болмайтынын айтты.

Алла Тағала баршамызға бір-бірімізге мейірімді болуды жазсын!

Abai.kz

ДәуренДәурен
5 лет назад 2324
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11