ҚҰРАНДАҒЫ ӨРМЕКШІ ҚҰПИЯСЫ
ҚҰРАНДАҒЫ ӨРМЕКШІ ҚҰПИЯСЫ

Қасиетті Құран қаншама дәуірлер алмасып, дүние алмағайып күйлерді өткерсе де, өзінің кереметтілігімен, ғажаптығымен адам баласын таң қалдырып келеді. Құранның әрбір аятын оқып, оған ой жүгірту арқылы көз алдымызда көптеген илаһи мұғжизалар (кереметтер) ашылады. Бүгін біз осындай мұғжизаның бірі – Құранда ерекше ескерілген өрмекші мысалына тоқталғалы отырмыз. Алла Тағала «Әнкабут» сүресінің 41-ші аятында былай дейді: «Алладан өзгені ие  етіп (Құдай тұтқандар) алғандар, ұя жасап алған өрмекшінің мысалы сияқты. Шын мәнінде үйлердің ең осалы өрмекшінің ұясы. Егер, олар білетін болса». Бұл аятқа байланысты екі мәселе қарастыруға болады. Бірінші – өрмекшінің ұясы туралы. Екінші – араб тіліндегі «الْعَنكَبُوتِ» яғни, «өрмекші» сөзін талдау.  

Бірінші – өрмекшінің ұясы  

ҮЙЛЕРДІҢ ЕҢ ОСАЛЫ – ӨРМЕКШІНІҢ ҰЯСЫ

Өрмекшінің тоқылған ұясы расымен де ең осал саналатынына дау жоқ. Себебі, басқа жан-жануарлар өзіне үй саларда оның іргесін қатайтып әрі табиғи жаңбыр, қар, жел және т.б. секілді құбылыстарға төтеп беретіндей барыншы мықты етіп салады. Ал, өрмекші өз ұясын керісінше аталмыш табиғи құбылыстарға қарсы яғни, ашық жерге салады. Өйткені, өрмекшінің өмірі аспаннан жауған жаңбыр немесе жер бетіндегі өзен-көлдің көпіршігімен тікелей байланысты. Өрмекші ұя жасау кезінде судың көпіршігін жинап, оның үстіне денесінен арнайы тор шығарып ұя жасайды. Бұған қоса өрмекшінің денесі су көпіршігін жинау үшін арнайы қабықтармен жабдықталған.    

Осылайша өрмекші көпіршіктің үстінде тоқылған ұясының астында қорегін тауып өмірін өткізеді. Егер оның ұясы желмен, жаңбырмен бұзылатын болса, онда ол торында жиналған көпіршікті ішіп қайта ұя салады екен. Өрмекші ұясын денесінен шыққан торларды су көпіршігімен араластырып ашық аспанда ешбір қауіп жоқ жерге салады. Алла Тағаланың «үйлердің ең осалы өрмекшінің ұясы» дегені де осы себептен болар. Өрмекшінің ұясы секілді, оның әлеуметтік жағдайы да осал екенін айта кетейік. Құмырсқа, шегіртке, ара және т.б. жәндіктер топ-тобымен өмір сүрсе, өрмекші керісінше жалғыздықты жақсы көреді. Сондай-ақ, оның қарақұрт секілді түрлері ұрықтандыру уақытында өз еркегін жеп азық етеді. Жұмыртқа жарып шыққан өрмекшінің балалары да бір-бірін дүние есігін аша салып жеп қояды екен.

  ӨРМЕКШІНІҢ ТОРЫ  

Биология ғалымдарының айтуынша, өрмекшінің торы жібек матадан керек десеңіз болаттан да мықты. Мәселен, өрмекшінің торын болаттан жасалған сым секілді қалың етіп біріктіретін болсақ онда ол әлгі сымнан 5 есе мықты болады екен. Бұған қоса өрмекші торы қанша уақыт өтсе де шірімейді, иісі шықпайды, үзілмейді, қандай ауа-райы болсада бұзылып бүлінбейді екен. Мұндай торды Алла жаратып, біздерге өзінің мысалымен көрсетпесе адам баласы өздігінен ойлап таба алмайтыны ақиқат.

Осы сәтте «Егер, өрмекшінің торы осыншалықты мықты болса, онда неге Алла Тағала Құранда өрмекшінің ұясын «үйлердің ең осалы өрмекшінің ұясы» деп айтты?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабын да тек Құранның аятынан табамыз.  

Алла Тағаланың Құрандағы «أَوْهَنَ الْبُيُوتِ» яғни, «үйлердің ең осалы», деген аятына қарайтын болсақ, онда өрмекшінің торы жайлы емес, ұясы (үйі) туралы айтылып тұрғанын аңғарамыз. Егер Алла Тағала берілген аятта «أوهن الخيوط» яғни, «торлардың ең осалы», деп айтқан болса онда ғылыми тұрғыда бұл қате болған болар еді. Өйткені, өрмекшінің ұясы осал болғанымен, оның торы осал емес екені бүгінде ғылыми тұрғыда дәлелін тапқан. Сондықтан, біз Алланың Құрандағы айтқан әрбір сөзінде даналық бар екенін қашанда ескеруіміз керек, себебі, Құранжа: «Алладан артық кімнің сөзі тура бола алады?» (Ниса - 122) делінеді.  

Екінші - араб тіліндегі «الْعَنكَبُوتِ» яғни, «өрмекші» сөзі

Әлемде көптеген тілдік грамматикада зат есімдер, оған байланысты етістіктер ер тек және қыз тек болып бөлініп отырады. Бұндай тектер араб тілінде де кездеседі. Мәселен, араб тілінде зат есім қандай текте тұрса соған байланысты етістікте сол текте тұруы шарт. Егер зат есім ер тегінде ал, етістік қыз тегінде екі түрлі болса онда ол грамматикалық тұрғыда қате болып саналады. Осы сияқты араб тілінде «өрмекші» сөзі яғни, «الْعَنكَبُوت» ер тек формасында болады. Дегенмен, Құранда «өрмекші» сөзі ер текті формада болғанымен Алла Тағала оған «иттахазат» - «اتَّخَذَتْ» (ұя жасап алған)  қыз тек формасындағы етістікті жалғап қойған. Осы аятқа байланысты кейбір Батыстың филолог мамандары мен шығыстанушы ғалымдары бұл сөйлемді Құранның мазмұнындағы грамматикалық қате деп пайымдап үлгерді. Әлбетте, мұндай тұжырымдар Құран мазмұнының негізгі мәнін түсінбегендіктен шығады.  Әсілінде, бертін келе заманауи биологиялық техниканың дамуымен ғалымдар өрмекшіні жіті зерттей келе, ұя салушы өрмекші тек ұрғашы болатынын анықтады. Бұған қоса ұрғашы өрмекшінің ішкі құрылысында ұя салу үшін арнайы тор шығаратын ағзалары жұмыс жасайтыны белгілі болды. Ал, еркек өрмекші ұя сала алмайды және бұл оның міндетіне кірмейді екен. Осыған байланысты Алла Тағала ұя салушы ұрғашы өрмекші болғандықтан оған сәйкесінше «иттахазат» - «اتَّخَذَتْ»  қыз тек формасындағы етістікті қолданғанын көре аламыз. Мұндай зерттеулердің нәтижесінде бүгінде біз Құрандағы бұл аят ешқандай грамматикалық қате емес, керісінше бұл біздерге Алла Тағаланың тілдік құдіретіне ие екенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, мұндай мәліметтер ілгеріде Мұхаммед (с.ғ.с.) заманында белгілі болан дүние емес-тін. Осындай Құранның ғажайыптарын зерттей келе соңғы уақытта мұнайдың шығуы, ананың құрсақтағы адамның пайда болу процесі секілді көптеген ғылыми жаңалықтар ашылып отырғаны белгілі. Сондықтан болар, Алла Тағала біздерге 14 ғасыр бұрын Қасиетті Кітап түсіріп, оның керемет сырларын уақыт өте білетінімізді берілген аяттың соңында: «Егер олар білетін болса» деп аяқтаған.   

Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы

http://kazislam.kz

ДәуренДәурен
8 лет назад 10248
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11