Сарапшылар: АЭС қауіпті әрі қажетсіз бастама. Досым Сәтпаев: АЭС – Ресейдің саяси жобасы
Сарапшылар: АЭС қауіпті әрі қажетсіз бастама. Досым Сәтпаев: АЭС – Ресейдің саяси жобасы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде АЭС салу қажеттілігі туралы өз ойын білдірді. Бұл туралы президент Ресейде өткен «2021 жылғы Шығыс экономикалық форумына» онлайн қатысу барысында мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға АЭС қажет», - деді Ол. Президенттің ойы мен сөзін халық пен сарапшылар талқылап жатыр. Сонымен Қазақстанға АЭС керек пе?

Президент АЭC-ке қатысты ойын Ресей бастамасымен өткен форумде айтуына қарап, атом станциясын Мәскеу салуы мүмкін деген болжамдар бар. Алайда Ресейдің ғылым мен білім, жаңа технилогияны игеру деңгейі артта қалғандықтан, АЭС сапасына сарапшылар тарапынан күдіктің туындауы заңдылық.

Мысалы физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнар:

«АЭС салу Қазақстан тарихындағы ең қауіпті, қатері мол және тәуекелі көп жоба болмақ. «Росатом» түркиялық Марсинде 2018 жылы АЭС сала бастады. 2018 жылы сарапшылар АЭС іргетасында көптеген жарылуларды анықтады. Түркітер «Росатомға» екінші Чернобыльдың пайда болуына қарсы екендерін айтып еді, олар іргетасты қайта қалады. Бірақ, іргетастағы жарылулар араға уақыт салып, қайта пайда болды. 

Африкада АЭС мүлде жоқ. ОАР бір АЭС-ті есепке алмасақ әрине, АЭС-ті кедейлік пен жемқорлық жаулаған жерде ешқашан салмайды.

Балқаш пен Балқаш аймағының атом электр станциясына байланысты болуы мүмкін қайғылы жағдайымен салыстырғанда, Арыс трагедиясы жай ғана баланың ойыншығы істеттес болып қалмақ. Әрине, бұл үлкен және орта шенеуніктерге еш қатысы жоқ. Олардың екінші шетелдік төлқұжаттары мен шетелде шоттары бар. Олар психикалық тұрғыда Қазақстанда болмағанына өте көп болды. Ал Қытайға немесе Швейцарияға саяхат үшін олар кез келген уақытта ашық әуе билеттеріне ие. Қазақстандық олигарх шенеуніктер радиациядан өліп жатқан Балқаш пен Балқаш аймағының тұрғындарына Швейцариядан, Лондоннан және Сингапурдан жеделхат жібереді: «Біз сендермен біргеміз!» дейтін болады. Бірақ, біз, қазақстандықтар, ешқайда кетпейміз, осыны есте ұстау керек, бұл өте маңызды. 

Жемқор, кедей және артта қалған Қазақстанда атом электр станциясындағы кіші, үлкен және жаһандық апаттар сөзсіз болады», - дейді.

АЭС-ке қатысты өзге де сарапшылар өз ойларын білдіріп жатыр. Энергетика бойынша сарапшы, экономист Әсет Наурызбаев былай дейді:

«АЭС-те кадрлар мен қауіпсіздік шығындары әлдеқайда жоғары. Капитал шығындарынан басқа, тұтастай алғанда «қырғи-қабақ соғыс» кезінде сағатына атом энергиясын өндіру арзан болды. Сондықтан, олар сәнге айналған еді. Қазір басқа уақыт.

Егер біз ядролық клубқа кірмейтін елдерде ядролық қару жасау туралы айтпайтын болсақ, атом электр станциялары тек экономиканың мүддесі үшін салынып жатыр.

Атом энергиясы жөніндегі агенттікті құру қажет. Тренинг туралы ойланыңыз. Бұл энергетикалық университеттер қажет екенін білдіреді. Бұл шығындардың барлығын станция өтемейді. Оларға салық төлеушілер төлейтін болады. Бұл ешкім есептемейтін қосымша ауыртпалық пен шығындар деген сөз.  Жалпы, АЭС экономикасы өте нашар. Және ол нашарлай береді. Өйткені соңғы жылдары атом энергиясының бағасы тек өсуде». 

Осылайша сарапшы АЭС энергиясын алу соңғы жылдары тым шарықтап кеткенін айтып отыр. Сондай-ақ, сарапшы АЭС салмай-ақ, Қазақстандағы электр станциялары елді толық қажетті энергиямен қамтамасыз ететінін айтып отыр. Қайта өңделген энергия көздері де оны арттыра түспек.

Әлеуметтік желі қолданушысы Ботагөз Иса болса Ресейдің АЭС салуына қарсылығын білдіріп, былай деп жазды:

«Неліктен қазақ атом станция салуға қарсы? Ол Ресей жобасы, келісім бойынша оны Ресей салады, іске кіргізгеннен кейін ресейліктер өздері басқарады, тек жұмысшылар қазақтар болады.

РФ арам пиғылын білеміз, Қазақстан билігіне қысым жасайтынын, қазақтарды «нацист» деп қаралайтынын білеміз. Біздің билік оларға 5 млрд доллар береді. Кейін АЭС Ресей басшылығында болса, бізге өте үлкен қауіп төнеді. Біз неліктен оларға жем болуымыз керек?

ҚР билігінен ешқандай жауапкершілік көрмейміз. Сақталуда жатқан қару жараққа ие бола алмай, 14 адам қаза тапты. Ел аман, жұрт тынышта осылай болды. Ал енді Қазақ елінің дәл ортасында атом станция салса, үлкен трагедия болуы әбден мүмкін.

Сол себептен РФ шекарасында емес, Қазақстанның дәл орталығында салып жатыр. Және де атом станциясы жұмыс істеген кезде Балқаш өзеніне үлкен қауіп бар, суы азаяды, балық уланады». 

Әрине, бұл қауіп әр қазақтың көкейінде жүргені рас. Тағы бір желі қолданушысы Ася Асеткина былай дейді:

«АЭС Қазақстан аумағында салынғанымен, іс жүзінде Ресейдің экономикалық, энергетикалық, қаржылық мүддесін көксейтін станция ғана болатыны айдан анық. Және де ол АЭС салынып, егер (әрине бетін аулақ салсын), ертеңгі күні апат бола қалса, зардабын көретін Ресей емес, біз боламыз.

Бұл деген біздің экологиямызға, біздердің адам өміріне алапат қатер төніп тұр деген сөз. Қазақстан билігі халықпен санаспай, қоғаммен ақылдаспай пайдасынан зияны орасан осындай жобаларды жасап жатыр, Қазақтың болашағына балта шауып жатыр!

Сондықтан да, болашақ үшін, өз балаларымыздың ертеңі үшін түбегейлі қарсы екенімізді жаппай білдірейік, ағайын! АЭС салудың Қазақстанға керегі жоқ», - дейді ол.

Қоймалар бейбіт күнде атылып, 15 шаңырақ қара жамылған сәтте, атом стациясын салудың қаншалықты қауіпті екенін сарапшылар мен қарапайым халық сезіп те, біліп те отыр. Оны ғылымы артта қалып, жемқорлығы алға кеткен Ресей салса, тіпті, күдік арта түспек. Сарапшылар «Қазақстанға АЭС салудың қажеттілігі аз, жел мен күн энергиясы да жеткілікті» деген сәтте, АЭС-ті салу арқылы Ресейдің қолына қысым «рычагын» ұстатқандай болмаймыз ба?!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

Досым Сәтпаев: АЭС – Ресейдің саяси жобасы

Қазақстанға АЭС салу керек емес, өйткені елде балама энергия көздері жеткілікті. Отыз жыл бойы тиісті дәрежеде пайдаланылмаған алып газ қорын энергия өндіруге қолдануға болады. Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев осылай деп есептейді. Саясаттанушы АЭС реакторын қай ел салып берсе, сол елге тәуелді болып қаламыз, өйткені саясат пен экономика АЭС-пен қатар жүреді дейді.

Ресей Қазақстанға АЭС салуды неліктен лоббилап жүр? Оның астарында не жатыр? Бұған дейін "бұл мәселеде асығыстық танытпай, қоғам пікірін ескереміз" деген билік не себепті бұл тақырыпқа қайта айналып соқты? Досым Сәтпаевпен осы сұрақтарды талқыладық.

"Алып газ қоры – балама энергия көзі"

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі экономикалық форумда Қазақстанға атом электр стансасы қажет және оны салу мүмкіндігін қарастыратын уақыт келгенін айтты. Сіздің ойыңызша, елге расында да АЭС керек пе?

– Меніңше, атом энергетикасын дамытып жатқан елдермен салыстырғанда, Қазақстанда АЭС салу өзекті мәселе емес. Халық пен өнеркәсіп орындарын атом энергетикасымен қамтып жатқан елдерде өзге балама ресурстар жоқ. Яғни атом энергетикасын саяси деңгейде қолдап, атом электр стансасын салған елдердің балама ретінде қолдануға болатын табиғи қазба байлықтары жоқ. Мысалы, Франция немесе Жапония. Мәселен, Қытайда көмір кен орны бар. Алайда, Қытай экологиялық жағынан алғанда көмірді алмастыратын балама табу керектігін түсінеді. Бұл – бір. Екіншіден, Қытайда бір миллиардтан астам халық тұрады, энергияны талап ететін алып индустриалды өнеркәсіп орындары бар. Сондықтан көмір немесе Қытайда табылған мұнай мен газ бұл елдің экономикасын энергетикамен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Осы себепті, Қытай жақында атом энергетикасын құру бағдарламасын енгізді.

Ал Қазақстанға келсек, ең алдымен ресми деңгейде айтылған "жақында елде электр энергиясының тапшылығы басталады" деген мәлімдемені алайық. Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, электр энергиясы тапшылығы бірнеше жағдайда туындайды. Біріншіден, сол энергияны өндіре алатын ресурстар тапшылығы. Бұл ретте Қазақстанда ресурстар тапшылығы жоқ, көмір бар. Электр стансаларында өндірілетін энергияның 70 пайызы осы көмір есебінен. Алайда, мұны тоқтату керек, өйткені ғаламдық жылынуға үлес қосып отырмыз. Әрине, жел мен күн энергиясы есебінен тез арада көмірден бас тарта алмаймыз. Алайда, күн мен желден энергия өндіруді де дамыту керек.

Қазақстанда газдың алып қоры бар. Тәуелсіздіктің 30 жылында мұнай барлауда қоса жүретін ілеспе газдың алып көлемін жағып тастадық. Оны жаққанда экологияға орасан зиян келді.

90-жылдары газ саласын, газ инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы қабылданғанда, газ құбырын салу бірнеше жыл бұрын емес, осыдан 20 жыл бұрын басталғанда, бүкіл Қазақстанға әлдеқашан газ құбырын тартып, елдімекендерді газбен қамтамасыз етер едік. Сөйтіп, адамдар көмір жағып отырмас еді. Бірақ елде бұған кедергі келтіретін көмірдің мықты лоббиі бар тәрізді. Дегенмен Қазақстандағы газ қорын электр энергиясын өндіруге қолданып, газ электр стансаларын салуға болар еді.

Тағы бір маңызды дүние, бұл – халық саны. Атом энергетикасын дамытып отырған елдердің халық саны көп, халқы тығыз орналасқан. Инфрақұрылым мен өнеркәсібі жақсы дамыған. Үлкен көлемдегі электр энергиясын қажет ететін фабрика мен зауыттары көп. Ал Қазақстанда бұл жоқ. Халық тығыз орналаспаған, халық саны да көп емес. Сондықтан мұндай жағдайда халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету анау айтқандай проблема емес. Миды қозғап, түрлі технологияларды дамыту керек. Бір жерде газ арқылы электр энергиясын өндіру, енді бір жерде жел энергиясы, бір аймақта күн энергиясын дамыту керек.

Атом энергиясын дамытып, АЭС салудан қандай проблема бар? Біріншіден, бұл өте қымбат жоба. Мысалы, Өзбекстан АЭС құрылысына 11 миллиард доллардан астам сома жұмсамақ. Бірақ бұл жеткіліксіз, өйткені оны салғаннан кейін стансаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұл АЭС-те кәсіби біліктілігі жоғары команда тұрақты түрде жұмыс істеуі керек деген сөз. АЭС элементтерін үнемі жіті қадағалау керек. Өйткені, бұл өте күрделі нысан. Ал АЭС-тен шығатын қалдықты көметін белгілі бір полигон керек. Қазақстанда онсыз да экологиялық апат аймақтары көп. Ал тағы бір сондай аймақ жасау қосымша проблема тудырады.

АЭС-ті Балқаш аймағында салғысы келеді. Өйткені, АЭС реакторын салқындату үшін су керек. Бірақ, Қазақстандағы экологиялық қауіп тұрғысынан қарап, Қытаймен Ертіс өзені бойынша проблема барын ескерсек, трансшекаралық өзендер арнасы тартылуы мүмкін. Қазірдің өзінде Арал апаты Балқашта қайталанады, Балқаш тартылуы ықтимал деп жатыр. 15 жылдан кейін Балқаш тартылса, оның жанында салынатын АЭС не болмақ? АЭС-ті істен шығару оны салудан анағұрлым қиын. Өйткені, атом реакциясын тез іске қосуға болады, ал АЭС-ті тоқтатуға көп ресурс пен көп уақыт керек. Оның үстіне, мұны абайлап жасау қажет. Себебі, кез келген қателік Чернобыльдегідей реактордың жарылысына әкеп соқтыруы мүмкін.

Сондықтан мұның тәуекелдері өте көп. Қазақстандағы басты тәуекел – адам факторы. Ақымақ әрекеттен қорғайтын түрлі механизмдер ойлап табуға болады, бірақ, адам қателессе, мұның арты үлкен экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал. Мұндай апаттың салдарын жою алып ресурстарды талап етеді. Ал апат аймағында экологиялық босқындар пайда болса ше? Яғни, АЭС салудың пайдасынан тәуекелдер анағұрлым көп.

АЭС салып жатқан Өзбекстанға оралсақ, олар мұны ресурстар жеткіліксіз болып жатқандықтан салып жатыр. Оларда газ бар. Дегенмен қазір ол газ елдің ішкі сұранысын өтей алмайды. Оның үстіне, Өзбекстан пайда табу үшін газды экспорттағысы келеді.

Ал Қазақстан экспорттайтын негізгі тауар – газ емес, мұнай. Мұнайды сатып, түскен табысты ұлттық қорға салып жүрміз. Ал газға көп жыл бойы мән бермедік. Десек те жасыл энергетика туралы айтсақ, газ балама энергия көзі бола алар еді. Қазақстан еш уақытта газ экспорттамады, бізде газ тек ілеспе өнім болатын.

Яғни, Өзбекстан АЭС салып, газды сыртқа сатып, пайда тауып, елді АЭС арқылы электр энергиясымен қамтамасыз еткісі келеді. Бұл қисынды, өйткені, олардың ресурстары біздікінен аз. Ал бізде ондай сұраныс жоқ, газ қоры жеткілікті, бірақ, оны көп жыл бойы кәдеге жаратып, тиімді пайдаланбадық.

Меніңше, біз басымдықты дұрыс емес қойып отырмыз. Ресей бұл жобаны лоббилап жатқандай әсер қалдырады.

"АЭС-ті қай ел салып берсе, сол елге тәуелді боласың"

– Ресей бұған неге мүдделі? АЭС салу саяси жоба ма?

– АЭС-ті кім салса да онымен бірге саясат пен экономика қатар жүретінін үнемі айтып жүрмін.Өйткені, өз аумағына өзге елдің реакторын тұрғызған ел көп жыл бойы сол реактордың иесіне, яғни АЭС-ті салып берген елге тәуелді болады. Ресей мен "Росатом" ұлттық компаниясы АЭС-ті лоббилап, бізге салса, онда АЭС-ке мамандарды даярлау, оған техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарында Ресейге тәуелді болып қаламыз. Ал Ресей – әрекетін болжап білуге болмайтын ел. Болашақта бұл елмен конфликт, жанжал туындауы мүмкін. Себебі, Ресей кез келген елмен текетіресіп жанжалдасуы мүмкін екенін өмірдің өзі көрсетті. Сондықтан мұндай серіктеске тәуелді болу саяси тұрғыдан алғанда сауатты нәрсе емес.

– Жақында Тоқаев Мәскеуге барып, Ресей президенті Путинмен кездесті. Тоқаевтың Мәскеуге сапары мен АЭС туралы мәлімдемесі арасында қандай да бір байланыс бар ма?

– Меніңше, белгілі бір байланыс байқалады. Тоқаев Мәскеуге барып Путинмен кездескен соң АЭС тақырыбына қайта айналып соққаны кездейсоқ емес. Оған дейін, жақында ғана бұл мәселені кейінге қалдырайық, өйткені, қоғамдық пікір оған дайын емес, оның үстіне көптеген қазақстандық оған қарсы деген еді.

Алайда, Тоқаев "бұл мәселеде асықпау керек, қоғамдық пікір оған қарсы екен" деген мәлімдемеден соң, сол қоғам пікірін зерттеген жұмысты байқамадық. Мысалы, мемлекеттен ақша алатын блогерлер, әртүрлі мемлекеттік құрылымдарға жұмыс істейтін, билікті мақтайтын жалған сарапшылар пропагандаға жұмылдырылғанын байқамадым. Бәлкім, енді жасайтын шығар.

Бірақ, қоғамдық пікірді осы салада жұмыс істейтін және мемлекеттік құрылымдармен немесе ұлттық компаниялармен байланысты емес мамандар зерттеуі керек. Бұл мәселеде атом энергетикасы саласындағы тәуелсіз мамандар, шетелдік сарапшылардың пікірі ескерілуі тиіс. Бірақ Қазақстанда жоғарыдан тапсырма түссе, оң-солын ажыратып жатпай, мүлтіксіз іске асыратыны тағы белгілі.

Дегенмен, АЭС-ке келгенде билік миын қосып, ақылға салып, радиофобия деңгейі жоғары, Семей полигоны болғанын, Фукусимиядағы қайғылы оқиға, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан адамдар бар, елде басқа мүмкіндіктер мен балама энергия көздері барын ескеріп, АЭС-ті лоббилау теріс реакцияны туғызатынын түсінетін шығар деп үміттенеміз. Әсіресе, Жамбыл облысындағы соңғы оқиғаларды ескерсек, халық онсыз да шошып, салғырттық, жемқорлық, жауапсыздық проблема тудыратынын және одан жұрт жапа шегетінін анық көрді. Сондықтан мұндай жағдайда АЭС салу туралы мәлімдемелер жасау саяси және психологиялық тұрғыдан дұрыс емес.

Бір жағынан Қазақстан мұндай мәлімдемелерді Тоқаев 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткіземіз дегендіктен жасап жатыр. Көмірсутек бейтараптығы деген не? Ол көмір пайдалануды қысқарту деген сөз. Яғни, билік АЭС салып көмірге тәуелділіктен құтыламыз деп шешті. Бірақ, билік неге балама көздерді көрмейді? Неге газ, жел мен күннен энергия өндіреміз демейді? Билік 2017 жылы ЭКСПО көрмесін атом энергетикасы тақырыбында емес, жасыл энергетика тақырыбында өткізді емес пе?! ЭКСПО кезінде АЭС жарнамасын көрмедік, Қазақстан жаңартылатын энергия көздері, энергия үнемдейтін механизмдердің жақтаушысы дегенді жарнамалап, насихаттады. Яғни, ЭКСПО бір тақырыппен өтіп, билік сол кезде басқа мәлімдемелер жасады да, қазір мүлде басқа нәрсе айтып жатыр.

– Бәлкім, бұл жобаны Кремль тықпалап жатқандықтан, солай болып жатқан шығар?

– Біз егемен мемлекетпіз, одан бас тарта аламыз. Қазіргі кезде мұны іске асырмасақ, апат болады екен, амалымыз жоқ дегендей нәрсе тұрған жоқ қой. Қазақстан Ресей газына тәуелді Украина емес. Балама энергия көздеріміз бар.

Егер билік ресми деңгейде Қазақстанды он жыл ішінде балама энергия көздері – жасыл, күн, жел энергиясын сынап, өндіретін халықаралық орталыққа айналдырамыз десе, оған барлық қолайлы жағдай тудырса, инвестиция, әлемдік стартаптар тартылса,  Қазақстанды жасыл энергетика саласындағы кремний алқабына айналдыра алар едік. Оған мүмкіндік те, ақша да болды, елдің аумағы да үлкен. Күн мен жел энергиясы бізде жеткіліксіз дейді. Алайда, оны қазіргі технология арқасында жетілдіруге болады ғой. Елдегі кремний қорын күн панельдерін жасап шығаруға пайдалануға болады. Біз мұнымен айналысып жатқанымыз жоқ, тек мұнай мен газды өндіріп, сатып жатырмыз.

Қайсыбіреулер "бізде уранның алып қоры бар, АЭС салуға Құдайдың өзі мүмкіндік берді" дейді. Бірақ, бұлай шатастырмайық. Уран өндіру жөнінен әлемдегі көшбасшылардың бірі екеніміз бар, бірақ, уранды өңдеп, экспортқа уран өнімдерін, мысалы, отын таблеткаларын шығарып, АЭС бар үшінші елдерге сата алар едік. Яғни, уран өңдеп, өнімдерді сатып, ақша тауып, соның есебінен жасыл энергетиканы дамытуға болады.

Бірақ, өкінішке қарай, бізде қандай да бір жобаның жағымды-жағымсыз тұстарын, пайдасы мен зиянын талдап, есептей алмайды. Сөйтіп, одан келетін пайданы ғана негізге алады, ал жобаны іске асыра бастағанда түрлі тәуелкелдер шыға бастайды.

Елнұр Бақытқызы

 malim.kz 

ДәуренДәурен
3 года назад 3651
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11