ТЕҢДІКТЕ ДЕ ТЕҢДІК БАР
ТЕҢДІКТЕ ДЕ ТЕҢДІК БАР

Адамзат қоғамындағы бірліктің ең мықтысы – отбасы, деп жазады turkystan.kz ақпарат көзі. Өйткені, саналы адамның ойлау дәрежесінің өсуі отбасын құрып, қоғамдасып өмір сүруге әкелді. Содан бері ұрпақ өсіру үдерісінде ата-ана миссиясы пайда болды. Бұл дегеніңіз, «Адам ұрпағымен мың жасайтынын» танып-білу еді.

Түрлі замандар өтіп, адамдар ойлап, сөйлеуіне қарай ұлттық таным-түсініктің пайда болып, ұлттар оқшауланып, мемлекет құруға көшті. Міне, осының нәтижесінде отбасындағы ер мен әйелдің орны айқын­далып, әрқайсысы қабілетіне қарай өз міндетін бөлісіп алды. Физикалық жағынан мықты, ауыр зат көтеруге, ұзақ жүріп, көбірек қимылдауға күші жететін еркектер тамақ тауып, әйелі мен балаларын асырауға, үйдегі ұсақ жұмыстар істеуге қабілетті әйелдер балаларын тәрбиелеп, үй шаруасын атқаруға бейімделді.

Көптеген ұлттардың отбасындағы осы жүйе ХХ ғасырдың басына дейін өзгермей, әйел – әйел орнын­да, еркек – еркек орнында қызмет етіп, осы жүйе отбасы тұтастығының кепіліне айналған-ды. Бірақ, қоғамдық құрылыс­тардың өзгерген тұсында түрлі радикалды көзқарастардың негізінде өмірге келген идеялар қоғамға өз дегенін жасатты. Соның үлкен мысалы, 1917 жылы құрылған кеңес­тік-больщевиктік үкіметтің идеологиясы. Кеңестік дәуір әспеттеген «Әйел теңдігі» идеясы әйелдерді кемсітуді жойып, ерлер­мен бірдей құқықтық теңдікті ғана берген жоқ, оларды еңбек етуде де еркектермен теңестіру саясатын жүргізді. Бұл таби­ғатынан нәзік жаратылысты әйелдерге деген қаталдық еді. Соның себебінен егін даласында қызмет ететін тракторшы, құрылыс саласында істейтін сылақшы, тас қалаушы т.б. әйелдер тобы пайда болды.

Жалпы, кеңестік кезеңдегі «Әйел теңдігі» деген идеяның астында аса зымиян саясат жатты. Ол идеяны жалаулатушылар еркектер үстемдігіне негізделген патриар­халдық қоғамда әйелдің рөлін арттыруды ғана ойлаған жоқ, қаншама халықтың қаны төгілуімен құрылған мемлекетке жұ­мысшы күші керек болды. Кеңес өкіметін құру кезінде әскери күштер «ақтар» мен «қызылдарға» бөлініп соғысып, миллион­даған еркек кіндіктілер көз жұмды. Мұндай жағдайда жаңа құрылған мемлекетте әйелдер санының еркектерден бірнеше есе көп болатыны белгілі. Ер азаматтардың дені әскерді, түрлі күштік құрылымдарды ұстап тұрғанда қара жұмысты кім атқарады? Әрине, әйелдер!

Шынына келгенде, мемлекетте адам жынысына қарамай тең құқықты болу – үлкен гуманистік идея. Бірақ, сонымен бірге, еркек пен әйелдің табиғи жаратылысына орай атқаратын қызметі барлығын да ұмытпау керек. Бірақ, әйелдерді өз мақ­саттарына пайдаланған Кеңес үкіметі нәзік жандардың құқығын қорғай тұра, оларды қара жұмысқа салып зорлық жасады. Ұжымдасып еңбек ету кезеңінде, кейін 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде әйелдер ұжымшарлардың ауыр жұмысына же­гіліп, таңнын атысынан күннің баты­сына дейін егін даласында, мал соңында өмірлерін өткізді. Отбасына қарауға мүмкіндігі болмады. Бір-екі жастағы бала­ларын үйіне тастап, қараусыз қалдыруға мәжбүр болды. Жұмыстан келген соң үй шаруасын атқарды. Бір сөзбен айтқанда, өмірі тозаққа айналды.

Тек өткен ғасырдың 60-жылдарынан кейін ғана КСРО-да ер адамдардың саны көбейіп, біртіндеп ауыр жұмыстарды еркектер атқарып, әйелдердің қолы босауға айналды. Осы дәуірден кейін әйел-қыздар білім алып, педагогика, медицина секілді салаларда олардың үлесі арта бастады. ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта­сында КСРО-ны басқаруға  М.Горбачев­тің келуімен мемлекетте түрлі өзгерістер пайда болды. Қоғамда демократия мен жария­лылыққа күш беру мемлекет басшылығы ойлағандай емес, кері әсер беріп, айнал­дырған бес-алты жылдың ішінде жер шарының алтыдан бірін алып жатқан алып мемлекет тарап тынды. Оның құрамындағы он бес одақтас мемлекет он бес тәуелсіз ұлттық мемлекеттерге айналды. Қоғамға нарықтық экономика үстемдік етіп, халық мемлекеттің қамқорлығынан айырылып, өз бетінше өмір сүруге көшті. Қиын кезеңде «екі қолға бір күрек» табылмай, сан ға­сырдан бері отбасын асырау міндетін атқарып келген ер азаматтар нәпақасын айыратын іс таппай сенделіп қалды. Міне, осы кезде қазақты ұлт ретінде сақтап қалған әйелдер болды...

Жаһандану құбылысы дендеп енген жаңа ғасырда әлемдік гендерлік саясат біздің елден де қолдау тапты. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 Жар­лығымен бекітілген Қазақстан Республи­касында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы деген құжаттың кіріспесінде мынадай сөздер бар: «1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары тура­лы» және «Тұрмыс құрған әйелдің  азаматтығы туралы» конвенциялары да бекітілді. Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен Қазақстан Респуб­ликасындағы Гендерлік саясат тұжырым­дамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерім­ді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жа­сауды, жыныс нышаны бойынша зор­лық-зомбылықтан азат болуды айқын­дады».

Демек, көріп отырғанымыздай, Мем­лекет басшысы бекіткен Гендерлік теңдік стратегиясы қоғамның барлық саласында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу. Әрине, мұны абсолют дәрежеде түсініп, еркек пен әйелдің табиғатына сай мін­деттерінен азат етілуі деп ойламау керек. Сондықтан «тең» деген ұғым «бірдей» деп түсінілмеуі керек. Гендерлік теңдікті «еркек пен әйел бірдей» деп санайтын батыстың кейбір елдерінде биологиялық болмысты теңестіргісі келетін әйелдер бала табудан бас тартатын жағдайға дейін жетіп отыр. Гендерлік теңдік мәселесі елімізде құ­қықтық тұрғыдан реттелген. Бұл тұрғыда Қа­зақстанның «Тұрмыстық зорлық-зом­былық профилактикасы туралы», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік ке­пілдіктері туралы» заңдарының қабыл­дануы және Қазақстан Президенті жа­нын­дағы отбасы істері және демог­рафиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­мис­сияның жұмыс істеуі – еліміз азаматтарын жынысқа байланысты кемсітуге жол беріл­мейтінінің айғағы.

Соңғы кезде елімізде ерлер мен әйелдер арасында әйелдердің отбасындағы рөлі деген мәселеде келіспеушіліктер бар екені көрініп жүр. Соның бірі бала тәрбиесі мә­селесі. Біреулер «еркектер отбасын асы­раушы, ал бала тәрбиесімен әйел айналысуы керек» десе, тағы «отбасындағы тәрбиеге де еркек жауапты, балаға тәрбие беруге ар­найы уақыт бөлуі тиіс» дегенді ай­тады. Тағы бірі «қызды анасы, ұлды әкесі тәрбиелеуі қажет» деген ұстанымда. Қалай десек те, бүгінгі қазақ отбасында әйел мен еркек өздеріне тиісті міндеттерін бөлісуде бір пікірде еместігі көрінеді.

Дегенмен бір нәрсе айқын, тәрбие беру – күштеп көндіру емес, ақылмен басқару. Қазақ отбасында әке ұлға, шеше қызға олардың қандай міндеті мен парызы барын, адамның ұл не қыз ретінде толыққанды адам болып жетілуі үшін нені білу қажет екенін жас ерекшелігіне қарай түсіндіріп, ойына шым-шымдап сіңіріп отырған. Бүгінгі қоғамда қазақ отбасындағы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде ұлттық ерек­шелігіміздің ескерілмей қалып жатқа­нының соңы талай қасіретті жағдайларға ұрындырып жатқаны көрініп жатыр. Мәселен, қазақ салтында қартайған ата-ананы шаңырақ иесі – ұл бала асыраған. Бірақ, кейінгі дәуірлерде бұл дәстүр ұмыт қалып, зейнетке шыққаннан кейін ұл баласы бола тұра қыздарының қолында тұратын қазақ қариялары мен кейуаналары көбейіп жатыр. Тіпті, балалары асыраудан бас тартып немесе қарттардың өздері ұрпағымен сыйыспай, «Қарттар үйін» паналауы жиілеп кеткен. Ең жаманы, жыл сайын «Қарттар үйінің» де, онда келуші­лердің де саны артып барады. Неге? Мұның бәрі кезінде ұрпаққа дұрыс тәрбие бер­меудің салдары деуге болады. Өйткені, дәстүрлі қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, ата-ананы жақсы көру­ге, сыйлауға тәрбиелейді. Ал ол болмаса, болмысынан ажырап қалған бала үшін ненің ұят, ненің қиянат екенін ажыратудан қалады...

Демек, бүгінгі қазақ бала тәрбиесін әлсіретіп алып отыр. Тәрбиенің иесі – отағасы мен отанасының бірлігі. Әке ұрпағына ананы сыйлауды, шеше әкені құрметтеуді сіңіре алса, балалар өскенде қайырымды, адамгершілікті болып өспей ме? Ғасырлар бойы ұлт болып, мемлекет болып өмір сүріп келе жатқан қазақ халқы «гендерлік теңдіксіз-ақ» тату отбасы болып, ер мен әйел бір-бірін қадірлеп, құрметтеп өмір сүрген. Сондықтан «теңдік» мәселесін жалаулатып, әйелдердің ерлер, ерлердің әйелдер атқаратын іске белсеніп кірісіп кетуі адамның табиғатына жат әдет екені жадымыздан шықпауы керек. Өйткені теңдіктің де теңдігі бар...

ДәуренДәурен
4 года назад 2372
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11