Түркі тілдері неше әліпби нұсқасын қабылдады?
Түркі тілдері неше әліпби нұсқасын қабылдады?

Түркі тілдерінің ішінде түрік жазуы 1928 жылы, әзербайжан 1991 жылы, өзбек, қарақалпақ, түркімен жазулары 1993 жылы латын әліпбиіне көшті. Қазақ жазуы бүгінде басынан кешіріп жатқан сәтсіздіктер тек «біздің жазудың маңдайына жазылған» ба екен, әлде өзге бауырларымыз да бұл күйді кешті ме екен? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында: 

- әліпбилерін түзетусіз, өзгертусіз тұрақтандырып алған түрік тілдері бар ма?

- f, v, х, c әріптері кірме сөздерді таңбалау үшін ғана алынды ма?

-  әліпбиде w, y әріптері бар ма? деген нақты мәселелерге назар салдық.

...Түрік жазуы 1928 жылдың 1 қарашасында М.К.Ататүріктің «Жаңа түрік әріптерінің қабылдануы мен қолдануы туралы» заңымен латын әліпбиіне өтті. 1929 жылы алдымен мемлекеттік мекемелер көше бастады. Бірақ 1-маусымға дейін іссқағаздарда араб графикасы қатар қолданылды. Ал маусымнан бастап мүлдем тыйым (!) салынды, яғни ескі жазумен «қоштасуға» 6 ай ғана мұрсат берді. 

Сөйтіп, Түркияда латын әліпбиіне өту бар-жоғы 1 жылда біржақты болды (Фазылжанова А. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан Республикалары ұлттық тілдерінің латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу тәжірибесі // Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы А., Арыс, 2007. 139б.). Әліпбиде түрік тілінің өзіне тән 6 әрпі, латын-ағылшын стандартының 23 әрпі бар. С әрпінің мәні өзгертіліп, ол <ж> дыбысын берді (кеңестік түркі әліпбилерінде ш дыбысын бергенін білесіздер). Дауыстылардың жіңішкесін умлаутпен таңбалау, дауыссыздарды бревис, седиль таңбаларымен беру осы түрік жазуынан басталады. Екі еріннің жуысуы арқылы жасалатын v (в), f (ф) дыбыстарының таңбасы бар, w, x әріптері жоқ. w әрпінің жоқтығы түрік тіліндегі v дыбысы және әрпі осы фонемаға сәйкес, мысалы, işlev, ve, devam, mevcut, vatandaş, ver, devinişsel, сevap.

Және ң, қ дыбыстарына әріп берілмеген. Оның есесіне ч дыбысына ç таңбасы берілген. Сөйтіп, осы түрік әліпбиі кеңестік түркі әліпбилерінен өзгеше құрамда, кейін жалғыз өзі 60 жылдан артық уақыт жазба тілдеріне қызмет етіп жатты.  Кейін кеңестер одағы тарағанда түркі елдерінің бауырласуы жазуды ортақтастыруда деген ниетпен Стамбулда Мармара университетінде 1991 жылдың 18-20 қарашасында конференция өтеді. Онда түрік әліпбиінің үстіне 5 таңба алынып, әр тіл өзіне тән әліпби жасауды ұйғарысады. Симпозиумда қабылданған ортақ түркі әліпбиі мынау еді: (Түсіпбекұлы Ж, «Алаш айнасы»,  26 Желтоқсан 2011). 

"Адамзат тарихында түркілердей түрлі әліпби қолданған халық өте аз. Осы арада біз ақпараттық кеңістігімізді жаңарту мақсатында өткен уақыттардағы және бүгінгі таңдағы түркілер қолданған түрлі әліпбилерді бір ретке келтіруге мүдделіміз" деген стратегиялық мақсат қойды, басқосуда сөз алған Нәдір Дәулет (Мармара университетінің директор кеңесшісі Нәдір Дәулеттің сөзі // 18-20.11. 1991. өткен  «Қазіргі таңдағы түркі әліпбилері» атты халықаралық симпозиум жин. Ауд. Жорабай Темірлан). 

90 жж. алынған сауалнамаға сенсек, әзербайжандардың 52%, өзбектердің 82 %, қазақтардың 79%-ы басқа әліпбиге көшуге қарсы болған екен (Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы ... 97б.) Сондықтан алғашқы болып әзербайжан жазуы латын графикасын қабылдады. 

...Әзербайжан жазуы түрік әліпбиін, ортақ Стамбұл жобасын негіз етті. Қазіргі әліпби құрамы мынадай:   Кірме дыбыстардан f, x, v әріптері бар. v әрпі төл сөздерде ерін-ерін жуысыңқы ұяң дыбыстың таңбасы ретінде, біздің үнді у дыбысының, кейде б дыбысының орнына жазылады, мысалы, və (жә, я, және), vicdan (ождан), ver (бер), vacib (уәжіп, маңызды), var (бар), davran (дәурен), vəziyyət (жағдай), ev (үй), dünyəvi (дүниеуи). Және орыс тілі арқылы енген сөздерде жазылады: konstruktiv, Avropa, fevral, vagon, velosiped, volt, travma. Сондықтан әліпбиде w әрпі жоқ. 

Әліпбиде һ әрпі де, х әрпі де бар, екі әріптің қолданысында айырмашылық жоқ сияқты, жарысып қолданылады деуге болады, мысалы: çox (өте көп), vaxt (уақыт), əvvəlcədə (әуелде),  yaxın (жақын), sıxıntı (қиыншылық), əxlaq (ахлақ), yaxşı (жақсы) және müharibə (соғыс), hissə, silah (қару), hal, səhiyyə, şübhəsiz, böhrana (дағдарыс).

Әліпбиде с әрпі бар, ол аффрикат ч-ны береді. Әліпбиде ц әрпінің таңбасы жоқ, s әрпімен жазылады: konsert, sement.

Үнді й дауыссызы у әрпімен беріледі. Әзербайжан тіліндегі сөз басындағы й қазақ тіліндегі ж дыбысына сәйкес, мысалы, yaranır, yox, yer, yaralı, yaşadı, yardım. Й үндісіне де сәйкес, мысалы, qeyri, üsyankar, müəyyənlik. Кейде і дауыстысымен қатар қолданылады, kəşfiyyat (зерттеу), cəfəngiyyat, ehtiyac (қажеттілік), əməliyyat (операция), məsuliyyət (жауапкершілік). Жеке і әрпімен де жазылатын сөздер баршылық: nəticə, kiçik, insan. Кірме сөздерде де і мен iy әріптерінің қолданысы ала-құла тәрізді, мысалы, komissiya, konstitusiya, texnika. Әліпбиде ң дыбысы жоқ. 

Әліпбидің бұл құрамы 1992 жылдан бері өзгермеген. Оның себебі түрік әліпбиінің тәжірибесін қолданғандықтан. Сондай-ақ әліпбиді емес, орфографияны жетілдіру арқылы жазуларын түзетіп отырғаннан.

...Әліпби өзгертудің «жарқын үлгісін көрсеткен» өзбек жазуы болды. Алғаш 1993 жылдың 2 қыркүйегінде қабылданған өзбек әліпбиі Стамбұл басқосуында ұсынылған ортақ әліпбиді негізге алған-ды:  әліпбиде 31 әріп, 1 дәйекше болды. 

1995 жылы әліпби күрт өзгерді: ş әрпі  болып, қосар әріппен жазылатын болды. ɉ таңбасы алынып, дж, ж дыбыстары j әрпімен ғана берілетін болды.  таңбалары енді апострофпен белгіленетін болды. С әрпінің өзі жоқ, бірақ қайдан келгені белгісіз, сһ қосары шықты (қазақ әліпбиіндегі келеңсіздіктің ұшығы осы әліпбиге барып тірелгенін көріп отырсыздар). 

f, v, x әріптері бар. V әрпі в дыбысын да, у дыбысын да береді, мысалы: vatan.

Әліпбиде һ әрпі болса да, х әрпі кирилдегі қызметінде жұмсала береді, мысалы, muxtaram, mexmon, xalq, hech qanday, hato.

й дыбысы әзербайжан әліпбиіндей у әрпімен, и әрпі і әрпімен берілді, сөз басындағы й дыбысы қазақ тіліндегі ж дыбысына сәйкеседі, мысалы: yahshi (жақсы), yashil (жасыл), yuboraman (жіберемін), yoki (яки), yetti (жеті), yetmish (жетпіс), sirk (цирк)

ц әрпі s-мен де, ts-мен де жазылды: sirk, mototsikl, tsement, sisterna, sirkul, tsellofan, silindr, sitrus, sellyuloza.

Әліпбиді өзгертуге ұсыныстар әлі айтылып жатыр. Мысалы, 2019 жылы қосарлар мен апострофтарды алып тастап,  таңбаларын ұсынған, яғни «біздің акут бар» жаңа нұсқа ұсынылды (Обновленный вариант алфавита представили в Узбекистане. Дата обращения 26 мая 2019)c әрпін де әліпбиге алғылары келеді. 

Сонымен, әліпби 2 рет өзгерсе де, латын әліпбиі ұлттық әліпбиге айнала алмай отырғандықтан өзбек жазуының латынға толығымен көшуі баяу. Алдымен 2000 жылы толық аяқталады деді, одан кейін 2005ж, сосын 2010ж, одан 2015ж, енді 2021 жылы жаңа әліпбиге көшеді дейді. 

... Ал түркіменнің жаңа әліпбиі өз «өмірін» тіпті «тарту-таралғы» болудан бастаған: Түркия президенті 1993ж. Түркiменстанға барғанда Түркiменстан президенті сый-сыяпат ретінде түркімен әліпбиін латынға көшіру туралы бұйрыққа қол қойған. Латын әліпбиімен жарық көрген алғашқы кітап та – Президенттің өз кітабы болды. 

Ал әліпбидің ішінде одан да өткен «тосынсый» болды. Өйткені әліпби ортақ Стамбұл жобасына бағынбайтын еді, жаңа нұсқа болды: a, b, c, d, e, ea, f, g, h, i, j, h jh, k, l, m, n, ng, o, q, p, r, s, sh, t, ts, u, v, w, x, y, z

Түркімен әліпбиін жасаушылар латынның 26 әрпімен ғана «оңай шығып кетеміз» деп ойлады. Латынның барлық әрпін пайдаланды, бірақ кейбірі «үш ұйықтаса да түсіне кірмеген» дыбыстарды таңбалады: q әрпі ө дыбысын, v әрпі ү дыбысын, x әрпі ы дыбысын берді. Ал ә дыбысы, біздің 2017 жылдың 11 қыркүйегіндегі алғашқы әліпбиіміздегідей, еа қосар таңбасымен, дж дыбысы jh, ң дыбысы ng, ш дыбысы sh, ц дыбысын да «жарылқап», ts-мен берді. 

Бірақ 4 айдан кейін басқа алфавит бекіді. Әліпбидің құрамын көзбен көрмесе болмайды, өйткені онда доллар, йен және фунттың белгілері (!) бар: a b ç d e ä f g h i j  Бірақ әліпбиде ортақ түркі әліпбиінің әріптері болды.

Сөйтіп, түркімен жазуы да «ер кезегі – үшіншісінде»  тұрақтады. Өзбек жазуы 2 рет өзгерсе де, ұлттық жазуын жасай алмай отыр, ал түрікмен жазуы 3 рет өзгеріп, үшіншісінде ұлттық жазу жасады. 

Қазіргі түркімен әліпбиі мынадай:  Әліпбиде 30 әріп бар, оның 8-i диакритикалық таңбамен. f, w әріптері де бар. W әрпі кирил әліпбиіндегі в (у) әрпінің орнына қолданылды: owaz-оваз, we-ве, howa-һова, suwuň. Керісінше әліпбиде v әрпі жоқ. В әрпімен келетін кірме сөздер w әрпімен жазылады: wolt, awto, wagon. x, с әріптері жоқ. С әрпі болмаса да, с әрпінен жасалған ç әрпі бар.  

... Қарақалпақ тілі өзбек жазуымен ілесіп, 1994 жылдың ақпан айында жаңа әліпбиін бекітті:  (Birgit N. Schlyter The Karakalpaks and other language minorities under Central Asian state rule // Prospects for Democracy in Central Asia. Swedish Research Institute in Istanbul, 2005. С. 86-87.).

Бұл әліпби, әрине, ортақ түркі алфавитінен шығарылды. Алайда 1995ж. өзбек әліпбиімен бірге, қарақалпақ әліпбиі де күрт өзгеріп, диакритикалық таңбалардың орнына диграфтар мен апострофы бар әріптер қолданылды. 1995ж. әліпби құрамы мынадай болды: a, a‘, b, d, e, f, g, g‘, h, x, ı, i, j, k, q, l, m, n, n‘, o, o‘, p, r, s, t, u, u‘, v, w, y, z, sh.

2009ж. бұл әліпби тағы өзгерді. 8 қазандағы жарлықта ts әріп тіркесі әрпіне алмасты. eo, o‘ әріптері төл сөздердің басында yewo және wo‘ болып жазылды.  әрпі I‘i‘ болып жазылды. Ch диграфы, f, x, v, w әріптері пайда болды. V әрпі кірме сөздерді жазу үшін және орыс тегінің жұрнағын қабылдаған қарақалпақ ұлтының фамилиясын жазу үшін алды: povest, avariya, radiotelevidenie, aktiv. Әліпбиде һ әрпі болса да, х әрпі бұрынғы қызметін, сөз мағынасын айырмай жұмсала берді, мысалы: jayxun, ha'm, diyxan. й дауыссызы у әрпімен жазылды. Дауыстылар өзбек әліпбиіндегідей апострофпен берілді, дауыссыздар апострофпен де (g‘, n‘), әріп тіркесімен де (ch, sh) таңбаланды. Кирилдегі и, у әріптерінің құрамы ажыратылып жазылады: diyxan, tárbiya, ádebiyat, kiyik; juwsan, úyretiw, ósiriw, rawajlandiriw, túsindiriw, oqıwshı.

 Енді латын графикасын қолданатын түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен, қарақалпақ алфавиттерін кестемен салыстырайық.

түрік әзербайж. өзбек түркімен қарақалп. дыбыс
a a a a a а
b b b b b b
c c - j - ж
ç ç сһ ç сһ ч
d d d d d d
е е е е е е
g g g g g g
ğ ğ g’ - g‘ ғ
һ һ һ һ һ h
ı ı - y ı ы
і і і і і і(и)
j j j ž j дж
- q q - q қ
k k k k k к
l l l l l л
m m m m m м
n n n n n н
- - ng ň n‘ ң
o o o o o о
ö ö ö ө
p p p p p п
r r r r r р
s s s s s с
ş ş sh ş sh ш
t t t t t т
u u u u u y (ұ)
ü ü - ü u‘ ү
v v v w w в (у)
y y y ý y й
z z z z z z
- ә - ä а‘ ә
- х х - х х

Сонымен, әліпбилерін түзетусіз, өзгертусіз тұрақтандырған түрік және әзербайжан жазуы деуге болады. Дегенмен, жазудағы кемшіліктерін графика мен емле ережелері арқылы реттеп отыр. 

Өзбек және қарақалпақ жазуы 2 рет, түрікмен жазуы 3 рет әліпбилерін өзгертті. Түрікмен жазуы ұлттық әліпбиіне 3-нұсқасында жетті. Ал өзбек пен қарақалпақ әліпбилері енді бір өзгертуді қажетсініп отыр. 

Әзербайжан, түрік, түрікмен, өзбек әліпбилерінде v – w әріптері төл және  кірме сөздерде бір дыбысты таңбалайды. Әзербайжан тілінде в және ф дыбыстары ерін-тіс жуысыңқы дауыссыздары тілдің фонетикалық жүйесіне кіреді, ол қазақ тілінде у дыбысына сәйкеседі, сондықтан әзербайжан тілінде дауыссыз у дыбысы жоқ, дауысты у дыбысы бар (Ширалиев М. Азербайджанский язык \\ Языки мира. Тюрксие языки. Бишкек, 1997. с.161). Сол себепті әзербайжан әліпбиінде v әрпі кірме сөздердегі в әрпін де, төл сөздердегі в дыбысын да таңбалайды. W әрпіне қажеттілік жоқ. Тілде дауысты и дыбысы және дауыссыз й дыбысы бар, әрқайсысының таңбасы бар. 

Өзбек тіліндегі екі еріннің жуысуы арқылы жасалатын в дауыссызы (Ходжиев А. Узбекский язык\\ Языки мира. Тюрксие языки. Бишкек, 1997.с. 426) v әрпімен таңбаланды да, ол кірме сөздегі в әрпін де береді. Сондықтан w әрпіне қажеттілік жоқ. 

Түрікмен тілінде де в дауыссызы екі еріннің жуысуы арқылы жасалады (Чарыяров Б., Назаров О. Туркменский язык \\ Языки мира. Тюрксие языки. Бишкек, 1997. С. 415), жаңа әліпбиде w әрпімен берілді де, кірме сөздегі в әрпін де таңбалады. Қарақалпақ тілінде екі еріннің жуысуы арқылы в емес, қазақ тіліндегідей у үндісі жасалады, бұл дыбысқа әліпбиде w әрпі алынған.    

Бұл салыстырулардан нені аңғарамыз? Қазақ тіліндегі у дауыссызы мен кірме сөздегі в әрпін бір таңбамен белгілей аламыз ба? Мысалы jawap, javap, jauap және wolt, volt, uolt деген сияқты. Ойлану қажет. Екіншіден, әзербайжан, өзбек, қарақалпақ әліпбилеріндегі х, һ әріптерінің қолданысын тек транслитерациялаған тәжірибені алудың қажет жоқ сияқты. Үшіншіден, еш қай түркі әліпбиі таңбаламаған ц әрпінің таңбасы біздің де әліпбиде болмағаны жөн. Ал ч дыбысы түрік, түркімен, өзбек тілдерінің өзінің фонетикалық жүйесінде болғандықтан әріп арналған. Қазақ тілінде тек орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Сондықтан қазақ әліпбиіне де енгізудің керегі болмайды. Сіз қалай ойлайсыз?

Құралай Күдеринова

Abai.kz

ДәуренДәурен
5 лет назад 2403
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11