Әлем тұрғындарының 20 пайызын (1,5 миллиард адам) қамтып отырған фейсбук әлеуметтік желісінің негізін қалаған әлемдегі жас миллиардер Марк Цукербергтің өміріне көз жүгіртсек, жастайынан білімге құштар болып, өзінің табандылығының арқасында мақсатына жеткен оның өмір жолы қызықты да, ғибратқа толы.
1984 жылы америкалық еврей отбасында дүниеге келген әйгілі фейсбук желісінің қожайыны Марк Цукерберг 22 жасында әлемдегі ең танымал байлардың қатарынан орын алады.
10 жасынан бастап компьютерлік бағдарламаларды игерген жасөспірім бала өзіне қажетті ойын бағдарламаларын жасаған. Оның жұлдызы музыкалық плеер, яғни өз бетінше музыкалық сабақ алуға арналған «Sіnapse» бағдарламасын жасаған сәттен бастап жанды десе де болады. Жас баланың жұмысына Microsoft компаниясы қызығушылық танытып, оған бағдарламасын сату жөнінде ұсыныс жасайды. Алайда ол ұсыныстан бас тартып, кейіннен «Sіnapse»-ті ашық қолданысқа қояды.
Жасынан математика мен жаратылыстану пәніне бейім болған оған шет тілдерін меңгеру көп қиындық әкелген жоқ. Бүгінде Марк француз, латын, ежелгі грек және иврит, қытай тілдерін жетік меңгерген.
Әлеуметтік желі ашу идеясы мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап қалыптасқан екен. Оқушы Марк сыныптастарының тізімін жасап, мектеп оқушыларының компьютерлік анықтамасын дайындайды. Сыныптас достары талапты құрдастарының талантына тәнті болып, оны «The Focebook» («Кітап беті») деп атаған.
Гарвард университетіне оқуға түскен кезде де өз қатарластарын өз қабілетімен таңқалдыру әдетінен бір танған жоқ. Маркке «Өнер тарихы» пәні бойынша 500 картинка тарихынан емтихан тапсыру керек болды. Уақыт тығыз. Емтиханға екі-ақ сағат қалды. Тығырықтан шығудың жолын іздеген Марк барлық суреттерді өзі жасаған желіге салып, студенттерден әр картинаға түсінік беруін сұрайды. Екі сағаттың ішінде Марктың ойы жүзеге асып, сынақтан сәтті өтеді.
Ал кезекті сайтын жасау кезінде ол университет сайтын бұзып, ондағы фотоларды өз порталына орналастырады. Университет әкімшілігі студентті хакерлік әрекеті үшін айыптап, оның желісін жабады. Осы оқиғадан кейін оның ойына әлеуметтік желі ашу жөнінде ой келеді. Сайт жасау жұмысына Цукербергтің бірнеше курстастары қатысады. Марктің айтуынша әлеуметтік желі жеті күн ішінде жасалып біткен екен.
Кейіннен жоғары курста оқитын ағайынды Уинкловос пен Давья Нарендра идеямызды ұрлады деп Маркті айыптайды. Олар өздері құрып жатқан желінің жұмысын аяқтау үшін Маркті жалдаған еді. Олардың айтуынша, Марк тапсырысты толық аяқтамай, олардың идеясын өз бағдарламасына пайдаланған. Марк олардың айыбын мойындамайды. Алайда 2009 жылы сотқа жеткен істі басу ушықтырмау үшін Марк айыптаушы жаққа 45 млн. доллар төлейді. Бір сөзінде М.Цукерберг: «Бір жау таппай, 500 млн. дос табу мүмкін емес», - деген еді.
Дегенменде қауырт дамыған бизнес мол қаражатты қажет етеді. Марктың жобасына қаражат тартуы өз алдына бір үлкен әңгіме. 2013 жылы Focebook-тың бір жылдық табысы 1,5 миллиардқа көтеріледі. 2006 жылы Цукерберг сайты 750 млн. долларға сатудан бас тартқан еді. 2014 жылы аталмыш желінің нарықтық құны – 150 миллиардқа жетеді.
Бүгінде 1,5 миллиардтан астам акауанты бар «Фейсбук» әлеуметтік желісін Қытай мен Үндістаннан кейінгі халық саны көп «мемлекет» деп те атайды.
Әлемге әйгілі Марк Цукерберг 7 бөлмелі коттеджде қарапайым өмір сүруде. 2010 жылдан бастап Марк өзінің 50 пайыз табысын қайырымдылық шарасына жұмсайтын филантропикалық компанияға кірген.
Санаулы жылдар ішінде үлкен табысқа жеткен Марк өз құпиясын ашуға және басқаға ақыл-кеңес беруге асығар емес.
Дегенменде әр адам өз кәсібін жан – тәнімен сүйетін болса, мол байлық адамды өзі іздеп табатынын Марк Цукербергтің өмір жолы дәлелдеп отыр.
Дәулет Тілеубердиев, Семей қаласы
Abai.kz