Зайырлы мемлекет дегеніміз не? Зайырлылықтың негізгі қағидаттары қандай?
Зайырлы мемлекет дегеніміз не? Зайырлылықтың негізгі қағидаттары қандай?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті

«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді.

«Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.

Қазір әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дін бөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:

– ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;

– мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;

– мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады;

 – мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды;

– мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық мәселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы діни институтпен шектеледі.

Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды.

Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған.

Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Мұхан ИСАХАН

Зайырлылық құндылығының бағыттары

Идентификациялық қалып – мемлекет бірнеше діни ұйымдармен әріптестік және серіктестік орнатады; дәстүрлі діндерге мәдени құндылық ретінде қолдау білдіріп, олардың білім беру орындарында оқытылуына мүмкіндік жасайды.

Идентификациялық қалып көпұлтты мемлекеттерге тән. Оларға мемлекеттерінің даму тарихында Құдайды насихаттау арқылы адамдарды дінге мәжбүрлеуді басынан өткерген елдер (Франция, Ресей, Балтық жағалауы елдері, Украина, т.б) жатады.

Зайырлылықтың идентификациялық қалпы – зайырлылық пен діндарлықты қоғамның түрлі салаларында (мәдениет пен құқықтық сана, әлеуметтік тұрақтылық, дінаралық және ұлтаралық келісімдерді реттеу, ізгі қатынастар орнатып, нығайту) пайдалану.

Идентификациялық қалыптың негізгі ерекшеліктеріне мемлекеттің діни ұйымдарға серіктес болуы, азаматтардың заманауи ұлттық-мәдени және діни ерекшеліктерін ескере отырып, оған қолдау танытуы тән. Халық кепіл болғандықтан, мемлекет саясаты мәдени-рухани құндылықтарды сақтауға, азаматтарының діни наным-сенімін құрметтеуге бағытталады. Мемлекеттің діни ұйымдармен серіктес болуының қайнар көзі осыдан бастау алған.

Басқа қалыптарға қарағанда идентификациялық қалыпқа жататын мемлекеттер ойластырылған, мақсатты түрде діни ұйымдармен әріптестік, серіктестік сипатта жұмыс атқарады. Мысалы, Ресей Федерациясы халықтың діни, рухани-мәдени, тарихи мұрасы ретінде діни ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттің рухани-мәдени байлығы ретінде қарастырады.

Оның тарихи сипаттары төмендегідей:

  1. Мемлекет пен дін қатынастарының тарихи кезеңдері мен олардың сабақтастығының ескерілуі;
  2. Дін мен мемлекеттің жігі нақты ажыратылған және мемлекет басшысы қандай да болмасын дінді уағыздамайды;
  3. Мемлекеттік білім беру мекемелерінде дінді уағыздау жұмыстары жүргізілмейді, дін тек мемлекеттің тарихи-мәдени құндылығы ретінде оқытылады.

Қазіргі әлемде зайырлы мемлекеттердің дінге қатысты ұстанымын үш топқа жіктеп, қарастыруға болады:

а) клерикалдық жүйеге жақын зайырлылық;

ә) конкордаттық жүйеге жақын зайырлылық;

б) діндерге тең құқық беретін зайырлылық[1].

Клерикальдық жүйеге жақын зайырлы мемлекеттерге Түркия, Малайзия, Белоруссия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Себебі, бұл елдер зайырлы мемлекет болғанымен, территориясы мен халқының тарихи танымында ерекше рөлге ие бір дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіп отыр. Дегенмен, мемлекеттің саясатына дінді араластырмайды. Егер дін күшейіп келе жатса, оған шектеу қойып отырады.

Конкордаттық жүйеге жақын зайырлы мемлекеттерге Мысыр, Ауғанстан және Ливан сынды мемлекеттерді жатқызуға болады. Мысалы, Мысыр зайырлы мемлекет болғанымен, кейбір мәселелерде ислам діні өкілдерімен санасып отырады. Ислам дінін оқытатын оқу орындарын мемлекеттік қазынадан қаржыландырады. Ливан мемлекеті «Хизбуллаһ» секілді діни ұйымның өкілдерімен санасуға мәжбүр.

Алайда, әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері зайырлы мемлекет өлшеміне сәйкес келмейді. Мысалы, Иран ресми түрде теократиялық мемлекет болып саналады[2]. Конституциялары Құран мен шариғатқа негізделген, мемлекеттің басқару жүйесіндегі саяси билік дін басшыларының қолында шоғырланған.

Малайзия соңғы жылдары ²зайырлы мемлекет² ұғымынан алшақтай бастады. Оның нақты көрінісін мұсылмандардың ісін қарайтын діни полицияның жұмыс жүргізуінен аңғаруға болады.

Мұсылман тұрғындары басым зайырлы мемлекеттер де бар. Олардың қатарына Түркия мен Әзірбайжан жатады.

Ал Израильде дін мемлекеттен толық ажыратылмаған. «Діни мемлекетпіз», «мемлекеттік дініміз бар» деп ресми түрде хабарлағанымен, өзін «зайырлымыз» деп те жариялайтын мемлекеттер кездеседі. Олардың қатарына Англия, Дания, Мысыр, Тунис, Бангладеш және т.б. кіреді.

Әлемнің бірқатар елдері өздерін «зайырлы елміз» деп жариялағанымен, зайырлылық әртүрлі қалыпта жүргізіледі. Бұл, әрине, сол елдерде қалыптасқан ұлттық құқықтық жүйелерге, мәдени дәстүрлер мен салттарға, мемлекеттік-конфессияаралық қатынас сынды факторларға байланысты.

Зайырлылықтың эквипотенциялық қалпын ұстанатын АҚШ-ты мысалға келтірсек, президенттік қызметке Інжілмен ант беру арқылы кіріседі, Конгресс мәжілісін христиан капелландары ашады т.с.с. Дегенмен, дамыған елдердің зайырлылықты басшылыққа алып, теократияны тарихи анахронизм деп айыптайтыны жасырын емес.

Жалпы, мемлекеттің зайырлы үлгісі әр елде әртүрлі сипатта іске асуы мүмкін. Жаһандық интеграциялық үрдістер бірұлтты аймақтағы мемлекеттерге көпұлтты халық пен түрлі мәдениеттің енуіне жол ашты. Бұл – түрлі ұлтпен, мәдениетпен бірге түрлі наным-сенімдер мен діндер де қатар енеді дегенді білдіреді.

Аталмыш жағдай түрлі қызығушылықтарды ұштастыратын құрылымдардың тетіктері мен үлгілерін ғылыми тұрғыдан жетілдіруге міндеттейді. Себебі, ұлтаралық және конфессияаралық шиеленістерден туындайтын мәселелерді шешу, діндар азаматтармен қатар, дін ұстанбайтындардың да қызығушылықтарын қанағаттандырып, елдегі тұрақтылықты сақтау – зайырлы мемлекеттің басты міндеті.

Kazislam.kz

[1] Исахан М. Мемлекет пен діннің ара-қатынасын құқықтық реттеу. Қазақстанның зайырлы мемлекет болып қалыптасуы. Магистрлік еңбек. – Түркістан, 2002.

[2] Светское государство // https://ru.wikipedia.org/wiki/

ДәуренДәурен
3 года назад 3163
0 комментариев
О блоге
0
1481306 32 55 536 11
Прямой эфир