Таяуда өзгеше бір жарнама көзіме шалынды. Онда: «Ата-анама келін іздеймін. Өзіме адал жар болатын қыздар болса, хабарласыңыздар!» деп жазылыпты, телефон нөмірі көрсетіліпті. Хабарласып, жарнама берушінің өзімен сөйлестік.
Мұндай мәтінде жарнама жазып, таратушы жігіттің есімі Асқар екен, ол өзінің фамилиясын атағанды қаламады. Дегенмен Алматы жақтағы Қаскелең ауылында тұратынын айтты, деп жазады Замана газеті.
«Мен бұрын үйленген адаммын, – деді Асқар. – Осыдан 5 жыл бұрын бір сүйкімді қызбен отбасын құрғанбыз. Алғашында түсіністікпен өмір сүрдік. Әке-шешем де: «Келініміз жақсы, адал, ақкөңіл екен», – деп үнемі мақтауын асырып отыратын. Осыған мен де қатты қуанатын едім. Бірақ бір ұл туғаннан кейін келіншегімнің мінезі өзгере бастады. Ата-анамды сыйламайтын, оларға сөз қайтаратын болды, тамақты бергісі келсе береді, бергісі келмесе бермей-ақ қоя салады. Мұның дұрыс болмайтынын оған жай айтып та, қатты айтып та түсіндіре алмадым.
Бір күні жұмыстан келсем, үй ашық-шашық, жиналмаған, кешегі тамақтан соңғы ыдыстар жуылмаған, ал ата-анам далада отыр. Балам шырылдап бесікте жылап жатыр. Келіншегіме бірдеңе болып қалды ма екен деп қорқып кеттім. Содан алып-ұшып бөлмеге кірсем, ол алаңсыз ұйықтап жатыр екен. Бойымды ашу кернегені сонша, оған қол жұмсай жаздадым. Түртіп оятып: «Мұның қалай?» – десем, мені адам екен деп көзіне ілер емес. Менен бір ағаттық кетіпті деген сезім байқалмады. Ашу-ызаны ірке алмай, біраз ауыр сөздер айттым да, сыртқа шығып кеттім. Көңілім алай-дүлей болып қатты қиналдым. Өзімді өзім әзер бастым.
Біраздан соң бәріміз жиылып, дастархан басына отырдық. Бұл кезде мен өзіме, әке-шешеме ауыр тиетін болса да түбегейлі шешім қабылдап қойған едім. Ажырасуды ұйғардым. Осыны айтқанымда келіншегім селт еткен жоқ, қайта осыны күткендей маған ала көзімен бір қарады да: «Ажырассақ, ажырасайық», – деді. Ал ата-анам үн-түнсіз орындарынан тұрып, сыртқа шығып кетті.
Әке-шешем кейін бізді татуластырмақ болып әбден әрекеттенді, бірақ екеуміз де илікпедік. Ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Жалпы, мен бұрынғы әйелімді біржақты кінәламаймын. Кінә өзімнен де бар шығар, білмедім. 5 жастағы ұлым анасымен бірге, оларға көмегімді беріп тұрамын.
«Менің жасым қазір 38-де. Отбасын құрғым келеді. Сол үшін ата-анама жақсы келін, өзіме адал жар іздеудемін. Интернет арқылы іздегенімнен нәтиже шықпады. Содан осылай, мақсатымды аялдамаларға жарнама етіп жазып жапсырып қойдым. Өткен 6 күн ішінде маған 100-ден астам қыз-келіншектер хабарласты. Көбі ойнап, мазақтап хабарласады. Шын ниетімен хабарласып жатқандар да бар. Енді… мұнымнан не шығарын болашақта көре жатармыз. Ең бастысы, маған адал жар керек. Тұрақты жұмысым, тұратын үйім бар, бір отбасын баға аламын. Болашақ жарым тәрбиелі жердің қызы болса екен деймін. Адал жар жолықса, өмір бойы аялап өтер едім».
Асқар осылай дейді. Ел ішінде ол сияқты бас құрай алмай жүрген жандар жоқ емес қой, әрекеті нәтиже беріп, сондай жандардың бірі жолықса, бағын ашар деп ойлаймыз.