ҚАЗАҚТЫҢ күні НЕГЕ тәліптерге қарап қалуы мүмкін? - nege.kz
ҚАЗАҚТЫҢ күні НЕГЕ тәліптерге қарап қалуы мүмкін? - nege.kz

Кеше Астанаға ат терлетіп, тәліптер келді. Ауғанстанның бизнес-делегациясын осы елдің өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин АЗИЗИ бастаған. Қазақ үкіметі де тәліптерді қадірлі қонақ ретінде қарсы алып отыр. Оларды әуежайдан Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік ЖҰМАНҒАРИН құшақ жая қарсы алды.

Делегация құрамында Ауғанстанның орталық банкінің жетекшілері, ірі жекеменшік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекоммуникациялық компаниясының, ауылшаруашылық өнімдері және мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының және өзге де компаниялардың өкілдері бар. Кілең ығай мен сығайлар.

Фото: primeminister.kz

Десе де, екі ел арасындағы ресми кездесулерде сықиған костюм шалбарларға көз үйренгені соншалықты, ауғанның ұлттық киімдері, жұмсартып айтқанда, басқаша көрінеді. Әсіресе, ұзақ уақыт бойы тәліптер туралы небір «аңыздарды» еске түсірген кезде. 

«Тәліптер барлауға келді»

Сапардың жоспары да белгілі. Мәселен, 2 тамызда қазақ-ауған компанияларының таныстырылым шаралары өттң. Бүгін бизнес-форум жұмысын бастаса, 4 тамызда Елордада ауған тауарларының көрмесі өтуі тиіс. Онда ауғандық азық-түлік өнімдері, ыдыс-аяқтар, кілемдер, зергерлік бұйымдар және тағысын тағы тауарлар қойылады.

Пәкістандық саясаттанушы, пуштун ұлтының өкілі Сардар Абид Рашид Хан бұл сапардың астарында ешқандай саяси мәселелер жоқ екенін, таза экономикалық қарым-қатынасты көздейтінін алға тартып отыр.

«Астанаға келген екі жүз адам Ауғанстанның әр өңірінен, әр салалардан келген. Бәрі де бизнесмендер. Мұны Қазақстан мен Ауғанстан арасында бизнесті дамытуға жасалған алғашқы қадам деп білемін. Бір аптадай осында болып, жағдайды барлап көрмек. Бұл жақтан не алып, не сатуға болатынын ойластырмақ. Бұл – таза бизнес. Ешқандай саяси немесе басқа да мақсат жоқ», – дейді сарапшы.

«Ауғандардың да ұсынысы бар»

Саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ та тәліптердің сапарынан ешқандай сөкеттік көріп отырған жоқ.  Өйткені, талибан – Ауғанстанның ресми билігі.

«Тәліптер келсе, олармен сауда жасамаймыз ба? Ауғанстаннан келген делегация – жай адамдар емес, сол елдің билігінің өкілдері. Ауған елін тәліптер басқарып отыр», – дейді саясаттанушы.

Әрине, олар ел көріп, жер көріп ақша шығындауы үшін келіп жатқан жоқ. Өрісін кеңейтіп, тұрмысын түзеуді көздейді. Басты мақсаты – екі ел арасындағы сауда-саттықты жолға қою.

«Ауғанстан – үлкен мемлекет. Көбінде біздің тауарларымызды сатып алып жатыр. Әсіресе, бидайымызға мұқтаж. Сондықтан, ауғандықтар – біздің клиентіміз. Бұл жақсы нәрсе. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Сауда қарым-қатынасы туралы әңгімелесуге келген шығар. Олардың бізден алғысы келетін тауарлары көп. Бәлкім, ол жақтан бізге де керек тауарлар алармыз. Көкөністерді тек қана Өзбекстаннан ала бермейтін шығармыз. Ауғандарды да ұсынары бар», – дейді Қазбек Бейсебаев.

«Аграрийлеріміз үшін маңызды нарық»

Саясаттанушы Серік БЕЛГІБАЕВТЫҢ пікірінше, ауған кампаниялары қатысатын бизнес-форумда көп нәрсе талқыланатын болады. Қазіргі жағдайға келсек, Қазақстан Ауғанстанға тауар жеткізеді. Ал Ауғанстанның Қазақстанға беріп жатқаны шамалы.

Ауғанстанның экономикасы түсінікті себептерге байланысты терең дағдарыста. Әрине, бұл елдің әлеуеті бар. Және өте үлкен. Оны жүзеге асыру үшін уақыт керек. Елде тәртіп пен бейбітшілік болуы тиіс. Әрине, инвестицияның орны бөлек.  Жалпы алғанда, Қазақстан – ауған нарығына стартегиялық өнімдерді жеткізуші.

«Ауғанстан – кедей ел. Сондықтан нанның қадірі көп. Нан – басты күнкөріс көзі. Қазақстан – басты әрі дәстүрлі нан жеткізіп беруші. Қазақстан өндірілген ұнының 70 пайызын Ауғанстанға жеткізеді. Яғни, біздің аграрийлеріміз үшін маңызды нарық. Ауған нарығындағы ұнның 95 пайызын Қазақстан пен Өзбекстан жеткізеді. Ал өзбек ұнының бірсыпырасы қазақстандық бидайдан тартылады», – дейді саясаттанушы.

Экспорттың тағы бір түрі – күнбағыс майы мен жасымық. Бұлар да күнделікті тұтынылатын өнім.

Алайда Ауғанстан Қазақстанға маңызды тауарларды тасымалдайтындай жағдайда емес. Ауғанстанның жылдық экспорты былтыр 2 млрд АҚШ  долларына жеткен.

Ауғанстан – геосаяси серіктес

Ауғанстан бүгінде басқа қырынан өте маңызды. Саясаттанушы Серік Белгібаевтың айтуынша, оның себебі геосаясатта жатыр. Қазір Қытай мен Ресей арасында тыйым бар. Қытай мен Ресей арасындағы жол жабылатын болса, аймақ экономикалық тұрғыдан құрдымға кетпек.

«Бұл қауіп ұзақ уақыттан бері көрінген. Қазір бұған бәрінің көзі жетіп отыр. Ресей Қазақстанға «транзитті, алдымен мұнайды жабамын» деп қатер төндіріп отыр», – дейді саясаттанушы.

Транскаспийлік маршрут қиын әрі ұзақ. Ең оңай және қысқа жол – Ауғанстан көрінеді.

«Ауғанстан Үнді мұхитындағы порттарға жол ашады. Мысалы, Карачиге дейін. Қазір біздің ел үшін ең жақын мұхит порттарына 2 апта жол жүруге тура келеді. Трансауғандық жол оны небәрі 3-5 күнге қысқартады. Бұл өте маңызды. Оңтүстік жолы әлемдік нарыққа жол ашады. Оның үстіне, оңтүстікте ірі өндіруші әрі ірі шикізат тұтынушы елдер – Үндістан пен Пәкістан бар», – дейді Серік Белгібаев.

Трансауғандық темір жол салына ма?

Маманның айтуынша, Қытай мен Ресей жолды жапқан күннің өзінде, аймақ Ауғанстанмен өтетін осы жол арқылы өмір сүре алады. Ең маңызды жоба – Мазари-Шариф – Қабыл – Пешевар. Құны 5 млрд АҚШ доллары шамасында. Оның ұзындығы 573 шақырым, жылына 20 млн тонна жүк тасымалдайтын әлеуеті бар. Аймақ үшін бұл әлемге шығар жол ғана емес, ауған экономикасын дамытатын маңызды қадам болар еді.

Фото: ғаламтордан

«Мұны Ресейдің жетегінде кетуді қаламаған Өзбекстан жақсы түсініп отыр. Транзиттік балама жолдарын іздеп, Ташкент трансауғандық темір жол жобасын белсенді түрде қолға ала бастады. Бұған аяғын аңдып басып, Қазақстан да қосылады. Бұл жоба Ресейдің қатты қарсылығына тап келді. Ресей Тәжікстанның қолымен Ауғанстандағы сепаратистердің қызметін қолдап отыр», – дейді Серік Белгібаев.

Саясаттанушының сөзінше, бұл форум символдық мәнге ие. Бұл – Ауғанстанның даму үдерісіне Қазақстанның белсенді қатысуының белгісі.

«Ауғанстанға көмектесу керек. Әрине, олар бізге бірдеңе жеткізіп бере алмайды. Десе де, Ауғанстан үшін Қазақстан экспортының басқа бағыты маңызды болуы мүмкін. Инвестиция! 90-жылдары бұрынғы КСРО нарығына келген инвесторлар бір доллардан 10 доллар пайда тапты. Сол секілді қазақстандық бизнесмендер де осындай мүмкіндікке қол жеткізе алуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Дерек көзі: nege.kz

ДәуренДәурен
9 ай бұрын 8450
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11