ӘЛЕМ ХАКЕРЛЕРДЕН 1 ТРИЛЛИОН ДОЛЛАРҒА ЗИЯН ШЕГЕДІ
ӘЛЕМ ХАКЕРЛЕРДЕН 1 ТРИЛЛИОН ДОЛЛАРҒА ЗИЯН ШЕГЕДІ

Хакерлік шабуыл қазіргі таңда Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемге қатерін туғызып отыр. Басқа емес, осыдан бірер апта бұрын Қазақстанның 323 сайтына хакерлік шабуыл жасалғаны жөнінде жұртшылық хабардар болды. Сонымен қатар, елдің Ақпарат министрлігінің мамандары да үкімет органдарының 21 ресми сайтына хакерлік шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл неліктен орын алды. Оның себебі неде? «Фарс» ақпарат агенттігі орталығы мамандарының мәлімдеуінше, «үкіметтік органдардың кейбір сайттарының басқарушылық жүйесінің жаңартылмауы, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілмеуі және киберлік шабуылды дер кезінде анықтамауына байланысты хакерлердің қаһарына ұшырайды» деген дәлелдеме келтіреді. Қазақстанның киберлік шабуылдарға шолу мен сараптама жасау орталығы әлеуметтік желілердің біріндегі өзінің ресми парақшасында бұл жөнінде: «Қазақстанда 323 сайттың негізгі және маңызды беттеріне хакерлік шабуыл жасалды. Солардың арасынан «Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының үкіметтік органдарының сайттары да бар» деп жазды.

Хакерлердің қатар төндіруінде не сыр бар? Ең алдымен құпия құжаттарды қолды қылады. Сонымен қатар, кибершабуыл арқылы қаржыға кенелетін топтар да жетерлік. Ең бастысы, қазіргі таңда кибершабуылдан зардап шегіп отырған компаниялар мен фирмалар және корпорациялар жетерлік.
Ресейдің қауіпсіздік қызметі мамандарының мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда ақпараттық инфрақұрылымға сенімді қорғаныс қажет. Олай болмаған жағдайда хакерлерден қатер көбейе береді. Сондай-ақ Федералдық қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Николай Мурашов жақында хакерлік шабуылдан жыл сайын әлем 1 триллионға шығынға ұшырайтынын атап айтты. Өкініштісі, соңғы жылдары хакерлердің қатері артты, әлем 300 миллиард доллардан 1 триллион долларға дейін зиян шегіп отыр. Мамандардың бағалауынша, бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 0,4- 1,5 пайызы аралығында болып отыр. Хакерлерден қорғану мемлекеттің ғана жұмысы емес, жекелеген компаниялардың өздері де бұл салада қауіпсіздік пен қорғанысты күшейтіп, жауапкершілікті арттыру қажет.
2015 жылы да ақшаға құныққандар талайды зарлатып кеткені белгілі. Банк картасынан ұрланған қаржылар мен хакерлердің шабуылынан зардап шеккендер аз емес. АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы осы жылы жекелеген адамдар мен банктер мен компаниялардан 1,077 миллиард долларға зиян шекені туралы мәлімет келтірді. Осыған байланысты Федералдық тергеу бюросы мен құқық қорғау органдарына тұрғындар мен әртүрлі мекемелерден 288 012 шағым түскенін мәлім етті. Демек, қаншама мекемелердің құжаттары қолды болып немесе қаржы алаяқтағына ұшырап отырса да, адамзат одан сабақ алған жоқ. Өйткені хакерлердің бүкіл технологиялық жабдықтармен, яғни ақыл-ой ілімімен қаруланған озық маман иесі екенін екінің бірі біледі. Расында да кез келген компъютер маманы хакер бола алмайды. Бірақ ең қиыны, бүкіл әлем қылмыскер – хакерлерге қарсы амал таппай, қорғансыз күйде қалып отыр.
Алаңдайтын тағы бір нәрсе, бүгінгі таңда хакерлер жасарып бара жатыр. Бұрын олар туралы әңгіме болғанда, көз алдымызға отыздан асқан, қырыққа жақындаған компъютер маманы елестейтін. Қазір олай емес.
Алайда хакерлердің тарихына көз жіберсек, ірі банктер мен корпорацияларға орасан зор залал келтірген компъютер қарақшыларының ұзақ мерзімге сотталған бірі жоқ. Соған қарағанда, хакерлердің түрмеде күнін босқа өткізгенін мемлекеттің тиісті органдары да қаламайтын сияқты. Әлемдегі ең атақты хакердің жазасын өтеген ең ұзақ мерзімінің өзі 4-5 жылдан әрі аспайды.
Енді мысал келтірелік, 15 жастағы Том Вуд 70 миллион доллар жұмсаған мемлекеттің порнофильтр қорғанысы бар интернетін 30 минутта-ақ бұзып-жарып кірген. «Қайдағы бір шетелдік программистерге 70 миллион доллар беріп жасатқан мемлекеттік қорғаныс бағдарламасы түкке тұрғысыз екен». Өзінің жасаған әрекетіне масаттанған Том бала Австралия үкіметінің әрекетін сынға алып, БАҚ-қа осылай пікірін білдіріп жіберген. Шындығында, қазіргі таңда қандай да бір сайт та, мекеме мен компаниялардың комъютерлік желісі мен банктердің есепшоттары аса құпиялы, оған көк қобдиша арқылы ешкім ене алмайды деу қисынсыз. Бір жолы хакерлер АҚШ-тың коммерциялық банкінен 20 клиенттің ақпараттық мәліметтерін ұрлаған. Жалпы алғанда, 20 клиенттің құпия мәліметерімен қоса, тағы банктің 3 мыңға жазбалары да қолды болған.
Десек те, мамандардың бағалауынша, әлемде шабуылға ең көп ұшырайтын Microsoft.com сайты. Жыл сайын хакерлер сайтқа 100 мыңға жуық шабуыл жасап отырады екен.
Ағылшын полицейлерінің есептеуінше, хакерлердің қарақшылық әрекетінен Ұлыбритания экономикасы 3 миллиард доллар зиян шегеді. Өткен жылы елде жалған банк сайттары 160 есеге өскен. Қарақшылар электрондық пошта арқылы жасанды сайтқа жалған хат жібереді. Клиенттер оған сеніп, өздерінің жеке шоттары мен нөмірлерін көрсетеді. Қылмыскер құпия мәліметтерді иесінен осылай алады да, шоттағы есепті өз атына аударады.
Әлемде интернеттегі қарақшылық жөнінен АҚШ бірінші орында, екінші Қытай, ал үшінші орында интернет арқылы қаржылық айла-шарғы жасау жөнінен неміс хакерлері тұрған көрінеді.
Интернетті сүзіп қарасаң, хакерлердің де неше түрі бар. Шындығында назар салсаң, ешқайсысы ұзақ жылдарға сотталмаған. Соған қарағанда, олардың «ақылды басын» арнаулы қызмет орындары тиімді пайдаланатын сияқты. Ұрлық еткенше, мемлекетке, қауіпсіздікке қызмет ет. Дұрысы осы болып тұрғандай. Ал әлемдегі ең атақты интернет қарақшылары кімдер? Енді соған тоқталайық.
1. Кевин Метник. Ол нағыз хакер. Ең алғашқы жұмысын қоғамдық көліктердегі аппараттарға сым қыстыру арқылы тегін билет алудан бастаған. Кейін телефон жүйесін терең зерттеп, халықаралық байланыста тегін сөйлесу процесін жүзеге асырған. Артынан оны місе тұтпай, елдің корпоративтік құпияларына еркін кіріп, АҚШ-тың қорғаныс жүйесіне шабуыл жасаған. Атақты операцияларынан кейін 5 жыл түрмеде отырып, қазір компьютерлік қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметінде.
2. Адриан Ламо. Ламо «Microsoft» компаниясы мен және «Нью-Иорк таймс» газетіне зор шығын келтірген адам. Бір қызығы, ол қандай да бір компанияның сайтына бұзып кірсе де, «хакерліктен қалай қорғануға болады?» деген сауалдың жауабын сол залал шеккен сайтқа қалдырып, қателерін көрсетіп отырған.
3. Джонатан Джеймс. 16 жасында хакерлік операциясы үшін аз уақыт түрмеде отырып шыққан. Джеймстің ең үлкен табысы, АҚШ Ұлттық ғарыш агенттігінің сайтына шабуыл жасап, 1,5 миллион долларға татитын құпия мәліметтерді алған.
4. Роберт Таппан Моррис. Ол университетет оқып жүргенде, компъютер вирусын ойлап тауып, үлкен жылдамдықпен оны әлемнің бірқатар компьютерлік желілеріне жіберген. Соның салдарына 6000 компъютер істен шыққан. Роберт одан кейін 6 жылға сотталып, 10 мың АҚШ долларын айып ретінде төледі. Қазір Роберт Массачусетск технологиялық университетінде профессор.
5. Кевин Полсен. Ол телефон стансаларын істен шығарумен аты шыққан. Полсен телефон әңгімелерін тыңдаумен айналысқан. АҚШ-тағы Лос-Анжелес радиостансаның жиілігін бұзғаннан кейін, 5 жыл түрмеге қамалды. Қазір журналист, «Wired News» журналының бас редакторы.
6. Ричард Столмэн. Ол хакерлерге тегін бағдарлама жасап берудің шебері ретінде тиісті органдардың назарын аударған.
7. Джон Дрейпер. Ол өзінің ысқырық аспабы арқылы телефон желісін бұзып отырған. Қазір хакерлер шабуылынан қорғанатын бағдарлама жасайтын өз компаниясы бар.
8. Владимр Левин. Атақты орыс хакері. «Ситибанктің» желісін бұзып, банктен 10 миллион доллар ұрлаған. Ол 1995 жылы Ұлыбританияда қолға түсті. Левин 24 мың АҚШ долларын төлеп, 3 жылға сотталған.
9. Цутому Симамура. Атақты хакер Кевин Метник Сан-Диогодағы суперкомпъютерлік орталықтың желісін бұзып, құпия құжатттарды ұрлап алғанда, Цутому оның ізіне түсіп, полицияға ұстап берген.
10. Джастин Питерсен. Ол кредиттік карталарды ұрлаудың шебері. Питерсен де тиісті органдардың тапсырысымен атақты хакер Кевин Метниктің ізіне түскен. Ол телеарналар мен компаниялардың құпия құжаттары тұратын желісіне түсіп, қандай қымбат сыйлықтардың ойналатыны және оның нөмірлері қандай екенін алдын ала біліп, оларды ұтып алып отырған. Ақырында оны ФБР біліп қойып, 3,5 жылға соттаған. 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

ДәуренДәурен
8 жыл бұрын 4427
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11