Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады - Қазақстандық тұңғыш мобильді қосымша авторы
Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады - Қазақстандық тұңғыш мобильді қосымша авторы

Алмас Әділбек – 2012 жылы тұңғыш қазақстандық мо­бильді қосымша ойлап тапқан мықты маман. Ол әзір­леген Sajda қосымшасы Қазақстанды есептеме­ген­де, Индонезия, Ресей, Франция, Германия елдерінде кеңінен қолданылады. ІТ саласына қатысты айтары көп Алмасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

d35bd3637ab837765aa8dfed95d20c16 e1677227220845

– Бір қызығы, App Store-ға шық­қан тұң­ғыш қазақ­стан­дық мобильді қосым­ша­ның авторы бол­саңыз да, сізді көп­­шілік та­ны­майды. Ин­­­тернетте де сіз ту­ралы мә­лімет аз. Осыдан он жыл бұ­рын бү­гінде күллі әлем қол­данатын қо­сым­ша ойлап тапқа­ныңыз­ды бізге сұх­бат берген әріптестеріңіз айтты. Ең ал­дымен болашағыңызды он жыл бұ­рын кенжелеп тұрған ІТ саласымен бай­ланыстыруға не түрткі болғанын сұра­ғымыз келеді.
– Шымкент қаласының тумасымын. Үш жа­сымда әкемнің жұмыс бабымен Жетісу об­лысына қарасты Сарқанд қаласына көш­тік. Онда алтыншы сыныпқа дейін оқыған соң қайта Шымкентке көшіп келдік. Сосын ондағы қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Жал­пы, ІТ саласына келуіме көп адамның ық­палы тиді. Лицейдегі түрік тәрбиешіміз Ха­­­­лықаралық қазақ-түрік университетінде ІТ мамандығында оқитын. Ол кісінің жақын досы Америкаға кетіп бара жатқандықтан, оған компьютерін сыйға тартыпты. Екі мыңын­шы жылдар. Ол кезде компьютер – біз үшін қол жетпес құрылғы. Компьютерде жұ­мыс істеу үшін аптасына бір рет болатын ин­форматика сабағын асыға күтетінбіз. Ли­цейде аптасына екі рет жиналып, тәр­бие­шімізбен әңгіме-дүкен құратынбыз. Сол кез­де досының компьютерін меңгерген тәр­­­биешіміз бізге Windows-тің не екенін, оны қалай ашып, қалай жабатынын түсін­діре­тін. ІТ саласы туралы да әңгімелейтін. Сол кезден бастап бұл салаға қызыға бас­та­дым. Жалғыз мен емес, менімен бір сыныпта оқы­ған жақын досым Сәкен мен Алмас та әуес болды. Бірде Сәкенге ата-анасы компью­тер сыйлады. Біз интернатта бес күн жатып оқитын едік. Ал Сәкен болса үйден қатынап жүретін. Компьютерді емін-еркін қолданып, Photoshop, Hacker News секілді дүниелермен таныс болып алған. Ал біз оның бірде-біреуін білмейміз. Ол кезде қазіргідей интернет же­лісі дамымаған. Қазақтелекомға барып, ақша тө­леп кіретін едік. Әлемде не болып жатқа­нын, ІТ-да қандай өзгерістер барын, сол жыл­­­­дары Facebook ашылғалы жатқанын бізге біреу айтып бермесе білмейміз. Мұның бәрінен хабардар болып отыратын Сәкен күн сайын Алмат екеуімізге баяндап беретін. ІТ саласына келуіне осы екі досымның ық­палы тиді. Үшеуіміз бес жыл бірге жүрдік. Ли­цейлер арасында түрлі жоба жасадық. Ди­зайнер мамандығын игерген Алматтың бү­гінде жеке студиясы бар. Ал Америкада бі­лім алған Сәкен – Qazaq Republic брендінің не­гізін қалаушы. Сөйтіп, бола­шағымды ІТ са­ла­сымен байланыстыра­мын деп 2004 жы­лы Сулейман Демирель уни­вер­ситетіне оқуға түстім.
– Мобильді қосымша жасақтау идея­сы қайдан келді?
– Негізі, мен мектептен бері Flash бағ­дар­ламасы арқылы анимация жасауға қызы­ға­тын­мын. Визуалды дүниелер жасауға жаным құ­мар. Сөйтіп, Вконтакте желісіне ойындар құ­растыра бастадым. Сол жылдары «Бола­шақ­пен» оқуға түскен достарымыз елге келе бас­тады. Олар қолданып жүрген iPhone-ның бас­қа телефондардан мүмкіндігі көп екенін бай­қадық. Бірақ достарым «iPhone жақсы-ақ, бір­ақ ішіндегі бағдарламалар тегін емес» деп айтты. Сөйтсек, бағдарлама жасақтаушылар алғашында ақ­ша табу үшін өздерінің қосымшаларын ақы­лы етіп қойыпты. Кейін көбісі тегін бола бастады. Сол кез­де «Қызық. Мобильді қосымша жасауға бо­ла­ды екен ғой» деп ойланғаным есімде. Сөй­тіп жүргенде, технология қарыштап да­ми түсті. Әңгіме басында айтқан анимация жа­сау технологиясы керексіз болып қалды. Сөй­тіп, басқа алаңды таңдауым керек болды. Ой­лана келе, iPhone жүйесінде әлдебір дүние жа­сап көрсем қайтеді деп ойландым. Сөйтіп, әке­ме хабарласып: «70 мың теңге жібере ала­сыз ба? MacBook сатып алайын деп едім» деп қолқа салдым. Сөйтіп, сол ақшаға «Из рук в руки» дүкенінен ескі MacBook сатып алып, іске кірістім. Сосын iPhone-ға бағдар­ла­ма жазатын курсқа қатысып, біраз нәрсені үй­рендім. Негізі, кез келген ІТ маман бағдар­ла­малау тілін білсе болғаны, басқа бағдар­лама жасауда түк қиналмайды. Логикасы, базасы бір. Оның алдында kuran.kz доменін сатып алған едім. Досым Жанболат екеуіміз сол сайтта түрлі әлеуметтік жоба әзірледік. Со­сын namaz.kz сайтын іске қосып, намаз уақытын көрсететін кесте әзірлеп, ыңғайлы етіп қойдық. Ол уақытта Америкада оқитын Сәкен досым iPhone әкеп берген. Браузерге кі­ріп, kuran.kz, namaz.kz деп теріп, намаз уа­қытын тексеретінбіз. Бұл бірте-бірте ың­ғайсыз бола бастады. Қайта-қайта теріп іздеу өз алдына, ол үшін интернетің болуы керек. Сөй­тіп, мұның бәрін бір арнаға біріктіретін мобильді қосымша жасайық деген ой келді. Алдымен App Store-ға үш тілде қолданылатын қосымша әзірледік. Бір айдан соң Жанболат Android платформасын әзірлеп шығарды. Осылайша, мобильді қосымшамыз 2012 жыл­дың сәуір айында іске қосылды. Бастап­қы атауы Sajda KZ болған, кейін Sajda деп ауыстырдық.
– Әріптестеріңіз қазақстандық ма­ман­дардың көбі өнімін тек ішкі на­рық­қа арнап әзірлейтінін айтады. Бірақ сырт­қы нарықты көздеп шығарған ма­ман деп үнемі сізді мысалға келтіреді. Бір­ақ әңгімеңізден түсінгенімдей, ал­ғашында мобильді қосымшаны сыртқы нарыққа емес, өзіңіз үшін әзірлеген екен­сіз. Дегенмен «алысқа баратын» жо­ба екенін сол кезде-ақ сезді ме екен деп отырмын.
– Басында қызық болды. Бірініші нұс­қа­сын шығарған соң оны екі жылдай жаңарт­қан жоқпыз. Өйткені ол нұсқа тек Қазақстан қалаларына ыңғайластырып жасалған. Бас­тысы, «App Store мен Play Market-те тұр. Кез келген адам жүктей алады» деп онша мән бер­мей жүре бердік. Екі жылдан соң қарасақ, қол­данушылар аясы кеңейген. Ал біз тіпті ста­тис­тика жүргізбедік те. Сөйтсек, расымен өзі­мізге ғана емес, көпшілікке ыңғайлы дү­ние әзірлеп шығарған екенбіз. Ал сыртқы на­рыққа шығуымызға бір кәсіпкер себепші бол­ды. Ол бірде хабарласып «Сендердің қ­о­сым­шаларыңды Қазақстанда қолданған өте қо­лайлы. Мен Францияға, Америкаға жиі бара­мын. Ол жақта жүргенде де емін-еркін қол­дану үшін мұны неге сыртқа шығар­мас­қа?» деп ой тастады. Сосын «Қаржылай кө­мектесемін. Не керек, қанша қажет, ай­тың­дар» деді. Сөйтіп, біраз көкжиегіміз ашылып, сырт­қы нарыққа бейімдеуді қолға алдық. Сме­та әзірлеп, он мың доллар қаражат қажет еке­нін есептеп шығардық. Сөйтіп, сол ақ­ша­ға екінші нұсқаны әзірлеп, ескірген ди­зайн­ды жаңарттық. Алдымен Джакарта, Куала-Лумпур секілді мұсылман елдердің астана­ла­рын қоса бастадық. Сосын Қазақстанға жақын Ташкент, Қазан, Махачкала, Грозный, Нальчик қалаларын енгіздік. Бүгінде Дағыс­танда Sajda қосымшасы үлкен сұраныста.
– Ережесіз жекпе-жектің хас ше­бер­лері Хабиб Нұрмагомедов пен Ислам Ма­хачев әлеуметтік желіде тиімді қо­сым­ша екенін айтып бөліскенін көрген едім.
– Иә. Намаз уақыты туралы хабарлама кел­ген соң бір секундтан соң жақын орна­лас­қан мешіттен азан дауысы шыға бастайды екен. Осылайша, қолданушы «Бұл қосымша нақты жұмыс істейді екен. Осыны қолданың­дар» деп қарындасына, анасына айтады. Осылайша, Sajda ұзынқұлақ арқылы Дағыс­тан­да кең таралды. Жақында Дағыстанға бар­ған танысым «Такси жүргізушіден бастап, жо­лай кезіккен адамдардың түгелі дерлік Sajda-ны қолданады екен» деп бір қуантып тас­тады. Бір қызығы, біз онда ешқандай мар­кетинг жасаған жоқпыз. Біз үшін бәрінен нақ­тылық маңызды. Қазақстан уақытын қос­қан кезде Қазақстан Діни басқармасында бар мәліметтерден алгоритм жасап шығар­дық. Ал Мәскеу уақытын интернеттен ізде­дік. Сөйтіп, Ресей орталық мұсылмандары діни басқармасы берген деректерге сүйендік. Бас­қа елдердің уақытын қолмен енгіздік. Әлем қалаларындағы уақытты бірден енгі­зуге техникалық мүмкіндік жоқ. Ондай ал­горитм бар, бірақ уақытты дұрыс жазбайды. Сон­д­ықтан жыл сайын желтоқсанда отырып, барлық деректі қолмен енгізіп, жаңартамыз. Сондықтан бірінші қаңтар күні қолдану­шы­лар «Неге уақыты көрсетпей қалды?» деп жа­зады. Бұйырса, алдағы уақытта мұның бар­лығын автоматизациялауды ойластырып жа­тырмыз.
– Расымен, жарнама жасамадыңыз­дар ма?
– Иә. Тек бір рет Индонезияда кішігірім пре­зентация жасадық. Ондағы инфлюен­сер­лерге хат жолдаған едік, біздің қосымшаны ұнат­қан бір қолданушы жауап қатып, мил­лион қолданушысы бар досы арқылы бізге жар­нама жасап беретінін айтты. Сол кезде ол жақтан аудитория саны отыз мыңға арт­ты. Қазір Индонезиядағы қолданушылар са­ны жетпіс бес мыңнан асып жығылады.
Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады

– Қолданушылар саны жағынан қай ел­дер алда тұр?
– Қазір бірінші орында Қазақстан тұр. Со­сын Ресей, одан соң Өзбекстан тұр. Төр­тін­ші орында Индонезия, бесінші орында Фран­ция тұр. Биылдан бастап Франциядағы ау­диториямыз ай сайын жүз елу пайызға өсіп жатыр. Жергілікті блогерлер жар­на­мала­ған ба, білмедім, бірден көп қолданушы тір­келді. Жүз мыңнан асып кетті ғой деймін. Со­сын Қырғыз Республикасы, АҚШ, Гер­ма­ния тұр. Англияда елу мыңдай қолданушы бар. Байқап қарасақ, дамыған елдердің көбі осы тізімде екен. Android-та 10 миллионнан ас­там, iOS-та 5 миллионнан астам жүктелген. Жалпы, соңғы бір жылда қосымшаны жаңар­тып жатырмыз. Жеке поштамызға күніне жиыр­мадан астам хат келеді. Көбіне «Мына­дай азан қосасыздар ма?» дегендей ұсыныс­тары мен тілектерін жазады. Жалғыз пош­та­дан емес, барлық желіден жазады. Барлы­ғын оқып үлгере алмай қаламыз. Біздің үл­кен миссиямыз бар. Хадиске сүйенетін бол­сақ, мұсылман адамның екі күні бірдей бол­мауы керек. Адам үнемі жетіліп отыруы ке­рек. Sajda қосымшасын күніне 1 млн 200 мың адам қолданады. Енді біздің мой­ны­мызға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Тағы қандай жақсылық жасасақ болады? На­маз оқу уақытын көрсетуден бөлек, қол­дану­шыға жақсы мұсылман болу, өзін-өзі да­мыту, ілімін, білімін жетілдіру жағынан кө­мектесуді, бағыт-бағдар беруді мақсат ет­тік. Бізде оған мүмкіндік көп. Былай түсін­дірейін­ші, мысалы сіз көлік сатып алу немесе ауыстыру үшін Kolesa.kz-ті қолданасыз. Бір­ақ сіз оны күнде қолданбайсыз, қажет кез­де ғана. Ал мұсылман адам Sajda-мен ұйық­тап, Sajda-мен оянады. Арнайы ха­бар­лама арқылы таң намазына оянады. Sajda-ның еске салуымен жұмыс уақытында на­ма­зын оқиды. Кешке үйіне келген соң Құран оқы­са болады, таң намазынан соң зікір жа­саса болады. «Болды, мен көлік айдамаймын» деп әлгі Kolesa.kz-тің қосымшасын өшіріп тас­тайсыз. Ал Sajda өмірінің соңына дейін бір­ге болады. Сол үшін оны lifeline app деп атай­мыз. Расында, Sajda – адамның күн тәр­ті­бін қолайлы етуге таптырмас дижитал құ­рал. Сондықтан оның тиімділігін жете тү­сі­не отырып, небір идея туындап жатыр. Бір жерін түзесек, енді бір жерін жаңадан қосып жатырмыз. Бітпейтін жұмыс.
– Әлеуметтік желідегі парақ­ша­ла­рыңыз­да қазақтілді аудитория белсенді екен. Әр жарияланымның астында жа­зыл­ған 300-400 пікірдің көбі қазақ тілін­де жазылған.
– Иә, қазақтілді аудиторияда бір үлкен бе­рекет бар. Бізде қазір ислам тақыры­бын­дағы парақша өте көп. Әрбірінің жүз мыңнан астам қолданушысы бар. Бұл – негізі жақсы үрдіс. Бірақ мұның жаман жағы да бар. Онда жүктелетін деректің қырық пайызы шын­дыққа жанаспайды. Сол үшін Sajda-ны іске қосар кезде әр мәтінді, әр хадисті мұқият тек­сердік. Басында бұл жобаны Жанболат екеуіміз бастаған едік. Қазір командамызда Нұр-Мүбарак университетін бітірген Шың­ғыс есімді мықты маман бар. Мәтінді тек­серіп, қажет деректі жазып береді. Жақында Алланың 99 есімін қосқыздық. Серверде оты­ратын тағы мықты маманымыз бар. Әзір­ше төртеуміз жұмыс істеп жатырмыз. Бізде Fajr App деген YouTube арнамыз тағы бар. Онда намаз үлгілері баяндалады. Қазір дұрыс емес намаз үйрететін құралдар қаптап кетті. Діни сауатын арттыруға асығатын жас­тарымыз балама жоқ болғандықтан, сол дұрыс емес намазды жаттап алады. Сосын мешітке барғанда ондағылардың басқа на­маз оқып отырғанын көріп, дал болады. Сон­дықтан нақты үлгісін көрсету үшін арнайы арна аштық. Ол арнаға да күш салып жат­қа­нымыз шамалы. Дегенмен күніне 65-70 мың­ға жуық қолданушы кіреді екен.
Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады

– Цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағ­дат Мусин Facebook-тегі парақ­ша­сын­да Sajda-ны ерекше атап өтіп, «Қолданушы­лар саны 10-100 миллионға дейін жетсін деп тілеймін, Алмас пен басқа топ мү­шелеріне! Осындай көрсеткіштер бол­ған кезде сіздерге мұсылмандарға ар­нал­ған тауарлардың маркетплейсіне ай­налдыру бойынша көп ұсыныс түсіп, тез арада құны 1 миллиардтық компа­ния­лардың қатарына қосылуларыңызға тілектеспін!» деп ниеттестігін білдірген еді.
– Иә, оқыдым. Мен де алғысымды білдір­дім. Бұл бізге – моральдық қолдау. Ол кісіні же­ке танимын. Бізде өсіп келе жатқан жас­тарға осындай моральдық қолдау өте қажет. Мұны жақсы түсінетін ол сол жастарды халыққа таныстырып отырады. Ол біздің интроверт екенімізді, әлеуметтік желіде күніге отырмайтынымызды, журналистер­мен жиі сөйлеспейтінімізді жақсы біледі. Сол үшін біз туралы үлкен аудиторияға осылай жазып, қолдау білдіреді.
– Интроверт болғандықтан, сұхбат­тасқанды, күніне миллионнан астам адам қолданатын қосымшаның жұмы­сын бөліскенді ұнатпайсыз ба? Интер­нет­те сіз туралы мәлімет жоқтың қасы.
– Әлеуметтік желіде белсенді болғанды су­­қаным сүймейді. Біреулер бір күнде не іс­те­генін рет-ретімен түсіріп жатады ғой. Мен олай істей алмайды екенмін. Расында, мен бір-екі журналиске ғана сұхбат бердім. Қа­рап отырсақ, бұл жобаның іске қосыл­ғаны­на он жылдан асыпты. Ал сол он жылдың ішін­де сол жобаның бес-алтауын әзірлеуге бо­лады. Мысалы, 1Fit қосымшасын алып қа­райықшы. Оны дамытуға қыруар ақша са­лынған. Маркетингі жоғары деңгейде. Ал біз еш жарнама жасамай, ауыздан-ауызға та­рап, сұранысымыз артты. Бірақ біз 1Fit-те­гілер секілді бар ықыласымызды салып, жұ­мыс істемедік. Sajda қолданушылары бізге ри­залығын білдіріп жатады. Намаздан соң дұға жасайды. Sajda – қолданушылардың дұ­ға­сымен дамып жатқан қосымша. Мен со­ған сенемін. Әйтпесе, біз әр жерге барып, на­си­хаттап жүрген жоқпыз. Бірақ күн сайын ау­диториясы кеңейіп келеді. Біздің тара­пы­мыздан әрекет аз болғандықтан, жур­на­лис­терге «Бізде сіздерге анау айтқандай жаңалық жоқ. Мазаламағаныңыз абзал» деймін (кү­ліп).
Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады

– Бізде ІТ алпауыттары саналатын ірі компанияларда жұмыс істейтін қа­зақ­тар туралы апта сайын мақалалар жа­зылады. Ал Қазақстанда отырып, тұң­ғыш қазақстандық мобильді қосым­ша жасап шығарып қана қоймай, әлем мұсылмандарының сұранысына ие бол­ған өнім әзірлеген сізді ешкім білмейді.
– App Store-да алғашқы қазақстандық қо­­­сымшаны біз тіркеген секілдіміз. Бірақ ол кез­де Қазақстан аудиториясын қамтитын едік. Бәлкім, бірінші емес шығармыз, оны зерт­теу керек (күліп). Ал қойған сауалыңызға қа­тысты айтар болсам, «Ақылды сөздер тізі­мін­де» «Жалақымен әлі ешкім байыған жоқ» де­ген сөз бар. Қазақстанды дамытқымыз кел­се, кәсіп ашуымыз керек, өнім әзірлеуіміз қа­жет. Димаш, Головкиндер әлемге Қазақ­станның атын әйгіледі. Ал ІТ саласында жарқ ету біздің қолымызда. Сондықтан әлем жұр­ты көрсін, білсін деген мақсатпен көп жерге Made in KZ деп жазып қоямыз. Сұраған адам­ға мұны мақтанышпен айтамыз. Күніне жұмысымызды осы оймен бастасақ, ісіміз берекелі болады. Алла қаласа, бұл бір үлкен бір жобаға айналғалы тұр. Келесі жылы мо­не­тизацияға шықпақшымыз. Қызмет тегін болады, бірақ қосымша ақылы қызметтер қоспақ ойымыз бар. Біз қазір бұл жобадан қара­жат таппаймыз. Ал тегін жұмыс істеп, алыс­қа бара алмайтынымыз белгілі. Бізге қо­сымша күш пен қаражат керек. Біз аз ко­мандамен сапалы қызмет көрсететін, жар­нама жасамайтын Telegram желісінен үлгі аламыз. Қазір біз Германияға көз тігіп отыр­мыз. Онда тұратын заңгер сыныптасым «Ин­­­­­донезияда 150 млн доллар табыс тапсаң, ба­сың бәлеге қалады. Түркияда 500 мың дол­лар тапсаң да бәлеге қаласың. Ал Герма­нияда адам құқығы, бизнес сақтау құқығы жақсы жолға қойылған» деп айтады. Қазір небір жақсы стартаптардың негізін қалау­шы­лардан жобасын тартып алғандар жетер­лік. Олар заң білмегендіктен, соншама жыл бойы әзірлеген дүниесінен әп-сәтте-ақ айы­ры­лып қалады. Сондықтан ондайға жол бер­мес үшін Германиямен тығыз байланыс жа­сағымыз келеді.
– Қазақстанда Sajda секілді әлем бо­йын­­ша сұранысқа ие тағы қандай қо­сым­­шалар бар?
– Нұрсұлтан деген жігіт әзірлеген Namaz app қосымшасы қазір өте танымал. TikTok-қа кірсеңіз, әлгі қосымшаны қолдану өте қо­лайлы екенін жарыса айтатын қара нәсілді­лер, француздар мен америкалықтарды кө­зің шалады. Бірақ Нұрсұлтанды ешкім жөн­­ді танымайды. Талғат деген жігіт iPhone-ға фонға суреттер топтамасын қоятын Suret app-ті ойлап шығарды. Былай қарасаң, өте қара­пайым қосымша. ІТ маманы ретінде қара­сам, жүйесі өте сапалы әзірленген. Айта кетерлігі, ол Apple-дің инженерлерімен ты­ғыз байланыста. Егер мобильді қосымшаң танымал әрі ақша әкелетін болса, Apple-дегілер байқап, байланысқа шығады. Егер біз App Store-да ақша табатын болсақ, Apple-ға 30 пайыз ақша төлейді екенбіз. Apple өкіл­дері танымалдылығы артып келе жатқан Тал­ғаттың қосымшасын байқап, оған қолдау біл­діріп, өз мамандарын міндеттеп қойыпты. Тал­ғат Дубайда құрылыс компаниясында жұ­мыс істеген. Қазір ол жұмыстан шығып, тек өз қосымшасын дамытуға күш салып жа­тыр. Мұндай жобалар мені рухтандырады. Тал­ғатты да ешкім танымайды. Біз өзара ара­ласатын ІТ комьюнитиде «Талғатты кім та­ниды?», «Онымен қалай байланыссақ бо­лады?» деп сұрап жатамыз.
Алмас Әділбек: Біздің қосымшаны тәулігіне әлемнің 1 миллион 200 мың тұрғыны қолданады

– Еліміздегі ІТ саласы енді қарқын ала бастаған кезде мобильді қосымша жасап шығарған сізден Қазақстандағы ІТ саласының аяқ алысын сұрамай кет­песек болмас.
– Біздегі ІТ саласы өте қарқынды дамып ке­леді. Интернетке қолжетімділік бар. Ин­тернет арзан. Қазір Үндістанда ІТ саласының сон­шалық дамуына не түрткі болды деп ойлайсыз? Онда интернет бізден екі есе тегін. 400 млн-ға жуық адам 500 теңгеге 30 гб сатып алады екен. Бұл дегеніміз – оларға бү­кіл әлем ашық деген сөз. Ал Канадада тұра­тын достарымыз күніне интернет трафикке 150 доллар төлейді. Astana Hub, MOST Hub-тар ашылып жатыр. Гранттар көп бөлініп жа­­тыр. «Қанеки, бірдеңе ойлап тап. Көмек­тесе­мін» деп жүрген кәсіпкерлер де жетерлік. Ағыл­шыншаға судай, креативті, белсенді жастар өсіп келеді. Біздің жағдайымыз өте күш­ті, әлеуетіміз де керемет. Бәлкім, мақ­сатын айқындау жағынан қиындықтар бар шығар. Өйткені көпшілік мақтан қуып, соңында өзіне не керегін түсінбей қалады. Сосын инвестор табу жағы осалдау. Өйткені инвесторларда сенімсіздік басым. Кейін «Ол жо­баны тартып алмай ма?» деген қорқы­ны­шы да жоқ емес.
– ІТ маманы атанғысы келетін жас­тар­ға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Жастарға айтарым, алдымен мақсат қойып, оның мәні неде екенін түсініп алған жөн. Сосын қандай құндылық ойлап таба ала­тынын ескерсе деймін. Феликс Краус есім­ді мықты маман мобильді инженерлерге ар­налған Fastlane жобасын әзірлеп шығарған. Біз жаңа нұсқаны шығармас бұрын Apple-дің сайтына кіреміз. Бірнеше қадам жасаймыз. Мұның бәріне 18 минуттай уақыт кетеді. Ал Феликс болса бізге сол көп қадамды жасат­пай-ақ бір ғана батырмамен мобильді қо­сым­шаларды жүктеуге мүмкіндік беретін қо­сымша ойлап тапты. Ол «Біз сенің 18 ми­нутыңды сақтап қалдық» деп үнемі ай­тады. Сайтына кірсеңіз, бағдарлама жа­сақ­таушылардың 36 млн сағатын сақтап қал­ғаны туралы мәлімет бірінші шығады. Сонда бұл жобаның құндылығын қараңызшы? 36 миллионды 24 сағатқа бөліңіз. Артылған бәленбай сағатты басқа игі іске жұмсауы­мыз­ға мүмкіндік беріп тұр. Жастар бірден ақ­ша табатын емес, осындай құндылықтары бар жобаларды әзірлеп шығарса деймін. Әлем­дік нарыққа шамасы жетіңкіремесе де, Қа­зақстаннан бастасын. Мысалы, Бағдат Мусин ХҚКО-ның жұмысын автоматизация­лау туралы жиі айтады. Расымен, ата-әже­лерді, аяғы ауыр әйелдерді ұзын сонар ке­зек­ке тұрғызып қойғанша олардың жұмы­сын жеңілдететін құнды қосымша неге жа­самасқа? Сосын жастар миссиялар тізімін жа­сақтай білуі керек. Соңғы айтар үш нәр­сем: жастар бақытты өмір сүруге талпынуы керек. Ұнаған ісімен айналысуы қажет. Әрі өз ісінің шебері болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Дерек көзі: Turkystan.kz

ДәуренДәурен
12 ай бұрын 1779
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11