Арман Тосқанбаев Қырғызстанға инвестиция сала бастады
Арман Тосқанбаев Қырғызстанға инвестиция сала бастады

Қазақстандық жас кәсіпкер неліктен көрші елді таңдады, қаражаттың қайтарымы қалай болмақ.

Бұл туралы «Оtan» сағат брендімен белгілі болған бизнесмен Арман Тосқанбаев Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: Арман, Қырғызстанда «Зертханалық сынып» жобасын қолға алғаныңызды білеміз. Оның миссиясы қандай?

-2020 жылдың 7 ақпанында, Қырғызстанда, «Marines Health Group» компаниясының қаржыландыруымен біздің Zertis компаниясы топырақсыз өсімдік өсірудің әдістерін зерттеуге арналған зертханалық сынып ашты. Онда 8-11сынып оқушылары топырақ пен жер қыртысын пайдаланбастан өсімдіктер барлық түрлерін өсіруді үйренеді. Мысалы, көкөністер, қияр, қызанақ, құлпынай және т.б. Зертханалық сынып гидропондық қондырғыларға арналған парталармен және орындықтармен жабдықталған. Орта есеппен бір кабинет 12-15 партаға арналған. Дұрыс жарықтандыру өсімдіктердің жылдам өсуі үшін қажет. Сондықтан, парталарға өсіргіштерден басқа, фотосинтез процесіне қажетті күн сәулесін ауыстыратын фито-лампалар қоса беріледі. Кабинет қабырғаларына өсімдіктерді өсіру алгоритмі түсіндірілген ақпараттық стендтер орнатылады.

F: Қазақстанда бұл жоба қандай нәтиже берді? Неліктен Қырғызстан?

-Қазақстанның 28 мектебінде тәжірбиелі, табысты жұмыс жасалғаннан кейін «Zertis» компаниясы Қырғызстан мен Өзбекстан секілді көрші елдерде биологиялық сыныптарын дамытуды қолға алды. Компанияның шетелдік тәжірибесі Қырғызстаннан басталды. Бішкекте бірінші сынып-зертхана №28 мектепте ашылды. Өзім 2018 жылы құрған «Marines Health Group» компаниясы инвестор болды. Компания әлемнің 10 елінде жапон тағамдық қоспаларын дистрибуциялаумен айналысады.


F:Ал бұл жобаны мектептерге енгізудегі мақсат қандай?

-Сынып-зертханалардың арқасында оқушылардың биологиялық ғылымдарға, биологияға, биотехнологияға, генетикаға, селекция мен инженерияға байланысты мамандықтарға деген қызығушылығы арта түседі. Биологиялық сынып болашақ мамандықты таңдауда үлкен үлес қосады. «Zertis» компаниясы келешекте жұмыспен қамтамасыз ету үшін оқушылармен тығыз байланыста болуға ниетті. Егер гидропоника әдісін меңгергеннен кейін бір жасөспірім болашақта агрономия саласында саналы түрде жұмыс істесе, біз мақсатымызға жеттік дегенді білдіреді. Өйткені, сыныптарды орнатудағы басты мақсат ақша табу емес, аграрлық секторды көтеру. «Zertis» компаниясының ұзақ мерзімді жоспары бар, қысқа уақыт аралығын емес, ондаған жыл алға ойлайды .
Егер гидропон қондырғыларының көмегімен адамдардың қажеттілігін өтесек, онда жануарларға да осындай балама бар.

F: Инвестиция көлемі қандай? Жалпы жоба қанша қаражат талап етеді? Оның қайтарымы қалай болмақ?

-Сыныптарды жабдықтауға компания шамамен $15 мың инвестициялады. Келесі бес жылда «Zertis» компаниясы $200 мың бизнес-қоғамдастығының қолдауымен инвестицияға құйып, Қырғызстанда 10 зертхананы іске қосуды жоспарлап отыр. Қырғызстан мен Қазақстанның агротехнологиялар саласындағы жағдайы ұқсас, өйткені екі ел де кадрлардың жетіспеушілігі проблемасымен бетпе-бет келеді. Индустрия заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды қажет етеді. Қырғызстанда жағдай ұқсас: бүкіл әлемде гидропоника әдісі қолданылғанымен, жылыжайларда білікті агрономдар жетіспейді. Бұл жобаны мектептен бастауымыздың мәні осында. Мысалы, қазір Голландия, Украина, жалпы Еуропадан шақырылатын білікті маманның жылдық келісім-шарты $45 мыңға жетеді. Бұл үлкен ақша. Ал біз келешекте бір маманды осылай жылыжайға қойсақ, онда инвестиция ақталады деген сөз. Голландия осылай жасайды, мамандар даярлап, оларды шет елдерге келісім-шарт негізінде жібереді, бір сөзбен айтсақ «сатады». Біз негізінен жылыжайларды дамытумен, оның жабдықтарын сатумен айналысамыз, ал бұл болашаққа салынып жатқан инвестиция және жасыл технологияларды дамытудағы жобаларымыздың бірі ғана.

F: Жұмыс қалай жүйленген? Оқыту қалай жүзеге асады?

-Өсімдіктердің өсуін бақылау үшін «Smart Гидропоника» жүйесі бар. Бұл - температураны, ылғалдылықты, суаруды және жарықты реттеуге болатын датчиктер жиынтығы. Бұдан бөлек, сыныптарда интерактивті тақта, мұғалімге арналған компьютер және үш сөреден тұратын Indoor Garden орнатылады. Indoor сөрелері жасылдарды жыл бойы өсіруге өте ыңғайлы. Оқытушылардың ыңғайлылығы үшін 34 факультативтік сағатқа есептелген «Курс:Мектептерге арналған Гидропоника» әдістемелік құралы әзірленді. Оқу құралының авторлары – химик-зерттеуші Д.Тастанбеков және биология ғылымдарының кандидаты Р.Аймбетов. Оқулық теория мен материалды бекітуге арналған зертханалық жұмыстардан тұрады. Сонымен қатар, бұл оқу құралы басқа да топырақсыз өсімдік өсіру әдістерін, бизнес-жоспарлар мен түрлі рецепттерді қамтиды. Сынып жабдықтандыру алдында ғимараттың өзіне ерекше көңіл бөлінеді. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы қатаң шектеулер жоқ. 12-15 партаны сыйғызуы керек. Дегенмен, бар болғаны 6 партамен жұмыс жасайтын шағын мектептер бар. 12-15 партамен толыққанды білім алуға арналған сыныптарды көбірек жабдықтау жоспарланып отыр.  

F: Гидропоника әдісі несімен тиімді? Бұл саланы дамытудың маңызы неде? 

-Неге бүкіл әлем топырақтан гидропоника әдістеріне көшуде? Себебі мұндай технология жерге салмақ салмай, сапалы өнім өсіруге мүмкіндік береді. «Топырақсыз өсіру әдісімен алынған жемістер жасанды болып табылады» деген тұжырымдар шындыққа жанаспайды. Су да топырақ секілді өсімдік тамырын қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Топырақта зиянсыз бактериялардан бөлек өсімдіктер ауруларын тудыратын зиянкестер мен саңырауқұлақтар да өмір сүреді. Сондықтан жерден нәр алатын өсімдіктер әртүрлі ауруларға жиі ұшырайды. Ал гидропоникада өсімдіктердің «ауыру» қаупі нөлге тең. Суда алдын ала қоректік заттар еріп, зиянкестердің дамуына жол бермейді. Суды тиімді пайдалану – гидропониканың тағы бір маңызды артықшылығы. Бұл жерде өсімдік тамыры қоректік ерітіндіден өзіне ылғалды толықтай сіңірсе, ал топырақта өскен өсімдік қажетті ылғалдың аз ғана бөлігін алады.

F: Яғни, топырақтан қарағанда осы әдіс тиімді ме?

-Гидропоника технологиясы өсімдікті ауа- райы мен климатқа қарамастан өсіруге және сәйкесінше жыл бойы өнім алуға мүмкіндік береді. Көптеген солтүстік және құрғақ аймақтарда бұл мүмкін емес. Өзбекстанның оңтүстік бөліктерінде топырақтың тұздануы проблемасы бар. Топырақ жиі пайдаланылса, соғұрлым тез таусылады және «шаршайды». Топырақ бірнеше маусымнан кейін кемінде 5-10 жыл демалуға тиіс.

F: Жалпы «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясын құру турал идея қалай және қашан пайда болды?

-2014 жылы «Жаңа жасыл технологиялар» жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша грантқа ие болды. Бұл – жануарлардың жасыл жемін өсіруге арналған гидропондық қондырғылар. Бұл жем өсіру жүйесі өте тиімді, өйткені 1 кг-нан 6 килограмм жасыл шөп алуға болады, әрі құрғақ астыққа қарағанда әлдеқайда пайдалы. Онда жануарларға қажетті барлық пайдалы дәрумендер мен минералдар бар, әсіресе жылдың қыс мезгілінде қиналмайсыз. Бүгінгі таңда «Жаңа жасыл технологиялар» — бұл тек Қазақстан аумағында ғана емес, сонымен қатар бүкіл ТМД бойынша жем-шөп өсіруге арналған жабдықтарды жеткізетін үлкен кәсіпорын. Цех Қарағанды қаласында орналасқан. Жаңа жасыл технологиялар Қазақстан мен Ресейдің солтүстік аймақтарында сұранысқа ие. Ауа- райының қатал құбылыстары жасыл азықты жыл бойы өсіруге мүмкіндік бермейді. Швеция, Араб Әмірліктері және алыс шетелдерден де тапсырыстар келіп түсуде. «Жаңа жасыл технологиялар» жобасы 2016 жылы жаңа компанияның құрылуына себепкер болды. Сол кезде серіктесіміз Диас Тастанбековпен «Zertis» компаниясы құрылды. Жобаның негізгі мақсаты – жылыжайды дамыту және жыл бойы өсіру. Болашақта Қазақстан мен ТМД бойынша жылыжайларды дамыту жоспарлануда. 2020 жылы «Zertis»-ке жаңа серіктес- Мәулен Ахметов келді.

F: Өзіңіз негізін қалаған OTAN сағат компаниясында қандай жаңалық бар? Бизнестің беталысы қандай? Оның географиясы кеңейді ме?

-ТМД аумағында қарқынды дамып келе жатқан келесі бизнес – «OTAN» сағат өндірісі. Сағат әр елдің стиліндегі ұлттық символдармен жасалады. Мысалы, Өзбекстанда бұл бренд «Беруни» деп аталады. Сағат сату Әзірбайжан мен Қырғызстанда да жолға қойылған. «OTAN» бренді іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін өзінің географиялық ауқымын төрт елге дейін кеңейтті. Айта кету керек, отандық өндіріс сағаты орта класс өкілдеріне арналған. Бағалары $400-500 және $1000 басталады. Сағат Алматы қаласында жиналады. Ал көршілес елдерде шоу-румдар және тікелей сатумен айналысатын дистрибьютерлер арқылы сатылады.

F: Қазір команда құрамында кімдер бар? Ұжым қаншалықты кеңейді?

-Қызметкерлер саны мен команда құрамы өзгерді. Жалпы, әрбір компанияда кадрлар саны айтарлықтай артты. Мысалы, «Marines Health Group» компаниясында 100 астам адам еңбек етеді. «OTAN» сағат компаниясында әртүрлі елдерден мамандардың өсуі басым және бүгінгі таңда командада 15 адам қызмет атқаруда. «Zertis» - те алғашқыда 3 адам ғана болса, бүгінгі күні 20-дан астам адам еңбек етеді. Көптеген мамандар түрлі бағыттарда жұмыс істейді: гидропоника сыныптары, мейрамханалар мен үйлерге арналған жабдықтар, жаңа жасыл технологиялар. «Zertis» қызметкерлерінің біліктілігін арттыруы мақсатында жылыжайларды көруге, әрі агрономиялық ЖОО-да білім алу үшін Германияға жіберу жоспарда бар. Басқа компаниялармен салыстырғанда «Zertis» өз мамандарына ерекше көңіл бөледі. 2019 жылы өзіңді қоршаған адамдарға көңіл бөліп, инвестиция салып, команданы дамытумен айналысу керектігін түсіндім. Адамдар аса маңызды. Өз қызметкерлерімізбен серіктестерге инвестициялау әдістерінің бірі – оларды тиімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл орайда 15 пәтерлі үйдің құрылысын іске қосу жоспарда бар. Бұл жоба биыл басталады.

F: Табыс көлемі қаншалықты артты? Компаниялар кірісі қаншалықты көбейді?

-Жеке табысыма қатысты сұраққа жауап беруді құп көрмеймін. Отбасым бар болғандықтан бұл мен үшін бір тәуекел. Соңғы жылы компанияның табысы 2-3 есеге өсті. Компаниялар тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ әлемнің 10 елінің нарығын қамтиды. Бұл алыс және жақын шетел мемлекеттері, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия және Беларусь. 2020 жылдың соңына қарай Үндістан нарығына шығу жоспарлануда. Барлық компанияның жиынтық айналымы 3 млрд. теңгеден немесе $7 млннан асады.

F: Алдағы жоспар қандай? Өзге салаларға бет бұру туралы ой бар ма?

-Өткен жылы Асқар және Әскербек есімді серіктестерімізбен «Mad Company» жаңа құрылыс компаниясын құрдық. Компания құрылыспен және архитектурамен айналысады. Жоба тұрғын үй кешендерінің макеттерін, интерьер мен экстерьер дизайнын дайындаудан басталды. Аз уақыт ішінде команда 3 адамнан 30 адамға дейін өсті. Бүгінде біздің клиенттеріміздің қатарынла BiGroup, РАМС, Bazis және басқа да ірі құрылыс компаниялары бар. 2020 жылдың басында жобалаудан тікелей құрылысқа көшті. Жақында компания лицензия алады.

F: Неліктен құрылыс таңдалды? Бұл нарық несімен тартымды?

-Қазіргі уақытта құрылыс саласы қызықты. Мақсат – жақын арада Алматы қаласында шағын пәтерлік шағын үйлер мен клуб үйлерін салу. Пәтерлердің бір бөлігінде компанияның қызметкерлері мен серіктестері тұрса, ал екінші бөлігі сатуға арналады деп болжануда. Бағалы кадрлар төмен бағамен үй алып, кейіннен құрылысқа инвестиция салу мүмкіндігіне ие болады. Олар пәтерлерді қайта сата алады, ал бұл өз кезегінде тапқан ақшаны өсірудің тиімді тәсілі. Мені өзіне тарта білген екінші сала – тағамдық қоспалар мен фармацевтика. Менің «Marine Health Group» атты компаниям биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) дистрибуциялаумен айналысады. Тағамдық қоспалар мен фармацевтика саласы – әлемдік әлеуеті бар, өте ауқымды және қызықты нарық. «Marine Health Group»-тың сауда айналымы бірнеше миллион доллардан асып жығылады, бұл тауардың маңыздылығын дәлелдейді. Адамдардың барлығы денінің саулығын қалайды, ал биологиялық белсенді қоспалар денсаулыққа тікелей әсер етеді. Біз азық-түлік қоспаларын өндіретін кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. Азық-түлік қоспаларын өндіруге кедергі келтіретін факторлар жоқ, себебі сату байланысы жолға қойылған. Мұндай өндірісті 2021 жылдың соңына іске қосуды жоспарлап отырмыз.

ДәуренДәурен
5 жыл бұрын 2411
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11