АТЕИСТТІҢ МҰСЫЛМАНДЫҒЫ
АТЕИСТТІҢ МҰСЫЛМАНДЫҒЫ

⠀⠀Бір Адамның баласындай қазақ-француз боп бір үйде тұрып жатқанымызға тура тоғыз ай соғыпты. Мәскеудегі магистратуралық біржылдығымның бояуына қанық түс беріп, реңін әдемірек етіскен ерен азамат - Оскар деген жігіт осы. Біз үшін Асқар. Өзі Францияның Бордо қаласынан. Париждіктерді мойындамайды. Эмоцияға жұрдай, ілімге бай. Мен екі езуім екі құлағыма жетіп күліп жатсам, бұл ернін екі миллиметрге ғана созып, салқын сараңдығына салады. Күлкіден бір мәрте болсын дыбыс шығарғаны есімде жоқ. ⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀Осындағы жұртпен құрған сағат-сағат тоғыз айлық сұхбаттарымның ұштарын байлап, бір жіптің бойымен созып көрсем, ішіндегі ең сапалы кендірсіз минуттары Асекеңмен өткен екен. Құдай өзі пенделеріндегі кемшіліктерді қасындағыларына қарап жамап алсын дей ме, әйтеуір мендегі жөні түзу қасиет мұның мұқтаждығына жараса, Асқардың асыл тұстарын менің болмысым ауадай қажетсініп тұрады. Егер аспандағы арасы алты секундтық метеориттердің қанша жақындасса да, жанаспастан бір-бірімен еш соқтығыспай, тек Құдайдың ғана салып берген дәл бағытымен ұшатынын ескерсек, мына жігіттің мен түскен жатақханаға ат басын байлап, жолының қай-қайдағы Кубалық Сальвадормен емес, Тараздық Айдармен түйіскені әжептеуір құбылыс болса керек. Танысқан сағатта-ақ білгенім - бұл Құдайға сенбейтін болып шықты. Бірақ құранды французшадан оқиды. Пайғамбары - Ницше, бірақ Мұхаммедтің(с.ғ.с.) өмірбаянын медресе тауысқан талапты тәліптен көп біледі. Діні-дәлелді ғылым екен. Мынаны естіген кезде, әлі есімде: ''еее'' деп қалғам, көсе иегімді асықпай сипап. Кейін бақсам, жүрісі мен тұрысының бәрі нағыз сүннетпен сомдалғандай көрінді. Сүннет дегенде қалай: хадис ілімін жақсылап зерттеп, пайдалы тұстарының барлығын күнделікті қарекеттеріне қолданып жүр да. Сөйтсем, мұның пайымынша, пайғамбардан ақылды адам болмаған. Қалай жүріп, қалай сөйлеп, қалай ұйықтау керек? - жауаптары хадистерінде әлдеқашан жазылып қойған. Сол ақылдылығына бола ерушілері көп болған. Дегенмен, Құдай бар, және оның арнайы жұртқа жіберген елшісіне әфисиәлнә иман етпеймін,-дейді. Тек тарихи қайталанбас генилігіне ғана сәжде етем деп, кішкене жібітіңкіреп келтірді, мұсылманды ренжітпейін деді мее, мүмкін. ''Ееее...''- деп, баяғысынша иегімді тағы бір сипадым.⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀Сөйтіп жүргенде бір ай бойы ауыз бекітті. Қызық, ә. Қатып қалған атеистің онысы нес?-дерсіз. Қарашада, дей тұрғанмен. Ол көршімнің ойынша, бастысы пайғамбар (с.ғ.с.) жасаған ритуал орындалса болды, пайдасы бар. Демек, әрбір ақылы бар адам амал етуге ұмытылуы тиіс екен. Сол ыждахаттылықтың ырқымен таңғы жетілерде тұрып, сәресін қамдайды да, тыңқиып алып қылуетіне кіріп кетеді. Сағат тілі кешкі тура тоғызға тірелгенде ғана керіліп бөлмесінен шығады. Күні бойы ас үйге аяқ баспай, қылуетінде қамалып ап оқыған кітабын жеңін түріп тұрып айтып беруге кіріседі. Солай қарашаны жиырма кітаппен тауысты. Универге жөнді де бармады. Кейінірек үйіп тапсыра салды-ау, шамасы. Айтайын дегенім жылына бір мәрте осылай ауыз бекітіп тұруды қаперінен тастамайды.⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀Қазір тайм-менеджментін хадистердің негізінде туралап жүр. Қайтеді? Былай: Күн батысымен тамақтанып алып, төрт-бес сағат тынығады. Түннің алғашқы екі бөлігін ұйқымен өткізіп, үшіншісінде үй жұмысын жасауға тұрады. Күн құланиектей көтерілісімен (сағат 11:00-де) тас төбеден асқанша бір-екі сағат тағы мызғып алады. Егер бұл уақытты ұйқыға игере алмай қалса, бесін намазының кірер кезінен бастап 40 минут көз іледі. Намаздың уақыттарын осы үшін аздап меңгеріп алған. Неге қырық қана минут, сен түнде төрт-бес сағаттай-ақ демалдың емес пе?-десең, ''Мұхаммед(с.ғ.с) деген ақылман бұл уақытта ''одан артық ұйықтағанның миға зияны шаш етектен'' екендігін ескерткен,-деп шала мұсылмандығыңнан бір қояды. Сосын, алдындағы иегіңді сипаған қолыңмен басыңды қасып қаласың. Одан бөлек қырғын хадистері бар тұрақты ғадетіне айналдырып жүрген. Тізіп жаза беруге болады, оны оқып, қызығып жатқан кім бар, бірақ. Өз басым, сенімін жақтырмасам да, сәулелі сөзін, сосын көпке ұқсамайтын өзін қатты жаратып келдім. Мұсылман болса, мықты мұсылман болар ма ед? ⠀⠀⠀⠀ ⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀Бүгін Асқарды көрмегеніе екі күн болды. Туған жеріне қайтып кеткен. Естеринизде ме? Бала кезімізде үйге алыстан жақын туыстарымыз, я достарымыз келіп, бірнеше күн бойы бала көңілмен ұзақ ойнап, ал ойынның қызығына батқанда көңілді құлазытып, қайта үйлеріне қайтып кетуші еді ғой. Сол сәтте ішіңдегі көңілдің кеңістігі қаңырап қалатын. Бірге ойнаған ойыншықтар шашылған бойы қозғалыссыз қалады. Олар жоқ. Ал, сен басың салбырап, жалғыз өзіің біртүрлі күйде қалған-құтқан ойыншықтарды жинастырып жүресің үйде. Сол сияқты, кешеден бері көршімді үйден көрмедім. Бөлмесі тып-тыныш. Өзі жоқ. Құлазып отырмын. Жалпы жаман екен жатақханада жалғыз қалу деген. Ертерек еліме жетіп алсам жарар еді.

Айдар Мырзабек

ДәуренДәурен
7 жыл бұрын 3921
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11