Бүгінгі күннің қаһармандары: Ешқашан ешкімнен қарыз алмаған адам
Бүгінгі күннің қаһармандары: Ешқашан ешкімнен қарыз алмаған адам

Бүгінде ел ішінен банкке қарызы жоқ адам табу қиын. Дегенмен ондайлар да жоқ емес екен. Мысалы, Бәйдібек ауданындағы Қазата ауылында тұратын Фариза Мақұлбекқызы өмірінде банк түгілі адам баласынан бір тиын да қарыз алып көрмегенін айтады. 

«Үш ұл, үш қызды дүниеге әкелген көпбалалы анамын, – дейді ол кісі. – Жасым – 64-те, зейнеткермін. Мамандығым – мұғалім. Жолдасым Аманбек екеуміз ауылдағы мектепте талай шәкіртке білім нәрін сыйладық. Ата-енеміздің тірлігін жалғап, мал ұстадық, бақша ектік. Еңбек етуден жалықпадық. 

Жұбайым да шаруаға әбден бейімделген жан. Екеуміз аз ұйықтап, көп жұмыс істедік. Тұрақты жұмысымыз да бар. Үйімізге айлық кіріп тұрды. Қажетімізді сатып алып, артылған ақшаны жинайтынбыз. Сөйтіп біраз қаржының басы құралған соң ірілі-ұсақты мал алып қоятынбыз. 

Жастайымнан отбасымыздың кіріс-шығысын есептеуді ұнататынмын. Анамнан  үйрен­генім ғой. Ол кісі кіріс және шығыс есебін жүргізетін дәптер арнайтын. Үйге керектінің барлығы дәптерге жазылады. Тіпті өзінің төркініндегі жиендерге деп аталған малдың неше басқа дейін көбейгенін де жазып қоюды ұмытпайтын. 

Келін болып түскен соң мен де солай ететін болдым. Қаржыны қайда, қалай жұмсағанымды, той-жиын, тағы басқаларға апарған, өз тойымызға келген ақшаны түртіп қоямын. Бұл заманда тек есеппен жүру қажет. Онсыз болмайды. Соған көзіміз әбден жетті ғой. 

Бірінен кейін бірі өсіп келе жатқан ұл-қыздарымның ертеңі жолдасым екеумізді қатты алаңдатты. Отағасы: «Қандай жағдай болса да ешкімнен қарыз алма. Қорадағы жылқыларды да сатушы болма», – дейтін. Кейін өзі төсек тартып, ауырып қалды. Сонда да мал жинауды, оларды күтіп, баптауды қадағалап отырды.  

Міне, осылай есеп жүргізудің арқасында ұл-қыздарымыз жоғары білім алды, қызметке орналасты. Алты баланы оқытып, үйлі-жайлы еттік. Той бергенде несиеге жолаған жоқпыз. Жылдар бойғы жиған төрт түлігіміз өз қызықшылығымызға жұмсалды. Ұлдарымды үйлендіріп, екі қызды ұзаттым. Келіндерімді де қолдан алдым. Мұның барлығына бірде-бір банкті ортақтастырып, кредитті араластырмадық. Олар бақытымызды еселемейді, қайта есті алады. Еселеп шығындандырады. 

Бір басында бес-алты кредиті бар көрші-қолаң, туыстарды көріп жүрміз. Бір айлығын қайда жеткізерін білмей, қу басын тауға да, тасқа да соғып амалдары таусылуда. Тіпті кейбіреулері несие алмаса тұра алмайды. Бұл деген нағыз дерт қой. 

Бүгінде жастар да жасы 24-ке толысымен кредитке «бірдеңе» алғысы келіп тұратыны бар. «Каспий голд» дей ме, несиелік карта дей ме, әйтеуір «Айфонды», «норка тонды», әдемі киімді және басқа да қажеттіліктерді қарызға алып, борышкер болып жүргені. 

Дегенмен тапқан қаржысын қалай жұмсарын әркім өзі біледі ғой. Бірақ өмірдегі тәжірибеме сүйеніп, ешбір қазақ несиеге жоламаса екен деймін. 

Тапқаныңды ұқсатып жаратқанға ештеңе жетпейді. Мал алып қойсаң, ет, ағарған болады, бақша ексең – көкөніс, жеміс-жидегің болады. Азығың үйден шығып тұрса береке емес пе?» 

Фариза апа осылай дейді. Ал бүгінде ел ішінде қарызды қарызбен жауып, банктерді бір-бірімен «құда» қылмаған қазақ кемде-кем. Перзентін оқуға түсіру үшін де, той жасау үшін де, жер алу, үй соғу, тұрмыстық техникалар алу үшін де несиеге жүгінеді. Сауда жасау, жұмысқа тұру деген де банктен кредит алу арқылы бітіп жатқаны тағы бар. Пайызының жоғарылығына қарамай, тегін алғандай қуанып, пәленбай миллионды санап аламыз. Сөйтеміз де үш-бес жыл бойы оны үлкен үстемесімен қоса төлеп, жүйке жұқартамыз. 

Ал Фариза апаның айтқан кеңес­теріне құлақ түріп, бұйырған несі­бемізді ұқсата білсек несібеміз ортаймақ емес-ау. 

Дана МЕДЕУОВА, Zamana.kz  

ДәуренДәурен
6 жыл бұрын 2403
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11