Dalagram қазаққа құрылған қақпан ба?
Dalagram қазаққа құрылған қақпан ба?

Қазақстандық «QazITHolding» ЖШС-і бүткіл әлем пайдаланып отырған facebook секілді мессенджерлерді тәрк етіп, оны алмастыратын әлеуметтік желі дайындап жатыр. Тұсаукесерін тамыз айында өткізу жоспарлаған желі жобасы Dalagram деп аталады. Dalagram-ның бағдарламасын және мессенджердің смартфондар мен басқа да құрылғылар үшін қажет қосымшаларын жазуға кеткен қазіргі шығын миллион доллардан асып кеткен. Кейбір мәліметте бұл цифр нақтыланып, Dalagram-ға кеткен шығын 1,8 млн доллар екені айтылады. Dalagram-ның келешегі бар ма, жобаға салынған қаржының қайтарымы бола ма?

Жоба авторларын мазалап, тынышын алып отырған бұл сұраққа жауап табу қиын емес. Жоба идеясындағы өрескел қателікті айтпас бұрын Dalagram-ды дайындап жатқан компанияның жай-күйіне аз-маз назар салған жөн.

Веб-порталдар жасау үшін құрылған «QazITHolding» ЖШС-нің құрылтайшысы екеу. Сауда-аренда бизнесімен шұғылданатын Айжан Абекова - ЖШС директоры, оның компанияда теңжара үлесі бар. ІТ жобаға жұмсалған қаржының түгелге жуығы сол кісінің қалтасынан шыққан.

Екінші құрылтайшы – былайғы жұртқа өзін ІТ маманы есебінде таныстырып жүрген Мұқаметқали Ұлықпанұлы (суретте). Бизнес жобаның сипатына қарап, Dalagram идеясын ойлап тапқан, «осы жобаны жүзеге асырсақ, миллионер болып, байлыққа батып қаламыз» деген бастамашы М.Ұлыққпанұлы екенін көреміз. Ол 3 жылдан астам уақыт Dalagram-ның компьютерік бағдарламасын жазуға мамандарды жұмылдырды және оларға жалақы төлеп, шаруаны басқарып отырды. Оның айтуынша, қазір Dalagram әлеуметтік желісі дайын. Күзге салым жобаның тұсаукесерін жасап, бірден іске кірісіп кетпек. Дегенмен, одан оңды нәтиже шыға қоймайды. Себебі Dalagram-ның бизнес жобалық негіздемесі жоқ.

«Dalagram-ды қанша адам пайдаланады?», «Үйреншікті әлеуметтік желіні тастай салып Dalagram-ға өтетін қолданушылардың саны қанша болады?», «Қазақтілділерге арналған ұлттық жоба» үшін ұлтшыл сезімге беріліп кететін қазақтардың саны қанша?» және т.б. сұрақтарға әзріге жауап жоқ. Себебі жоба авторлары әлеуметтанушыларға тапсырыс беріп, әлеуметтік сауалнама жүргізген емес. Сондықтан Dalagram-ды қаржыландырған құрылтайшы жобаға жұмсаған қаржының қайтарымы болатын-болмайтынын түсінбей дал болып жүр. Оның бизнестегі серіктесі – М.Ұлықпанұлы Dalagram-ның үкіметке қажет екенін, әйтеуір бір инвестор қызығушылық танытып, жобаны сатып алатынын айтып үміттендіріп қояды. Кейде ол өзінің Dalagram-ын Павел Дуров жасаған Telegram-мен салыстыра сөйлейді. Оның мұнысы бекер. Жобаға қаржы салған құрылтайшының үмітін туалай үзіп жіберетін бірнеше себеп бар.

Біріншіден, Ресей азаматы Павел Дуровтың менеджменті мықты. Ол Telegram-ды кемі орыстілді аудиторияға арнап жасады. Бұл аудиторияның ауқымы өте кең, орыстілді халық Ресейде ғана емес, бұрын Совет Одағына кірген мемлекеттерде олардың саны көп. Сонымен қатар, Ресейдің мемлекеттік идеологиясы «орыс әлеміне» негізделген, айналасына мәдени, ақпараттық және басқа да ықпал жасауды мақсат тұтқан. Қалай деп айтсақ та, П.Дуров және оның Telegram-ы РФ билігінің қолдауына ие. Ал қазақы Dalagram-ның келешегі жоқ. Таза қазақша әлеуметтік желіні пайдаланғысы келетін қазақтар санаулы, қазақтілді қолданушылардың түгелге жуығы facebook секілді трансұлттық әлеуметтік желінің ағылшынша немесе орысша нұсқасын емін-еркін пайдаланып жүр. Олар сезімге беріліп, «Dalagram – ұлттық жоба екен» деп өздеріне ыңғайлы, үйреншікті болып қалған ортасынан кетпейді.

Екіншіден, әлеуметтік желілер мен басқа да мессенджерлер жобасы сөз бостандығына, пікір алуандығына, адамдардың бай әрі мол ақпаратпен қамтылуын қанағаттандыру идеясына бағындырылып жасалады. Ол либерализм мен демократияға, ашық қоғам қағидаларына арқа сүйейді. Бұл - ІТ саласындағы бизнес жобаның басты стратегиясы. Әрине, коммунистік Қытай, Солтүстік Корея сияқты тоталитарлық режимдегі елдер әлемнен оқшауланып, әлемдік интернет арқылы сырттан келетін ақпаратты шектеп, ел ішінде автономды мессенджерлер жасап алған. Қарап отырсақ, Dalagram идеясы да әлдебір елдің, әлдебір ұлттың оқшаулануына арналған ІТ жоба екені байқалады. Жоба авторы «Қазақстан да ерте ме, кеш пе Қытай немесе Солтүстік Кореяның жолына түседі» деп қате ойлап қалса керек-ті. Оған себеп те жоқ емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттен қаржыландырылған «Қазконтент» компаниясы қазақстандықтарды әлем халқы пайдаланып отырған youtube бейне-порталынан оқшаулау мақсатында KazTube мессенджерін жасаған. Оны «мазмұны ұлттық идеяға толы, алғашқы ұлттық бейне-портал» деп әбден жарнамалады. Әміршіл-әкімшіл әдіске салып мемлекеттік БАҚ-тың жасаған хабарларын, видеоларын, фильмдерін «ұлттық порталға» жүктеуге міндеттеді. Қаншама күштесе де, жұрт KazTube-ге қарамайтын болды. Мұның аяғы не болды? Жобаға салынған мол қаржы желге ұшты – KazTube-ні қазір ешкім пайдаланбайды. Осы жайтты Dalagram идеясының авторы Мұқаметқали Ұлықпанұлы білмейді емес, біледі. Тіпті, ол былтыр Нұр-Сұлтанға барып Ақпарат министрлігінің шенеуніктерімен кездесіп, Dalagram жобасын ұсынып, мәселені талқылап қайтқан. Ол Нұр-Сұлтан сапарынан оралған соң өзінің ІТ бизнестегі серіктесіне қандай үміт сыйлайтын сөз айтқанын білмейміз... Ал Қазақстанның әлемдік қауымдастықтан оқшауланбайтыны, либерализм мен демократия принциптеріне адал болып қала беретіні анық. Ең жоғары деңгейде қабылданған саяси шешім әзірге өзгере қоймайды. Сондықтан ақпарат және идеология саласына жауапты шенеуніктердің Dalagram секілді жобаны қолдай кетуі неғайбыл. Мұндай жағдайда Dalagram қоғамға қажетсіз болып қалған ІТ жобалардың күресініне барып қосылып, қоқыс ішінде шаң басып жатады.

Бұл мақала Dalagram жабасын іске алғысыз ету үшін, қандай да бір ІТ бизнестің тамырына балта шабу үшін жазылып отырған жоқ. Егер Dalagram азық-түлік немесе тұрмыстық тұтыну тауарларын шығаруды көздейтін бизнес жобаның атауы болғанда, онда кәсіпкерлердің шаруасына, бизнес жоспарына араласу адамгершілікке жат болар еді. Бұл бизнес жоба халықтың саяси және басқа да еркіндігіне қатысты мәселе болып тұр және Dalagram идеясы қазақ қоғамын Солтүстік Корея халқы сияқты ақпараттық қаратүнекке итермелейтін, адамзат құндылықтарына қауіп төндіретін пиғылдан туғаны айқын. Мұндай жобаны қолдамақ түгілі, оның құйтырқы әдіспен жүзеге асып кетуінің жолын кесу керек.

Берік Мыңжасар

serke.org

ДәуренДәурен
4 жыл бұрын 3083
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11