Бүгінгі таңда әлем жұртшылығы 16 жыл бойы бүкіл планетаның, 20 жыл бойы Американың ең бай адамы атанып, қазіргі кезде «Амазон» компаниясының негізін қалаушы, 108,9 миллиард доллары бар Джеффа Безостан кейін екінші бай адам атанып қалған Билл Гейтстің төңірегінде қызу айтыс бастап кетті. Мicrosoft жүйесінің негізін қалап, адамзат өміріне жаңа бағыт енгізген атақты миллиардер бар әлемге не үшін жақпай қалды? Оны жазғырған өте қатал пікірлердің тууына не себеп болды? «Комсомольская правда» газетінің екі беті әлем жұртшылығының оны қатал жазаға тарту керегін не үшін талап етіп отыр? Сол пікірлердің бір-екеуіне назар аударып көрейік.
«Мicrosoft-тың» негізін қалаушы қалайша «коронавирустық жауызға айналды», «Адамзатқа қастандық жасағаны үшін Билл Гейтсті соттау керек» (Италия парламентінің депутаты Сара Куниал), Австралияның Мельбурн қаласында көпшілік жаппай ереуілге шығып, «Билл Гейтсті тұтқындау керек!» деп талап қойса, Ақ үйдің 10 сәуірдегі сайтында Билл Гейтсті тұтқындауды талап еткен жарты миллионға жуық адамның қолы қойылған петиция жарияланды. Президент Дональд Трамп жағындағы Foх Nеws телеканалының әйгілі жүргізушісі Лора Ингрэм Билл Гейтстің адамзатқа жасап жатқан ауыр қылмысын айта келіп, «Әрбір америкалықтың әр қадамын цифрлық бақылау арқылы қалт жібермей қадағалап отыру глаболистердің ежелгі арманы болатын. Олар енді сол армандарына жетіп отыр» деп үзілді-кесілді пікір айтты. Олардың пікірінше, Билл Гейтс СОVID-19 вакцинасын адамдарға микрочип енгізу арқылы оларды құлға айналдыруды көздеп отыр. Құрама Штаттардағы вакцинацияға қарсы бір адам өзінің инстаграмында режиссер Тарантиноның «Убить Билла Гейтиса» деген блокбастер түсіретін кезі келді» деп жазып та үлгеріпті. Ал «Россия-24» каналы «Бесогон» бағдарламасының авторы, әйгілі кинорежиссер Никита Михалков бұл тақырыпқа екі бірдей хабар арнап, бүкіл Ресейді дүрліктіріп жіберді.
Билл Гейтске қойылып отырған басты кінә – коронавирусты лабораторияда ойлап табуды қаржыландырған, оған қарсы вакцинацияны да жасауға ең ірі фармацевтік орталыққа 50 млрд доллар қаржы құйып, сол вакцинацияны әртүрлі жолмен адамдарға егу арқылы жер бетіндегі адамдардың санын азайту, Африка, Азиядағы дамымаған кедей елдердің қыздары мен ұлдарына келешекте жатыр рагы мен ұлдардың белсіздік ауруына шалдығулары үшін (ВПЧ) вакцина егу арқылы оларды бала туу мүмкіндігінен айыруды мақсат етуді жалғастыруда. Оларды осындай тәсілмен емдеген Гана республикасындағы қыздардың көпшілігі қайтыс болып, қайтыс болмағандары бала туу қабілетінен айырылғаны туралы арнайы комиссия бірауыздан қорытынды шығарды. Билл Гейтс қорының белсене араласуымен Индияда ВПЧ-ға (вирус папилломы человека) қарсы вакцинацияны егу бағдарламасы енгізілді. Тәжірибеден 14 мың жасөспірім қыз өтті. Бірнеше қыз бірден көз жұмды, біразы белгісіз ауруға шалдықты. Бұл оқиға қоғамда үлкен дау-дамай туғызуда. Үнді парламенті арнайы тексеру жүргізгенде адам шошырлық фактілердің бетін ашты. Көптеген қыздарды топ-тобымен ата-аналарының келісімінсіз, тіпті қыздардың өздеріне айтпастан емдеуге кіріскен. Олардың орнына мектеп директорлары қол қойған болып шықты. Осы тәжірибеден соң фармакомпания вакцинацияны Үнді мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне ресми түрде енгізуді жоспарлап, сол арқылы қыруар қаржы табуды көздеп отыр екен (вакцина сату арқылы). Бірнеше қыздың өлімінен соң, үнді қоғамында үлкен наразылық туып, фармацевтік компанияның мол қаржыға кенелу жоспары уақытша кідіріп, енді олар айтқандарына көнетін тиісті адамдар мен шешуші топтарға арнайы сыйлық беру арқылы пайда табу көзін басқа кедей мемлекеттерден іздей бастады.
Олардың ұғымынша, кедей мемлекеттердің бірі Қазақстан болып шықты. Дамыған 30 елдің қатарына ендік деп мәз болып жүрсек, біз кедей мемлекет екенбіз. Кедей мемлекеттердің шенеуніктеріне азын-аулақ көк қағаздың ұшын көрсетсең, олар ұлтының ертеңіне пысқырып та қарамай, он екіде бір гүлі ашылмаған қарындастары мен қыздарын екпе егуге ойланбастан байлап бере салады екен. ВПЧ-ға қарсы қолданатын вакцинамыздың сапасымен ешкімнің шаруасы да болмайтын көрінеді. Африка елдері мен Индияда қолданған вакцинаның адам ағзасына өте зиянды, қыздарды бала көтеру қабілетінен айырып, ұлдарды белсіздікке шалдықтыратын кесірлі қасиеті бар екені дәлелденді.
Бүкіл дүние мұндай вакцинацияға қарсы бас көтеріп, наразылық акцияларын өткізіп, ондай адамдарды сотқа тарту керек деп шулап жатса, Қазақстан ғана жайбарақат. Жайбарақат жатса мейлі-ау, жас қыздарға вакцина салу компаниясының жұмысын әлі белсенділікпен, пәрменді түрде жүргізуде. Айтатын аргументтері: «12-13 жасар қыздарға қазір егу жұмысын жүргізбесек, 18 жастан асқан кезде жатыр рагына (рак матки) ұшырауы мүмкін» дейді. Жиырма жасқа толғанда қыз біткеннің бәрі жатыр ауруына шалдығатынын олар қайдан біліп отыр? Әулие ме, көріпкел ме, Нострадамус па, әлде бақсы-балгер ме? Он жыл емес, ертең немен ауыратынымызды білмейтін мынадай қауіп-қатердің арасында өмір сүріп жатқан жастарға «10 жылдан кейін жатыр рагімен ауырасың» деп, 10 жасар қызға алдын ала жан шошырлық қауіп айту, оларды күштеп емдеу қылмысқа пара-пар «емнің» түрі емес пе? Баяғыда, 1970 жылдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Отбасын жоспарлау» («Планирование семьи») деген бастама көтеріп, сол бастаманы сол кезде 22 миллион боп отырған Өзбекстан емес, 1,5 миллиард Қытай емес, 150 миллион Ресей емес, енді-енді 5,5 миллионға жеткен Қазақстан іліп әкетіп, ел ішінде денсаулық сақтау министрлігі кеңінен насихат жүргізіп, «ана денсаулығын сақтау үшін бала тууды шектеу» туралы жиналыс сайын айтып жатты. Сол кездегі денсаулық сақтау министрінің орынбасары (әйел адам, аты-жөні есімде жоқ) тым белсенділік танытып бара жатқан соң, мен оның бұл саясатын «ананың денсаулығын ойлау емес, ұлт болашағына саналы түрде балта шабу» деп, теледидардан сөйлеп едім. Екеуміздің дауымыз ушығып, ақырында сол кездегі «Алатау» телеарнасында бетпе-бет кездесу өткіздік. «Сіз жазушы адамсыз, медицинадан хабарыңыз жоқ. Ұлтқа қандай биологиялық қауіп төніп тұрғанын біз жақсы білеміз, аурудың алдын алмаса ол қауіпті» деп, біраз дау айтып еді. Хабар аяқталып, сыртқа шықсақ, «Алатау» ғана емес, «Қазақстан» телеканалының (ол кезде осы бір ғана канал) көптеген журналистері бізді қоршап алды. Министрдің орынбасарын талап жей жаздады. Бұл істен береке таппайтынын түсінсе керек, ол белсенділігін саябырсытып, ақыры үнсіз қалды. Арада 50 жылдай уақыт өткен соң, дәл соған ұқсас оқиға Қазақстанда қайталанып отыр. Бұрын «аналардың қамын ойласа», енді солардан туған жасөспірім қыздар мен немерелерінің, ұлы сөзде ұят жоқ – жатырын алдын ала емдеуге кірісіп кетті.
Бүкіл әлем қарсы шығып отырған Билл Гейтс пен дүниежүзілік фармацевтік компаниясының адамзат денсаулығын емес, оларды чиптендіру арқылы құлға айналдыру, бала тууды шектеу идеясын бүгінгі таңда ТМД елдері бойынша қызу қолдап отырған жалғыз-ақ мемлекет бар, ол – Қазақстан. «Кімде-кім балаларына вакцина егуге қарсылық білдірсе оларға жаза қолданылады, олардың балалары балабақшаға қабылданбайды, дәрігерлік көмек көрсетілмейді» деген мәжбүр ететін хабар кең тарап қалып еді, көпшіліктің наразылығынан соң ол біршама жұмсарған сияқты. Енді ондай қатал талап өзгеріп, «әркімнің қалауы бойынша» деген ұсыныс енгізіліп отыр.
Бүгінгі таңда өзі коронавирус жұқтырып алған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов (оның сауығып кетуін тілейміз) болса жастарға вакцина егуді міндеттелген түрде жалғастыру керек деп отыр. Бір таңғаларлығы – адамдардың тууын шектеу арқылы планета тұрғындарының санын азайтуды көздеген Мальтус теориясын бір кезде қызу қолдап, столбнякқа қарсы екпе жұмысын қолға алған Рокфеллер үлкен дау-дамайдан соң үнсіз қалып еді, енді оның эстафетасын қызу қолға алған Билл Гейтске қарсы әлем жұртшылығының дүрліге пікір айтып жатқаны жайлы жазған «Комсомольская правда» газетінің (10-17.06.2020) дәл осы санында «Сила привывки» деген мақала басылыпты. Онда сенат парламентінің қарауына «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» деген жаңа кодекстің ұсынылып жатқаны жайлы айтылыпты. Біріншіден, тақырыптың өзі тым жадау, маңдайға ұрғандай төте де анайы әрі балаң логика. «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі» деген қандай жаңылтпаш? «Тамақ ішу және тамақтану жүйесі» деген анекдотқа жақын тіркес. Міне, осы мақалада «вакцина егу елімізде міндетті категорияға жатқызылады» деп тайға таңба басқандай анық айтылыпты. Оның иін аздап жұмсартпақ болып республиканың бас санитары Айжан Есмағанбетова түсініктеме жазыпты. Ниетіне қарағанда, ол екпе жұмысын екпіндете түсуді көздеп отыр. Кімнің пайдасына? Кімдердің мүддесін қорғап отыр? Осы идеяны қызғыштай қорғаушылар шын мәнінде болашақ аналардың қамын ойлап отыр ма, әлде тендер арқылы ең арзанға сатып алынған вакциналарды «егіп бітіру» үшін бе? Қазіргі 11-12 жасар қыздардың 22-23 жасқа толып, ана болар шағындағы нәтиже оларға зиянды боп шығып жатса, оған кім жауап береді? Ол кезде кімді ұстаймыз, кімді жауапқа тартамыз? Әрине, ол кезде осы күнгі белсенділердің бірін таппайсың, бәрінің «кінәсі жоқ, суға сүңгіп шыққан үйректей» құп-құрғақ боп шығатыны бесенеден белгілі. «Жас қыздардың болашақта «жатыр рагы» ауруына шалдықпау үшін сіздерде екпе егу жүріп жатыр ма?» деп, Өзбекстандағы жазушы, журналист, режиссер достарымызға хабарласып көріп едік, олар бірауыздан «О не пәле? Ондайды естіген жоқпыз» деп күле жауап берді. Естуімізше, оларға да осындай «идея» ұсынылған екен, бірақ, олар «осы уаққа шейін қалай туып келдік, бұдан кейін де солай туа береміз» деп күліпті. Олар – 34 миллион, біз 12 миллион. Олар вакцинасыз-ақ 2030 жылы 40 миллионнан асып кетеміз бе деп «қорқыңқырап» отырса, қазақ вакцинасыз «туа алмайды» екен. Қазір екпе егуді екпіндетіп қолға алмаса, қыздарымыз болашақта түгелімен жатыр ауруына шалдығады екен. Екпе егуді екпінді қолға алушылар кімдер? Халқының шын жанашырлары ма, әлде ұлттық саналары балаң деңгейден әрі өсе алмай қалған рухани «мүгедек» жандар ма? Әлде ұлттық мүддені жеке бастың мүддесіне оп-оңай айырбастай салатын арзан адамдар ма? Әлде бүгінді ғана ойлап, ертеңді ойламайтын, ұлттық сезімдері әлі ұйқыдан оянбаған нағыз бойкүйез-бейғамдар ма?
Менің ұсынысым: жас қыздарға ВПЧ-ға қарсы вакцина егудің ерікті түрі де, еріксіз түрі де түбегейлі тоқтатылсын! Егер ол тоқталмаса, мұндай белсенділерді Билл Гейтстің адамзатқа жасап отырған жауыздық идеясын жасырын түрде қолдаушылар деп есептеуге шақырамын. Қыздарымызды бедеуліктен, ұл балаларды белсіздіктен арашалап қалайық! Үйімізде бәріне көніп отыра бермей, дүрлігіп жатқан дүниеге құлақ түрейік.
Дулат ИСАБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, «Құрмет» және ІІ дәрежелі «Халықтар достығы» ордендерінің иегері
Дереккөз: Жас Алаш
Мәлімет көзі: jasqazaq.kz