Германияның сыртқы сауда профициті саясаты
Германияның сыртқы сауда профициті саясаты

МЮНХЕН – Жаһандық макроэкономикалық теңгерімсіздік туралы пікірталастардың Германияның ағымдағы шотындағы профицит пен экономикалық саясаты маңында шоғырланып келеді. Неміс экономикалық моторының мықты жұмыс жасауы мен оның еуроаймақта өсімді қамтамасыз ет мен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаруына қарамастан, елдегі үлкен сыртқы профицитке қатысты сыни көзқарастар өсіп келеді. Economist жақында жазғандай, Германия «тым көп жинап, тым аз жұмсай отырып»,  «еркін сауда-саттықтың икемсіз қорғаушысына» айналғандай.

Германия не істеуі керек? Жауап шешім қабылдауда басшылыққа экономика немесе саясаттың алуына байланысты.

Қазіргі сын-ескертпе екі басты идеядан тұрады, және оның салдарынан осы айдың Гамбургтегі G20 саммитінде бір сарапшы «суық» деп атаған жағдай туындаған. Біріншіден, Германия өте көп экспорт жасап, елдің ішінде аз инвестиция сала отырып өз-өзіне зиян келтіруде. Екіншіден, Германия әлемнің қалған бөлігінен, әсіресе АҚШ тауарларына деген сұранысты шектеп отыр. Егер Германия ғаламдық шығыстарға көбірек үлес қосқанда, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан  әлемдік экономиканың қалпына келуі күшейе түсетін еді.

Бірақ, шындығында, Германия үшін өзгеше іс жасауға ешбір мықты экономикалық себеп жоқ. Егер Германияда бағытын өзгертуге себеп болса, бұл саяси себеп болар еді.

Аталған бірінші сыни пікір, яғни Германияның ішкі шығындары оның инвестициялық қажеттіліктеріне сәйкес келмейді дегені — бұл миф. Нашар салынған ғимараттар мен қираған көпірлер туралы мақалалар Германияның сараңдығы ақылын жеңіп кеткендіктің дәлелі ретінде көрсетіліп жатыр. Бірақ сандар басқаша сөйлейді. Мысалы, 2001 мен 2005 жылдар аралығында Германияның ағымдағы ағымдағы шотының профициті ЖІӨ-нің 2,4% -ын құрады, орташа ішкі инвестиция ЖІӨ-нің 20% -ы шамасында болды. 2016 жылы аяқталған бесжылдықта профицит ЖІӨ-нің 7,3% -ына дейін көтерілді, бірақ инвестиция әлі де 20% -ды құрады. (Германияның ішкі шығыны 90-шы жылдары айтарлықтай жоғары болды, бірақ бұл елдің қайта бірігуінің нәтижесінде болып, тұрақты емес еді).

Сыртқы сауда профицитінің арту себебі көрегендік болды. Германияда қаржы дағдарысы болу қаупі бар, себебі оның халқы қартайып және елдің жұмыс күші қысқарып жатыр. Мемлекет зейнетақы жарналарының төмендеуі және денсаулық сақтау шығындарының өсуіне дайындалуы керек. 2000-шы жылдардың басында мемлекеттік сектордың бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3% -ын құраса, бүгінде Германияда шағын профицит бар, бұл жеке зейнетақы жинақтарының өсуі сияқты өте орынды өзгеріс. Қазіргі уақытта қосымша жинақ ақшаны шетелде инвестициялау ақылды қадам болады, өйткені Германияда халықтың қартаюы ішкі тиімді инвестициялар әлеуетін шектейді, ал басқа нарықтар тез өсіп жатыр.

Екінші сын бойынша, яғни Германияның жаһандық сатып алудағы сараңдығы туралы мәселе бұдан күрделірек. Германия, еуроаймақ тауарларын және қызметтерін көбірек сатып алса, олардың экономикаларына көмектесе алады. Бірақ импорттың өсуі мен төмен профицит пайыздық мөлшерлемелер өсуіне апарады, ал бұл өте жоғары борышы бар елдер үшін өте жаман болады.

Қаржылық саясатта, ұлттық қауіпсіздіктегідей, әрбір ел үшін өз мүдделерін басқалардан жоғары қою қалыпты жағдай. Бірақ жаһандық қысым,  неміс канцлері Ангела Меркельді экономикалық емес, кем дегенде үш саяси себептермен іс бастауына апаруы мүмкін.

Біріншіден, Германия иммиграциядан бастап энергетикалық қауіпсіздікке дейін көптеген салаларда халықаралық ынтымақтастық жасауға қызығушылық танытады. Макроэкономикалық саясатқа қатысты жеңілдіктер жасау басқа салаларда ынтымақтастыққа әкелуі мүмкін. Меркель үшін АҚШ президенті Дональд Трамптың «Америка бірінші орында» стратегиясына ұқсас «Германия бірінші орында» тәсілі тиімді болмайды.

Екіншіден, борышкерлердің өздерінің несие берушілеріне сүйсіне қарауы өте сирек кездеседі. Германияның басқа елдерге қатысты кредиторлық позициясы саяси қақтығыстарға әкелуі мүмкін, себебі дебиторларда төлемдерді жасамау үшін ынталандырмалары жеткілікті.

Үшіншіден, Еуропалық одақтың экономикалық саясатты жеке мүшелерінің тұрақсыздандыруын алдын алу үшін құрылған Макроэкономикалық Теңгерімсіздіктер Процедурасына сәйкес ағымдағы есепке алу профициті ЖІӨ-нің 6% -нан асқан елдер түзетулер жасауы керек. Германия Еуропалық Одақтың ережелерін өзі елемесе, басқа елдерден ережелерді сақтауын күтпеуі керек.

Меркельдің әрекет етуге шешім қабылдауы әлі белгісіз, бірақ онда көптеген таңдау жолдары бар. Мысалы, Германия жалақыны көтеруді жылдамдату арқылы ішкі тұтынуды ынталандыруға тырысуы мүмкін. Бірақ, ең төменгі жалақыдан бөлек, үкімет басқа жалақылар мөлшерлемесін белгілемейді. Ең төменгі жалақыны көтеру жұмыс істейтін адамдардың табысын өсіруі мүмкін, бірақ бұл сондай-ақ жұмыссыздықты арттырады. Нәтижесінде жалпы тұтыну мөлшерлері төмендеуі мүмкін.

Әскери сатып алу мен инфрақұрылымда мемлекеттік шығыстарды арттыру тағы бір шешім болуы мүмкін, бірақ әскери сатып алу ұзақ мерзімді үдеріс, ал құрылыс индустриясы толығымен жұмыс істеп тұрған сәтте ивестициялардың көп болуы қиынға соғады. Жедел амортизацияны енгізу, ғылыми зерттеулер мен талдамаларға жәрдемдесу үшін салықтық несиелер, сондай-ақ шығындарды өтеуде тиімдірек шарттар жасау арқылы корпоративтік инвестицияларды арттыру оңайырақ болуы мүмкін. Шынында да, корпоративті салық реформасы арқылы отандық жеке инвестицияларды арттыру ең жақсы шешім болып табылады.

Алайда, ғаламдық макроэкономикалық теңгерімсіздіктерді шешу тұрғысынан осы жағдайға қарағанда, мұндай шаралар Германия сыншыларынан көңілінен шықпайды. Германия жаһандық ЖІӨ-нің 4,4% -ын құрайды. Осылайша, оның сыртқы сауда профицитін, тіпті ағымдағы ЖІӨ-нің 8,5% -ын құрайтын деңгейден 2,5 пайыздық тармаққа дейін төмендеуі әлемдік экономикаға минималды ғана әсер етуі мүмкін. Германияда ЖІӨ-нің 2,5%-на тең сұраныстың өсуі жаһандық сұранысты тек 0,1% -ға ғана көтереді. Әлем өзінің экономикалық қиындықтары үшін кінә тағып жүрген елсіз қалады. Басқа ештеңе өзгермейді.

 

Клеменс Фуест — IFo институтының президенті және Мюнхен университетіндегі экономика профессоры.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org

7kun.kz

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған

 

ДәуренДәурен
7 жыл бұрын 3911
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11