Кітапханалардың жабылу үрдісіне байланысты The Guardian өзінің редакциялық мақаласында олардың адамзат үшін маңызы артпаса кемімегені туралы айтады.
Қоғамдық кітапханалар қаншалық маңызды рөл атқаратыны ештеңемен салыстыруға келмейді. Кітапханаларды өркениеттің негізі деуге болады. Олар өлілер мен тірілердің әңгімелесуіне мүмкіндік жасайды. Осылайша мәдениет сақталады.
Біз кітапханалар арқылы бұрынғы авторлардың үнін ести аламыз, олардың жазбаларынан кейде өз қиындықтарымыз көрінеді. Сосын біз өлген соң кейінгілер біз қалдырған кітаптарды талқыға салады.
Әйтсе де, тарихтың басым бөлігінде кітапханалар жеке адамдардың иелігінде болып келді. Осылайша терең мағынадағы мәдениет кітабы жоқ немесе кітабы тым аз отбасылар жабық болды.
Жағдай Георгиан дәуірінің ең тамаша әлеуметтік жобаларының бірі – қоғамдық кітапханалардың арқасында өзгере бастады. Кедейлік немесе ата-ана талғамының төмендігі енді балалардың қызығушылығын тоқтата алмайтын еді. Енді әркім қалағанын оқи алатын болды. Бұл олардың құқығы еді.
Кейбір елдерде әлі сақталып отырған бұл көзқарастан Британияда бас тартып жатыр. Мемлекет қаржыландыруды азайтуына байланысты қоғамдық кітапханалар аяусыз қысымға ұшырады. Олар кітаптарынан, қызметкерлерінен және тұтас бөлімдерінен айырылып, жұмыс істеу уақыттары қысқарды. 400-ден аса кітапхана, 140 мобильді кітапхана жабылды. Себебі, жергілікті билікте оларды ұстап тұратын ақша жоқ, басымдық әлеуметтік мәселелерге және тұрғын үймен қамту проблемасына берілуі тиіс. Прагматикалық негіздеме осындай.
Интернеттің дамуы кітапханаларға қажеттілікті жойды деген де пікір айтылады. Бірақ, олай емес. Интернет керісінше, кітапханалар мен кітапханашылардың маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.
Онлайн-әлем төңірегіндегі мәселелер және билікпен монитор арқылы сөйлесу талабы сірә, миллиондаған адамға қиындық туғызып отыр. Ал кейбіреулер ол әлемді түсінеді, бірақ жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ. Тіпті, цифрлық саланы меңгерген немесе кітап сатып алуға ақшасы жеткілікті адамдардың өзі қауым мүшесі болып өмір сүруден көп нәрсе ұтады. Осының бәрі үшін кітапхана, ал кітапханаға кітапханашылар керек.
Жеке кітапханаларда қоғамға арналған білімнің бәрі бар, бірақ олар мұны баршаға емес, мүше боп қабылданған адамдарға ғана береді. Сауаттылық тек таңдаулы адамдарға арналған дейді. Біз тасқа басылған сөздің аясынан шықсақ та талапқа сай қызметкерлер еңбек ететін кітапханалар ғана бере алатын нәрселер бар. Ол басқа әлемге кіретін есік қана емес. Ол ақылдың тың саласын зерттеуге арналған нұсқаулық. Нил Гейман айтпақшы, Google сізге бір сұрақтың 100 000 жауабын беруі мүмкін, бірақ дұрыс жауапты кітапханашы бере алады.
Ирланд үкіметі елдегі 200 шамалы кітапхананың жұмыс істеу уақытын таңертеңгі 8.00-ден кешкі 10.00-ға дейін және апта бойы жұмыс істейтін етіп ұзартты. Ол кітапханаға келушілердің азаюын енді қайта өзгерту келмейтін үрдіс деп қабылдаудың орнына, бес жыл ішінде олардың санын екі есе көбейтуді мақсат етіп отыр. Ұлыбританиядағы көзқарас сияқты емес, бұл тамаша, көңіл қуантарлық жайт.
Бірақ, ирланд кітапханаларында қосымша жұмыс сағаттарында кітапханашылар болмайды. Кітапханалар ол уақыттарда онда жұмыс істеуді білетін адамдарға ғана ашық болады. Жоқтан гөрі жоғары болғанымен, бұл жағдай кітапханалардың жұртшылық үшін қаншалық құнды екенін әлі жете түсіне алмай отырғанымызды көрсетеді.
Кітапхананы ондағы каталогтардың мазмұны емес, кітапханашылар жасайды. Ендеше, оны жасайтын адамдар әшейін қоғамға пайдалы жандар емес, олар қоғамның нағыз қазынасы.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК