Жеке куәлікті қалай онлайн ауыстыруға болады? Маманнан нұсқау
Жеке куәлікті қалай онлайн ауыстыруға болады? Маманнан нұсқау

5 шілдеден бастап елде екі аптаға карантин шаралары күшейтіледі. Ол кейін ұзартылуы не қатаңдатылуы да мүмкін. Осы кезеңде жеке куәлік секілді маңызды құжатын ауыстырғысы келетіндер не істемек? Tengrinews.kz тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының Қоғаммен байланыс менеджері Жаңыл Әпетовадан сұрап білді.

Маманның айтуынша, қазақстанда 400-ден аса қызметті онлайн алуға болады екен. Мобильдік үкімет базасы арқылы 60 қызмет еговмобайл қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.

"Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы онлайн қолжетімді. 106 қызмет ХҚО арқылы көрсетіледі", - дейді ол.

Ал куәлікті онлайн алу үшін не істеу керек? Әпетованың айтуынша, ол үшін алдымен ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) кілт керек. ЭЦҚ болмаса, оны да онлайн ашуға болады. Одан бөлек, бір реттік SMS-хабарлама арқылы алуға мүмкіндік бар.

"Егер сізге ЭЦҚ алу керек болса, не болмаса порталға бірретік жасырынсөз арқылы кіру керек болса, сізден ұялы телефоныңыздың мобильді азаматтар базасында тіркелуі талап етіледі. Бұл базаға тіркелу өте оңай. Egov.kz порталына кіріп, оң жақ төменгі бұрыштан "Виртуал ассистентке" басасыз. Камера батырмасына басып, бейнетүсірілімге рұқсат беріңіз. Кейін байланысқа шыққан операторға жеке куәлігіңізді көрсетіңіз. ЖСН нөміріңізді, телефон нөміріңізді, телефонға келіп түскен бірреттік кодты хабарлаңыз", - дейді ол.

Менеджердің сөзінше, некені тіркеу, туу, өлім, ажырасу, бала асырап алу, әкелікті анықтау, аты-жөнін өзгерту сияқты көптеген қызметті онлайн алуға болады. Оның бәрі Egov.kz порталы арқылы жүзеге асады екен. Порталдың басты бетіндегі сол жақ бағаннан "Жеке тұлғалардың акт жазбаларын тексеру қызметінен" табуға болады. Маман сұрау салған қызмет бойынша жауап бір жұмыс күні ішінде дайын болатынын айтады.

Жаңыл Әпетованың айтуынша, бүгінде жеке куәлікті де онлайн алуға мүмкіндік бар.

"Жеке куәлікті онлайн ауыстырамын десеңіз де, ол жағдай қарастырылған. Ескі құжатты жаңасына ауыстыру үшін ХҚКО-ға барудың керегі жоқ. Оны "электронды үкімет" порталы арқылы ауыстыруға болады. Ол үшін 3,5х4,5 көлемдегі суретіңіз бен жеке қолтаңбаңызды скан нұсқасында өтінім жіберу қажет. Оны электрондық өтініммен бірге жіберу керек", - дейді маман.

Ал электрондық өтінімді egov.kz сайты арқылы жібересіз. Ол үшін "Азаматтық, миграция және иммиграция" бөліміне кіріп, "Паспорт, жеке куәлік алу" қызметін таңдайсыз. Кейін "Онлайн сұратым" батырмасын басасыз.

Әпетованың айтуынша, Қазақстанда онлайн алуға келмейтін құжаттар да бар. Оның ішінде көлік жүргізу куәлігін алу, оралман статусын алу немесе ұзарту, шетелдіктерге Қазақстанда тұруға куәлік беру, зейнақы тағайындау секілді қызмет түрлері бар. Мұндай қызметтерді алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек, дейді маман.

Оның сөзінше, карантин кезінде де ХҚКО жұмыс істей береді.

"Үкіметаралық комиссияның шешімі бойынша карантин кезінде де барлық  ХҚКО жұмыс істейді. Таңғы сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін. Алдын ала кезекті брондап, қызмет ала алады", - деді Жаңыл Әпетова.

Есет Тулеш

ДәуренДәурен
4 жыл бұрын 2561
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11