Мал шаруашылығының келешегі кооперацияда
Мал шаруашылығының келешегі кооперацияда

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне үлкен маңыз бере келе: «Аграрлық сая­сат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім­дерінің экспортын, тиісінше кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», деді.

Біздің жеріміз кең, аграрлы елміз. Қол­дағы бар мүм­кін­діктерді тиімді пай­дала­на білсек, экологиялық таза, сапа­лы, арзан ет, сүт өнім­дерін өндіріп, оны терең өң­деп, шетелге шығарып, елі­міз­­дің бюджетіне қыруар қар­жы түсі­руімізге болады. Бүгін­де елімізде 200 мың­нан ас­там ауылшаруашы­лық құ­ры­­лымы бар. Олар­дың 70 %-дан ас­тамы ұсақ шаруа қо­жа­лықтары. Жеке­ше­лен­діру кезінде тым ұсақталып кеткен шаруашылықтарға ғылым мен озық тәжірибе же­тістіктерін, жаңа ин­но­ва­циялық технологиялар­ды, қуат­­ты техникаларды пайдалану мүм­­кін емес. Нәтижесінде агро­өнер­кәсіп кешеніне инвестиция келмей, ауыл ша­руашылығы қарқынды даму жолы­на түсе алмай отыр. Бұл жағ­дай­дан шығудың жолы – ұсақ шаруа­шы­­лық­тарды біріктіру. Ал бірігудің ең тиімді жолы – кооперация. Бұл деге­н­і­міз – шаруалардың одағы. Коо­пе­ра­­тив шаруа қожалықтарының бір­қатар жұмыстарын өз мойнына алып, шаруаларға қызмет етеді, сол қыз­мет­терінің ғана тиіс­ті ақысын алады. Елбасы­мыз Н.Назар­баев­­тың мал шаруа­шылығын қарқынды дамытып, таяу жылдары шетелге мыңдаған тонна ет экспорттау туралы тапсырмасын орын­дауды, соңғы кездегі мал етін пай­д­аланудың өсу қарқыны ірі қара мал шаруашылығын дамытуды бірін­ші кезекке шығарып отыр. Бү­гін­де елімізде 14 мыңнан астам шаруа қо­­жа­­лығы «Сыбаға» бағдарламасы ар­қы­лы ет өндірумен айналысады. Етті мал өсірумен айналысатын 550 асыл тұ­қым­ды шаруа қожалығы бар. 2010-2016 жылдары шетелден 74 мың бас ірі мал әкелінді, оның 56 мы­ңы немесе 76 %-ы ет бағытындағы мал­дар. Сырттан әкелінген малдың 26- %-ы АҚШ-тан, 22%-ы Ресейден, 20%-ы Аустралиядан, 19%-ы Еуропа ел­дерінен, 13%-ы Канададан алынды. Сатып алынған малдардың 95 %-ын «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ еншілес компаниялары арқылы қар­жы­ландырылды. Бұдан басқа елі­мізде жыл сайын 75000 аналық бас бір өңірден екінші өңірге сатылады. Алай­да, миллиардтаған қаржы жұмсап шетелден мал әкелінгеніне қарамастан, түліктердің өсу қарқыны төмен. 2010-2017 жылдары елімізде ірі қара мал саны небәрі 4,1% ғана өсіп, 2017 жылы 6,3 млн басты құрады. Экспортталып жат­қан ірі қара мал еті де көп емес. Не себеп­ті мал басы мен оның өнімділігі өспейді деген заңды сұрақ туындайды? Осы бағыттағы негізгі жол­дардың бірі мал тұқымын асыл­дандыру мен оны өз төлі есебінен өсіру болып табы­ла­ды. Бұл республика бойынша мал­ды қолдан ұрықтандыру мәселесін жол­ға қоюды талап етеді. Әрбір елді мекенде, тауарлы-сүт фермаларын­да асыл тұқымды бұқалардың ұрығы­мен қам­тамасыз етілген, қолдан ұрық­тан­дыру пункттері жұмыс істеп, ауыл округтеріндегі барлық мал толық есепке алынып, сапалы ұрықтармен қолдан ұрықтанылуы керек. Еліміздегі ірі қара малдың басым көпшілігі жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында екенін, оларсыз бордақылау алаңдарын жуық арада мал басымен толтыра алмауымыз мүмкін екенін ескеріп, жекеменшік малдарды асылдандыруға барынша көңіл бөлінуі керек. Сонда бордақылау алаңдарына «гетерозис» принципі бо­йынша жоғары қосымша салмақ беретін мал тұқымдары келе бастайды. Мал шаруа­шылығы дамып, елімізде төрт түлік өнімдеріне деген сұранысын толы­ғы­мен қамтамасыз еткенге дейін, 60 % ірі қара басы шоғырланған жеке қосалқы шаруашылықтарға мемлекет тарапынан камқорлық (мал тұқымын асылдандыру, мал азығы­мен көмектесу, мал- дәрі­гер­лік жұмыс­тар, т.б.) көрсетілуі керек. Егер осы маңызды мәселелер іске асырылатын болса, елімізде 3-4 жыл көлемінде мал тұ­қымының сапасы түбегейлі жақса­рып, саны өсіп, өнімділігі артады.  Біз соңғы жылдары шетелден онда­ған мың асыл тұқымды мал сатып әкел­дік. Асыл тұқымды мал әкелінген ел­дерд­ің шөбі шүйгін, табиғаты жұмсақ екені белгілі. Ал біздегі жағдай мүлдем басқаша. Біз малдарды тек сабанмен, тіпті жемді мол беріп ұстай алмаймыз ғой. Мал азығы сапалы, құрамы құнарлы коректік заттардың түр-түріне бай болуы керек. Қажет болса малдың қанын алып, қандай қоректік заттың жетпейтінін тексеріп отыру қажет. Сонда ғана күніне әр сауын сиырдан 30-40 литр сүт, бордақыға қойылған малдардан 1,5-2 килоға дейін қосымша салмақ алуға болады. Бәрі азыққа бай­ла­ныс­ты. Ғылыми деректерге сүйенсек, жануар­ларға тәулігіне 1 кило жем-шөп­ті аз беру олардың өнімділігін кемінде 4-5 % төмендетеді екен. Ал елі­міз­де қажетті 20 млн тонна мал азы­ғын­ың 12 млн тоннасы ғана дайында­лады, яғни жетіспеушілік 8 млн тоннаны немесе 40 % -ды құрайды. Бұл мал шаруа­шылығында миллиардтаған тең­генің өнімі өндірілмейді деген сөз. Сол себепті егін шаруашылығын әртараптандырып, жүгері, арпа, сұлы, жоңышқа, рапс, соя сияқты егіс көлемдері мен олардың өнімділігін арт­тырып, құрамажем шығарудың көлемін 6-7 млн тоннаға дейін өсіруіміз керек. Бағалы жем-шөп дақылдарын өсіруді ынталандыру үшін егілген гектарға субсидия берілуі қажет. Мал азығы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Еуропада, жері құнарсыз Израильде қалай сауын сиырдан 40 литрге дейін сүт алады? Өйткені, олар құнарлы азықпен азықтандырады. Біз де осыған жетуіміз керек.  Өз төлі есебінен өсіруде мал шығы­­нын бол­дырмаудың маңызы ерек­ше. Алай­да түліктерді бағуда, әртүр­лі ауруларға қарсы емдеу-про­фи­лак­­ти­калық шараларды дер кезін­де жүр­гізу­де меншік иелері тара­пы­нан тиіс­ті зоотехникалық-мал­дәрі­герлік талап­тар сақталмайды. Мен­шік жеке болғандықтан олардың жауап­кер­шіліктері қатаң қаралмайды, мал шы­ғынына тиісті дәрежеде мән берілмейді. Нәтижесінде шетелден қымбат бағаға сатып әкелінген асыл тұқымды малдар өлім-жітімге ұшырауда. Асыл тұқым­ды малдың әрқайсысының құны 5000-7000 доллар екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы мал өлімінен орасан зор шығынға батып отырғанын байқай­мыз. Оны болдырмау үшін шаруалар мен фермерлерді зоотехникалық-малдәрі­гер­лік ғылымның негізіне оқытқан жөн.   Бүгінгі таңда ішкі нарықта ірі қара мал етін пайдалану көлемі 440 мың тоннаны құрап отыр. Еліміздегі халық санының және халқымыздың ірі қара мал етіне деген сұранысының өсуі ірі қара мал етін пайдалану көлемін таяудағы 3-4 жыл көлемінде 4-5 % өсіреді. Елбасымыз Н.А.Назарбаевтың ірі қара мал етін экспорттау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ішкі нарықта пайдаланатын етті қоса есептегенде елімізде 500-510 мың тонна ет өндірілуі тиіс. Бұл маңызды міндетті орындау бордақылау алаңдарына ет контингентінің көптеп келуін талап етеді. Ол өз кезегінде ірі қараның аналық басының тез арада көбеюіне байланыс­ты. Бүгінде елімізде ет бағытындағы асыл тұқымды шаруашылықтар саны 530 болса, олардың әрқайсысында орта есеппен 220-230 бас асыл тұқымды аналық мал бар. Бұл аз. Оны шешу жолдарының бірі аналық малды шетел­ден сатып алу. Шетелден мал сатып алушы ауылшаруашылық та­уар өндірушілердің жем-шөп базасы, тиісті мал қорасы, малдәрігерлік қыз­мет­керлері болуы керек. Оларға мемлекет тарапынан 7-8 жыл көлеміне арзан­датылған пайызбен берілген кре­дит­тердің пайыздық ставкасы субсидиялануға тиіс.  Шетелден мал сатып алу барысында өткен тәжірибеден қорытынды шығарған жөн. Атап айтқанда, малды сұрыптау, білімді, тәжірибелі мал дәрігерлері арқылы мал сатып алы­натын елдердегі эпизоотиялық жағ­дай­ларды алдын-ала, жан-жақты зерт­теу, әртүрлі жұқпалы аурулардан аман болуын қадағалау, сатып алына­тын малдың тиісті карантиндік мерзім­дерінің сақталуын қатаң бақылауға алу, малды алыс шетелдерден емес, шекара­лас немесе табиғи климат жағ­дай­лары ұқсас елдерден арзан бағаға сатып алу сынды шаралар назарда болуға тиіс. Етті мал шаруашылығында еңбек өнім­ділігін көтеру үшін шаруашылық­тарды ірілендіріп, атқарылатын жұ­мыс­тарды кооперация негізінде бөлісу, мамандандыру арқылы шешкен жөн. Бұл елімізде бұрыннан келе жатқан, сыннан өткен тәжірибе. Кеңес өкіметі кезінде ірі-ірі колхоз, совхоздар болды. Сол кездің өзінде әр облыста бірнеше арнайы мамандандырылған мал бордақылайтын шаруашылықтар болатын. Бұл шаруашылықтарда облыс көлеміндегі 150-180 килоға жеткен бұқашықтар, еркек қозылар мен кәрі саулықтар жинақталып, бордақыланып, жоғары кондицияға жеткізіліп ет комбинатына өткізілетін. Шаруашылықтардан қабылданған малды салмағы мен қоңына қарай мемлекеттік етке өткізу жоспарына жатқызып түбіртек-құжат жазып беретін. Етке өткізу жоспары бойынша жекеменшіктен жиналатын мал басы да осы шаруашылықтарға өткізіліп, ет жоспарын орындауға жатқызылатын. Мұндай шаруашылықтардың мал бордақылауға қажетті берік жем-шөп базасы болатын, мемлекет тарапынан мал бордақылауға құрамажем, барда, шелуха, жом сияқты мал азық­тары бірінші кезекте босатылатын. Қазіргі нарық заманында өмірдің өзі дәлел­деген мал бордақылаудың осы тәжі­рибесін толық пайдалануға болады.  Әрине, жеке қосалқы шаруашы­лық­тарда, отбасылық, шаруа қожа­лық­тары мен фермерлерде, мал бор­дақылаумен айналысуға болады. Бірақ онда еңбек өнімділігі төмендейтіні анық. Ал ірі маманданған шаруашылықтардың төңірегіндегі ірілі-ұсақты ондаған шаруа қожалықтарымен кооперация­лау арқылы келісімшарт негізінде еңбек бөлісуі еңбек өнімділігін еселеп көтереді, жаңа жұмыс орындарын ашады, жыл он екі ай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осындай коопе­ра­ция­­лық негізде мал басын өсіру мен бор­дақылаудың озат тәжірибесі Ақтөбе облысы Алға ауданындағы «Актеп» ЖШС-да жинақталған. «Актеп» ЖШС-ның 5 8959 гектар жері бар. Оның 11300 гектары егіндік жер болса, 46 000 гектары жайылым ретінде пайдаланылады. Серіктестікте 106 адам жұмыс істейді. Мал басын өсіру үшін «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 2000 бас ангус тұқымды сиыр АҚШ-тан әкелінген. Олар асыл тұқымды абердин-ангус бұқаларымен ұрықтандырылуда. Әрине, бұл аналық малдарды күтіп бағуға, төл алып өсіруге ерекше жағдайлар жасалынған.  Ал «Ірі қара малды күтіп бағу және өсіру» жобасы бойынша шаруа қожалықтары серіктестіктен асыл тұқымды аналық малдарды бағуға, төлдетіп өсіруге алып, алынған төлдің еркек бұқашықтарын серіктестіктің мал бордақылау алаңына қайтарып отырады. Шаруа қожалықтары келісімшарт негізінде асыл тұқымды аналық басты күтіп, баққаны үшін және бордақылау алаңына өткізген бұқашықтардың салмағы мен қоңдылығына сәйкес есеп айырысады. Мұндай байланыстар екі жаққа да тиімді. Ауылда жыл он екі айға жұмыс орындары ашы­лады. Шаруа қожалықтары қаржы жұм­самай-ақ асыл тұқымды аналық басты жалға алып, өсіргені, төл алға­ны үшін ай сайын аванс алып отырады. Алын­ған төлді «Актеп»-тің бордақы­лау ала­ңына өткізіп қосымша табыс табады.  Міне, осындай серіктестіктер әр облыста, аудандарда ұйымдасты­рыл­ғаны жөн. Бордақылау алаңдарын қой, жылқы малдарын бордақылау үшін ашу да күн тәртібінде тұр. Жыл са­йын қозы бөлу науқанында шаруалар еркек қозыларын өткізе алмай арзан баға­мен әркімге сатып әлек болуда. Ал еркек тоқтының еті Қытайда, Араб ел­де­рінде, Иранда, Еуропада диеталық өнім ре­тінде қазір үлкен сұранысқа ие. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлінсе шару­а­лар ұтқан болар еді. Ауыл шаруашылығын коопера­ция­лау туралы заңның қабылданғаны­на 2 жылдан асты. Кооперацияның заңдық база­сы жасақталды. Енді осы заң негі­зінде жергілікті жерлерде терең дәйектілікпен ойластырылған күнде­лікті жұмыстар атқарылуы тиіс. «Актеп» ЖШС жұмысы – етті мал шаруашылығын дамытудағы озат тәжірибе. Осындай маманданған мал бордақылау кешендерін әр облыста ұйымдастырса, бұл салада еңбек өнімділігі бірнеше есе өседі, өнімнің сапасы артады және бағасы да арзандайды. Ал кооперация туралы заңға қан­дай өзгерістер енгізу керек, оны тәжірибе көрсетеді.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, экономика ғылымдарының докторы

 

Ауылдарды сақтаудың амалы қайсы?

Ауыл халқы азайып барады. Неге? Ешкім­ге ештеңенің керегі жоқ болып кеткен бүгінгідей заманда ол жағын ойлап бас қатырып жатқан да бірде-бір жан жоқ. Бар айтатын уәждері – урбанизация. Бір есептен ол да дұрыс шығар. Қалаларға қарай жа­қындаса ауыл қазақтары да өркениетті өмір­ге араласады, өзгелермен бірге қазіргі за­ман­­ның игіліктеріне ортақтасады. Бірақ... 
Егер жұрт ауылдарды тастап, қаланы бетке алып жаппай жөңкіліп көше беретін болса, ұлан-байтақ жерімізге кім ие болады, қалалықтарды ауылшаруашылық өнімдерімен кім қамтамасыз етеді? Қазірдің өзінде жүздеген ауыл иесіз қалып, бұрын ығы-жығы халық тұрып, еңбек етіп, өмір сүрген елді мекендер бүгінгі күні құлазыған далаға айналды. Жазда еңбек демалысы кезінде ел жаққа барып, автомашинамен әрілі-берілі жүріп өткен кезде оны өз көзімізбен көріп те жүрміз. Кейде жалындап жанып жатқан дала өртін кездестіріп қалатын сәттер де болады. Ол отты сөндіріп жатқан бір жан жоқ. Өйткені қазіргі уақытта ауылдарда өрт сөндіретін техниканы былай қойғанда, қарапайым су таситын машиналардың өзі емге табылмайды. Сондықтан жаңағыдай өрттер екі-күш жанып, кейін өзінен өзі сөнетін көрінеді. Бәлкім, жауа қалса жаңбырдың да себі тиетін шығар. Ал баяғы кеңестік заманда далада сәл от тұтанды дегенше ауылдағы бас көтерер халықты тайлы-таяғына дейін қалдырмай жинап, өрт сөндіруге алып баратын. Қалың жұрт су тасығыш машина әкелген суды шелекпен тасып, енді біреулер ескі-құсқы киімдермен ұрғылап, әйтеуір әупірімдеп жүріп отты сөндіретін. Одан кейін де бықсып жатқан қоламта болса қайтадан тұтанып кетіп жүрмесін, мұқият қараңдар деп бір-екі адамды түні бо­йына кезекшілікке қалдырып кететін. Себебі ол уақыттарда дала дегенің жағалай шабындық. Оған от тиді дегенше қалың өскен шөп қаулап тұрып жанады. Оны сөндіру де оңайға түспейді. Ал шабындық жанып кетсе кеңшардың бүкіл малы қыста шөпсіз қалады. Шөп болмаудың аяғы – жұт. Сол себепті ол уақыттарда билік те, халық та ұлтарақтай жердің өзін отқа бермеуге тырысады. Ел үшін керек деп есептейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде ешкімге ештеңе керек емес.  Осындайда енді не істеу керек деген ертеден құлағамызға сіңісті болған жаттанды сауал алдымыздан шығады. Расымен де, ата-бабаларымыздан аманатқа қалған, бір кездері әке-шешелеріміз ел игілігі үшін еңбек етіп, өзіміз жасыл желегенің үстімен жалаңаяқ жүгірген жерлер қаңырап, мүлде иесіз қалмау үшін не істеу керек? Жыл сайын дерлік ондаған елді мекеннің жойылып кетіп жатқанына қармастан, әлі де туған жерлерін тастап кетуге қимай отырған немесе көшуге жағдайлары келмейтін адамдардың арқасында әупірімдеп болса да күндерін көріп отырған ауылдар бар. Ендігі міндет – соларды сақтап қалу. Ол тұрғыда атқарылуға тиіс жұмыстар да соншалықты қиын емес. Ол үшін ауылдықтардың көшуінің сыры неде деген сауалға жауап іздеу керек. Осы орайда ең алдымен ойға оралатыны – жұмыссыздық. Бұл проблеманы жаппай шешіп тас­таудың оңай еместігі де түсінікті. Өйткені өн­діріс жоқ жерде жұмыстың болмайтыны бел­гілі. Бірақ ауылдықтарды қинап отырған ең негізгі мәселе бұл емес. Аспандағы айды алып бер деп талап етпейтін ауылдықтар үшін бәрі­нен бұрын жол қатынасы, мектеп, емхана, сауда орындары мен пошта, телефон байланысы сияқты күнделікті тіршілік үшін қажетті дүниелер қиын түйінге айналып отыр. Егер ауырып-сырқаған кезде қаралатын дәрігері, балаларын оқытатын мектебі, азық-түлік сатып алатын дүкені, шаруа туа қалғанда аудан, облыс орталықтарына жеткізетін автобусы болса көп­теген жұрт жылы орындарын суытпай оты­ра беруге бақұл. Жұмыссыздық мәселесіне келсек, көптеген ағайындар бұл проблеманы мал өсірудің есебінен әлдеқашан-ақ шешіп алған. Азды-көпті малын алыпсатарларға сатып, одан түскен тиын-тебенге қант-шайы мен киім-кешегін алады. Өкініштісі сол, осының өзі тал­ғажау­дан артылмайтын тірлік, «шықпа жаным, шық­паның» кері болып тұр. Сол үшін, яғни ауыл­дағы ағайынның ауыртпалығын жеңілдету үшін бұл орайда да оларға аздаған қолдау керек. Ол – ауылдықтардың мал өнімдерін қабылдап алу мәселесін ойластыру. Бүгінде ауылда тұратын кез келген адамда мал мен құс бар, тіпті аздап болса да бау-бақша салып отырғандар да жоқ емес. Ал, мал бар жерде ет, сүт, май, қаймақ, одан қал­ды жұмыртқа бар. Ауыл тұрғындарының осы өнім­дерін қиналмастан өткізе алуына жағдай жасал­са, сонымен бірге олардың жол қатынасы, ем­хана мен мектеп мәселелерін шешіп берсе, жұрт­тың жұмыла көшуіне айтарлықтай тоқтау болары анық.  Келмеске кеткен кеңестік дәуірде ауылдарда осылардың бәрі де болды. Аурухана, мектеп, пошта, дүкендерің тоқтаусыз жұмыс істеді. Облыс немесе аудан орталығына барғың келсе автобусың дайын. Малыңды етке тапсырсаң, бір айдан кейін ақшасы жергілікті пошта бөлімшесіне келіп түсіп тұрады. Ал да жұмсай бер. Соңғы жылдары ауылдарда балабақшалар мен тұрмыстық қызмет көрсету үйлері де ашыла бастаған болатын. Сондықтан да ауыл тұрғындары, көптеген әйелдер мен қыздардың жұмыссыз болғанына қармастан, еш алаңсыз, тамақ тоқ, киім көк дегендей, жайбарақат өмір сүрді. Иә, жұмыссыздық белгілі бір дәрежеде ол заманда да болған. Айталық, оқымаған, белгілі бір мамандығы жоқ әйелдер жағы от басы, ошақ қасының маңайындағы шаруалармен шұғылданатын. Оның арасында әрине, бала-шағасын бағып-қағып, тәрбиелейтін. Ана үшін одан өткен нендей бақыт керек? Ауылдықтарға қайғы-мұңсыз сол күндерін қайтара алсақ, одан зорды олар да сұрамас еді...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

ДәуренДәурен
6 жыл бұрын 4460
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11