Мобильді болам десеңіз
Мобильді болам десеңіз

Cоңғы жылдары әйгілі Лос-Анджелес пен Үндістан астанасы Делиге дейінгі әлемдік деңгейдегі ірі мегаполистердің транспорттық инфрақұрылымы біртіндеп сыр бере бастады. Көлік проблемасын шешуі тиіс арнайы жүйелер дұрыс жұмыс істемейді: соның салдарында көптеген ірі қалалар күтпеген жерден оқыс жағдайларға тап болуда. Қытай астанасы Бейжіңде бүгінде тегін велопрокат кең тараған, қала жұрты авткөлікті қойып, велосипед мінгенді жөн көреді. Есесіне қажетсіз қалған бос көліктер жол бойында тізіліп, кептеліс атаулы тереңдей түскен. Сол сияқты, межелі жерге жедел жеткізуі тиіс, экологиялық тұрғыда таза әрі арзан деп танылған «электрлі самокаттар» бүгінде жол апаты оқиғаларының біразына себеп болуда: Париж, Сингапур сынды мегаполистерде оларды қолдану барысы қатаң реттеуге алынған.

Осылайша ірі қалаларда транспорт төңкерісі әрі қарай жалғасуда. Соған қарағанда, таяу келешекте қала жұрты қаласа да, қаламаса да, біртіндеп автокөліктен бас тартатын түрі бар. The Boston Consulting Group (BCG) жүргізген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, мегаполис тұрғындары өз уақытын мейлінше өнімді етіп өткізіп, барынша тәуелсіз деңгейде қалуға септік ететін транспорттық шешімдерге үміт артатын көрінеді. Бейжің, Бостон, Лондон, Мәскеу сынды ірі қалаларда жүргізілген сауалнама барысында сарапшылар транспорттық реформалар тиімді нәтиже беруі үшін құндылықтар факторына назар аудару керек деген тұжырым жасаған. Яғни, транспорттық шешімдер қала жұртының жеке құндылықтарына сәйкес келуі тиіс дейді сарапшылар.

Ресурстар үшін күрес

Әлем елдерінде урбанизация қарқыны құлаштап өсуде: БҰҰ болжамдары бойынша, қазірде халық саны 10 млн адамнан асатын мегаполистерде 2030 жылы 750 млн адам тұратын болады – бұл бүгінгімен салыстырғанда 35% жоғары көрсеткіш. Ал 1 млн тұрғыны бар қалаларда халық саны 2,3 млрд адамға жетуі мүмкін. Әлбетте, мұндай тығыздық транспорт инфрақұрылымына елеулі қысым түсіреді. Өз кезегінде, бұл әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, білім алу, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту сынды салалардағы қол жетімділік мәселесін тереңдете түспек.

Транспорт жүйесінің түйінді проблемаларын біржақты ету үшін мегаполис басшылықтары мейлінше икемді шешімдерді таңдауы тиіс. BCG пайымынша, бұл шешімдерді реттеу барысын мемлекет өз қолына алуы керек. Өйткені бақылаусыз қалған нарықта тасымал тізгінінің астан-кестені шығады. Бәсекелес компаниялар нарық ішінен үлес алуға ұмтылады, әрине, бұл тұтынушыға таңдау жасауға мүмкіндік береді, бірақ транспорт жүйесінің үзіліссіз әрі келісімді жұмысын толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті де болашақтың мінсіз қаласында транспорт атаулы бірыңғай орталықтан басқарылатын болады деп болжамдайды сарапшы қауым.

Көлік құралы

Соңғы жылдары автокөліктен бас тарту сәнге айнала бастады – қалың көпшілік бүгінде осындай көзқарасқа ден қойған. Дегенмен, BCG сауалнамасы көрсеткендей, автокөлікке деген сұраныс әлі де айтарлықтай жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 37%-ы дәл қазір жаңа көлік сатып алудан кет әрі емес. Респонденттердің тек 12%-ы ғана жеңіл көліктен біртіндеп бас тартуға әзір екендерін алға тартқан.

Бұл мәселені әрі қарай зерттеуге дес берген сарапшылар, басым көпшіліктің таңдауы қоғамдық транспорттан гөрі жеңіл автокөлікте деген тұжырым жасаған. Өйткені жеңіл көлік қала жұрты үшін еркіндік көрсеткішінің бірі: қоғамдық көлікте «жолаушының жеке кеңістік аумағына» қол сұғушылар жетіп асады. Ал респонденттердің бірқатары өз таңдауын транспорттың балама түрлері болмауымен түсіндірген. Сауалнамаға қатысқандардың тек ептеген бөлігі ғана (төрттен бірінен аз адам) жеңіл көлік айдағанда шын мәнінде ләззат алатындарын жасырмаған. Соған қарағанда, алдағы уақытта ірі қалаларда ыңғайлы транспорт жүйесі қалыптасып жатса, қала жұрты жеке көліктен бас тартуы ғажап емес деп ескертеді BCG сарапшылары.

Ескеретін жайт

Алдағы он жылдықта цифрлық технологиялар негізіндегі шешімдердің рөлі арта түседі, яғни транспорт қызмет көрсетуші сервистің біріне айналады. BCG мамандары, бұл қызметті бірыңғай орталықтан үйлестіру қажеттігі туындайды деп отыр, сонда оның тиімділік көрсеткіші де жоғары болмақ.

Қала ішіндегі транспорт жүйесі өз алдына бөлек тұтас экожүйе болып табылады. Бұл жүйе қалыпты жұмыс істеуі үшін нақты ережелер қолдану керек, яғни нарық ішінде қанша ойыншыға орын бар, олардың әрқайсысына жүктелетін жауапкершіліктер, тиімділік көрсеткіштері (сапардың орташа ұзақтығы, ауаға түсетін зиянды шығарылым көлемі, қауіпсіздік деңгейі), инфрақұрылымның даму бағыты – осы және өзге де сауалдарға қала басқарушы менеджменттің нақты жауабы болуы тиіс. Егер, әрине, олар өз мегаполисінде тұшымды тасымал жүйесін қалыптастыруға ниет етсе, дейді сарапшылар.

Ортақ мүдде

Тасымал барысында қала ішінде орын алуы ықтимал өзге де проблемалар мен сын-қатерге жол бермес үшін қандай іс-шара қолданған дұрыс? BCG сарапшылары қала әкімішіліктеріне алдын-ала стратегиялық жоспар құруға кеңес береді. Онда барлық азаматтар үшін қолжетімді транспорт түрін қолданысқа беру дегендей жаһандық мақсаттар мен нақты көрсеткіштерді ескеру қажет. Сол сияқты, қаражат тарту, заңға өзгерістер енгізу сынды өзге де өзекті мәселелерді ұмытпау керек.

Бизнес аясынан алып қарағанда, сарапшылар, кәсіпкерлер қауымына – қол астындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға инвестиция салуды ескертеді. Тасымал жүйесінің, транспорт саласының жұмысы жыл өткен сайын күрделеніп, қиындай түскен. Сондықтан да сала ішіндегі компаниялар өз қызметкерлерін ауқымды мәліметтер мен деректерді талдау, сценарийлік жоспарлар дайындау сынды бүгінгі күннің жаңа талаптары мен тәсілдерін игеруге үйретуі керек.

Транспорт инфрақұрылымы, ең алдымен, кәсіби менеджмент, бизнес және мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесіне тәуелді. Олай болса, болашақтың қаласында осы үш құрылымның өзара келісімді де мәмілелі қимыл-әрекеті өте маңызды. Тасымал жүйесінің жұмысын ойдағыдай ретке келтіріп, тиімді транспорт құрылымын қалыптастыру үшін қала халқының барлық топтарының мүддесі ескерілген берекелі жоспар, тың ұсыныс болуы тиіс, дейді BCG сарапшылары.

Дерек көзі: forbes.kz

Авторы: 

ДәуренДәурен
3 жыл бұрын 1511
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11