Оңтүстік Корея. Бұл ел сізге несімен ұнайды? (фото)
Оңтүстік Корея. Бұл ел сізге несімен ұнайды? (фото)

Оңтүстік Корея әлемдегі ең қызықты, қауіпсіз елдердің бірі. Бұл ел мәдениетімен, түрлі тағамдарымен, телебағдарламаларымен, музыка, сондай-ақ қызықты сериалдарымен танымал. Оңтүстік Кореяның дамып кеткені соншалық 1948 жылы ғана құрылған ел деп айту өте қиын. Тез қарқынмен дамыған ел туралы не білеміз? Бұл ел несімен қызық? Толығырақ төменнен оқыңыздар. 

Мен бұл елге қалай бардым?

Ақпан айында Пхенчханда 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары, ал наурыз айында Қысқы Паралимпиада ойындары өтті. Әріптесіміз екеуіміз қолымызға камерамыз бен диктофонымызды алып, Паралимпиада ойындарынан ақпарат таратуға Оңтүстік Кореяға аттандық. Жасыратыны жоқ, 4-5 күннің ішінде бұл елді жақсы көріп кеттік.

Сеул – үлкен мегаполис, нағыз болашақтың қаласы. Зәулім ғимараттар, ескі тарихи храмдар мен сарайлар, тарихи парктер, тағысын тағы. Мұнда тоқтаусыз жүріп жатқан өмір.

 

Корейлер (кәріс) ең сыпайы, тәрбиелі, нәзік халықтың бірі. Кореяда болған кез келген турист мұны жоққа шығара алмайды. Себебі олар кез келген жерде метроға, аялдамада, не болмаса дүкенде бірінің артынан бірі тізіліп кезекке тұрады.

Тіпті жолды кесіп өту үшін бағдаршамның жасыл түсі жанғанша да кезекке тұрып өтеді (біздегі сияқты топырлап, бірін-бірін итеріп автобусқа мінбейді).

Корейлер өте сүйкімді халық, олар өз бет-әлпеттеріне, шаштарына көп көңіл бөледі. Олар көшеге боянбай шықпайды.

 

 

Қызықты фактілер.

  • Ең қауіпсіз мемлекет. Кореяда қылмыс өте төмен. Жергілікті тұрғындар көліктерін кілттемей, уайымсыз қалдырып кете алады. Ауыр қылмыс (мысалы адам өлімі) жасалған жағдайда, апталап газет, интернет беттерінде, телеарналарда қылмыскер туралы тоқтаусыз ақпарат таратады.

 

 

  • Алыстан нашар көретін халық. Корейлердің 90% алыстан нашар көреді. Олар көзілдірік пен линзаны бала кездерінен киеді.

 

  • Тауға шығу. Корейлер тауға шыққанды ұнатады. Бұл олардың ең сүйікті хоббилерінің бірі.

 

  • Кофе. Бұл халық кофені жақсы көреді. Кореяда кофеханалар өте көп.

 

  • Корей халқы өте ұлтжанды.

  • Өте қарапайым халық. Олар туристерге ағылшын тілін білмесе де көмек көрсетуге дайын.

  • Пластикалық операция. Кореяда пластикалық операция жасату кең таралған. Онда әр бесінші әйел пластикалық операция жасатады. Сондай-ақ көп ата-аналар қыздары мектеп бітіргенде сыйлық ретінде пластикалық операция жасатуға ақша береді. Кейде балаларына мотивация беру үшін де ота жасатуға сертификаттар беретін көрінеді. Олар көбіне көз формаларын үлкейтеді.

  • Wi-Fi. Тегін интернетке кез келген жерде қосылуға болады. Автобус, метро, пойыз, кафелер, т.б.

  • Еңбекқор халық. Кәрістерде еңбек демалысы деген түсінік жоқ. Олар жылына тек 4-5 күнге ғана демалыс алады.

  • Отандық өнім. Кореяда отандық өнімге сұраныс өте жақсы. Дүкендерден шетелдік тауарларды кездестіру өте қиын.

 

 

 

 

  • Екі ұлттық мереке бар. Жаңа жыл мен күз фестивалі.

  • Корейлердің басым көпшілігі үйде ас әзірлемейді. Олар көбіне үйде отырып асханаларға тапсырыс беріп, жеткізіп беру қызметін пайдаланады.

 

 

  • Мұғалімдер сыйлы. Бұл елде білім ордаларының мұғалімдерін тек президент қана жұмыстан шығара алады. Мұнда мұғалім мамандар өте сыйлы және жалақылары жоғары.

 

  • Артық салмақты адамды кездестіру өте сирек. Корейлер дене сымбаты келіскен. Артық салмақты адам жоқ деуге де болады. Тіпті корей патрульді полицейлері өте жас, дене пішіндері келіскен жігіттерден құралған.

 

  • Өздерімен бірге үнемі қолшатыр алып жүреді. 
  • Кореяда кісіні атымен атамайды. Оларда кісіні өзіне қарату үшін айтылатын сөздер көп. Мысалы Хён, Оппа, Онни, Нуна, Аджосси, Аджумма, Агасси, Сонбэ, Хубэ, ёбо, т.б.

Метро

Сеул өте үлкен қала және әдемі жерлерін аралау үшін жаяу жүріп өту мүмкін емес. Ал жерастындағы транспорт жол-көлік кептесінен құтқарып қана қоймай, қажетті жерге тез әрі арзан жетуге мүмкіндік береді.

Метро Инчхон аэропортынан, яғни мүлде басқа қаладан жүреді. Сондықтан Инчхон аэропортынан Сеулдің орталығына оңай, арзан жетудің жолы – ол метро.

Метрода әр аялдаманы хабарлап отырады, ал вагонның есіктерінің үстінде қандай станциядан келгенін көрсетін отыратын интерактивті карта ілініп тұр.

Жолаушылар метро картасын метродан сатып ала алады.

Бір қиыны жерастына түсіп және мінерде эскалатор орнатылмаған. Қолында ауыр багажы бар жолаушылар үшін көтіріліп-түсу қиынға соғады.

 

Shopping

Корея шоппинг жасауға арналған тамаша жер. Онда өте үлкен сауда орындары мен түрлі тауарларды таңдап алуға ыңғайлы ауқымды базарлар көп. Бірақ көбінесе «шоппинг» арнайы сауда райондарында жасалады. Дәл сол райондарда қалаған затыңызды таң атқаннан кешке дейін таңдап ала аласыз.

Шопоголиктерді көбінесе Сеулдің Myeong-dong районынан кездестіруге болады. Бұл жерден қалаған затыңызды саудаласып жеңілдікпен алуға болады.

 

Dongdaemun – Сеулдегі танымал сауда орталықтарының әрі үлкен базарының бірі. Мұндағы заттардың бағасы басқа жермен салыстырғанда арзанырақ. Мұндағы сауда орталықтары түні бойы жұмыс істейді. Тіпті кей дүкендер кешке ашылады.

Қайдан тамақтануға болады?

Корея өте бай, дамыған мемлекет болғандықтан мұнда тағамға байланысты да ешқандай проблема болмауы керек. Кореяның барлық қаласының көшелері тез дайындалатын асханалар мен ресторандарға, кафе, кофехана мен фасфуд ресторандарға толы.

Кореяда азық-түлік бағасы біздің елмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Корей асханаларының көбінде келушілер үшін биік үстел қарастырылмаған. Көп асханаларда кіреберісте аяқ киімдерін шешіп, дылы еденге не алдын ала дайындалып қойылған көрпешеге жайғасады. Бір жақсысы әр үстелде арнайы газ плитасы қойылған. Қонақ тағамды өзі плитаға пісіріп жей алады.

Корейлер тамақтанғанды жақсы көреді. Асқа тапсырыс бергенде олар түрлі жеңіл тамақтар мен салаттармен дастарханды толтырып тастайды. Сондай-ақ, Кореяға барғанда міндетті түрде көше тағамдарынан да дәм тату керек. Олардың бағасы ресторандармен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі.

Егер кәрістердің ұлттық тағамдары ұнамаса, қаладан түрлі шетелдік ресторандардан тамақтануға болады. Мысалы, McDonalds, Starbucks, Taco Bell.

Сыйлыққа не алып келуге болады?

Шетел асып шыққан кез келген туристер сыйлыққа түрлі магниттер, сувенирлер алады. Ал Кореядан аталған заттардан басқа түрлі сыйлықтарға қол жеткізуге болады. Оның бірі – женьшень. Бұл ең ерекше әрі пайдалы сыйлық болары сөзсіз. Женьшеннің денсаулықты нығайтуға әсері мол. Женьшеннің өзі қымбатқа түсетін болса, оның қоспасы бар шәй не болмаса түрлі косметикалық заттар да алуға болады.

Косметика демекші?! Қазір корейлердің косметикасы брендте. Сондықтан сыйлыққа көптеп косметикалық заттар алсаңыз да досыңыз қуанып қалады. Тандемун, Инсадон, Мёндон базарларынан косметиканы қолжетімді бағаға көптеп алуға болады.

K-pop фанаттары үшін сүйікті әншілерінің үнтаспаларын да алуға болады.

Түрлі сапалы киімдерді де қолжетімді бағаға табуға болады.

 

Кореяға барыңыздар, бәрін өз көздеріңізбен көріңіздер, сезініңіздер! Бұл ел сіздерге ұнарына 100% кепілдік беремін! ^_^ 

baq.kz

Фото автордікі Гүлжан Раманқұлова

ДәуренДәурен
6 жыл бұрын 4836
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11