Өрт шыққан жағдайда қандай әрекеттер жасау керек?
Өрт шыққан жағдайда қандай әрекеттер жасау керек?

Пәтерде, тұрғын үйлерде өрт шыққан кезде қауіпсіздік әрекетін жасау міндет. Егер сақтанбасаңыз, соңы орны толмас қайғыға соқтыратыны сөзсіз. Осы орайда Алматы облысының ТЖД аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты А.Сауырбекова өрт шыққан жағдайда қандай әрекеттер жасау керектігін айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы облысы аумағында 2017 жылдың 9 айында тұрғындар секторында 935 өрт фактісі тіркеліп, нәтижесінде 88 млн. 266 мың теңге материалдық шығын келген. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 25 адамды күйік шалған.

Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда өрт санының 22%-ға өсіп, материалдық шығынның да 51%-ға көбейгенін көрсетеді. Өрттен болған өлім 3 есе көбейсе, адамдарды күйік шалуы да 36 %-ға артқан.

«Өрт азаматтардың қарапайым өртке қарсы ережелерді сақтамауынан болады. Оның негізгі себептері: отты абайсыз және ұқыпсыз қолдану, пештегі ақау, үтік, теледидардың қараусыз күйде электр желісіне қосулы қалуы, төсек-орында мас болып шылым шегу және балалар шалағайлығы болып саналады. Егер өрт шықса не істеу керек? Ең бастысы – үрей тудырмау қажет. Егер сабырмен және ақылмен әрекет етсең қауіп-қатердің алдын алу оңайырақ болады. Үрей – ол әрқашан тығырықтан шығудың жолын бөгейді. Өрт болған жағдайда дереу өрт қызметіне «101/112» хабарлаңыз. Өрт сөндірушілерді шақырғанда, өрт шыққан мекен-жайын, көше, үй нөмірін, қай қабатта болғанын нақты хабарлау керек. Пәтер, шатыр асты, жер төлесі, дәліз, қойма, ферма немесе басқа жер жанғанын ұғымды түсіндіру қажет. Өз телефон нөміріңізді айтып, кім қоңырау шалғанын айтыңыз. Егер Сіздің үйде телефон болмаса және Сіз үйден немесе пәтерден шыға алмасаңыз, терезені ашып «Өрт» деп айқай салып, өтіп бара жатқан адамдардың назарын аударуға тырысыңыз. Егер жану ошағы үлкен болмаса, анық және сенімді әрекетпен өртті сөндіруге болады. Есте сақтаңыз: үйден өртті сөндіруге мүмкіндік беретін құралдар табуға болады, ол - көрпе, қалың мата, шелек және басқа суға арналған сыйымды ыдыстар», - дейді маман.

Осы орайда құтқару қызметінің маманы өрт кезінде қандай жағдайда су шашуға болмайтынын да түсіндіріп айтты.

«Өрт кезінде терезені және есіктерді ашуға болмайды, себебі таза ауа өртті одан сайын өршіте түседі. Өрт пайда болған бөлмеде өтпе жел және ауаның енуіне неғұрлым жол бермеу керек, өйткені өрт қатты тарауы мүмкін. Электр желісіне қосылған электр құралдарын сумен сөндіруге болмайды. Алдымен жанып жатқан электр құралын электр желісінен ажыратып, содан кейін ғана су шашуға болады. Егер теледидар жанып жатса, суды оның артқы жағына шашу керек, әйтпесе қызып тұрған кинескоп жарылып, өзіңізді жарақаттауы мүмкін. Жақын маңнан су таппасаңыз, жанып жатқан нәрсені калың көрпемен жауып немесе құм топырақ сеуіп, өшіруге болады. Егер сіз өз күшіңізбен өртті жеңе алмасаңыз, сыртқа шыққаныңыз жөн. Сондай-ақ, өртену аймағынан балаларды, қарттарды және ауру адамдарды тез шығаруды бастаңыз», - деді А.Сауырбекова.

Сонымен қатар, ТЖД аға инженері газдың иісі шыққан жағдайда қандай әрекеттер жасау керек екеніне тоқталды.

«Үй-жайда газдың иісі қатты шығып тұрғаны қауіпті жағдай болып саналады. Жанып жатқан үйде газ желісі болса, тезірек газ шүмегін жауып, «104» авариялық газ қызметін шақыру керек. Газ иісі пайда болғанда бөлменің ауасын тазартып, ауа температурасын көтеретін немесе от ұшқындататын қимыл-әрекеттерден абай болыңыз. Тұрғын секторында өрт қауіпсіздік ережелерін сақталмауы, жалғыз Сіздің ғана өміріңізді емес, жақындарыңыздың және көршілеріңіздің өмірін қауіпке төндіреді. Өрт қауіпсіздік ережелерін ескермеу және өзгенің бейқамдығы үшін өмірін қиған адамдарға аянышпен қарауға болады», - дейді ол.

ДәуренДәурен
7 жыл бұрын 5032
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11