Діни конверсия Қазақстанда енді ғана көтеріліп, зерттеліп жүрген тақырыптардың бірі. Осы тақырып аясында дін социологы, Түркиядағы Мәрмара университетінің түлегі Қасқырбек Қалиевпен сұхбат жүргіздік.
Социологтың айтуынша Қазақстанда діни конверсия жасайтыңдардың басым көпшілігі әйел адамдар мен жастар. Қазақстанда діни конверсияны көбіне Кеңес үкіметінің отыршылдық саясатының нәтижесінде рухани мәдениетінен ажырап қалғандар мен 90 жылдардағы дағдарыста травма алғандар және олардың ұрпақтары жасайды. Сұхбат барысында Қазақстандағы дәстүрлі христиандық пен неохристиандықтың діни конверсия мәселесіндегі айырмашылықтары, діни конверсия жасаған адамның өтетін этаптары секілді өзге де сұрақтарға жауап алдық.
– Діни конверсияға анықтама беріп өтсеңіз. Діни конверсияның прозелитизмнен айырмашылығы қандай?
– Конверсия сөзі ағылшын тілінен аударғанда «conversion» ауысу, өзгеру деген мағынаны білдіреді. Діни конверсия дегеніміз ата-бабасының ұстанған дінін немесе сенімін басқа бір халықтың, басқа бір ұлттың дініне өз сенімін ауыстыруды айтамыз. Адам дінсіз болып кейін дінге келсе немесе дін ұстанып жүріп тастап кетсе де конверсия жасаған болып есептеледі.
Діни конверсия деп дінін ауыстырған адамды ғана айтамыз. Бізде көп жағдайда діни конверсияны прозелитизм терминімен шатастырып жатады.
Егер орыс ұлтының өкілі православ дінінен протестанттыққа немесе католицизмге өтетін болса ол прозелитизм болады. Яғни, Христиан дінінің ішінде ауысуы. Ал қазақ халқының негізгі ата-бабасының діні христиан діні болмағандықтан христиан дініне өткен жағдайда прозелитизм деп айта алмаймыз. Ол діни конверсия, яғни дін ауыстыру деп аталады.
– Қазақстандағы діни конверсия жасаудың себептері қандай?
– Діни конверсия зерттеулері негізі Америкадан бастау алады. Олардың зерттеулеріне қарасақ, діни конверсия деген өте қиын құбылыс. Діни конверсия жасауға себеп ретінде бір ғана факторды айта алмаймыз. Әр адамның тағдыры әртүрлі болғандықтан себептер де көп.
Ең негізгі себептерге ғана тоқталып өтетін болсақ, өз зерттеулерімде діни конверсия жасауға бірінші орында діни сауаттылықтың төмендігі. Өз ата-бабасының ұстанған діні бойынша, мысалы қазақтарда мұсылмандықтың төмен деңгейде болуы немесе отбасында ата-анасынан ешқандай діни білім ала алмаған жағдайда діни конверсияға бейім келеді. Бір сөзбен айтқанда адамда иммунитеттің болмауының салдары.
Екіншіден, отбасылардағы травмалық жағдайлар. Қазақстанда 90 жылдардағы кризистік кезеңдерде ата-аналар балаларына дұрыс қарай алмады. Социологияда «әлеуметтену» деген термин бар. Әлеуметтену ең бірінші отбасынан бастау алады. Адам отбасында дұрыс әлеуметтене алмаса, ол әлеуметтенуді сырттан іздей бастайды.
Сырттағы әлеуметтенуде «Бірігу шіркеуі» секілді т.б. жаңа діни ағымдар өздеріне тиімді пайдалануға тырысады. Ол жерлерде отбасы деген мәселе қозғалады, ата-ананың орнын толтырып, отбасыдан ала алмаған мейірім мен жылулықты сол жерде беруге тырысады. Сондай-ақ, отбасыдағы кикілжің, ажырасу факторларының да әсер ететіндігін қосып кете аламыз.
Тағы бір себеп елімізде көптеген этнос өкілдері өмір сүреді. Соған сәйкес, әртүрлі діни сенімдер бар. Яғни, діни плюрализм.
Мысалы, ешқандай шіркеу жоқ жерде адам христиан бола алмайды. Шіркеу бар ма, ендеше христиан болуына да мүмкіндік бар. Бір жерде бірнеше ұлт тұрғаннан кейін, адамдар бір-бірімен араласып, әлеуметтік қатынасқа түседі. Бірге жұмыс істейді, оқу оқиды немесе ғашық болып қалып үйленуі мүмкін. Сол кезде де діни конверсияның болуына үлкен әсер етеді.
Мысалы, бір қазақ қызының орысқа үйленіп православ болғандары да бар немесе кәріс ұлтына тұрмысқа шығып дінін ауыстырған жағдайлар да кездеседі. Керісінше де болуы мүмкін.
Мысал ретінде айтатын болсақ, жақында ғана белгілі әнші Беркуттың әйелі Аиша өзінің бір сұхбатында: «Беркутқа тұрмысқа шыққан кезде дінімді ауыстырдым, мұсылман дінін қабылдадым. Оған дейін шоқынған болатынмын, шын есімім Виктория еді. Мұсылмандық қабылдағаннан кейін атымды «Аиша» деп өзгерттім», – деген болатын.
Сондай-ақ, Қазақстандағы отаршылдық саясаттың нәтижесінде рухани тамырынан ажырап қалған адамдар діни конверсия жасап жатты. Яғни, діни конверсия мәселесінде отаршылдық саясаты, дін таратушылардың державалық елдерден келуі негізгі факторлардың бірі болып табылады.
– 1990 жылдардағы діни конверсия мен қазіргі таңдағы діни конверсияның айырмашылығы қандай?
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда діни сенім еркіндігі орнап, 90 жылдары әртүрлі діндер келе бастағанымен, діни жаңғыру болды деп айту қиын. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамда жаппай дағдарыс орын алды. Тек 1995 жылдан бері қарай жағдай тұрақталды.
Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда көптеген елдердің елшіліктері ашылып, сол арқылы миссионерлер келіп, шіркеулер ашыла бастады. Діни сенім еркіндігі де дін ауыстыруға мүмкіндік берді. 90 жылдары депрессия мен кризисте жүрген адамдарда діни конверсияға дайындық кезеңі болды. Осыдан кейін адамға оңалып, қаржылай көмек керек болды. «Рационалды таңдау» деген теория бар. Ол жерде адам дінді таңдаған кезде өзіне психологиялық, қаржылық тұрғыдан көмек беретін діндерді таңдайды.
Осыған қатысты өмірде болған бір оқиға айта кеткім келіп тұр. Өзім көзбен көрген танысым кризистік кезеңде далада қалып, қайыршы болып жүрген.
Өзін ешкімге керексіз сезініп, көшеде жатқан кезінде бір миссионер келіп «Сен құдайға, Исаға керексін» деп қолдау көрсетіп, киіндіріп, тамақтандырады, жағдайын түзейді. Сол кездері өмірден түңіліп, далада қалып кеткен адам, қазір бір шіркеудің басшысы болып отыр. Яғни, дін ауыстырған адамдардың барлығының өмірі нашарлап кетті деп айта алмаймыз. Яғни, дін ауыстыру арқылы өмірге құштарлығы ашылып, үміті оянып, аяққа тұрып кеткен адамдарды да кездестіреміз. Дегенмен саналары уланып, әртүрлі қиындықтарға тап болғандар да бар.
– Дін конверсия жасау мәселесінде Қазақстанда аймақтық ерекшеліктер бар ма?
– Патша үкіметі кезеңінен бастап қазақтарды христиандандыру, орыстандыру саясаты жүргені тарих беттерінен бәрімізге белгілі. Әсіресе, еліміздің солтүстік аймақтақтарында отаршылдық әсерінен шіркеулер көп салынды. Әрі, орыс ұлты өкілдері де тұрақты мекенжайларын осы аймаққа ауыстырған болатын. Сондықтан, солтүстікте діни конверсия жиі кездеседі. Ал оңтүстік аймақта шіркеулер аз болғандықтан, діни конверсия да сирек.
– Қазақстандағы діни конверсияның жас, гендерлік категориялары бойынша қандай ерекшеліктері бар?
Бұлар әлеуметтік зерттеудің негізгі шарттарының бірі. Негізінен менің бақылауым бойынша солтүстік аймақтағы интервью алған адамдар ішінде де, шіркеулерде де діни конверсия жасағандардың 60 пайызы әйел адамдар. Бұның негізгі себебі қазақ қыздарының христиан дінін ұстанушыларға тұрмысқа шығуы. Тағы бір себеп 90 жыдардағы дағдарыс кезінде ер адамдар араққа салынып кетті. Сол кезде қиыншылық пен жауапкершіліктің бәрі әйел адамдарға түсті. Әйел адамдар ішіп келген күйеулерінен таяқ жеу, ажырасу, базарға шығып отбасын асырау секілді т.б. қиыншылықтарды көрді. Осы жағдайлардың барлығы әйел адамдардың көбірек діни конверсия жасауына әсер етті.
Жас айырмашылығы бойынша үлкен жастағы кісілердің дін ауыстырғаның көрмедім. Себебі, оларда кеңестік кезеңдегі атеистік жүйенің әсері және дәстүрлі құндылықтарға берік болуы иммунитет бола алды. Діни конверсия жасаған адамдардың арасында жастар көптеп кездеседі.
Жалпы діндарлық тақырыбында да мешітке, жұмаға барып қарайтын болсақ үлкен кісілердің қатары аз, көбі жастар екендігін байқаймыз. Жас шамасымен айтатын болсақ діни конверсия жасағандардың көбісі 20-40 жас аралығындағы адамдар.
– Дәстүрлі христинадық пен неохристиандықтың діни конверсия бойынша айырмашылықтары бар ма?
Дәстүрлі христиан бағыты мен жаңа христиан шіркеулері арасында айырмашылық өте үлкен. Себебі, дәстүрлі діндердегі қазақтар орыстанған, орыстармен жақын болған қазақтар. Мысалы, православ дініне өткен қазақтардан интервью алған кезде барлығы орыс тілінде жауап берді. Қазақ тілінде ешқайсысы жауап бере алмады. Ал протестанттарға келетін болсақ ол жақтағы қазақтар көбіне қазақ тілді. Православияға кірген адамдар өздеріне сенімді, қаржылық жағдайы жақсы, сауатты, заңды да жақсы біледі. Жаңа христиандық ағымдардағы қазақтардың білім деңгейі төмендеу және қазақ тілді болып келеді.
Қазіргі таңда «Қазақ христиан шіркеулері» пайда болып келеді. Неге десеңіз, уағыздары, қасиетті кітаптары, газет-журналдары қазақ тілінде шығарылуда және олар қазақтың дәстүрін де қолдайды. Исустың дәстүрлі қазақи киім киген суреттері де бар деген секілді. Олар қазақилық пен христиандықты ұштастырғысы келеді. Христиан әлемінің қазаққа бөтен емес екендігін көрсету арқылы өздерінің қатарларын толтыруға тырысады.
– Діни конверсия жасаған адам қандай этаптардан өтеді?
Адам діни конверсияға бір күнде шешім қабылдамайды. Ғалымдар діни конверсияның көптеген этаптарын жасаған. Бірақ әр адам ондай этаптан өтуге міндетті емес. Діни конверсия жасауға бір адамға бір ай жетсе, біреуіне 1-2 жыл уақыт кетуі мүмкін. Бірінші этап ол – ойлану процесі болады. Адам ойланған кезде діни конверсияның қаншалықты жылдам болуы сол дін өкілдерімен араласуына байланысты. Шіркеуге немесе мешітке неғұрлым көбірек барса, процесс те тезірек жүре бастайды. Дінді қабылдағаннан кейін адам эмоциялық күйден өтеді. Мысалы: «Исаны түсімде көрдім, маған аян келді, содан кейін христиан болуға шешім қабылдадым» деген секілді жағдайларды жиі кездестіреміз.
Егер психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, адам бір нәрсені көбірек ойлап немесе уайымдаса түсінде көреді деген теория бар.
Діни конверсия жасағаннан кейін адам өзгерістерге ұшырайды.
Мысалы, ұлтқа ғана тән белгілі бір әдеттер, дәстүрлер болады. Діни сенімін ауыстырғаннан кейін адам сол әдеттерінен біртіндеп арыла бастайды. Әлеуметтік зерттеулер барысында православия дініндегі орыстанған қазақтар ішінде ешқандай әдет қалмаған. Ал жаңа христиандық шіркеулердегі қазақтарда әлі де болса кейбір әдеттер сақталған. Тіпті кейбір шіркеулер исламнан енген дәстүрлерге, әдеттерге әдейі тыйым салмаған. Себебі, өздерінің мүшелерін жоғалтып алмау керек. Олар үшін бастысы Исаға сенгендігі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
dalanews.kz