Қастандық теориясы...
Қастандық теориясы...

Соңғы жылдары қазақ қоғамы бастан өткеріп жатқан әртүрлі келеңсіз оқиғаларға орай «Қастандық туралы» арнайы ілімге шетпұшпақтап көз жүгіртіп көрдік...

Әрбір адамда өзін қорғау инстинкті арқылы басқаларға күдікпен қарайтын, әлдебір әрекеттің өзіне қарсы бағытталғанын сезіне білетін әдеті болады. Бұндай әдеті шектен шығып жанына жолап кеткеннің бәрінен негізді, негізсіз күдіктенетін  адамды қазақтар  жалақор-пәлеқор деп атайды. Бұл мінез дами берсе ары қарай ауруға айналады. Мұны медицинада паранойя деп атайды. Бұл шизофренияның бір түрі. Паранойя ауруына шалдыққандар өзіне кездескен ауыртпалықтың немесе қиыншылықтың арғы иесін оңай ойлап тауып, тура соны  кінәлап, қандайбір болжамын  негіздемей, тікелей диагноз қояды.

Бұл ауру кез келген қоғамда жиі кездеседі. Жеке адамның талдау қабілеті топтың паранойясынан әлеқайда артық, нақтылы болатындықтан қауымдасқан топқа қарағанда әлдеқайда қуатты және көбірек кездеседі. Психологтар мұны жеке тұлғаның өз іс-әрекетіне тікелей жауапты болуымен байланысты деп түсіндіретін болса, ал әлеуметтік топтың ұжымдық жауапкершілікте болуымен, басқаша айтқанда, ешкімнің жауапты еместігімен түсіндіреді. Сонымен қатар, жалпы қоғамның паранойяға берілуі жеке адамға қарағанда әлдеқайда оңай, әрі өте  осал болады. Басқаша айтқанда, қайғы-қасіретті ұйымдастырушынының түп иесін табу қоғамда әлдеқайда сенімдірек, әрі жеңілірек  болады дейді.

Қоғамдық паранойя басқа ұлттарға, басқа діндегілерге, басқаша ойлайтындарға және қоғамның белгілі бір бөлігіне бағытталып, күдіктенген, қаралаған сипатта болады. Көбінесе күдіктіні табиғаттан тыс күшпен, сиқыршымен араласқан немесе құрту, бұзу-жою үшін әдейі жоспарлаған, арнайы қастандық деп тобырлық  түсінік қалыптастыруы оңай. Белгілі бір жеке адамды, немесе әлеуметтік топты  ұлтқа зиян келтіру мақсатында ұзақ уақыт бойы өте құпия түрде дайындалып, әрекет етіп келе жатқан жау туралы бұл дерексіз жеңіл идея «конспирация теориясы» (қастандық теориясы) деп те аталады.

Қастандық теорияларының көмегімен оқиғаны немесе оқиғалар тізбегін түсіндіруге арналған жорамалдар жиынтығы елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық тарихы үшін өте маңызды, оның артында әдетте ұлы державаның жасырын тобы тұрады.

Осы мағынада олар адамзат тарихындағы барлық маңызды оқиғалар шын мәнінде, көлеңкеден бастап, оқиғалардың барысын өздерінің мүдделеріне сәйкес және өз мүдделері үшін басқарған қуатты және арам пиғылды адамдар бақылауында болған деп тұжырымдайды. Осылайша, дәлелденген фактілерден гөрі, қастандық теориялары оқиғалардың ресми нұсқаларына балама түсіндірулер болып табылады.

Қазіргі уақытта қастандық теориялары қазіргі заманғы танымал фольклордың бір бөлігі, «қалалық аңыздар» болып саналады.

Адамзат тарихындағы оқиғалардың барысын түсіндіруге арналған жүздеген қастандық теориялары бар. Кейбір ең әйгілі Америкадағы егіз мұнараларға шабуыл жасау, адамның Айға қонуы, Джон Фицджеральд Кеннедиді өлтіру, көпұлтты ғаламдық бақылау сияқты нәрселерді түсіндіруге тырысатындар т.с.с

Қоғамның көңіл күйін ойыншыққа айналдырып «әлеуметтік қастандық теорияларын» ойлап тауып, оны ұйымдастыруға маманданған жеке адамдар мен топтар адамзат тарихында көп болған, болып та келе жатыр.

Тарихтағы ең көп жазылған қастандық теориясы еврей ұлтына қарсы бағытталған. Оның өте ежелгі тамыры бар. Орта ғасырларда Еуропада тарқаған оба ауруының ұйымдастырушылары еврейлер деген қастандық теориясы өте кең тараған. Еврейлер  алдымен обаны ойлап тауып, кейін оны қоғамға таратып, бүкіл еуропалықтарды жоюды жоспарлаған деген түрлі нұсқалар көп. Қазіргі заманда обаның түпкі қоздырғышы – вирус, таратушысы – егеуқұйрық, таралу себебі – Батыс пен Шығыс арасындағы сауда қатынасының кеңеюі екенін ғылым дәлелдеп отыр, бірақ орта ғасырларда барлығы еврейлердің қастандық теорияларына көзсіз сенген екен.

Бүгінгі адамдар мұндай жеңіл түсініктемеге сене қоймайтын деңгейге жетсе де, бірақ еврейлер әлі де қастандық жасай беретіні туралы параноиядан арылған жоқ. Мәселен, Николас Хаггердің айтуынша  (Николас Хаггер Синдикат. История мирового правительства) әлемді еврей қастандықтары басқарып отырған сияқты. Дүниежүзілік соғыстар, қақтығыстар, лаңкестік шабуылдар және экономикалық дағдарыстарды еврейлердің шағын тобы алдын ала жоспарлайды. Осындай жұмыстарды атқару арқылы дүниенің тағдырын қадағалап отырған арнайы топта жер шарының түкпір-түкпірін қамтитын бақылау желісі бар дейді.

Мұны дәлелдеу үшін Хаггер соңғы бір-екі ғасырдағы әлемде болып өткен ең ірі оқиғалардың фактлерін қолдана отырып, өте нанымды түрде түсіндіреді. Хаггердің жазбалары қызықты және адамды оңай сендіреді. Оны оқыған адам осылайша өзін біреудің жетегінде жүргенін, өзінің тағдырын мүлде бейтаныс біреулердің  басқарып жатқанын, тағдырының қаншалықты аянышты екенін біліп, еврейлерге деген  жиіркеніш сезімі туындайды.

Сонымен қатар біз жақсы білетін Карл Маркс қастандық теориясы туралы ең сенімді анықтама берушілерінің бірі болды. Адамзат баласының басына түскен қайғы-қасірет, бәле-жаланың иесі  Дәулет пен Мүлік, және дәулет пен мүлікті иеленуші байлар деген ой оның санасына жастайынан  сіңіп өскен екен.

К.Маркс осы қастандық теориясын дәлелдеу үшін өзінің тамаша ақыл-ойын пайдаланып өзінің «Капиталының» 27- тарауын қорытындылап бекіту үшін капиталистік қоғамға үлкен талдау жасайды. Ол  кездейсоқ жағдайды кеңінен тараған қасақана әрекет етіп көрсету,  қасіреттің қастандық екенін әшкерелеу үшін әртүрлі деректерді өте молынан жинап, жақсы пайдалана алған. Мысалы, сол кезде паровоздың пайда болуымен жол -тасымал ісіне түбегейлі өзгеріс жасалып, қоғамдық прогресі қарқын алғанымен, Маркс деректері бойынша апаттар мен өлім-жітім саны үрей туғызатын қарқынмен бірнеше есе өскен болып көрсетіледі.

Осылайша ол ең сорақы дәлелдерді әдейі жинаған. Бірақ дәлелдер де шындық. Станоктар мен құрал-жабдықтарды талқандайтын кейбір  есерсоқтарға қарсы іс-әрекеттер меншік иелері мен құқық қорғау органдарына тән, бірақ Маркс осы деректерге сүйеніп, статистика цифрларын шығарып көрсетііп, мұны жұмысшы табының буржуазияға қарсы жеккөрініші  артып, күрес жүргізуде деген жолмен көрсете білді.

Маркс капитализмнің ішкі механизмдерін тамаша зерттеді, бірақ ол оны тек капитализмді айыптау және оның жойылуы сөзсіз екенін дәлелдеу үшін пайдаланды.

Коммунизм тұсындғы идеологтар, әсіресе Кеңес Одағы, Қытай, Куба және Шығыс Германияда қастандық теорияларының жетекші авторлары мен уағыздаушылары болды. 1980 жылдары СПИД індеті басталғанда оған кінәлілер оңай табылды. Кейінірек белгілі болғандай ЖҚТБ алғаш рет американдық зертханада тексеріліп, жоғалғаны туралы аңыз құрастырып, оны Үндістанда, «Рипаблик» деп аталатын ағылшын тіліндегі шағын газетте амалдап жариялатады. Ақыры осы газетті цитата келтіруге пайдаланып, шындыққа айналдырдады. Мұны тағы бір белгілі шығыс неміс биологы «ғылыми түрде» растайды.

Сосын кеңестік қоғамтанушылар осының барлығын нақты дәлел ретінде қабылдап, американдықтар мен жалпы капиталистік қоғамның адамзатқа қауіп төндіретінін теориялық тұрғыдан дәлелдеп, оны капитализмнің табиғатымен түсіндіреді.

Әлемдегі екінші үлкен экономикасы бар Кеңес Одағының ыдырауымен кедейленген Ресей елі қалды. Оған кінәліні табу керек. Сол кездегі Ресейлік теледидарды көрсеңіз, (басты арнасы «Однако» атты аналитикалық бағдарлама, жүргізушісі Михаил Леонтьев) бұл бағдарламаның басты тақырыбы – Батыстың, оның ішінде американдықтардың Ресейді қалай құлатпақ болғаны.

Қоғамды паранойяға осылай итермелейді. Бірақ ол бағдарламаларда сонша ақымақ нәрселер айтылмайды. Біршама жақсы деректермен дәлелденген, тарихи мағыналы әңгімелер өрбиді. Бірақ түпкі нысанасы – американдықтар Ресейді құлатып, оның табиғи байлығын талан-таражға салуға дайындалып жатыр!

Николай Стариков деген Ресейдегі танымал сарапшы болды. Әрине, бүгінгі таңда орыс коммунизмін мақтауға болмайды, бірақ олардың Ресейді жоюға бағытталған қастандық теориясын жасап алғаны тыңдарманды сендіреді. «Ресей апатын кім қаржыландырып жатыр?» ( «Стариков Н. В.: Кто финансирует развал России? От декабристов до моджахедов») деген кітабында ол сұрақты тереңдете талдап, Орыс империясын теориялық тұрғыда шайқағандардың түп иесі  Добровольский, Герцен, Чернышевский, Чаадаевтар деп көрсетеді.

Сол кезде олардың еркін де демократиялық қоғамы бар Батыс Еуропамен  крепостнойлық дөрекі Ресейді салыстырып сынауы оларды Англия, Францияның шпионы болдырып шығарып келуіне дәлел етеді. «Азаматтық соғыста қызылдарға кім көмектесті?» (Стариков Н. В.: Ликвидация России. Кто помог красным победить в Гражданской войне?) деген еңбегінде Н. Стариков Қазан төңкерісін англо-америкалықтар басқарғанын куәландырады. Әрине, Ресейді жою үшін.

Н. Стариков өзінің «Гитлерді Сталинге шабуыл жасауға кім мәжбүрледі?» («Кто заставил Гитлера напасть на Сталина») кітабында одан бетер шамырқанып тұрып Гитлерді алғаш англиялықтар ойлап тауып, билікке жеткізіп, Ресейге қарсы 1941 жылы соғысқа айдап салғанын «дәлелдейді».

Әлдебіреу жынданып кетіп, параноид ауруына шалдығуы мүмкін. Бірақ бұл адам бүкіл бүтін Орыс қоғамын  паранойяға сәтті азғыра білді. Бұрыңғы қуат  күшінен айырылған орыс халқына бұл түсініктеме шынымен ұнап, бүкіл қоғам болып тісін қайрап «қорғануға» әзір тұрғаны қазірде нағыз қасірет.

Дәл осындай паранойядан жаһандық дағдарыстар, соғыстар мен апаттар басталады. Еврейлер туралы осындай әңгүдік теорияға қатты берілген немістер Гитлердің сөзіне сеніп, дүниені өртке ораған  болатын.

Халықаралық валюта қоры (Международный Валютный Фонд) мен Дүниежүзілік банк деген ұйымдар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүниежүзілік экономиканы тұрақтандыру және соғыстар мен дағдарыстардың алдын алу мақсатында құрылды. Бұл шара бүгінгі біртұтас әлемде экономикадағы әлдебір жерден пайда болатын оқыс кідіріс дағдарыстың тамыры болып, ақыры аймақтық және жаһандық дағдарыс соғысқа әкелуі де мүмкін болуынан алдын алуға  негізделген дана шешім деп көреді.

Бірақ, бұл халықаралық ұйымдар туралы  «бай елдер кедей елдерді тонау үшін құрғанын» және әлі де солай істей алатынын дәлелдейтін көптеген кітаптар жазылып, теориялар айтылуда.

Мұндай «жаңалықтар» қоғамдық санасы жоғары елдерге айтарлықтай әсер етпесе де, қастандық теориясына бейім қоғамдарда күдік туғыза бастайды. Азия, Латын Америкасы және Африкада осы қастандық теориясына негізделген саясатынының салдарынан өз елінің экономикасын жойып жіберген көптеген артта қалған елдер бар. Қастандық теориясымен толық қаруланған әлдебір Тарзан билік басына келгенде, оның  асқан сүйіспеншілікпен өз елін құтқарамын деген күдігінің салдарынан оның елі орны толмас зардап шегіп жатады. Артта қалған елдердің мемлекеттік саясаты саяси институттарға емес, көбінесе жеке адамдарға байланысты болғандықтан, қастандық теориясына табынған әлдебіреудің өз елін  жойып жіберетін мүмкіндігі толық болады.

«Дағдарысты қалай жасайды?» деген сенсациялық теориялар да пайда болды. Ол теория бойынша дағдарыс иесі Амерриканың Федералдық резервтік жерлері  болып табылады және олар дағдарысты әдейі ұйымдастырып, одан орасан зор пайда көреді дейді. Америкалықтар  20 центке 100 долларлық купюраларды басып шығару арқылы дүниенің байлығын  сатып алады. Басқаша айтқанда, американдықтар ештеңе істемейді, олар  жай ғана доллар басып шығарып, әлемді алдап-арбап, сатып алып тегін пайдаланады екен.

Джон Перкинстің экономикалық зардап шеккен адамның мойындауы туралы (Джон Перкинс «Исповедь экономического убийцы») параноидтық кітабы Ресейде танымал оқулыққа айналып, елді американдық қарызға батырған ұсқынсыз қастандықты әшкерелей отырып, бұл қастандық теориясы американдықтардың Венесуэла мен Панаманы қалай қиратқаны туралы оқиғаны жазады. Қастандық теорияларға қарағанда, бұл зұлымдықты бастап, жүзеге асыратын институттар, топтар, үкіметтер бар және күтпеген жерден санасы оянған бір адал адам бар шындықты ашқан сияқты.

Негізінде  бұл Панама Норьегадан, ал венесуэла Уго Чавестің саясатының салдары секілді еді. Бұл кітап, әрине, бұлжымас деректермен, сандармен, тарихи шындықтармен толықтай қаруланған. Осылайша қастандық теориялары жұртшылыққа жетеді. Бірақ мұның бәрін марксистік тәсілмен өте шебер араластырып, талантты сиқыршыдай шоу жасап, нанымды қорытынды келтіреді, әрі сондай қисынды болады екен.

Қастандық теориялар негізінен көбінесе саясатта қолданады. Мемлекеттік билікті сақтап қалу үшін кейбір билік өкілдері түрлі қастандық теорияларын насихаттайды, ал ұмыт қалған, еленбейтін, алшақ қалған саясаткерлер билікке келу үшін қастандық теориясын жасаушылар болып табылады. Мао, Ленин, Муссолини, Гитлер билікке тек қастандық теорияларының күшімен келді. Кедей елдердің бүгінгі басшылары өз халқына сәйкесетін  қастандық теорияларының күшімен бірінен соң бірі дерлік билікке келді және олар келесі жаңа теорияның күшімен билігін  жалғастыруда.

Билікке келгеннен кейін тағдырдың әзіліндей қауіп-қатер туралы қастандық теорияларын айта беретін де басшылардың өздері.

Адамзат қоғамы  әркез  басқару жүйесінің бөлігі бола бермейді, әсіресе  еркін қоғам дегеніміз  жақсы жоспарланған топ емес болғандықтан ол теорияға   бойсұна беруі де оңай болмайды.

Зұлымдық жасаушылар, жақсы адамдар, қастандық ойлаушылар, сатқындар, өз жайына жүретін қарапайым адамдар әрбір қоғамда болып жатады. Сонысымен де адамзат қоғамы бай.

Өлімді, апатты, бақытсыздықты және азапты үйлесімділік, жоспарлау, қасақана әрекет және зұлымдықтың көрінісі деп түсіндірсе, кез келген әлеуметтік немесе табиғи құбылысқа сыни көзқараспен қарамай, жеңіл-желпі түсініктер айтатын қастандық теориясы миға тез қонымды болады. Мұны байқаған теоретиктер қоғамды өз мақсаттарына пайдалану үшін осындай нәрселерді әдейі ойлап тауып отырады. Қарапайым сенсация жасау, өзін ақылды етіп көрсетудің түпкі  мақсаты бір.

Шынында да, 7 миллиард мүшесі бар бүгінгі жаһанданған және ашық әлемде қастандық теориялары нақтылы болуы екіталай. Бұл  қарапайым құрылымы бар ми, бейсаналы қоғамды пайдалану мақсатында ғана кеңінен қолданылатын қарапайым әдістеменің бір түрі. Қастандық теориялары адамзат қоғамымен дерлік қатар өмір сүрген болар, тіпті бүгінгі ғылыми әлемде де, оның астарындағы түсініктеме өте ақылды болса да, түпкі мақсат өзгеріссіз қалып келе жатыр...

Ал бүгінгі таңда онсыз да көп айтылып, жазылып жатқан короновирустың шығу тегі, оның жыл сайын мутацияға ұшырайтын жаңа түрлері туралы, немесе соңғы жылдары еліміз территориясында болған апаттар мен қақтығыстар жайлы «әртүрлі аңыздарды» қосып айтар болсақ, әңгімеміз өте ұзаққа созылып кететін түрі бар...

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

ДәуренДәурен
4 ай бұрын 492
0 пікір
Блог туралы
0
1144255 31 54 107 10