Қазақстанда отбасы жағдайы жөніндегі министрлік құру ұсынылды
Қазақстанда отбасы жағдайы жөніндегі министрлік құру ұсынылды

Қазіргі уақытта отбасы жағдайына қатысты мәселелермен айналысатын бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Коммуникация қызметі баспасөз орталығында өткен брифингте Бала құқықтары бойынша өкілетті және Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева елде балалар мен жастар мәселесін шешетін жеке мемлекеттік орган құруды ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

«Біздің мемлекетте отбасы, бала және жастар мәселесін кешенді түрде қарайтын министрлік немесе агентство болуы керек деп ойлаймын. Бізде қазір отбасы және гендерлік теңдік бойынша жұмыс істейтін комиссиядан басқа бірде бір мемлекеттік орган жоқ. Комиссия ұсынымдық сипатқа ғана ие. Бұл тақырыпқа арналған концепция бар, бірақ мемлекеттік саясатты қалыптастыратын, оны іске асыратын және басқаратын мемлекеттік орган жоқ», - дейді ол.

Сонымен қатар, балалар омбудсмені Білім министрлігі құрамында балаларды қорғау комитеті бар екенін, бірақ ол министр келісімінсіз ешқандай әрекет жасай алмайтынын айтады. Осыған байланысты мүдделер қақтығысы туындайды.

«Менің ойымша, комитет Білім министрлігінің құрамында болмауы керек. Мен бұл мәселені қаншама рет көтердім. Комитет негізгі мемлекеттік органдардан тәуелсіз болуы керек. Білім үдерісінде де көптеген мәселе бар, олар: сколиоз, көздің көру қабілетінің төмендеуі, дұрыс тамақтанбау, ауыр сөмке, талапқа сай емес мектеп құрылғылары және тағы басқалары. Министрлікке бағынышты болғандықтан, комитет бұл туралы жетер жеріне жеткізіп айта алмайды», - дейді З.Балиева.

Оның айтуынша, басқа мемлекеттік орган құрамында жастар ұйымымен айналысатын бөлім бар, бірақ ол жастардың жалпы мәселесімен айналыспайды.

«Балаға зорлық-зомбылық көрсетілгені, ит қауып алғаны, суға батып кеткені немесе өз-өзіне қол жұмсағаны туралы күнделікті естиміз. Кез келген әкім, шенеунің, басшылық балаларға қамқор болу мәселесіне көңіл аударуы керек», - дейді ол.

 

 

ДәуренДәурен
6 жыл бұрын 2691
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11