Қоғамға ҚХА қажет пе?
Қоғамға ҚХА қажет пе?

Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) саяси жүйенің толыққанды субъектісі. Оған мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеу және іске асыруға ықпал ететін консультативтік-кеңесші орган мәртебесі берілген. Ұйымды ұстауға қазынадан жыл сайын шамамен 2,9 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ассамблеяның Парламент Мәжілісінің депутаттығына 9 адамды ұсыну және сайлау құқы бар. Аты аталған ұйым өзіне жүктелген міндетті орындап отыр ма, әлде мульти ұлттық мәдени институт ретінде ғана тіркеліп тұр ма? Жалпы, қоғамға ҚХА қажет пе? Сарапшыларды сөйлетейік.

Расул Жұмалы, саясаттанушы: – Қазіргі қалпындағы Ассамблеяның қызметінен ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. 90-шы жылдары құрылған құрылым ұлтаралық келісім мәселелесінде белсенді болды деп айта алмаймын. Парламент әрекет етпеген кезде қандай да бір маңызды шешім қабылдау үдерісін ресмилендіру, Президенттің өкілеттігін ұзарту сияқты шараларды қолдау қажет болған уақытта Ассамблея алға шығатын. ҚХА билік пен билеуші партияның жоспарын жүзеге асырып отырды. Басқа, әсіресе, демократиялық елдерде мұндай құрылым жоқ. Шетелде ұлтаралық, қоғамдық келісім мәселесі парламент, оппозиция, саяси партия деңгейінде дәстүрлі тетікпен шешіледі. Ассамблеяның нақты әрекет етуге тырысқан кездері болды. Алайда, оның ешнәрсеге, ешқандай ықпалы болмады. Бар мүмкіндігі сол ма, бастамашылдығы жоқ па, әлде биліктің ұстанымы осындай болды ма, бұл жағы бізге беймәлім. Осы тұрғыдан алғанда ұйымды тарату туралы сөз қозғалып жатса, мәселені түсінуге болады. Басқа жағдайда құрылымның жұмыс сапасын жақсарту қажет. Ассамблеяны кейбір артықшылықтан айыру орынды болады. Мысалы, ұйымға 9 депутатты сайлау құқығының берілуі – негізгі Конституциялық принциптің бұзылуы болып табылады. Неге қандай да бір топ Парламентке сайлаусыз, тікелей кіреді? Қазақстан халқы ассамблеясы қажет пе, жоқ па екенін нақты айта алмаймын. Өйткені, Ассамблеяның құрамында түрлі диаспоралардың өкілдері, ел мен халық үшін алаңдайтын мемлекетшіл тұлғалар бар. Олардың тәжірибесін қолдануға болады.

Талғат Қалиев, саясаттанушы: – Ассамблея Қазақстанда тұратын көптеген этникалық топтарды біріктіру функциясын атқарып отыр. ҚХА үнемі қозғалыста болғандықтан, жаңғыруға ұмтылады. Менің ойымша, ұйым барлық жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап бере алады. ҚХА депутаттарын сайлауға келетін болсақ, бастапқыда бұл квота этникалық топтардың құқығын қамтамасыз ету үшін пайда болды. Осының салдарынан құқықтық коллизия қалыптасты. Яғни жеке азаматтарға сайлау және сайлану құқы 2 рет берілді. ЕҚЫҰ бақылаушылары осыған сын садағын тартты. Барлық этностық топтардың өкілдері еліміздің саяси өміріне белсенді араласып, партияларға қосылып, депутаттық мандат үшін тең дәрежеде күресетін болса, квоталау қағидатынан бас тарта аламыз деп ойлаймын. Бірақ, бұл конституциялық өзгерісті қажет етеді. Сайлау квотасын қоспағанда, ҚХА ешқандай саяси функцияны іске асырмайды. Ассамблея консультативтік-кеңесші орган құқығындағы қоғамдық бірлестік болып табылады. Сондықтан оны тарату қажеттілігін көріп тұрған жоқпын.

Дос Көшім, саясаттанушы: – Егер Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген міндет тұрғысынан қарайтын болсақ, онда дәл осы қоғамдық бірлестік қажет. ҚХА мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі ережелерін әзірлеп, оны тиімді құралдар арқылы жүзеге асыруға тиіс. Қоғаммен, халықпен белсенді жұмыс жүргізуі керек. Алайда бұл әдемі ұлттық киім киіп алып, этномәдени фестиваль мен жәрмеңке өткізу емес. Бұрын Ассамблеяның бірнеше жиналысына қатыстым. Сол кездегі барлық риторика Елбасының кезекті мерейтойына арналған. Ассамблеяның қазіргі қызметіне қарап отырып, оның қоғам үшін маңызы жоқ деп ойлаймын. Елде орын алған ұлтаралық қақтығыстарға ҚХА реакция білдірмеген кездер де болды. Шын мәнісінде, бұл ұйым этностық топтардың көңіл-күйіне мониторинг жүргізіп, ықтимал жанжалдардың алдын алуға атсалысып отыруға тиіс еді. ҚХА мүшелерінің сайлау додасына қатыспай, Парламентке депутат ұсынуы күмән туғызады. Мемлекет мүддесі үшін жұмыс істейтін болса ғана қоғамға ҚХА қажет. Басқаша болуы мүмкін емес.

Айбын Асқарұлы

inbusiness.kz

ДәуренДәурен
2 жыл бұрын 1505
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11