СҮЙМЕНАЙ АПА
СҮЙМЕНАЙ АПА

Сүйменай апамыз шүйкедей ғана кемпір болатын. Ол кісіні аппақ кимешексіз елестету қиын. Қашан көрсең, таяғына сүйеніп, кимешегі дағарадай боп, қыбырлап бір нәрсе істеп жүретін.

Күндердің күнінде Сүйменай апа аяқ астынан нашарлап, «күзетуге» көрші кемпірлер жиналады. Шүйкедей кемпір төсекте сандырақтып, есі бір кіріп, бір шыға бастағанда ағайындар «Ал, енді қамдарыңды жасай беріңдер...» деп, ұл-қыздары апамызды соңғы сапарға шығарып салудың дайындығына білек түріп кірісіп кетеді ғой. 

Ауылдың бір жігіті айтады: «Сүйменай апа әні-міне үзіледі» деген соң отын жарып, су тасып дегендей есіктің алдында абыр-сабыр басталып кетті. Отын мол болуы үшін үйдің артындағы үлкен қарағашты құлататын болдық. Көрші үйден ара алдырып, балтаны қайрап, енді жұмысқа кірісі бергенде ту сыртымыздан «Әй, не істеп жатсыңдар?..» деген ащы айқай естілді. Жалт қарасақ, аппақ кимешек киген Сүйменай апа. Қолында құмған... 

- Әй, не істеп жатсыңдар?

Бәріміз тірі әруақты көргендей шошып қалдық. 

- Мына ағашты құлатып, отын қылайын деп жатырмыз, апа... - дедік күмілжіп.
- Жындысыңдар ма? Сап-сау ағашта нелерің бар? Құлатсаңдар, анау баудың аяқ жағында құраған алма бар... Соны отын қылыңдар, - деді де дәретханаға өтіп кетті. 

«Жынды ма деймін... Сап-сау ағашты құлатып...» деп күбірлеп бара жатыр тағы...

Не істерімізді білмей состиып тұрмыз. «Міне-міне, кетіп қалады» деп, молда иманын үйіріп, замандастары аузына су тамызып отырған Сүйменай апамыз кең калошымен тырп-тырп басып, есіктің алдында жүр. «Апаларың өле ме, жоқ па? Не істейміз? Қарағашты құлата берейік пе?» деп, сол үйдің балаларынан сұраған ыңғайсыз ғой. Амал жоқ, біз де қыбырлап шаруамызды істей бердік.

Түнге қарай апамыз тағы да қиналып қалып, үйдегілер дүрлігіп кетті. Тіпті қыздар жағы дауыс салып жіберді. Одан қайтадан тыншып қалды. Бес-алты кемпір қалғып-мүлгіп күзетіп отыр. 

Сөйтсе соның алдында ғана тілі сөйлеуге келмей, талықсып кеткен Сүйменай апамыз түннің бір уағында оянып кетіпті де жан-жағында қалғып-мүлгіп отырған кемпірлерге қарап: 
- Әй, неғып отырсыңдар? Үйлерің қайтпайсыңдар ма? Үйлерің жоқ па, не? – депті жақтырмай...
Апамыздың бұл соңғы бой жазуы екен. Жарықтық таңға жуық үзіліп кетті.

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

ДәуренДәурен
8 жыл бұрын 3606
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11