14 мамырда өткен сайлаудан Ердоған 49,5, Кылычдароглу 44, 8, Синан Оган деген үшінші үміткер 5,2 пайызбен шықты. Үміткерлердің ешқайсысы 1-турда 50 пайыз ала алмағандықтан, науқан 2-кезеңге өтті. 2-турда Ердоғанның жеңетінін мамандар мен сарапшылар бірауыздан мойындап отыр. Елдегі экономикалық дағдарыс, инфляция, босқындар мәселесі, тоталитаризм деген секілді көптеген проблемарға қарамастан билік 1-турдан ұтымды шықты. Бұған Ақ партияның сайлау науқанына жақсы дайындықпен келгенінен бөлек, оппозицияның жіберген өрескел қателіктері де себеп болды дей аламыз.
1. Ең біріншіден біріккен оппозициядан құралған Алтылы одақ (Altılı masa) президенттік сайлауға үміткер ретінде өте сәтсіз таңдау жасады. Кемал Кылычдароглу 15 жылдан бері Ердоғаннан түрлі сайлауларда жеңіліп келе жатқан саясаткер, ел ішінде де аса беделі жоқ. Батыс медиясынан BBC оны "түрік Гандиі" деп атап аталған. Шын мәнінде Ганди қайда, Кемал қайда. Оларды салыстыру - ақымақтық. Кемал керемет істерімен көрінбеген тұлға, оның үстіне жасы да келіп қалған (75-те). Стамбул әкімі Экрем Имамоғлы не Анкара әкімі Мансур Яваш біріккен оппозициядан үміткер ретінде шыққанда сайлаудың нәтижесі әлдеқайда басқаша болуы мүмкін еді. Өйткені әлгі екеуінің ел арасында репутациясы әлдеқайда жоғары.
2. Алтылы одақ, оның ішінде Республикалық Партиясының (CHP) сайлауалды стратегиясы мен жоспары дұрыс болмады. Түркия халқының көпшілігі ұлтшыл, діндар және табиғаттарынан қызуғанды келетіні мәлім. Ал бұлар алды да ЛГБТ-ны қолдау, күрттер құрған Халықтық Демократиялық Партиясымен (HDP) ауыз жаласу деген секілді түсініксіз ынтымақтастықтарға барды. Аталмыш партия Түркияда және көптеген елдерде террористік ұйым ретінде танылған PKK-мен тығыз байланысты екені болжамданады, болжам былай тұрсын, оны өздері де жасырмайды. Міне осы әрекеттері ұлтшыл, діндарлау сайлаушыларды олардан алыстатты да, қарсыластарының қолтығына апарып тықты. Түркияда "Ұлтшылдарға қарсы әрекет жасап, сайлауды жеңу мүмкін емес" деген принцип бар, міне сол жұмыс істеп кетті.
3. Республика партиясына қатысты стереотиптер мен негативтер. Жалпы Республикалық партияның Түркияда тұрақты түрде 25 пайыздық сайлаушылары бар. Олар ауа-райы қалай болса да, жылдың әр мезгілінде соларға дауыс береді. Дегенмен Республикалық партия өткен ғасырда ұзақ жылдар бойы билікте отырып, әсіресе Түркияның консервативті бөлігінің көңілінде хиджабқа, дінге қарсы күресуші партия ретінде қалған. Ол оқиғалар әлі олардың естерінен шықпаған. Сондықтан Ердоған болсын, болмасын, Түркияның көпшілік бөлігін құрайтын осы бір консервативті қауым өліп қалса да оларға дауыс бермейді. Берсе тек MHP, IYI секілді ұлтшыл не Ақ Партия сынды ислами-консервативті партияға дауыстарын береді.
Ердоғанның 2-турда 55 пайыз айналасындағы дауыспен жеңуі күтілуде. Өйткені президенттік сайлаумен қатар өткен парламеттік сайлауда билік партиясы жетекшілігіндегі Жумхур коалициясы мәжілісте 322 орын алу арқылы, көпшілік орынды иеленді. Ал Алтылы одақ көптеген депутаттық мандаттарынан айырылды. Осының өзі олардың президенттік бәсекедегі онсыз да әлсіз позицияларын әлсірете түсті. Себебі Кылычдароглу бірнәрсе қылып 2-турда ұтып кетсе де, парламент қарсыласының бақылауында болады. Яғни діттеген заңдарын өткізе алмайды, жоспарлары орындалмайды деген сөз. Былайша айтқанда қуыршақ президентке айналады. Осының өзі олардың саяси тәбеттерін қайтарып, көңілдерін түсіріп, моральдық күйлеріне үлкен соққы болды.