Лондон қаласын туристер күн шығып тұрған сәтінде бақылай алады. Дегенмен, бұл қаланың аспанын әрдайым бұлт торлап, қараңғылық жайлап тұрады.
Джуно, АҚШ
Жылдың 67 күнінде Күн сәулесі түседі
Аляска астанасында Күннің шуақты болуы мүмкін бе? Сондықтан Америкадағы үлкен штаттың тұрғындары тағдырға көндіккендері қашан. Қала аумағының 90 %-ын ормандар мен таулар алып жатыр. Әрі күннің де шуағын төкпейтініне байланысты мұнда айтарлық аз адам қоныстанған.
Кельн, Германия
Жылдың 65 күнінде Күн сәулесі түседі
Кельн — Германиядағы статусы жоғары қаланың бірі. Үлкен әрі көне мәдени ошақ саналады. Әлемге әйгілі музейлер, шіркеулер, ерекше көрмелер, конференция мен карнавалдар жиі ұйымдастырылып, белсенді тіршілік кешіп жатқан қала.
Бирмингем, Ұлыбритания
Жылдың 62 күнінде Күн сәулесі түседі
Тұманды Альбион аңызындағы, корольдіктің ең үлкен қаласына да Күн сәулесі аз түседі. Климаты – ылғалды. 2 млн тұрғынның жұмыстарын тастап, жаппай далаға шығуына Күннің шыққан сәті себеп болады. Яғни, Күннің шығуын маңызды мереке санайды. Туристер үшін қала дымқыл болмаса, аса қатты суық емес. Дегенмен, ойын-сауық орындарынан көз ашпайсың. Музейлер, орта ғасырлық сәулет ескерткіштері, ботаникалық бақ, ән фестивальдері Күнді күтуге мұрша бермесі анық.
Кируна, Швеция
Жылдың 61 күнінде Күн сәулесі түседі
Қаланың қазақша аудармасы - «Ақ құс». Ғажайып құпияға толы мекен. Алхимияға қатысты аңыздар өте көп. Жергілікті тұрғындар ықылым заманнан бері тау-кен өнеркәсібімен айналысқан. Жердің өте терең тұсында «Қараңғылық құпиясы» атты философиялық тас болған. Кируна полярлы шеңберге өте жақын орналасқандықтан, Күн сәулесі мамыр, маусым, шілде айларында ғана түседі. Қалған уақытта қас қарайып тұрады.
Рейкьявик, Исландия
Жылдың 55 күнінде Күн сәулесі түседі
Исландияның шуақты әрі сәнді астанасында да Күн сирек көрінеді. Рейкьявик әлемнің солтүстігіндегі астана болғанына қарамастан қызылды-жасылды үйлер, қонақжай адамдар, ойын-сауыққа құмар қала. Бір сөзбен айтқанда, жанға жайлы демалыс аймағы. Ерекшелігі: таза ауа, өнеркәсіп дамымаған, үйлері термальді ыстық су көздерімен жылынады.
Мурманск, Ресей
Жылдың 53 күнінде Күн сәулесі түседі
Мурманск полярлы шеңберді бойлай орналасқан. Сол себепті мұнда түн ұзақ. Желтоқсан, қаңтар айларында күн көкжиектен көтерілмейтіндіктен қала тұрғындары «Алғашқы күнбатыс», «Сәлеметсің бе, Күн» сынды мерекелерді тойлайды. Ал қаңтар айының соңғы жексенбісінде күннің толық шығуын тамашалай алады.
Принс-Руперт, Канада
Жылдың 52 күнінде Күн сәулесі түседі
Тынық мұхитындағы Кайен аралында орналасқан, айналасын тау қоршаған қала. Жылдың 240 күнінде жаңбыр жауады. Сондықтан ыстық ауа райын жақсы көретіндер мұнда ұзақ тұрақтай алмайды. Жаңбыр тоқтаған соң, қаланы қалың тұман басады. Канада экономикасы үшін өте маңызды, бұл қалада триллер жанрында фильм түсіруге керемет атмосфера бар.
Никольск, Камчатка, Ресей
Жылдың 41 күнінде Күн сәулесі түседі
Беринг аралдарында орналасқан ауыл. Тұрғындары күннің көзін көруді ерекше құбылыс деп санайды. Дегенмен, осында тұратын 700-ге жуық тұрғынның Ресейдің өзге аймағында тұратын адамдарының өмірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мұнда Алеут аралының ежелгі тұрғындары алеуттер тұратындықтан түсі суық, жабырқаңқы ауа райы пәлендей әсер етпейді.
Торсхавн, Дания
Жылдың 35 күнінде Күн сәулесі түседі
Дания және оның тәуелді аймақтарында адамның өмір сүру деңгейі өте жоғары. Сондықтан тұрғындар күннің бұлтты, жабырқаңқы болғанына қарамастан бақытты ғұмыр кешеді. Үйлердің сыртына салынған түрлі-түсті кемпірқосақтың суреттері, үй маңындағы алаңқайларды ерекше сәндеп қоюына қарап, қаланың әдемі және жылы екенін аңғаруға болады.
Ян-Майен, Норвегия
Жылдың 34 күнінде Күн сәулесі түседі
Бұл арал әлемнің ең бұлтты мекені саналады. Тұрғындары жақын маңдағы мемлекеттік станцияларда жұмыс істейді. Арал үнемі тұманданып тұратындықтан қараңғы. Күйзелістен арылу үшін Норвегияның осы аралы таптырмас мекен. Суретте Ян-Майендегі жаз мезгілі.
Норвегияның шағын қалашығы Рьюканның тұрғындары күн сәулесін алты ай бойы көрмейді. Қалған уақыттың өзінде күн көзін көруге сәттілік серік болса ғана мүмкін екен. Қаланың жан-жағын тау қоршап жатыр. Күн сәулесі шағылысып, қалаға түссін деген оймен 2013 жылы тауларға айна орнатылған. Бірақ, бұл шағылыстырылған жарық қаланың орталық аймағында ғана түседі. Ал қаланың басқа бөліктеріндегі тұрғындардың қалай өмір сүретіні беймәлім.
Дайындаған: Ақмарал Ағзамқызы