“Бір түптен 100 келі аламыз”. Алтай алма бағын қалай өсірді?
“Бір түптен 100 келі аламыз”. Алтай алма бағын қалай өсірді?

Түркістан облысы Сайрам ауданында Қасымбек датқа деген ауыл бар. Өзі бір - бақ-дәулеті тасыған берекелі ауыл. Қымыз-қымыран ішкіңіз келе ме - сол ауылдағы Несібелді Құрманхожаеваның шаруа қожалығынан ағарғанның түр-түрін табасыз. Дастарханға тәтті қойғыңыз келсе, сол ауылдағы қыз-келіншектер тапсырыспен тәттінің "тәттісін" пісіріп, үйіңізге дейін жеткізіп береді. Жергілікті алмадан дәм татуды қаласаңыз, төмен бағада "Апорт" пен "Семирянкаға" қолыңыз жете қояды. Біз бүгін сол алма тақырыбын қозғасақ дейміз.

Шымкенттен 5 шақырым жердегі мейманасы тасыған ауылдың тұрғыны Алтай Жаппаров есігінің алдындағы 20 сотық жерге 100 түп алма егіп, өз ауылы мен айналасындағы елді мекендерді алмамен қамтамасыз етіп отыр. Өмірін де, алма бағын да еңбегімен көгерткен ол жеміс  ағашын егуді 2002 жылы бастаған екен. Бастапқы екі жылы өсіп-өнуге кеткенін, үшінші жылдан өнім алғанын есепке алсақ, Алтай Жаппаров алма бағының жап-жасыл боп жайқалып тұрғанына 15 жылдан асыпты. Өзінің айтуынша, алма ағашының әр түбі 100-120 кг жеміс береді екен. Бірақ 100 түптің барлығы бірдей жеміс салмайтын көрінеді. 50-і бір жылы, қалған 50-і екінші жылы алмасып өнім береді екен. Біздің кейіпкеріміз есік алдындағы бақты жұмыс санамайды. Тек хобби ретінде айналысады. Негізгі жұмысы басқа.

Біз Алтай Жаппаровпен оның кереметтей жап-жасыл желек жамылған алма бағының қақ ортасында, уылжып пісіп, төгілуге шақ қалып тұрған қызыл-жасыл алмаларының көлеңкесінде отырып сұхбаттастық.

Фото: Айгерім Бегімбет

– Көгертуді, көгергенді көрсем, жаным рахаттанады. Адамның қолы гүл ғой. Тек егу емес, соны баптап, өз уақытымен балаға қарағандай қарап, аялап, суарып, жан-жағын қопсытып, минерал тыңайтқыштар беріп тұрсаңыз, жақсы өнім береді. Кішкентай кезімнен бау өсіруге қызығамын. Бала кезде де есіктің алдында бау бар еді. Өскенде бұдан да үлкен бау-бақшам болады деп армандайтынмын. Сөйтіп, сондай жайқалған әдемі бақ жасауды мақсат еттім. Адамда ниет болса, мақсатына жетеді екен ғой. Әйтпесе, бұл – менің негізгі мамандығым да, жұмысым да емес. Өзім ОҚМУ-дың қаржыгер мамандығын алып шыққанмын. Алайда агрономия саласына қатты қызығамын. Мамандық таңдаудан қателескенімді мойындаймын. Дегенмен жер-жерді аралап, алма өсірудің қыр-сырын зерттей бастадым. Алматыға, одан әрі Қырғызстанға дейін барып келдім. Жан-жақтан жинақтаған тәжірибемнің арқасында нарықтық жағдайға икемделіп жұмыс істеп жатырмын, – дейді Алтай Жаппаров.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

Алтайдың алма бағында алманың түрі көп. Онда Қырғызстаннан алып келген “Крепсон”, Алматының “Алматинский голден” және “Апорт”, Сарыағаштың “Ронетка” деген тәтті алмалары бар. Жалпы алманың түрі қызыл және ақ болып бөлінеді екен. Ерте, орта және кеш пісетіні тағы бар. Кеш пісетінін қысқа сақтайды. Ерте пісетіні мамырдың аяғында, ортасындағылары тамыздың соңында дайын болады. Бір маусымда үш рет өнім алады. Күздік алмаларды қысқа сақтайды. Бұл алмалар сатқаннан бөлек күтіп-баптауға кеткен шығындарын да жабады екен.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

Оның алма бағына қызығушылар көп. Қасындағы көршілері де өз ауласын кішігірім баққа айналдырып, жемісін жеп жүрген жағдайы бар. Оның үйіне келген көрші-қолаң, таныс-тамыр сөмкесі бос кетпейді. Алма арқалатып жібереді. Ал өзі осылайша жақын-жуықтың алғысын арқалап жүр.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

Алманың бағасына келсек, өте қолжетімді. Бағасы қаладағы көтерме сауда базарларынан әлдеқайда төмен. Ол жақтарда 300-400 теңгеден саудаланса, Алтайдың алма бағынан 150-200 теңгеден алып кете бересіз. Бірақ, қатып қалған баға жоқ.

Интенсив бауда өсіретін болғандықтан әрі көп мөлшерде субсидия алғандықтан, қаламыздағы ірі алма бауларының жемісі қымбатқа саудаланып жатыр. Ал біздікі өзіміздің есіктің алдында болғандықтан, піскен уақытында өнімді ысырап қылмай, қолжетімді бағада беріп отырамыз, – дейді ол.

Алтай ЖаппаровФото: Айгерім Бегімбет

– Алма өсірудің қандай ерекшелігі бар?

– Ерте көктемде, яғни ақпан айының соңғы күндері ұйқыдан оянбай тұрғанда бұларды бұтаймыз. Бұлар да аталық және аналық болып екіге бөлінеді. Агрономия тілінде түсіндірер болсақ, аталықтар жеміс салады, бірақ аз гүлдейді. Ал аналықтар көп гүлдейді, алайда беретін өнімі аздау болады. Бұлардың тозаңдануы үшін ерте көктемде гүлдеп бастағанда бал араларының ықпалы қажет болады. Соның арқасында көп жеміс салады. Өйткені, ара бір гүлді екіншісіне тасымалдап, тозаңдандырады. Ауа-райы жаңбырлы, салқын боп, бал аралары болмай қалса, алманың салуы қиын болады. Ал біздің бақта ара деген жетерлік. Себебі, келесі көшеде тұратын Пупковтар отбасы омарта шаруашылығымен айналысады. Солардың аралары өздігінен ұшып келеді.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

– Ал сіз өз бағыңызда жеміс ағаштарын будандастырып көрдіңіз бе?

– Агрономияда әртүрлі жемісті будандастыруға болады. Мысалы, алма жұпдәнекті және тақдәнекті болып бөлінеді. Жұпдәнектілерде алма, айба, алмұрт, құрма бір-бірімен будандаса береді. Себебі олардың генетикасы бір-біріне ұқсас келеді. Өрік, шие, сары өрік, бұлардың бәрі екінші топқа кіреді. Өзім қыстық алманы жаздық алмаға будандастырып көрдім. Одан бөлек те көп тәжірибе жасадым. Бәрі де оңтайлы болды.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

– Бір түптен қанша алма аласыз?

– Бір түптен жалпы айтқанда 150 келі алма алып жүрміз. “Крепсон” 80 келі, “Превосход” 70 келі береді дегендей. Менің алмаларым сортына қарай орта есеппен 100-120 келі алма береді. Ал алманың өмір сүру ұзақтығы экологияға байланысты. 20 жылдан аспайды. Кеңестік кезеңдегі алма сорттары 30-35 жылға дейін жеміс салатын. Қазір экология мен климаттың әсерінен олардың өмір сүру ұзақтығы сәл-пәл кеміген.

Алтай ЖаппаровФото: Айгерім Бегімбет

​Алма өсірудің қыр-сыры мен әр алуан лайфхактарын Алтай Жаппаровтан жан-жақты сұрап, біліп алдық. Дегенмен оны егіп, өсіру де оңай шаруа емес. Мәселен, Қасымбек датқа ауылының арық мәселесі қашаннан күн тәртібінде тұр екен. Оның үстіне ауылда құрылыстың көптеп жүргізілуі арық суына кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Соның салдарынан үйлерге су жетпей қалып жатады. Бірақ біздің кейіпкеріміз бұл мәселеден де шығатын жолды өзі тауыпты. Ауызсуды ауызсу құбырынан арнайы қалтасынан төлеп тартып, тамшылатып, шашыратып суару әдісін қолданып, алма бауын көгертіп отырған жайы бар.

алма бағыФото: Айгерім Бегімбет

– Неге алманы таңдадыңыз? Басқа жемістерді де байқап көрдіңіз бе?

– Бұдан көп зат  ала аласыз. Қақ істеп, шырын жасауға болады. Алайда қазір қақ пен шырынға сұраныс жоқ. Себебі дүкен сөрелерінде жасанды өнімдер қаптап кеткен. Өз бауларыма ризамын. Олар да маған риза шығар деп ойлаймын. Бау да еккен егесін таниды. Жұмыстан келгенде осыларға қарап демаламын. Алмаларымның көгеріп тұрғаны – маған алғыс айтқаны. Олардың жаны ауырғанын да біле қоямын. Бұлар адамнан екі есе қатты ауырады. Бұлардың да вирусы болады, экологиялық зиянкестерден зардап шегеді. Тек дұрыс күтім керек. Карантин басталғанда негізгі жұмысы тоқтап қалғанда көп қазақ не істерін білмей абдырап қалды. Әсіресе, қолында қоры жоқ адамдарға қиын болды. Жер үйде тұратындардың бос жатқан ауласы болса осылай алма ексе болады. Жесең – дәрумен, сатсаң – ақша.

жүзімФото: Айгерім Бегімбет

Алтай Жаппаров өз үйінің ауласынан бақ жасап, қосымша табыс табуға болатынын дәлелдеген. Оның алмасынан бөлек, егіп қойған жүзімі де пісіп, жеуге дап-дайын тұр. Әйтпесе, агрономияға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын адам. Жеке ізденіс пен талпыныстың арқасында алма бағын жасап, оны игеріп, көпшіліктің алғысына бөленіп отыр.

Дерек көзі: baribar.kz

ДәуренДәурен
1 ай бұрын 732
0 пікір
Блог туралы
0
705141 30 54 107 10