Оңтүстік тұрғыны қатерлі ісікті емдейтін дәрі өндіріп жатыр
Оңтүстік тұрғыны қатерлі ісікті емдейтін дәрі өндіріп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны адам бойындағы дерттің 70 пайызына шипа болатын дәрілік қоспаны өндірмекші. Микробалдыр іспеттес қоспаны эксперимент ретінде өндірген ол серіктесімен бірге енді патент мәселесінің шешілуін күтіп отыр. Бір атап өтерлігі, аталған өнімге әлемнің түкпір-түкпірі көз тігіп, қолқа салып үлгеріпті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Отырар ауданында тұратын Нартай Әубәкіров жоғары білімі жоқ болса да, өмірін құрылыс саласына арнаған жан. Бүгінде ауданда оның қолынан шыққан талай нысан алыстан менмұңдалап тұрады. Құрылыс саласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған азамат осыдан бірнеше жыл бұрын танымал ғалым Бейсен Дөненовпен танысады. Ғылым жолында жүрген жан отырарлық кәсіпкерге «спирулина» қоспасын өндірмек үшін киелі Отырарға келгенін айтып, екеуара осы жобаны қолға алады. Нартай Әубәкіров алғашында жобаның тек құрылыс жұмысына қызыққанымен, кейінірек қоспа туралы кеңінен білген соң оны өндіруге өзі де қызығушылық танытады. Содан екі жақты қолға алынған жоба эксперимент ретінде жүзеге асады. «Ол кезде облысқа Асқар Мырзахметов басшылық ететін (автор: қазіргі Ауыл шаруашылық министрі). Сол кісі жобамен танысып, ыстық су тартып, бассейн салу үшін жер бөліп беру мәселесін шешіп берді» деген кәсіпкер Нартай Әубәкіров қазіргі аймақ басшысының бұл жобадан хабары бар-жоғын білмейтінін айтты. Ал аудан басшысы таныс дейді ол.

Микробалдыр тәріздес өнімнің ұрығын алдымен Германия елінен алдырып, оны өсіре бастапты. Бағасы, әрине, өте қымбат. Небәрі 20 грамы 6 мың доллар тұрады. Одан бір айда сегіз келіге дейін дайын өнім өсіріп шығаруға болады екен. Алынған өнім Германия, Испания елдерінің ғалымдарына жіберіліп, жоғары бағасын алған. Тіпті көршілес жатқан Ресейдегі дәрі-дәрмек шығаратын алып зауыт Қазақстанда өсірілген қоспаны естіп, қызығушылық танытыпты. Бүгінде 50 келіге дейін өнім алып үлгерген отырарлық тұрғын қоспаны бірнеше елдегі ғалымдарға сараптама жасату үшін жөнелтіп жатқанын айтты. Бұл жұмыстарды, әрине, ғалым Бейсен Дөненов өз мойнына алған. Тіпті ғалым «спирулина» қоспасын өсіруге қажетті тұзды Екібастұздағы жылыту қазандығынан шығатын түтіннен алуды терең зерттеп, оң нәтижеге қол жеткізіпті. Дәл қазіргі таңда көршілес жатқан Созақ ауданында өндірілетін тұздың құрамы зерттеліп жатыр екен. Сараптама оң болса, өз өніміміз қолданылмақ.

Тұрғынның айтуынша, «Спирулина» қоспасының адамзат шалдығатын аурудың 70 пайызына емі бар. Тіпті аты жаман қатерлі ісік дертінің алғашқы кезеңін де емдейді. Сонымен қатар адам ағзасы үшін таптырмас иммунитет. Спортшылар мен космнонавтардың күнделікті ас-ауқатына да қолдануға болады. Себебі оның құрамында адам ішек микрофлорасының қызметін тұрақтандырып тұратын элемент бар. «Спирулинаның» тіпті адам ағзасын жасартатын қасиеті де мол. Теріні жасартып, адам бойына кереметтей энергия береді. Керек десеңіз, қоспаны тіс пастасы мен сусабынға да қосуға болады.

«Осыдан біраз уақыт профессор Дөненов Отырарға келді. «Менен қандай өзгеріс байқадың?» деп сұрады. Ойымда ешнәрсе жоқ, енді қалада тұратын адам ғой, «жүзіңіз ағарып, толыңқырапсыз» дедім. Кеткен соң барып байқадым, ол кісінің шашы қоюланыпты. Содан өзім де қоспаны қолдана бастадым. Шашым тіптен ағарып кеткен болатын. Он бес күн болды «спирулинаны» ішіп жүргеніме. Шаштарым қарая түсті. Бұның косметикалық заттарға қоспа ретінде көмегі көп қой. Қызым қазір қолданып жатыр. Небір қымбат косметикаларды алады, нәтиже жоқ. Ал «спирулина» аз уақыт өтсе де, нәтиже беріп отыр. Негізі бұл өнім бүгінде Қытай мен Изариль елінде өсіріледі. Естуімше, Израильдегі ешбір зауыт, фабрикасы жоқ бір аудан осы қоспа арқылы тұтастай бір облыстың бюджетін шығарып, халқы бақуатты өмір сүруде екен»,-деді Нартай Әубәкіров.

Әңгіме барысында кәсіпкер микробалдырды өндірудің жолдарымен де бөлісті. Жер астынан шығатын ыстық су – басты қажеттілік. Отырардағы судың бұл түрінде «спирулина» өсіруге қажетті элементтің 60 пайызы бар дейді. Ал қалғаны күнделікті күтімді қажет етеді. Өнім алу үшін тазалық жағы да қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар Отырар ауданы климаты жағынан да қоспаны өсіруге толықтай сай келеді.

«Спирулина» тура кішкентай бала секілді. Сәбиді желге шығарсаң, ауырып қалады ғой. Егер үстін қымтап орап тастасаң, тұншығып қалуы мүмкін. Бұл да сол сияқты. Су температурасы 25-35 градус жылы болуы қажет. Тазалық сақтамасаң, жағымсыз иісті бойына сіңіріп алып, өнім сапасыз боп өсіп шығады. Ал тұзды белгіленген уақыт бойынша сеуіп, үнемі бақылап отыру қажет. Күн батқанда олар ұйқыға кетеді. Күн шыққанда қозғалыс басталады»,-деді ол.

Бір рет себілген ұрықтан үш ай бойы өнім алуға болады екен. Өсу процесі небәрі үш күн. Жоба жүзеге асса, кәсіпкер серіктесі ғалым Бейсен Дөненовпен бірге жүз шақты бассейн салуды көздеп отыр. Ол үшін бастапқы инвестиция ретінде 3 млн АҚШ доллары қажет екен. Әрине, мұнша қаржы табу оңай емес. Бұл ретте шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр деген Нартай Әубәкіров өз елімізден инвестор табылса, құба-құп болар еді дегенді айтып қалды. Себебі «спирулинаның» бір грамы әлем нарығында 100 долларға бағаланады. Демек, мұнша қаржы өз еліміздің қалтасында қалар еді дейді ол. Тағы атап өтерлігі, өнімді нарыққа шығару үшін патент мәселесі қолбайлау болып отыр екен. Өйткені патентсіз өнімді сатуға заң тұрғысында рұқсат жоқ. Оның да өзіндік машақаты барын айтқан Нартай Әубәкіров ғалым Дөненов бұл жұмыстармен қызу айналысып жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде Ресей, Германия, Испания мен Франция елдері патент беруге келісім беріп отыр екен. Бірақ, шетелдіктер өнімді бізге бересіздер деп талап та қойыпты.


Отырарлық тұрғынның айтуынша, ғалым Бейсен Дөненов Ауыл шаруашылық министрімен келіссөз жүргізбекші екен. Себебі «спирулина» қоспасын мал азығына да қолдануға болады. Оны тұтынған мал еті әлем сарапшыларының жоғары бағасына ие болып қойған. Яғни, бұл арқылы әлем бойынша қазақстандық етке деген сұранысты арттыруға мүмкіндік тумақ.

Өз сөзінде Нартай Әубкәріов алдағы жоспарларын да тізіп шықты. Айтуынша, күз айларында жобаны жүзеге асыруға білек-сыбана кіріспек. Кедергілер сол кезге дейін шешіледі деп үміттеніп отыр. Жоба іске асса, ауданның ішкі табысы да артады деген ол 500-600 адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын да айтты. Сонымен қатар өнім тұрақты түрде алына бастаған соң емдік-сауықтыру орталығы секілді орын салып, онда келішулерге арзан бағада емдік шаралары жүргізілер еді деген Нартай Әубәкіров дәрі сатып алуға жағдайы жоқ науқастарды емдеуді өз мойнына алатынын да жеткізді. Одан өзге ауданнан болашақта фармацевтикалық және косметикалық зауыт салуға да мүмкіндік туатынын атап өтті. Бұл жаңалық жергілікті тұрғындар үшін жағымды болып отырғаны сөзсіз.

«Ондай өнімнің бізде өсіріле бастағанын аудандық газеттен оқып білгенмін. Шынымды айтсам, кәдімгідей таңғалдым. Керемет емес пе? Шетелдің небір қымбат заттарын алып, қолданып жүрміз. Сөйтсек оны өзімізде де шығаруға болады екен. Әрине, қуанасың. Оны қолға алған ағаларымыз ертерек шығарса екен. Бірінші сатып алушысы болуға дайынмын»,-деді тұрғын Әлия Мұратбекқызы. 

 
 
 
 
ДәуренДәурен
8 жыл бұрын 3188
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11