Өтіріктің түбі бір тұтам& Отандық ғалымдар өтірікті танудың бірегей технологияларын жасауға кірісті
Өтіріктің түбі бір тұтам& Отандық ғалымдар өтірікті танудың бірегей технологияларын жасауға кірісті

Нархоз Университетінің ғалымдары жасанды интеллект негізіндегі заманауи технологияларды қолдана отырып, өтірікті анықтау бағытында ерекше зерттеулер жүргізуде. Өз әзірлемелерін жоба авторлары таяу арада көпшіліктің назарына ұсынып, таныстырамыз деп отыр.

Түйсік пен технология арасында...

Адамның түр-сипатына, іс-әрекетіне қарап, оның қаншалықты шын не өтірік айтып отырғанын анықтайтын әртүрлі тест, техникалық тетіктер туралы көптеген кітаптар, кинофильмдер баршаға кең танымал. Бірақ субъективті болжамға негізделген көркем шығарма өтірікті анықтаушы технологияның нақты дәлелі бола ала ма?

Расим Сулиев
Расим Сулиев
ФОТО: жеке мұрағаттан

Сарапшылардың айтуынша, салыстырмалы түрде алғанда, адамның өтірік айтып отырғанын анықтауға біршама жақын технология деп полиграфты айтуға болады, оның өзінде де алынған дерекке білікті маман, яғни полиграфолог тарапынан кәсіби түсінік берілер болса. Бірақ мұндай тестіден өтуге респондент өз еркімен келісім беруі керек әрі бұл шара байыпты дайындықты қажет етеді, нәтижені өңдеп, қорытындылауға да едәуір уақыт кетеді.

«Ал егер осы сәтте, айталық, прокурор, тергеуші не көші-қон қызметкері өз алдында отырған кісінің өтірігін түйсігімен сезіп, біліп отырса ше? Бірақ қызмет бабына сай ол қандай да бір шешім шығарып, әрекет ете алмайды, өйткені оның түйсікке негізделу құқы жоқ», – дейді PhD докторы, профессор, цифрлық технологиялар мектебінің деканы Расим Сулиев. Сарапшының айтуынша, қазақстандық ғалымдар қолға алған жаңа жоба – өтірік айтып, алдаудың соңы есепсіз салдарларға әкеліп соғатын жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бермек.

Әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан бірқатар зерттеулерге сүйенсек, полиграфиялық сенсорлар тіркей алатын адамның жүрек қағысы не терлеп-тепшуі сынды көрсеткіштермен қатар, өтірікті анықтаудың өзіндік бірқатар көрнекі белгілері де жоқ емес, мысалға, көз қимылы, дауыстың өзгеруі не терінің қызаруы сияқты.

«Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, біз аудиовизуалды ақпарат материалындағы дауыс пен сөйлеу сипаттамаларының өзгеруіне негізделген жалған мәлімдемелерді анықтау алгоритмдерін әзірлеу жобасын қолға алдық. Бұл арада біз жасанды интеллект көмегіне жүгіндік. Біздің идеямыз ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар байқауына ұсынылып, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің грантына ие болды. Біз ұсынып отырған дайын шешім, мысалға, сот отырысындағы бейнематериалдарды алгоритмдер негізінде өңдеуге мүмкіндік береді, айталық, талап қоюшының не жауап берушінің сөздері қаншалықты шындыққа жанасады дегенді белгілі бір ықтималдылық аясында дәлелдеп көрсету үшін», – дейді жоба жетекшісі, PhD докторы, профессор Қанат Қожахмет.

Қанат Қожахмет
Қанат Қожахмет
ФОТО: жеке мұрағаттан

Жобаны әзірлеуші зерттеу тобы мүшелерінің айтуынша, бұл тұрғыда қазірдің өзінде жекелеген бағыттар бойынша дайын шешімдер бар. Мысалға, жалған мәлімдеме жасаған адамның маңдай терісінің қызаруы тұрғысында зерттеулер жүргізіліп, өтірік айтқан адамның дауыс тембрі өзгеретіні анықталған. Сол сияқты, көз қимылы бойынша да бірқатар анықтаушы паттерндер бар. Мамандардың айтуынша, әрбір жеке ғылым саласындағы барлық тиімді шешімдерді біріктіріп, өтірікті анықтаудың өзіндік детекторын жасауға болады. «Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект алгоритмдерін қолдана отырып, машинаға шындық пен жалғанды бір-бірінен ажыратуды үйрету», – деп түсіндіреді өз жобасын зерттеуші ғалымдар.

Іс жүзінде мұндай іріктеудің екі түрлі жолы бар. Біріншісі – барлық мәліметті машинаға жүктеп, қандай да бір заңдылықтарды анықтап, белгілеуді машинаның өз еркіне беру. Әрине, алынған нәтижені тексеріп, бұл тұрғыдағы іріктеуді машина қалайша және қандай заңдылыққа сүйеніп жасағанын анықтау ғалымдардың міндетінде.

Екінші жол – шындық пен жалғанды іріктеп, анықтайтын алгоритмді зерттеушілер өздері әзірлеп, жасанды интеллектінің жадына жүктейді де, оған алдын ала белгіленген деректерге сүйенуді ұсынады. Мысалға, өтіріктен құрылған 100 шақты мәліметті алып, оның ішінде дауыс тембрінің өзгеруін білдіретін бірыңғай паттернді белгілейді, ал жасанды интеллект мұндай жағдайларды барлық басқа мәлімет арасынан автоматты түрде өзі анықтап береді.

Жасанды интеллектінің шешім шығару қабілеті жоқ...

Әйтсе де отандық сарапшылардың бірқатары біздің елде жасанды интеллектіге негізделген әзірлеме, жоба, ұсыныс атаулы әлі де болса дами қойған жоқ деген пікірде.

Андрей Остафичук
Андрей Остафичук
ФОТО: жеке мұрағаттан

Бұл тұрғыда Beeline компаниясының мәліметтерді басқару жөніндегі директоры Андрей Остафичук былай деп пікір қосады: «Жасанды интеллект негізіндегі біз білетін әзірлемелердің басым көпшілігі әзірше тек кейс түрінде ғана, яғни оларды қолдануға дайын жоба деуге келмейді. Былайша айтқанда, олар технологиялар мүмкіндігін көрсетуді көздейтін ғылыми ізденіс түрінде ғана десек болады. Бұл саланы дұрыстап дамыту үшін академиялық ортаға инвестиция құйып, бизнесті осы бағытта ынталандыру қажет».

Оның айтуынша, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге ол жұмыс істейтін компания да көңіл бөлуде, әсіресе, техника көзі (CV) және мәтіндерді өңдеу (NLP) сынды салаларды қамтитын шешімдер бойынша.

«Бізде адамның бет-әлпетін тануға, құжаттар мен жанды бейнені анықтауға негізделген өзіндік алгоритмдер бар. Жанды бейнені анықтау дегеніміз – алдымызда тұрған адам ба, фотосурет пе әлде видео ма – соны танып, көрсету. Ал NLP бағытында компанияның қолдау қызметіне келіп түсіп жатқан мәтіндік сауал, өтініштердің маңыздылығын, өзектілігін, өткірлігін анықтайтын алгоритмдер бар. Мысалға, абонентке қолдау көрсетуде керек қандай да бір дерек, мәлімет, т.т.», – деп түсіндіреді Андрей Остафичук.

Айтпақшы, көз қимылы мен санадан тыс, яғни мидың физиологиялық реакциясын тануға қатысты осыған ұқсас технология қазақстандық нейромаркетинг зертханасында да қолданыста бар. Бұл технология Данияда жасалған және аталған зертханада ол нейроэкономикалық зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылады.

«Бұл әдіс ғалымдарға респонденттердің визуалдық назарын түсінуге көмек береді. Айтрекер тұтынушыны қызықтырып отырған элементтерді қадағалау үшін керек, мысалға, олар өнім таңдап, сайт дизайнына, желідегі аккаунтқа не жарнамаға баға бергенде», – деп әңгімелейді нейромаркетинг зертханасының жетекшісі Айман Қазыбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерінің жиі банкротқа ұшырауының бір себебі – отандық кәсіпкерлер нарық ішіндегі зерттеулерді өте сирек жүргізеді, тіпті фокус-топтар құрып, сынақ сатылымдарын өткізу сынды ұсыныстарға көңіл бөлмейтін бизнесмендер де бар.

Ал нейромаркетингтік зерттеулер – сатып алушының шынайы қалауы туралы барынша дәл түсінік беріп, зерттеудің классикалық түрлеріне мықты қолдау бола алады.

Айман Қазыбаева
Айман Қазыбаева
ФОТО: жеке мұрағаттан

«Қоғамдық пікірді өлшеу мақсатында, біз көрермендердің жарнама роликтеріне не белгілі бір өнімге қатысты реакциясын өлшеп, бақылап көрдік. Бұл тұрғыда арнайы жабдықтарды да қолдандық, респонденттерге ролик пен өнім бойынша «не ұнады, не ұнамады?» дегендей тікелей сұрақ та қойдық. Сонда байқағанымыз – әдетте, ауызша жауап пен мидың реакциясы бірдей емес. Әрине, бұл респондент қасақана өтірік айтты деген сөз емес, көп жағдайда тұтынушы өзінің түпкі ойын емес, одан күткен жауапқа тоқталады және бұл бейсаналы түрде орын алады. Ауызша жауап логикаға негізделеді, ал мидың реакциясы – ол қас-қағым сәтті орайтын импульс. Тұтынушының түпкі шешімі де осы импульстерге негізделеді», – дейді Айман Қазыбаева.

Байқауымызша, аталған жоба классикалық үлгідегі маркетингтік зерттеу мен нейромаркетингтік зерттеу арасындағы айырмашылықты ашып көрсетеді. Яғни, тікелей қойылған сұраққа біз санамен ойлап, жауап береміз де, нейромаркетингтік зерттеуде бейсаналық, физиологиялық реакция алға шығады, былайша айтқанда, жүрек қалауы деуге тұрады.

«Мұндай деңгейдегі зерттеу жобалары ғалымдардан жекелеген жағдайларға қатысты жаңа шешімдерді талап етеді. Айталық, бетке реңк беретін крем жаққан адамның маңдай терісіндегі өзгерісті қалай анықтауға болады, қарапайым көзілдірік пен күнге қарсы көзілдірік киген адамдардың көз қимылында қандай өзгеріс бар деген сияқты. Сол сияқты, сапасыз аудиожазбадағы дауыстың өзгергенін қалайша дәл танып, анықтай аламыз? Немесе жасанды интеллектіні тікелей эфирде қолдансақ, алынған нәтиже қаншалықты тез өңделуі мүмкін? Бірақ бұл арада ескеретін бір жайт бар: жасанды интеллект өз бетімен шешім шығара алмайды, оның мақсаты – адамның өтірік айтып отырғандығының ықтималдығын көрсету», – деп түйіндейді Нархоз Университеті ғалымдарының жасанды интеллектіге негізделген өтірікті анықтау технологиясы жөніндегі жоба жетекшісі Қанат Қожахмет.

Авторы: 

Дәрия Кемер

Дерек көзі: Forbes Kazakhstan

ДәуренДәурен
1 жыл бұрын 2274
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11