ТИІМСІЗ ЖАҢАЛЫҚ БОЛА МА?
ТИІМСІЗ ЖАҢАЛЫҚ БОЛА МА?

Өмір орнында тұрмайтындығы, тіпті, оның жылдамдығы күн сайын күшейіп бара жатқаны анық сезіледі.  Мұны адамға айғақтап беретін бір ғана нәрсе  жаңалықтар екен.

Жаңалық – өмірдің өлшеміне айналды. Ол барлық салада өндірістерге енгізіліп, адамдар үшін пайдалы бола түсті. Алайда, жүз жылдан асса да бензиннің, дәрінің, қатерлік ісікті жоятын пайдалы дәріге балама табылмағаны немесе әлем халқын аштықтан құтқаратын қосымша тағам түрінің жасалмауы ойға қалдырады.

Қазір елді елеңдеткен мәселенің бірі – жанар-жағармайдың баламалы түрі. Экологиялық жағынан тиімді әрі арзан майды армандағандар әлі күнге ауызша ғана әңгіме айтып келеді. Газға ауысуды жөн көргендер бұл өнімнің де арзан еместігін байқап қалды.  Ал күннен қуат алатын көліктер Африка мен Арабтарға ғана тиімді болуы мүмкін. Жұрт мақтаған «водород» бензиннен де қауіпті болып шықты. Ол жанғанда шығатан түтін өте улы. Водородтың жарылғыштығы да қатерлі. Сондықтан, онымен көліктің багын толтырып алу жүру үшін де жанкешті болу керек. Соңғы кездері электролизді пайдалану туралы да жиі сөз болып жүр. Дегенмен, ол да жетілдіруді қажет етеді.

Дүниеден көліктен көп нәрсе жоқ. Қара жолдарды қайшылаған миллиондаған көліктер адамзаттың қас жауына айналып барады. Сондықтан, оларды қауіпсіз ете түсу керек. Бірінші сақтану  көліктің жанар-жағармайын экологиялық жағынан таза етіп шығару. Өкініштісі, дүниенің кілтіне айналған көмір мен мұнайды таза судай деңгейде шығару ешкімнің қолынан келмей тұр.

Өткен жылы қыркүйек айында  «Дүниежүзілік қатерлі ісікті зерттеу қоры» халықаралық коммерциялық емес ұйымы жыл сайын әлемде 12 миллионға жуық адам қатерлік ісікпен тіркелетіндігін жария етті.  Қазір оларды емдеу үшін жылына 286 миллиард  доллар қажет екен. Егер тиімді ем табылса, осы қаражаттың барлығы өзін ақтайды.

Онколог Тулио Симончини 1983 жылы италияндық науқас Геннаро Сангерманоны өкпе рагынан жазып алған. Бұл жағдайды естіген елдің денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің өз бетінше жасаған әрекеттері үшін дәрігерлік лицензиясынан айырған.

Әрине, қазір бұл мәселе жабық түрде болғанымен, қатерлі дертті түрлі  жолмен емдеудің тәсілдерін өз бетінше жасап жүргендер баршылық көрінеді. Симончини мырза да өз клиенттеріне телефон немесе электронды пошта арқылы кеңес береді екен. Емдік дәріні қалай жасау жолын да ұсынады. Алайда, құзырлы орындар өз беттерінше бұл мәселені әлі күнге толық зерттемеген. Жағымды жаңалық ел ішінде ғана елес секілді кезіп жүр.

Ендігі бір өзекті мәселе  адамзатты тойындыру. Аштықтан азап шеккендер қатары миллиондап саналады. Бұл үрдіс келешекте үйдей түспекші. Осыған байланысты қоныс аудару көріністері күрт көбейген. Африка, Азия және Оңтүстік Америкадан үдере көшкендер жайлы жер іздеп жүр. Оларды толғандыратын мәселе – тамақ.

Өкінішке қарай, бай елдерде миллиондаған тонна тамақ мерзімі өтіп кеткендіктен қоқыстарға тасталады. Сол тағамдардың өзін қайта өңдеп, кәдеге жаратуды ұсынып жатқандар баршылық. Тіпті, 1960 жылдары Англияда жаңа тұқым жасалған. Ол өнімді бірнеше еселеп береді. Л. Роно Хаббард ашқан жаңалықтың да жарамсыз қалғанына жарты ғасырдан асты. Ашқұрсақ адамдарды тойындырудан бұрын қырғи-қабақ соғыс мәселесін ойлаған қуатты елдердің қаражаты ғылымға бөлінбей келеді. Әр мемлекет өз қамын күйттеп кеткен. Осыған қарағанда, кедейдің күнін ойлайтын жан баласы табылмай тұр. Мұның өзі кейбір елдердің қолға алған сойқан саясаты болуы да мүмкін.

Бүгін біз үш мәселе төңірегіндегі ғана түйінді тарқатып көрдік. Ал шын мәнінде адамзат үшін шешетін проблемалар шаш етектен. Ең қажетті мәселелерді шешу арқылы адамзатты азаптан құтқарудың алғышарты жасалады. Айталық, жанар-жағармайдың қауіпсіз түрі, үздіксіз электр қуаты, газ, отын түрлері, қауіпті аурулардың емін табу секілді нәрселер дамыған елдер үшін хоббиге айналуы керек-ақ.

Амал қанша, жаңалық жаңа технологияға келіп жатыр. Ал адамдардың өмірін ұзартып, дерттен құтқарып, аса пайда әкелетін тұстары жабық күйінде қалып келеді. Мұны тиімсіз санайтындар да бар екен. Сонда жаңалықтың да тиімсіз тұстары бола ма? 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

ДәуренДәурен
8 жыл бұрын 2943
1 пікір
  • жаңалық дегеннен шығады. бір танысым мынадай жайтты айтып беріп еді: ол таксиде бір әйелмен қатар отырып қалып, сөзден сөз шығып, экспо жайында сөйлесіп кетпей ме. әйел өзінің бір жаңалығы барын айтып, алайда, тіркете алмай жүргенін жеткізген екен. биыл бізде өтетін экспо тақырыбының өзі жасыл энергия емес пе - электр энергиясын мүлдем тегін өндіріп беретін жоба ұсынған көрінеді. алайда, оның бұл жаңалығын қабылдамаған, себебі, бұл жобасы қолданысқа енгізілетін болса, онда мемлекетке пайда болмайды, яғни, мемлекет қыруар қаржыдан айырылады. бүкіл тэц, т.б. жұмысы тоқтатын көрінеді. Жылу, электр энергиясы үшін коммуналдық төлем алып отырғандықтан мемлекетке қаржы құйылады.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11