Интернеттегі қауіпсіздік туралы не білу керек?
Интернеттегі қауіпсіздік туралы не білу керек?

Елімізде соңғы кездері кибершабуыл жиілеп кетті. Статистикаға сүйенсек, былтырдың өзінде 200 миллионға жуық кибершабуыл жасалған. Қазақстандықтарға қандай қауіп бар? Жеке мәліметтерді алаяқтардан қалай қорғауға болады? Бұл туралы киберқауіпсіздік жөніндегі маман Ерғали Дәулетбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Ерғали Дәулетбектің айтуынша, бүгінде Қазақстанда фишинг деп аталатын интернет-алаяқтықтың түрі кеңінен тарап жатыр. 

"Фишингте алаяқтар пайдаланушылардың жеке мәліметтерін қолға түсіреді. Ол үшін қаскөйлер фишинг-сайттар, e-mail хабарламалар, жарнама сияқты құралдарды пайдаланады. Сондай-ақ, алаяқтар мұндай кезде төлем карталарының деректерін алу мақсатында клон, мысалы, танымал интернет дүкеннің, банк сайтының клонын жасап алады. Содан кейін сіздің мекенжайыңыз көрсетілген пошта мекенжайлар базасы арқылы алаяққа сілтеме жасайды", - дейді маман. 

Маман мұндай фишинг-сайттарды анықтаудың басты жолын айтты.

"Мысал ретінде интернет дүкенді алатын болсақ, ең алдымен ол сайттың мекенжайы http://-дан емес, https://-дан басталатынына көз жету керек. Бір әріп алып тасталғанын көбі байқай бермейді. Сондай-ақ, қандай жағдай болсын, CVV-кодты енгізуден бас тартыңыз. Немесе дәл сол кезде осы әрекетті тоқтатып, бірден құпиясөзді ауыстырып, сайттан шығу керек", - деп кеңес береді сарапшы.

Осы ретте маман алаяқтардан қорғану үшін не істеу керегіне тоқталды. Оның айтуынша, ең бірінші кезекте кибергигиена сақтау қажет.

"Кибергигиенаны сақтау керек, яғни антивирус бағдарламаларын орнату, құпиясөздерді генератор арқылы жүзеге асыру, бағдарлама немесе қосымшаны жаңарту талап етілсе оны міндетті түрде жаңарту керек.  Төлемдерді растау үшін қолданатын құпиясөз, SMS-кодтар - оны ешкімге айтпау керек, қолданған соң бірден өшіріп тастау керек. Интернет дүкенде сауда жасасаңыз, сілтемені мұқият қараңыз. Күмәнді сайттарға пошта немесе телефон арқылы тіркелмеңіздер. Мұндай жағдайда тек бірреттік құпиясөз қолданған жөн", - дейді Ерғали Дәулетбек.

Бұдан бөлек, маман кибералаяқтардың алдын алу үшін ашық нүктелерде, яғни, қоғамдық орындарда, кафелерде код қана талап ететін Wi-Fi-ға қосылғанда транзациялық операциялық жүргізбеу керегін айтады.

Сондай-ақ, ол аккаунттардың құпиясөздерін телефонда емес, генераторда сақтауға кеңес берді. Маманның айтуынша, генераторлар аса қымбат тұрмайды. Бүгінде генератордың бірнеше түрі бар, алдымен оны жүктеп, кейін сол арқылы аккаунттарға кіруге болады.

Молдир Калыкова

ДәуренДәурен
3 жыл бұрын 1986
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11