Қазақтың этнотерриториясы қалай қалыптасты?
Қазақтың этнотерриториясы қалай қалыптасты?

2009 жылы 8 мамырдағы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Көшпенділердің этнотерриториялық ұғымы және Қазақстан аумағындағының қалыптасуы» [1] деген тақырыпта мақала жариялаған едім. Ол мақалада ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы этнотерриториялық ұғыммының немесе этнотерриториялық құндылық көзқарастың тарихи сабақтастығының нәтижесі қазіргі Қазақстан Республикасының кең-байтақ аумағымен анықталады деген көзқарас пайымдалған.

2021 жылы 5 қаңтарда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің аумағы жөнінде нақты пікір айтылды: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» [2]. Мемлекет басшысының бұл пайымы Елбасы Нұрсылтан Назарбаевтың халқымыздың этногенезі жөніндегі ұстанымын дәріптей отырып, көрші елдің кейбір керауыз саясаткерлердің албаты айтқандарына жауап беру деп түсінеміз.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсылтан Назарбаев 2014 жылы 25 тамызда Ұлытауда тілшілерге берген сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» [3] деген болатын. Сондықтан ендігі жерде кәсіби тарихшылар қазақ халқының этногенезін Сақ, Ғұн, құрамындағы ру-тайпалардан қарастыруы негізгі алуы керек деп санаймын. Өйткені мемлекет басшыларының алға қойып отырған концепциялары тәуелсіздіктен бері отандық тарих ғылымының терең зерттелулері нәтижесіне негізделіп жасалған ғылыми тұжырымдар.

Ендеше біз осындай ұстаным бойынша қазақтың этнотерриториясының қалыптасу үдерісін оның этнонездерінің өмір сүрген ортасы мен даму тарихынан қарастыруға тиістіміз.

Б.з.д. III ғасырдың соңында Азия даласында атой салған көшпенділерді қытай қаламгерлері «Dong hu» (Дон хулар – Шығыс жабайылары. – Н.М), «Xi rong» (Си рондар - Батыс жабайылары» деген мағанада – Н.М) деп екіге жіктеп жазған. Сондағы «Батыс жабайылары» делінген этнотоптардың бірі ғұндар (хұндар). Ал «Шығыс жабайылары» дегені манжур – тоңғыз этнотоптарынының генезі. Осы екі этно топтар алғаш өз алдарына билік құрған кездегі қарым-қатынастары жөнінде жазылған қытай деректерінде тақырыпқа қатысты маңызды мәліметтер кездесді.

Қытайдың «Ши цзи» («Shi ji» - «Тарихи жазбалар») атты әйгілі еңбекте: « Маодуньның (Maodun – Модэ) таққа отырғанда (б.з.д. 209 ж. – Н.М), дунхулардың күшті кезі еді. Олар Маодун әкесін өлтіріп, өзі тәңірқұт болыпты дегенді естіп, оларға елші жіберіп: «Түмен (Touman) кезіндегі тұлпарды алғымыз келеді», - дейді. Маодунь уәзірлерінен ақыл сұрайды, уәзірлерінің барлығы: «Тұлпар деген ғұндардың қасиетті жылқысы, оны беруге болмайды», - дейді. Маодунь: «Бір сүйікті атымызды қимасақ, олармен қалай көрші боламыз ?», деп  тұлпарды бергізеді. Дунхулар Маодунь бізден қорқып отыр десе керек, көп өтпей тағы да оған елші жіберіп: «Тәңірқұрттың бір әйелін алғымыз келеді», - дейді. Маодунь және де солқол, оңқол уәзірлеріне ақыл салады. Олардың барлығы ашуланып: «дунхулар жолсыздықпен әйел сұрап отыр, оларға шабул жасайық», - дейді. Маодунь: «Бір сүйікті әйелді қимасақ, олармен қалай көрші боламыз ?» - деп, өзі жақсы көретін әйелді дунхуларға береді. ... Олар өздерінің шекара шетіне қарауылдар орнатып алған. Дунхулар Маодуньге елші жіберіп: «ғұдар біздің жақтағы шекара сыртындағы иен жерге бармасын, ол жерді біз аламыз» - дейді. Маодунь уәзірлерінен ақыл сұрайды, уәзірлері: «Бұл иен жатқан жерді берсекте болады, бермесекте болады», - дейді. Оған Маодунь қатты ашуланып: «Жер – мемлекеттің негізі, оны қалай беруге болады? - деп, жерді берейік дегендердің басын кеседі де, өзі атқа қонып, «кім де кім жорықтан қалса басы кесіледі» – деген бұйрығын бүкіл елге жариялап, шығысындағы дунхуларға шабулға аттанады. Дунхулар алғашқы кезде Маодуньды көзге ілмей, олардан сақтанбаған еді. Маодуньның әскерлері оларға басып келіп шабулдап, дунху патышасының тас-талқанын шығарып, оның халқы мен мал-мүлкін барымталап кетеді. Одан соң Маодунь батысындағы үйечжылерге (Юэчжи) шабул жасап оларды құып жібереді, оңтүстігіндегі Лофан, Баян және Хэнань елдерін өзіне қосып алады... Сонымен Маодунь күшейіп, 300 мыңнан аса садақты әскер ұстады» [4, 734 б.].

Бұл дерек бізге ғұндардың сол кездің өзінде-ақ «мемлекеттің негізі – жер , ол жер бәрінен қымбат» деген ұстаным қалыптастырғанын аңғартады. Сондықтан Ғұн тәңірқұрты мемлекет аумағын әкесінен қалған мұра – сәйгүліктен де, өзі сүйген ару әйелден де жоғары қойғанын көрсетеді. Ғұн тәңірқұртында осындай көзқарас болғандықтан, ол өзінің этнотерриториясын сақтау жолында сұрапыл соғыстарға да шықты және мәмілегерлікпен келісімдер де жасаған-ды.

Б.з.д. II ғасырда Азияның жалпақ төскейіне орналасқан аграрлық мәдениеттегі қытайдың Хань империясы мен солтүстігін мекендеген сақара өркениетіндегі Ғұн империясының аралығын алғаш Ұлы қорған бөліп тұрды. Ғұндар оқтын-оқтын Ұлы қорғаннан асып барып, қытайларды шауып, астық, маталарын талан-таражылап кететұғын. Ал Хань империясы да ұдайы Ұлы қорғанның сыртына шығып ғұндарға шабул жасайтұғын. Сонымен қатар, олар сол, Ұлы қорған бойында айырбас сауда-саттық жасап, бірі-бірінен өздерінде жоқ заттарды алмастырып алатын. Хань империясының жан төзгісіз езгісінен құтылуды көздеген қытай құлдары немесе биліктен бет бұрған қытай сардарлары ұдайы ғұндарға қашып барып паналайтын. Өйткені көшпенді шонжардың құлы - малшысы болу, аяғы шынжырмен маталып, ауыр еңбекке жегілетін қытайлықтар үшін жеңіл еңбек әрі еркіндікке шығумен парапар болған. Осындай жағдайда Хань әуелті мен Ғұн билігі өзара шекара шебін Ұлы қорған деп белгілеуге келіседі.

Қытайдың жазба деректертеріне жүгенсек, б.з.д.162 жылы Хань патышалығының императоры Вэньди (Wen di) ғұн тәңірқұтына елші аттандарып, хат жібереді. Ол хатында: «Патыша ғұндардың ұлы тәңірқұтына құрметпен сәлем жолдайды. Сіздің елшіңіз Дяо Шуйнаннен, нөкеріміз Хань Ляодан императорға сыйлаған екі атыңыз келді, оны құрметпен қабыл алдық. Бізге дейінгі патышалардың тәртібі бойынша: Ұлы қорғанның солтүстігіндегі садақты ел тәңірқұттың билеуінде; Ұлы қорғанның ішкі жағындағы тәжілі, белбеулі жұрт патышаның (менің – демекші – Н.М) басқаруында болады. Сонда барлық халық егін егіп, мата тоқып, аң аулап киім мен тамағын табатын әкеден бала ажырап қалмайтын, хан да қара да аман-есен болатын, зорлық-зомболықтар болмайтын еді. ... Патышаның естіуінше, бұрынғы император келісімді анық жасайды екен де, берген уәдесінде берік тұрады екен. Тәңірқұт бажайлап бақсаңыз, [арамызда] жалпы тыныштық құдандалы болған соң орнады, Хань патышалығы алдымен ағаттық жіберген жоқ. Тәңірқұт оны өзіңіз саралағайсыз» [4, 731], - деп жазған. Хань империясы ғұндардан әлсіз тұрған кезінде, оларға қыздарын беріп, тарту-таралғыларын ұсыну арқылы ғұндардың өздеріне жасалатын шабулдарын азайтып, өздерін дамытып, күш жинау саясатын қолданып келген. Вэньди император да саясаты жалғастырады. Ғұн тәңірқұты құдандалықты жаңғыртуға келіседі. 

Хань императоры бітікшісін(хатшысын) шақыртып: «ғұндардың ұлы тәңірқұты патышаға хат жолдады. Хатында құдандалы болдық, қашқандар жиылып ел болмас, олармен жеріміз кең болмас, ғұндар Ұлы қорғанның ішіне кірмейді, қытайлар Ұлы қорғанның сыртына өтпейді, осы шартқа қайшылық жасағандар өлімге келісіп тұрса, жақындығымыз баянды болады, арада дау-дамай тумайды, екі жаққа да бірдей тиымды болады, - депті. Патыша оны құптады, жарлық шығарып, осы шартты аспан астына ашық жариялансын»[4,735], - деп бұйырады. Міне, бұл Хань мен Ғұн империялары Ұлы қорғанды екі елдің шекарасы деп таныған келісімі болып табылады. Сондықтан да белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы: «Әлем тарихында мемлекет аралық шекара шебін белгілеу ғұндардан басталды. Қытайдың Ұлы ақ қамалын(ұлы қорған) Шығыс ғұн мемлекеті мен Қытайдың Хань әулеті аралық шекаралық делимитациялық шеп деп қарауға мүмкіндік бар» [5, 9], - деген сөзі, жоғарыда келтірілген қытай жазбалары негізінде жасалған тұжырым. Осы тарихи фактіден, ғұндарда әуел бастан-ақ этнотерритория және оның шекара-шеті деген ұғымдардың өте анық болғанын көруге болады. Бұл санадағы құндылық ұғымның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғанын тарих дәлелдейді.

Әлем тарихында ілгері-кейін құрылған империялардың барлығы түрлі себептердің салдарынан ертеме кешпе тарих сахнадан шегініп, аты өзгеріп, аумағы ауысып отырған. Қытайдың Цинь-Хань империясы да, көшпенділердің ғұн империясы да сондай тағдырды бастан кешті. Алайда олардың мемлекеттік құрылымы ыдырағанмен, халқы түгелдей жойылып кетпейді, керісінше тарихи жағдай пісіп-жетілген кезде олар жаңа атаумен қайта көтеріледі. Олардағы дәстүрлі ой-санасы, дүниетанымы мен құндылық талғамдары тәбиғи түрде өз жалғасын тауып отырады. Бұл сөзімізге де тарихтан дәлел келтіруге болады.

Ғұн империясының құрамында болған тайпалардың бірі үйсіндер (Усунь – Wu sun ). Сол үйсіндер қазіргі қазақ этногенезінің бір қайнары болып саналады. Өйткені «Үйсін» атауының қазіргі қазақ халқында сақталуы ғана емес, олардың сол замандағы атамекен немесе этнотерритория жөніндегі санасының қазірге дейін сақталып отырғаны соны дәлелдейді.

Қытайдың «Хань шу. Чжан Циянь өмірбаяны (Han shu.zhang Qian zhuan»)» бөліміндеге деректе: «Тәңір ұлы Чжан Цияньнан (Чжан Циянь - Хань патышалығының б.з.д.139 жылы Орталық Азияға жіберген елшісі – Н.М. ) Бактрияға (Дасия – Da xia) тәуелді елдердің жайын бірнеше рет сұрайды. Сонда Чжан Циянь: Пақырыңыз ғұндарда тұрған кезінде Үйсін патышасының лауазымы Күн би деп естіген. Күн бидің әкесі Наньдуми (Нанды би – Nan dumi) тегінде Ұлы үйечжылармен (Da ru zhe – Большой Юэчжи) бірге Цилянь, (Qilian) Дунхуань (Dun huang) таулары арлығында (Тянь-Шань тауының шығысы, Гансу провинциясының батысы, – Н.М.) тұратын шағын ел екен. Ұлы Тәңірқұттан рухсат сұрап, батыстағы Ұлы үйечжыларға шабул жасап, оларды талқандайды. Ұлы үйечжылар және де басқа ауып, Бактрия жеріне барады. Күн би олардың елін барымталап , жеріне қоныс тебеді, әскері біршама күшейе түседі. Дәл осы кезде тәңірқұт өледі, үйсіндер Ғұн ордасына бармайды ... Қазір тәңірқұт Хань патышалығының қыспағында қалып отыр, Күн бидің жері иен жатыр. Жабайылар атамекенін сағынғыш, қытай заттарына ашкөз тойымсыз келеді. Дәл қазір үйсіндерге қыруар пара беріп, оларды шығыстағы байырғы мекеніне көшіріп әкеліп, Хань патышалығының ханшасын ханымдыққа беріп, олармен бауыр-туыс болуға болады. Олардың жағдайы да осыған көнуге мәжбүрлейді. Осылай болғанда, ғұндардың оң білегі үзіледі» [6, 686], - деп жазылған.

Бұл мәліметте айтылып отырған «Жабайылардың атамекенін сағынғыш» келетіні, оларда өсіп – өнген жеріне немесе этнотерриториясына деген сүйіспеншілігінің терең болғанын айғақтайды. Атамекенін сағыну, туған жерін қимау сияқты психологиялық құбылыс белгілі дәрежеде бір халықтың этнотрерриториясына деген көзқарасын білдіреді. Туып-өскен жерін сағыну кез келген ұлт өкілдерінде болатын психологиялық сезім, дегенмен ондай ностольгия қазақ халқында ерекше екенін ақындарымыздың атамекенін жырлаған шығармаларынан көруге болады.

Ал ғұндардың, үйсіндердің этнотерриториялық сана-сезімі мен құндылық көзқарастары Түрік қағанаты кезінде қоғамдық іс-қимылға айналғанын тарихи жазбалардан дәлелдейді. Түрік Білігі қаған жаздырған Күлегін ескерткішінде :

«Түрік халқы үшін,

Түн ұйықтамадым,

 Күндіз отырдмадым,

Інім Күлтегінмен бірге,

Екі шадпен бірге,

Өліп-тіріліп жерді ұлғайтым», - деп жазылған сөздерден, елдіктің бірінші құндылығы иелік жер немесе этнотерритория екендігін ұғындырады. Ал «жерді ұлғайтып» не істеу керектігін де олар тасқа қашап жазып кетіпті :

«Сөйтіп, Тәңірі жарылқап,

Құтым бар үшін,

Нәсібім бар үшін,

Өлімші халықты тірілттім,

Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылдым,

Аз халықты көп қылдым» [7, 188], - дейді. Мұнда Түрік қағанаты билеушілердің этнотерриторияны қалыптастыру және оны кім үшін пайдалану жөніндегі көзқарасын айқын байқаймыз.

Тарих дамып XIII ғасырға қадам басқанда, Азия және әлем үлкен өзгерістерді бастан кешті. Моңғол империясының құрылуы мен жарты әлемді бағындыруы Азия және Шығыс Еуропа елдерінің қоғамдық құрылымын қайта құруға мәжбүрледі. Соған дейін тарқақ жүрген этникалық түркі топтарды Еуразия аумағына шоғрланды да, олардың әлеуметтік шаруашылық формасы мен психологиялық сана-сезімдерін жақындаса түсті. Сонымен оларда бір-біріне сіңісу, ұлт болып қалыптасу процессі тездей түсті. Бұл процес Шығыс Еуропадағы славияньдарда да, Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтарда да қатар жүрілді. Соның нәтижесінде Еуразия кеңістігінде славиян тілдес және түркі тілдес этностар дербес ұлт ретінде тарихи сахнаға көтерілді. Солардың бірі - Қазақ ұлты.

Қазақ мемлекеттік тарихын терең зерттеген белгілі ғалым Зардыхан Қинаятұлы: «XI ғасырдың орта кезінен Қазақ даласында «Қыпшақ» атымен Түрік тайпаларының жаңа бір бөлігі пайда болды»; «Қыпышақтар негізінен түрік топтарын құрған саяси бірлестік. Қыпшақ бірлестігі қазақтың этнотерриториясы және қазақ ұлтының топтасуына елеулі рөл атқарған фактор болды» [8, 205], - деп жазды. Сондай-ақ ол қазақтың этнотерриториясына тоқталғанда: «Қыпышақ конфедерециясы (бәрлестігі) тұсында-ақ қазіргі Қазақстан Республикасы даласына басып кірген азғантай моңғолдар мұнда келіп, династиялық билік салтын ғана қалдырып, өздері жерліліктілерге жұтылып кетті. Қазақ мемлекеті, оның территориясы және қазақ этномәдениетінің қалыптасуына Жошы ұлысы, әсіресе Ақ Орда бөлімі шешуші рөл атқарды» [8, 260-261], - деп тұжырымдайды.

Қазақ хандығы құрылған соң, оның аумақтық кеңістігінен Жәнібек ханның ұлы Қасым хан (1511-1523 ж. - Н.М.) қалыптастырды. Бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи-и Рашиди» атты әйгілі еңбегінде: қазақ хандығын «Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, Дешті Қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскерлерінің саны мың-мыңдаған адам еді. Жошы ханнан кейін ол жұртта одан ұлы хан болған емес» [9, 111]. Мұнда айтылған  мың-мыңдаған деген сөзді тарихшылар «бір миллион» деп түсіндіреді. Демек, Қасым ханның миллиондаған әскері арқылы өз аумағын сақтағанын түсіну қиын емес.

Алайда, кез келген мемлекеттің күшейетін, дамитын, әлсірейтін, тоқырайтын және қайта қуаттанатын кездері болады. Қазақ хандығы да осындай заңдалықтан тыс қалған жоқ. Сондықтан қазақтар әлсіреген кезде этнотрерриториясының кейбір аумағынан айырылса, қайта күшейген кезінде ол аумақтарын қайта иеленіп отырды. Қазақтар тек өзінің жері мен елін қорғау үшін ғана сыртқы жауға қарсы қажырлықпен күрес жүргізді, әсте біреудің еліне экспанция жасаған емес. Мұының айшықты мысалын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарынан көруге болады. 1723 жылы жоңғарлар жойқын күшпен кенеттен сұрапыл шабул жасағанда қазақтар атамекенін тастап босып кетуге мәжбүр болған. Бірақ олар көп өтпей жоңғарларға қайтарма шабул жасап, оларды атамекенінен кері шегіндірді. Нақтылап айтқанда, Абылай ханның басшылығында қазақ жасақтары Жоңғар хандығын Цин (Чиң-Qing) империясы жойғанға дейін (1775 ж.) қазіргі Қазақстан аумағынан ығыстырып шығарды. Сонымен қатар қазақтың оңтүстік өңіріндегі шекара-шебін де қалпына келтіріп бекемдеген болатын.

Ал Цин династиясы 1755-1757 жылдары Жоңғар хандығын жойып, іргесін қазақ даласына тіреген кезде, Абылай хан Цин империясының бақылауына өткен (бүгінгі күні Қытай қазақтары өмір сүріп отырған) олардың ежелгі атажұртын қайтарып алуға құлшыныс жасады. 1757 жылы Абылай хан Цин патышалығы ордасына жіберген алғашқы елшілерінен хат жолдап, қазақтың атамекенін өздеріне «жарылықап» қайтарып беруді сұрайды. Соған орай патша ордасының қайтарған жауап хатында: «Қазақ ханы Абылай, ... Сен талап қойып отырған Тарбағатайға келсек, сен ол жерді біздің бұрынғы атажұртымыз - мал бағатын жеріміз еді, сол жерді патыша мейрімділікпен жарылқап бізге беруін өтінемін, - депсің. ... Сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар ол өңірді сендерге жарылқап беріп жіберу - мемлекеттің жүйесіне қайшы келеді. ... Бұдан кейін сендер бізге адалдық іс істесеңдер, сендерді патыша еселеп жарылқайды, сендер мәңгі кедейлік көрмейтін, байлыққа кенелетін боласыңдар. Бұл ерекше жарлық» [10], - деп жазылған. Бірақ Абылай хан онымен тоқтамады. Ол 1760 жылы Цин патышалығы ордасына жолдаған хатында қазақтың атамекені Іле аймағын қазақтарға қайтарып беруді талап етті. Цин патышалығының жауап хат жазып: «...Сен және де патша жарылқағанның үстіне жарылқай түсіп, қазақтардың Ілеге барып мал бағуыына рұхсат берілсе, - депсің. ... Қазақтар сендердің жерлерің ұлан-ғайыр дала. Жөн бойынша өздеріңнің ескі шекараларыңды сақтауға, қарауылдан бері өтіп келмеуге тиісті едіңдер. ... Қазір Іле және басқа жерлерге ішкеріден әскерлер бірінен соң бірі келіп тың игеріп жатыр. Абылай сен бұрын Тарбағатай сияқты жерлерге барып мал бақсақ деп өтінген едің, патша оны да қабылдамаған болатын. Бүгінгі талабың тіптен артық» [10], - дейді. Міне, бұдан Абылай ханның қазақ жерінің кеңестік көлемі жөніндегі ұғымын көруге болады. Абылай ханда осындай этнотерриториялық таным болғандықтан, ол Цин патышалығымен қалыпты саяса-дипломатиялық және сауда-экономикалық байланыстарды өрістету арқылы шығыстағы қазақтарды өз атамекеніне қайта оралуына толық мүмкіндік жасады. 

Жоғарыда келтірілген тарихи деректер, қазақ халқының генезі ежелгі сақтар, ғұндар, үйсіндер, ортағасырлық түркілерден бастау алып, қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда кезеңдерінде ұлт болып қалыптасқаны анық аңғарамыз. Қазақтың этнотерриториясы оның этногенезі өмір сүрген өңірде Қасым хан тұсында тарихи түрде қалыптасып, XVIII ғасырда немесе Аблай хан дәуірінде нақтыланған кеңістік. Қазақтың этнотерриториясының қалыптасуын әлемдегі елдердің мемлекеттік территорияларының анықталған уақытымен салыстырсақ, олардің көбінен ілгері болмаса, кейін емес.

Әлем елдерінде де мемлекеттік шекараның делимитациялану XIX – XX ғасырларда жүргізілді. Қазақ елінің шығыс жақ шекарасы қазақ хандығы жойылып, халқы отарланған кезде, патышалық Ресей мен Қытайдың Цин патышалығы белгілеген болатын. Олар келіссөз барысында қазақ даласынан мемлекеттік шекараны делимитациялаудың принцептеріне көп таласқан. Цин империясы жоңғарлардың атының тұяғы тиген жерлер Қытайға тән болу керек, өйткені жоңғарлар Қытайдың қүрамындағы ел десе; Ресей империясы қазақтардың этнотерриториясы Ресейдікі болады, себебі қазақтар Ресей құрамына енген ел деді. Ақыры Ресей империясы Цин үкіметін айтқанына көндіріп, 1864 жылы 7 қазанда «Қытай-Ресей Батыс солтүстік шекараны делимитациялау келісімшартына» қол қойдырды. Содан 1882 жылға дейін және бірнеше қосымша шарттарға қол қойылып, «енді екі ел тату тұрады» деп тоқтамдасқан.

Алайда, ҚКП билік басына келген соң ҚХР үкіметі, Қытайдың «апиын соғысынан» (1840-1842.) кейінгі шетелдермен қол қойған келісімшарттардың барлығы теңсіз жасалған, Ресеймен жасалған шекара келісімдері де Ресей империясының қысымымен қол қойылған. Цин империясының басқаруында болған Балқаш көлінің оңтүстігі мен шығысындағы 440 мың шаршы шақырым аумақты Ресей жұтып (аннекциялады ) қойды деген мәселе көтеріп, шекара мәселесі бойынша қайта келіссөз жүргізуді талап етті. Бірақ оған Кеңес үкіметі мүлде келіспеді.

1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан және басқа да одақтас республикалар тәуелсіздік алады. Олардың территориялары Кеңес кезеңдегі әкімшілік аумақтар болып танылады.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы мемлекет басшысы ретінде ҚХР-ға алғашқы сапары кезінде, Қытай мемлекті мемлекеттік шекара мәселесінде қайта қарауды көтерді. Елбасы бұл мәселені «келер ұрпаққа қалдырмауды» жөн санады. Сонымен екі ел өкілдері шекара келісімсөзін жүргізді. Келісімсөз қарапайымнан күрделіге бару принцепі бойынша өрістеп, ең соңғы қосымша келісімшартқа 1998 жылы екі мемлекет басшылары Цэян Цзэмин мен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағындағы таласты учаскелердің 53% -ын Қазақстанға қалдырып, 47% - ын Қытайға беруге келісіп, мемлекеттік шекара мәселесін түбегейлі шешті. Содан кейін Ресей федерациясы, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен де мемлекееттік шекара демилитацияланды. Елбасының мемлекеттік шекараны делимитациялауды дер кезінде жүргізуінің аса зор маңызын қоғамдық өмір күн өткен сайын көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының территориясы – қазақ халқы өсіп-өнген тарихи аумақ екенін ешкім де жоққа шағара алмайтын ақиқат. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік шекарасы соңғы жылдары іргелес мемлекеттермен кеңесіп делимитацияланған, келісімшартпен бекітілген шекара. Ендігі жерде мемлекеттік шекара жөнінде басқалардың сөз қозғауға моральдық та, құқықтық хақысы жоқ. Албаты айтылған қаңқу сөздердің ешкімге де жақсылық әкелмейтін түсінген жөн.

  Пайдаланған әдебиеттер:

  1. //Қазақ әдебиеті. - 2009 жыл 8-14 мамыр, № 18 (3129).
  2. Қазаққа ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ! 
  3. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/akorda_other_events/kazakstan-prezidenti-nenazarbaevtyn-ulytau-torindegi-suhbaty
  4. Сыма Цянь. Shi ji (Тарихи жазбалар). - Beijing: Zhonghua shuju. – 1997, 854 б . 
  5. Қинаятұлы З.Тихққа көзқарас. -Алматы: Мерей, 2017. – 456 б.
  6. Бань Гу. Han shu (Ханьшу -Хань патышалығының тарихы, Ханьнама). - Beijing: Zhonghua shuju. – 1997, 1083 б.
  7. Жолдасбекев М., Сартқожаұлы Қ. Орхын ескерткішінің толық атласы. – Астана. - 2005.
  8. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекетті және Жошы хан. – Астана: Елорда, 2004. - 344 б.
  9. Мұхамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди (Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы: Тұран, 2003. - 616 б.
  10. Чиң патышалығы Гаозун патышаның орда естелігі (қолжазба). Бұл үзінді Н. Мұхаметханұлының Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860 – 1920 жж.). – Алматы: ҚазАқпарат, 2000. 336 б.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылым. докторы, проф., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан

Abai.kz

ДәуренДәурен
4 жыл бұрын 1588
0 пікір
Блог туралы
0
1481306 32 55 536 11